Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қылқаламдағы  құстар  үні

09.04.2026, 5:30 33

HALYQLINE.KZ

Сурет өнерін толыққанды меңгеріп, нақышына келтіріп орындау – қиын іс. Әсіресе, ЖИ дамыған, кез келген тақырыпта суретті еш қиналмай, бір минутта дайындауға болатын тұста жанына қылқаламды серік еткен талантты жандарға құрмет ерекше. Өйткені, олар санадағы қиялын қағаз бетіне түсіреді, жай түсіріп қоймай, сезініп, сөйлетіп, көрерменді терең ойға жетелейді. Сол себепті де суретшілерді сирек кездесетін өнер иелеріне еш ойланбастан жатқызуға болады.

Әсіресе, табиғат пен тіршілік иелерін суреттеу – әсте қиын орындау. Әдетте бұл бағыттағы қылқалам шеберлері қоршаған ортаны өзгелерден ерекше сезінеді. Оны қағаз бетіне түсіру арқылы суретші айналасына, табиғатқа деген сүйіспеншілігін, сондай-ақ жауапкершілігін білдіреді. Осындай шығармашылық ізденіске Темірбек Жүргенов атындағы «Шығармашылық үйінде» өткен көрмеде куә болдық. 1 сәуір – Халықаралық құстар күніне орай туындыларын баршаға паш еткен бүлдіршіндер мен жасөспірімдер газет бетіне сурет салып, қолөнердің ерекше жанрын орындап, көпшілікті сүйсінтті.

Иә, сурет көрмесінің «Шығармашылық үйінде» өтуі тегін емес. Жалпы, шығармашылық дегеніміз тек жазудан тұрмайтыны әмбеге аян. Жазудың жанында сызу да қатар жүреді. Бұл – біріншіден. Екіншіден, жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, оқушылар суретті жай қағаз бетіне түсірмеген, газет бетіне салған. Бұл сурет салудың жоғары шеберлігі десек те артық емес. Газетке салынған суреттің газет шығатын жерде көрсетілуі де орынды.

Көрме шымылдығын «Сыр Медиа» ЖШС атқарушы директоры Марат Аралбаев ашып берді. Тиісінше жазу өнері мен сызу өнері үндескен іс-шарада оқушылардың белсенділігі мен қағылездігіне тәнті болып, әрқайсысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ Халықаралық құстар күніне сай, құстардың табиғатқа, жалпы планетамызға пайдасы жайлы да сөз етті.

Құстар адам өмірінде, экожүйеде үлкен рөл ойнайды. Олар табиғи баланстың сақталуына әсер етеді, жаман зиянды заттарды жояды, сондай-ақ дән-ұрықтарының көбеюіне септігін тигізеді, — деді серіктестік басшысы.

Марат Жайылханұлы сонымен қатар балалар шығармашылығына үлкен табыс тіледі. Және де сөз соңында Темірбек Жүргенов туралы тоқталып, қайраткердің қазақ мәдениетіне қосқан ерен еңбегін жасөспірімдерге үлгі етті.

Ал іс-шараның өтуіне атсалысқан «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы Ботагөз Ажарбаева балаларды Халықаралық құстар күнімен құттықтап, жас суретшілерге жүрекжарды тілек білдірді. Ол өз кезегінде осы шамадағы көрмелердің балалардың іште елеусіз жатқан қасиеттерін ашатынын айтады. Сонымен қатар жалпы өнер мен қоршаған ортаға қызығушылығын арттыратынын жеткізді.

Міне, бүгін бізде өте ерекше көрме өтуде. Бір қызығы, жұмыстар газет бетіне орындалған. Бұл суреттердің әрқайсысынан қиял, шынайылық пен талант байқап тұрмын, — деді Ботагөз Ажарбаева.

Аталмыш іс-шараға алыстан арнайы келген «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығының экология бойынша бас инженері Алма Есенова да сөз сөйледі. Ол өз кезегінде қорықта құстардың қалай өмір сүретінін айтып, оларды мемлекет қалай қорғауға алғаны туралы сөз етті. Инженердің сөзінше, қорықта құстарды сақтау бойынша ілкімді істер жүргізіліп жатыр.

Ал, ұйымдастырушылардың бірі «Art studio Safi» сурет үйірмесінің жетекшісі Гүлзат Жұрқабаеваның сөзінше, көрмедегі суретшілердің басым көпшілігі өз бағын бірінші рет сынап отыр. Жетекшінің айтуынша, үйірме суретшілері біраздан бері шетелді бағындырып жүр. Кей оқушысы Түркия, Испания, Италия, Франция, Грузия және Монако секілді мемлекеттерде төбе көрсеткен.

«Маған сурет салған қатты ұнайды» дейді үйірме оқушысы Дарья Эртман.

Бәрінен бұрын мен табиғат пен жануарларды ұнатамын. Менің суретімде бұтақтағы шымшық бейнеленген, — дейді ол.

Оның анасы қызының жарты жылдан бері үйірмеге барып жүргенін, бірақ сол уақыт аралығында Түркістанда өткен сурет байқауында гран-при жеңіп алғанын айтады.

Ал газет бетіне үкіні бейнелеген Али Альязимнің суреті тіпті таңғалдырады. Біраздан бері сурет салумен айналысатыны көзге оттай басылады.

Мен суретімде үкі салдым. Әдетте сурет салумен көбіне қыз балалар айналысады. Бірақ мен бұл таптаурынмен келіспеймін. Алдағы уақытта бірқатар сурет салу байқауында топ жарып, осы салада көптеген жетістікке жетсем деп армандаймын, — дейді Али батыр.

Иә, суретшілерге қанша мақтау сөз айтылса да жарасады. Жас суретшілердің қаламы талмасын дей тұра, шығармашылық табыс тілейміз. Ал «Шығармашылық үйінің» сурет өнері секілді өзге де шығармашылық бағытты тасада қалдырмағаны тіпті көңіл қуантады. Осы шамадағы тағылымды көрме-байқау легі арта берсін дегіміз келеді.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ.

Нұрболат  Нұржаубай (фото)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: