Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қыс пен көктемнің «текетіресі»

01.04.2021, 9:30 343

Ақ киімді, денелі, ақсақалды,

Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.

Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,

Басқан жері сықырлап келіп қалды.

Абай, «Қыс».

Ақын Абай тағы да: «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай, Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай» деп қыс мезгілінің келуін осылай меңзейді. Қыстың аты – қыс. Шынында:

ЖЕЛТОҚСАН желімен сәл ызғарланып,

ҚАҢТАР келер қаһарлы ызғарды алып.

Ал, АҚПАНның сарышұнақ аязында,

Сезесің үсік шалар ызғарды анық.

Иә, бұрынғы көне көз қариялар қыс мезгілін «үш тоғыс, жеті тоғыс, тоғыз тоғыс» деп үш кезеңге бөліп айтатын. «Қыстың уақтылы болғаны дұрыс. Қыс айлары жылы болса, аяғы салпы болып созылып кетеді де, көктем кеш шығады» деп отыратын. Ақырған ақпан айынан кейін көп күттірген көгілдір көктем келеді. Наурыз  Жаңа күн деген ұғымды білдіреді екен. 21-22 наурызда күн мен түннің теңесетін тұсы. Бүкіл түркі тектес халықтар бұл күнді Ұлыстың ұлы күні әз Наурыз деп атап келген ұлы мейрам болып есептеледі. Бүгінде 1 наурызда алғыс айтудан бастау алып, 14 наурызда «Көрісу» күні деп басталатын әртүрлі мәдени, ұлттық іс-шаралар қалыптасып келеді. Мұндай іс-шаралар болашақ ұрпаққа әдет-ғұрып пен салт-дәстүрімізді ұлықтауы үшін аса қажет-ақ. Дегенмен, қазақта қайғылы қаза кезінде «көрісу» деген ғұрып ежелден қалыптасқан. Сондықтан, «көрісу» деген атауды «қауышу» деп атаса деген ой келеді. Сонда көктеммен қауышу, көптен бірін-бірі көрмеген, кездеспеген кісілердің бір-бірімен қауышуы, Ұлыстың ұлы күнімен аман-есен қауышу деген сияқты жағымды естілер еді.

Бұрында: «18 наурызда тоқсан шығып, Самарқанның көк тасы ериді. Сонан кейін күн райы бірде мейіз, бірде киіз болып тұрады. Тоқсанның бір күні қалса, қорық!» деп қариялар ескертіп отырушы еді. Расында, кәрі қыс кейде көктемге «үлкендік» жасап, «үстемдік» еткісі келетін кезі де кездеседі. Ондайда «Сәуір болмай, тәуір болмайды» дейтін үлкен кісілер. Ал, сәуірдегі салқын мамыр айына дейін созылса, «мамыр болмай, мамыражай болмас» деп болжайтын ақсақалдар.

Жалпы, көктем айлары жаратылыс пен табиғаттың тылсым дүниелеріне толы десе болады. «Бес қонақ», «Киіктің матауы», «Құралайдың салқыны», т.б. табиғи құбылыстар соның дәлелі.

Жер бетінің бәрінде жан бір деген,

Көктемде көктен жауар жаңбыр деген.

Он сегіз мың ғаламның бәрі оянып,

Жылынып, жер көгерер жаңбырменен.

Міне, биыл сиыр жылының да көгілдір көктемі келді. Сыр-Ананың биыл судан шөліркейтінін, Сыр елінің судан тапшылық көретінін табиғат та сезгендей, наурыз айында жерге қар мол түсіп, күн жаңбырлы болып тұр. Бұрынғы үлкен кісілерден бұндайды: «Бұл – наурыздың қары. Жаңбыр жалпы шаруа мен жан-жануарларға жақсы. Көктемде күн ерте күркіресе, Алла тағала жерге рұқсат бергені. Биыл жерде көк көп болады, төрт түлік тоқ болады. Егін жайқалып өседі, бидайдың басы шайқалып өседі» деп еститінбіз. Лайым солай болғай!

Қазыбек  ӘШІРБЕКҰЛЫ,

Қызылорда  қаласы

Б.Есжанов (сурет)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: