«Кемпірқосақтың жеті түсі бір-бірімен
қоюлана араласқанда жеті түс те қоңырға айналады».
Жұмекен Нәжімеденовтің «Қазақтың музыкасына қатысты» еңбегінен.
Сөздің басын неліктен қоңыр түстен бастадық? Жалпы, қазақ пен қоңыр көп жағдайда телініп бірге айтылады. Мұның мәнісі, қоңыр сөзі халықтың қарапайым тұрмыс-тіршілігін білдіреді. Әрі қарай қоңыр әуен, қоңыр дауыс, қоңыр үн деп жалғасады. Бұл тіркестер – бастапқыда қарабайыр болып көрінгенімен, адамзаттың тарихынан бері келе жатқан жанға жылылық сыйлайтын сөз. Қазақтың өзі де, сөзі де – қоңыр. Өйткені қоңыр түс қазақтың бойындағы дарқандық, байыптылық, сабырлық, төзімділік, қоңырқай мінезін білдіреді. Ал, қазақтың сөзіндегі қоңырлық – тыңдаған адам тағылым алатынының көрінісі. Бұл – қазақтың ілгеріден бері бар дәстүрі. Міне, осы ұмылытып келе жатқан үрдісті Қызылорда облыстық мәдениет және спорт басқармасы жандандырды. Нартай Бекежанов атындағы драма театрында «Қоңыр әңгіме» атты рухани кеш өткізілді. Бұл кештің тұсауын кескен алғашқы қонағы – Ұларбек Нұрғалымұлы. Ол – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ақын, жазушы, оқырман қауымның сұранысы бойынша бірнеше рет қайта басылған танымал танымдық кітаптардың авторы, қазақы әңгіме айту дәстүрін дәріптеуші. Ал, рухани кештің модераторы «Алтын домбыра» айтысының 3 мәрте жеңімпазы, айтыскер ақын Мұхтар Ниязов болды. Екі сағатқа созылған кешті екі қарапайым қазақ баласы қара сөзбен «алтынның қымбаты – аздығында» демекші, аз болса да, қоңыр әңгімені тыңдауға келген халықты рухани тоқ қылды.
– Сонау Алтайдың арғы жағынан атажұртқа келген қазақ едім ғой. Бала кезімізде түрлі ертегіні, аңызды тыңдағандай, Сырдария деген өзен бар екенін әңгіме ретінде тыңдап өстік. Бізге «Жезтырнақтың», «Ер төстіктің» әңгімесі сияқты естілетін. Сол Сырдарияны «біз де көреміз ғой» деген ой болған жоқ. Шыныменен, тылсым, арғы тарихта болған оқиға сияқты, сол ағып, қазір құрғап орнында жоқ болып елестейтін. Сол аңызда естіген Сырдарияны ең алғаш рет Шымкентке келіп, Жетісайға өтіп бара жатқанда «мынау Сырдария, қазір көпірден өтесің» деген кезде көзіме лықсып жас келді. «Ойпырмай-ә, Сырдарияны да адам көреді екен ғой» деп айттым, – деді ағынан жарылған Ұларбек Нұрғалымұлы.
Сондай-ақ, Кеңес одағы кезінде қазақылықты жоюға қаншама кереғар іс жасалса да, сырбойылықтар өз салт-дәстүрін сақтап қалған өңір ретінде танымал екенін айтты. Жасыратыны жоқ, Сырдың халқы жырдың үні шыққан жер ретінде көпке үлгі. Бүгінде қоңыр әңгімені еске түсіріп жатқаны да тектіліктің көрінісі іспеттес.
«Тыңдаушы ықыласты болса, сөйлеуші шешен болады» дегенді негізге алып, «Қоңыр әңгіме» атты рухани кеш бірден қоңыр әңгімеден басталды. «Қазіргі күні жастардан бірнәрсе сұрасаң, тура интернетте жазылған бойынша баяндап береді. Өзі қорытып айтпайды. Сондай күйге түсіп қалған екенбіз» деді кеш қонағы. Бұл пікірмен толыққанды келісуге болмас. Егде жастағы яки кәрінің түр-түрі бар секілді, жастардың әртүрлісі бар. Терең ойшыл жастарымыз да жеткілікті. Жазушы сипаттағандай арзан-ойын күлкінің жетегінде кетіп, сөзге-сөзді қоса алмайтындар да баршылық. Жас – білімділік пен даналықтың дәлелі емес. Тек біршама жасқа жетсе, Алланың берген сыйы ретінде қабылдауға болады. Ал, адамгершілік, имандылық, білімділік жаспен байланысты емес. Адамның ізденісі мен ынтасына қатысты. Сол себепті бүгінгі ұрпақты жөнсіз немесе көпті бірдей сынау дұрыс болмас. Десе де, жастың бәрі осындай болып бара жатыр деп айтсақ, демек үйіндегі, айналасындағы аға буын өкілдері де сондай дегенді білдірмей ме? Қайткенмен, інісі ағасына қарап өседі ғой. Бірақ қоңыр әңгіменің тек жастарға емес, жалпы қазаққа керегі бар.
Ең алдымен, жазушы «Қар суымен кеткен жылқы» атты әңгімесін баяндап берді. Мұнда қазақтың байырғы болмысы ашық көрсетіледі. Бұл әңгіменің түйіні көп адамға былай түсіндіріледі. Адамды Алла Тағала жаратқан ғой. Сондықтан өзге адамның көңілін қалдыру, жүрегін жаралау Меккедегі қағбаның қара тасын сындырғаннан да ауыр. Тәуір әңгімені жіліктеп баяндап бермегенді жөн көрдім. Жасы да, қарты да мына сілтеме арқылы әңгімені толық оқып шықса болады.
Әрі қарай туысқандық қарым-қатынасқа қатысты «Қараманнан шыққан қайыршы» әңгімесі өрбіді. Соңғы уақытта елімізде ет бауыры туысқаны көбіне жақын болмай кетті. Әсіресе алысқа оқуға келген студенттер туысқандарына деген өкпе-ренішін әлемжеліде ашық жеткізіп жүр. Қазақ дегенде құр кеудені ұрғаннан түк пайда жоқ. Мейірім жоқ бос жүректі толықтыру үшін осы қысқа әңгімені оқуға кеңес беремін. Мұны енді мына сілтеме арқылы оқып шығыңыз.
Бұған қоса, дәстүрлі әндердің мән-мағынасы қаузалды. «Бір бала» дейтін ән бар ғой. Сіздердің жерлестеріңіз Мәдина Сәдуақасова айтатын. Осы әннің екі жолында қаншама нәрсе жатыр. «Талдан таяқ жас бала таянбайды» деген кезде маған былай елестейді. Мына жерде бала отыр. Сол балаға ән сал деп үлкендер қолқа салып жатқан секілді. Бірақ ол баланың басында бір қайғылы оқиға болған сияқты. Ал, талдан таяқ жас бала таянбайды дейтіні мына Жетісу өңірінде әлі бар. Кісі қайтыс болған кезде сол үйдің тұңғыштарының барлығы таяққа сүйеніп тұрады. Өйткені қайғы белге салмақ түсіреді екен. Өмірден алынған ақиқат. Бала кезімізде «таяққа таянба, жаман ырым» дейтін еді. Сол себепті жас балаға қайғыру тән емес қой деген сөзді осылай әнде жеткізген. «Қайғыланба, қабағынды аш, жарқылда» деп отыр ғой. Сөйтіп келіп, «Бала бүркіт түлкіден аянбайды» дейді. Бала бүркіт деген не? Құсбегінің қолындағы бүркіт түз немесе бала бүркіт болады. Түз бүркіт деген аспанда ұшып жүрген бүркітті тормен, қақпанмен әлде бірдеңемен ұстағанды айтады. Бала бүркіт – ұядан алған кездегі бүркіт. Осы екеуінің аң аулау тәсілі екі түрлі. Осы кезгі тілмен айтсақ, кәсіби боксшы мен әуесқой боксшы сияқты. Мәселен, түз бүркіт түлкіні көрсе, оны баратын жерін пайымдап барып ұстап алады. Ал, бала бүркіт көрген жерінен қуып, аяғында жете алмай отырып қалады. Бірақ бұдан түз бүркіт жақсы дегенді білдірмейді. Түз бүркіт күйшіл келеді. Бабы келмесе, сәл кешегі тамағынан жүрегі айнып тұрса, азығы қиын таудың басында жүрсе бармайды. Бала бүркіт тау ма, тас па, бабы келе ме, келмей ме қарамайды. Сол таудың басына барып ұстап, етекке дейін домалап, қауырсындары сынып, сөйтіп жүріп соңына дейін қалмайды. Түз бүркіт алмай кеткен түлкіні бала бүркіт таудан домалап отырып, аяқ-қолы қан жоса болып, астына басып жібермей отырады. Сол кезде бүркітшілер «шіркін-ай, бала бүркіт түлкіден аянбайды» деп рақаттанған».
Осылай әндегі сөздің мән-мағынасын ашып, жазушы халықтың қошеметіне бөленді. Бұдан бөлек, киносценарист ретінде біршама киноға тоқталып өтті.
«Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді» деген рас. Алтайдан келген Ұларбек Нұрғалымұлына аймақ басшысы өзі келмесе де, облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова алғысын жеткізді. Сонымен қатар, рухани кеште Сыр бойының өрендері өнер көрсетті. Тағылымға толы кеш мұнымен тоқтап қалмаса игі. Себебі қазақтың «қарнын» қоңыр әңгіме сияқты кештер толтыратыны даусыз.
Азамат АБИМОЛДА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!