Бұл дүние әу бастан реттілікпен пайда болған. Ол – Табиғаттың және Ғарыштың бұлжымас ұлы заңы.
Дүние, бүкіл ғарыш әлеміндегі бар нәрсе бір-бірімен универсалды байланыста. Осы байланыс олардың арасындағы реттілікті туындатады.
Ал, адамдар, әр нәрсенің себеп-салдарлық заңдылығын білген заматтан – мұндай Ұлы реттілікті де тудырушы Ұлы Құдірет бар екеніне сене бастайды.
Адамдар реттілік табиғатын танығанда, оны ғылыми жолмен түсіндіреді.
Ал, Ұлы реттілік оған жұмбақ болып қалғанда, яғни, оны ұғуға білімі (ғылымы) мен тәжірибесі жетпесе, адам оны Ұлы Жаратушы құзыретінде қалдырады. Өйткені оған оның дайын жауабы жоқ…
Адамдар өзі сияқты ойлайды: өзі затты, ғылымды ойлап табады, сол арқылы табиғатты өз қалауымен, әрине, оның реттілігіне орай өзгертеді.
Ендеше, Ұлы Жаратушы Құдай да өзі жаратқан дүниені «өз біліуіне» сай ретті етіп қойған дейді.
(Соның ішінде адамның өзі де бар).
Бұл – адамзаттың дүниені тану формасы.
Яғни, адамзат өзі әлі білмегенді Құдайдың артына «жасырып» қояды.
Бірақ бұдан адамзаттың «құдайтану» ұмтылысы тоқтап қалмайды, адамзаттың санасы үздіксіз процесс және сол сияқты «құдайтануы» да (білуге ұмтылысы) – шексіз процесс…
Осыдан келіп, «Адамзат бәрін біле келе Құдайды жоққа шығара ма?» деген сұрақ туады.
Жоқ.
Себебі, Жаратылыс әлемі шексіз. Адамзат қаншама білімін кеңейткен сайын, оның артында одан да көп «білмейтін» нәрселер, жауапсыз сұрақтар көбейе бермек.
Ендеше, сол білмеген тылсым әлемде Құдай образы үнемі сақтала береді.
Яғни, бұл тезис «Адамзат бір кездері Құдайдан бас тартады» деген тезисті терістейді…
Сол себепті, діншілдердің «ғылымға емес, тек сенімге сүйен, сонда Құдайың бар болады. Болмаса, сен күнәһар боласың» деген догмасы – жалған.
Ол, Құдайды нысанаға алып алған, Құдайын дін арқылы «өзіне қызмет етуге» жеккен жеке бір діни адамдардың «шектеулі санасының» көрінісі ғана!
Ондағы Құдай олардың өзіне ұқсайды: майда тірлікпен ғана күнелткен, біреуді аңдыған, әркімді өзіне бағындырған, тіптен, оның Құл болуын қалаған, «екінші өмір бар» деп оны алдаған бір жағымсыз образдағы «құдай».
Ал, нағыз ғалым адамдардың Құдайы тұтас әлемді ретпен жаратып, оны тануды өзі тектес санаға ие АДАМҒА аманат етіп жүктеген Құдай.
Ол пендешіліктен ада.
Ол Құдай «Адамға тануы үшін Сана берілді. Сана – адамның Еркіндігі. Адам соны қолданып, үнемі Менің, яғни, Құдайдың артында жасырылған Ақиқатты ашуға ұмтылуы керек.
Ол оны Өмірінде жүзеге асырады.
Өлген соң оның осы миссиясы да өмірімен қоса аяқталады» дейді.
Адамдар сол себепті том-том ғылыми кітаптар жазады. Оны келесі ұрпақ жалғастырады…
Сөйтіп, ақиқаттан ақиқатқа жете береді…
Ғалым адамның Құдайы үшін ең сүйікті, ең жағымды адами әрекет осы – АДАМ САНАСЫНЫҢ ЖАСАМПАЗДЫҒЫ!
Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ,
философ.
Алматы қаласы
Фото: massaget.kz.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!