«Қыз Жібек» фильмі қайта түсірілетіні туралы желдей ескен ақпарат әлі басылмай тұр. Бұл жаңалықты естіген жұрт екіұдай күй кешуде.
Жалпы, мемлекеттік тапсырыспен түсіріліп жүрген тарихи фильмдер айтарлықтай сәтті шығып жүрген жоқ. Атап айтсақ, «Құнанбай», «Қазақ хандығы» секілді кинолардың диалогтары тамаша болғанымен, көрерменге сюжеттің көрінісі жетіңкіремей тұрғандай көрінеді. Кейбір фильмде қазақтың дүниетанымдық ерекшеліктерін айқындайтын көріністер кездеспейді. Мысалы, көрермен көзайымына айналған Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» фильмінің түсірілім барысында атап кеткен көріністер алынып тасталған. Киноның диалогын жасаған өнертанушы Ерлан Төлеутай осы жайт туралы:
– Сартай батырдың жоңғарларға қарсы шабуылдау кезіндегі қойылым кезі. «Бауырларым менің. Ақтық майданға түсеміз. Көрісе алмай қалсақ, бақұл болайық. Аттандық Алаш!» деген жерінде «аттандық Алаштың» орнында «аруақ» сөзі болған. Режиссер Ақан Сатаев актерге аруақты айтпа дегенімен, жас жігіт Асылхан Төлепов әлгі сөздерді айтып келіп, аруақ деп қаны қызып шаба жөнеле берді. Сөйтіп, бірнеше рет дубль жасағанда режиссерге «бұл фильмде тәңір де жоқ, жаратушы да жоқ, халықтың қанын тулататын, жігерлендіретін ең болмаса тұқымдыққа бір сөз қалсын» дедім. Көнбеді. Киноның бітуіне аз ғана уақыт қалған. Көнбеген күннің ертесіне түсірілім алаңын тастап кеттім, – деген еді.
Ал «Қозы көрпеш – Баян Сұлу» сериалы тіпті сын көтермейтін туынды болып шықты. Өнер жанашырлары мұны «Ұлттық арнадан» көрсетілуіне қарсы болып, жауһарымызды қорлау деп баға берді.
«Қыз Жібектің» қайта түсірілуіне қарсы болып жүргендер жоғарыда біз атап өткен мысалдар мен олардан да басқа жайттарды алға тартып, тұнығымызды лайлап аламыз дейді.
Дегенмен, бұл жаңалықты жақсы қабылдағандар да бар. Жазушы Естай Божан «Марвел», «Голливуд», «Дисней» өнімдерін көріп өскен ұрпақ кеңестік цензураның әбден мүжіген фильмдерін («Қыз Жібекті» – авт.) алдағы 10-20 жылда мүлде қабылдамауы мүмкін деп ойлайды.
– «Қыз Жібек» қанша жерден шедевр, қою классикалық туынды болса да, оның қазіргі ұрпақтың көзімен, танымымен жаңа нұсқасы түсірілуі керек. Жаңасы түсірілсе, ескісі жоғалып кетеді деген әңгіме емес. Ұрпақ алмасқаннан кейін, құндылық жаңарады. Кино сәтсіз шықса да, ең кемінде жаңа буынға өз танымында бұрынғы дәуірдің бояуын, ұлттық құндылығын насихаттайды, – дейді ол.
«Қыз Жібек» туралы сөз болғанда біз кинода бірінші кезекте байырғы руна жазуымыздың көрініс тапқанын айтуды естен шығарамыз. Бәлкім, ол экран бетінен тез өтіп кететінімен де байланысты болса керек. Бастапқы нұсқасынан 500 метрлік лентасы қырқылған фильмде бізге жұмбақ талай дүниенің бары анық. Егер фильм шынымен қайта түсірілсе, ұлттық нақышты жоғалтпай, қырқылған жерді қазбалайтын режиссер табылса, канеки!
Жасұлан Наурызәлі
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!