Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қытымыр

26.09.2024, 9:20 57

Қияқтанып жаңа ай туыпты. Ол үлкендерден көргенін жасады, айға сәлем берді, тура сол баяғы анасы құсап: «Иә, Алла! Жаңа айда жарылқай гөр, ескі айда есіркей гөр!» деп бетін сипады. Дәл осыны күтіп тұрғандай көлдің ана басынан «Ақтөс… Ақ-төс!» деп отбасындағы жеті қазынаның бірі санатындағы итін шақыр­ған әйелдің дауысы естілді. Көл бір тербеліп басылды, бұдан соң қамыс біткен әншиіндегі түрлі әуенге салар ызыңын да сап тыйып, мүлгіген тыныштық орнағаны сол еді, құбыла тұстан «Мой-нақ… Мойнақ… Мой-нақ, ей, кә, кә!» деген тағы бір келіншектің дауысы толқын қуып көлдің ана шетіне кетті. Оң жақ қанаттан әндете созған «Құ-май, Құмай-ей, кә, кә!» деген әйелдің жіңішке дауы­сы естілсе, көл ортасындағы аралдың арғы бетінен «Жол-барыс… Жол-ба-рыс!» деп итін шақырған әйел дауысы бірінен-бірі қалмауға бекініп,  бәсекеге   түскендей.

– Ә-ә! Қатындар конкурсы басталды  ма?

Бұл бұрылып қарамай-ақ күйеуі Анарбектің келгенін білді, тездетіп итаяққа жуындыны құйды да, үйге беттеді. Көл жиегіндегі қамыстар арасынан Қытымырдың басы көрінді, бұл итін еркелете бәсең үнмен «Қытымыр»  деп  дауыстады.

Итінің осы бір аты айғайлап дауыс­тауға келмейтін, «Қыты…» деп басталса бітті, дауысың құмығып қала береді. Келін боп түскен кезде үйдегі иттің атына көңілі толмайтын, біртүрлі суықтау естіледі әрі басқа иттердікі сияқты дауыстап шақыра алмайсың. Бірақ, бұл үйдің итке тамақты күнде бір мезгілде құятын дағдысына үйренгені сондай, Қытымырға сондай айғайлап шақыру­дың да керегі жоқ болатын, уақытылы итаяғы  маңайында  жүретін.

Күйеуі киім ауыстырамын дегенше, ол булығынан бұрқылдата бу атқан самаурынды әкеліп, желісін ұзарта тартып, дөңгелек үстелге де­йін әкеліп қойған розеткаға қосулы тұрған электер плитасында демделіп, ауық-ауық «быж-быж, шырт-­шырт» етіп, шайы шүмегінің аузына келіп-қайтып, бөлме ішіне хош иіс шашып тұрған аққұманды қайыра шығарып, бауырсақ, тәттілерге толы дастарқанды дайын қылған болатын. Өзгент маңы «пәрнек» деп атаса  да, бұл бала кезінен әжесі айтатын «аққұманға» үйреніп кеткен еді. Атасы намаз үстінде, бұл ойға кетті, бір  ойды  екіншісі  қуалайды.

«Ие… атасы да қызық. Осы ел қоғадай жапырылып «Дүйсеке» деп атайтын қария алғашқы кезде бұған ұнамаған. Онда енесі де бар болатын. Ой, зымыраған күндер-ай, е… көңілі қалатындай қай бір мәнтті іс дейсің, Анарбек мұны осы үйге алып келгенде атасы мұның бо­йын көріп, «Анаржан келінді қалтасына салып әкелген-ау, сірә» деп күліпті. Бұл әңгімені абысындардың бірі жеткізді, бұл ренжіді. Қайтеді, құдай берген бойы осы болса, ал күйеуі – ауылдағы бойшаңдардың бірі. Кейін барып түсінді ғой. Атасының мейірлене айтқан әңгімесі екен ғой ол, баласын­дай қарап, арасында қызын­дай еркелетіп отыратын қарияны кейін жақсы көріп кетті. Ауыл әйелдерінің қыдырма сөзіне еріп, осындай сұңғыла қарияға ренжіге­ніне  әлі өкінеді, өзін кінәлайды. Адам ақымақ  болайын  десе, аяқ  астында  екен  ғой».

Атасының жөткірінген дауысы шықты. Қарияның «Келе жатырмын» деген белгісі – бұл. «Қарағым, қай үйге барма, тіпті, қораға кірме мейлің, дауыстай кір, үнсіз кіріп барған дұрыс емес, қазақ жолына қайшы» деп мұның да құлағына құюдан  жалыққан  емес. Мұны әжесі де талай айтқан, атасы да күніне бір қайталайды. Сірә, келінін ыңғайсыз жағдайға қалудан сақтандырады-ау, шамасы. Бұл атасы мен күйеуін  орнын­ан  тұра  қарсы  алды.

Атасының бөлмесі көл жақ бетте, қария әу баста үй орнын белгіле­генде тура осы маңды, көлдің жа­ғасын нұсқаған-ды. «Дүйсеке, көлден алыстау салмадыңыз ба, ыза, салқын болуы мүмкін» дегендер сөзін құлағына да қыстырмаған ол әлгілерді «Туғаннан білетінім – осы көл, бар қызығымның да, қайғымның да куәсі – осы. Одан мен қалай шет отыруым керек?» деп қайырып тастаған болатын. Жаз шықты болды терезені алып, орнына бірнеше қабат  дәке  қақтырып тастайтын қар­ия  көл  ауасымен демала отырып, тамақтанғанды  ұнататын.

«Біссмілләсын» айтып, дәмнен ауыз тигесін барып, атасы ерлі-за­йып­­ты екеуіне  сұраулы жүзбен қарады, бірақ,  сауал  Анарбекке  бағытталды.

– Анаржан! Айтбай қожаның үйін­дегі келін ауру-сырқаудан аман ба  екен, әлде  бір  жаққа  кеткен  бе?

– Білмеймін. Орынша білмесе…

– Білмейді екенмін.

– Жай сұрадың ба, көке?

– Анаржан-ау, бұл Өзгентте итке тамақты түсте және ел жатарда бере­ді ғой. Иә, өйтпегенде қайтеді, түскі, кешкі тамақтарын ішіп болғасын, ауысқанын, жуындыны құяды да итке. Қай үйде неше рет тамақ жасалғанын итті шақырған келіндер дауысынан біле қоясың. Екі күн болды көлдің арғы бетіндегі қожаның келінінің дауысы шықпайды. Соған  қарап  айтып  отырғаным ғой.

Анарбек  мырс  ете  қалды.

– Көке! Ол келінің аурушаң ғой, басының сақинасы қысса, тұра алмай, жатып қалады. Ондайда ана ләйләпут байы «Ірекс… І-ре-кіс» деп көл жаңғыртатын еді ғой. Қазақша ат таппағандай «Рекс» деп немісше қоятынын қайтерсің сәбәкінің. Уақытым болмай жүргені, соған бір арабша ат тауып берсем деп едім, итіне қоятын. Оның да дауысы шықпады  ма?

Енді атасы мырс етті. «Құрдасын бір  қағытпаса  болмайды-ау,  бұған».

– Шыққан  жоқ.

– Е, онда қыдырып, бір жағына шығып  кеткен  болды  ғой.

Шай құйып, қызмет жасай отырып, ойланады ғой бұл. Иә, қаншама қуаласа да, ой мұның алдын орап қояр  емес.

«Атам да қызық, Анарбек те одан қалыспас. Әйелдердің иттерін шақырғанына қарап сол үйде қанша рет қазан көтерілгенін біле қоямын дейді, ә?! Сенесің бе, сенбейсің бе, бірақ… апыр-ау, шындығында да солай екен-ау… Екеуі де ауыл әйел­дерінің айғайлап иттерін шақыр­ғанын қаламайды. Марқұм енесі де қаламайтын, әйелдер дауысы шықты дегенше  қабағы  түйіліп  кетет­ін…».

Ентігіп, ойыннан оралған екі неме­ре жетті. Әй-шайға қарайтын түрлері жоқ, екеуі атасының екі жағына  қонжиған,  тамаққа  кірісті.

– Әй, қолдарыңды  жудыңдар  ма?

Екеуі де әкесіне қолдарын көрсетті:  «Шеп-шести ғып  келдік». Атасы тағы мырс етті: «Құлдық­тарым! Тап-таза деп сөйлегендерің дұрыс қой». Үлкені басын изеді, кішісі аузын бұртита: «Осы ауыл сели­ком  осылай  сөйлейді  ғой»  деді.

– Құлындарым! Осы ауыл айтады екен деп сөздің парқын кетіруге болмай­ды ғой. Ертең ауылдың шалдары «Дүйсеннің немерелері орыс болып кетіпті» деп жүрсе, ұят болады  емес  пе?!

Екеуі де басын изеді. Келіскендері.

Дастарқан басында әдемі шуақ ойнады, Орыншаның осы сәтті пайдала­на атасының итке неге тек қана «Қытымыр» деп ат қоятынын білгісі  келді.

– Ата! Мен түскелі де біраз жыл болды, қазіргі ит мен білетінде үшінші ит, неге ылғи «Қытымыр» деп ат қоясыз?

Ақсақал «Осы шын білгісі келіп отыр ма?» дегендей келінінің бетіне сынай көз салды. Осы кезде әңгімеге Анарбек  араласты.

– Пау деген! Сен келгенше, мен ес білгелі үйде бірінен кейін бірі бес ит болды. Барлығының да аты – «Қытымыр». Онда тұрған не бар? Сен де қайдағыны  сұрайды  екенсің!?

– Дұрыс… Анаржан… Келіндікі дұрыс. Білгеннің артығы болмайды. Шырағым, құлағыңды сал, бізде қанша күн қалды дейсің, қашан аларын Алла біледі. Ие… Қазақ салтында, ел дәстүрінде келіндер дауыс көтеріп сөйлемеген. Ол әдепсіздік болып саналған. Біздің әулет бұл дағдыны қатаң ұстанды. Иманды болғыр шешемнің бір қатты сөйле­генін естімеппін, былай қарасаң, тап-таза киініп, жанын күтетін кісі сияқты көрінгенмен, бүкіл шаруаны тап-тұйнақтай ететін. Оның қаншама істі қай уақытта үлгеріп, бітіріп тастағанына  таңғалатынбыз.

Менің жас кезім. Жаңа үйленгенмін. Үйдегі ит жоқ болып кетті де, бір күні  жігіттер көзін енді ашқан күшік тауып берді, қасқыр шата ма, әйтеуір  құлағы  тікірейіп, ырылдап тұрғаны, «Таймас» деп ат қойдым. Бір қыс өте ол дүрдиген ит болды, бірақ, әтеңелет, нәтіне тарта ма, қаңғып кетіп қала береді. Содан бір күні кешке қарасам, иманы саламат болсын, енең айғайды салып тұр: «Таймастап». Жас кезі ғой, әлі жиыр­маға да толмаған, оның айғайы­на келе қоятын ит жоқ. Жайы­мен қасына барып: «Енді айғайлаушы болма!» деп ескерттім. Сол күннен бастап ойланып жүріп осы «Қытымыр» деген атты таптым, итті бір ғана уақытта тамақ ішуге үйреттік. Иә, содан бастап, ана дүниеге аттанғанша бұл ауыл ит шақырған енеңнің айғайын естіген  емес.

Талай ит болды, бәрін де «Қыты­мыр» деп атадым. Қазір ауылдағы шақырыспада шалдар маған «Кемпірің­нің де қатты дауысы шықпай кетіп еді, келінің де аумай қапты. Осы не бәлелерің бар сендердің?» деп қалжыңдайды. Мен ішімнен «Е, әпенділер-ай, мәселе иттің атында екенін әлі түсінбей жүрсіңдер ме?» деп қоямын.

Міне, келін шырағым! Әлгілердің әңгімесі сенің абыройыңның асқанын көрсетпей ме?! Әрине… солай. Әйел баласының тірлігі үйде болғанмен, барлық ісі, сөзі, мінезі сыртқа беп-белгілі болып тұрады. Шүкір, ауылға қадірлерің бар, Құдайдың бергендері бар… шүкір ғой. Алла Анаржан екеуіңе ғұмыр берсін, жақтарың түспей, жамандық көрмеңдер, қарақтарым!

Қария сөзін аяқтады, Анарбек те ойға шомған, атасының екі жағында қалғып отырған балаларына қарап, «Біз де осындай болдық па екен?» деп  қояды  ішінен.

Бата беріліп, ас қайырғасын, дастарқан жиналды, Анарбек балаларды көтеріп, төсектеріне апарып жатқызуда. Орынша: «Е, мен неге итті «Қытымыр» деп атайды екен деп бас қатырып жүрсем. Барлығы мұның жайын ойлағандықтан, қадірін асыруды мақсат еткендіктен екен ғой» деп ойлады. Атасы үшін кеуде­сінде  мақтаныш  сезімі  атой  салды.

Алдажар  ӘБІЛОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: