Кеше Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаев атындағы ауылда Орынбет ишан Дәрменқұлұлының 200 жылдығына орай «Ортамыздың құты – Орынбет ишан» атты ауқымды шара өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткен шарада облыстық жас ақындар айтысы мен ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды.
Ауылдық клубта жас ақындар айтысы басталмастан бұрын көрермендерге Орынбет ишанның өмір жолынан сахналық көрініс көрсетілді.
Облыстық жас ақындар айтысына қатысушы сөз зергерлерін Майдакөл ауылдық клубының меңгерушісі, ақын, сазгер Ермекбай Ағырай таныстырып, аламанды бастап кетті. Жас ақындар жұртшылыққа кестелі жыр, сүбелі сөз сайысын паш етті. Айтыстың ақтық сынында бас жүлдені жалағаштық жас ақын Қартбай Мейіржан қанжығасына байласа, бірінші орынға Қызылорда қаласынан келген Бақытәлі Жамбыл ие болды. Екінші орынды майдакөлдік Бекзат Серіков, үшінші орынды Қызылорда қаласынан келген Бекқожа Нұржігіт пен қармақшылық Бекқанат Смайлұлы місе тұтты.
Ү.Түктібаев ауылдық клубында өткен шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– Ү.Түктібаев атындағы ауыл – қазақы қаймағы бұзылмаған, бір-бірімен тату-тәтті, ынтымағы мен берекесі жарасқан мекеннің бірі. Сондықтан болар түктібаевтықтардың бірлігі бекем, тірлігі тиянақты. Бүгін біз Сіздермен бірге облыстық жас ақындар айтысынан бөлек, түрлі шаралардың куәсі болып отырмыз. Әрине, мұндай салтанатты шараны ұйымдастыра білу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Тек берекесі тасып, ынтымағы артқан, жастары жалындап тұрған ауылдар ғана қолға алып, абыроймен өткізе алады, – деген аудан басшысы жас айтыскерлерге сәттілік тіледі.
Мұнан соң Орынбет ишан Дәрменқұлұлының 200 жылдығына орай ұйымдастырылып жатқан шараны жоғары деңгейде өтуіне ерекше үлес қосқан Ү.Түктібаев ауылындағы «Орынбет ишан» мешітінің бас имамы Ғабдулла Иниятуллаұлына аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталды.
Облыстық жас ақындар айтысын аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрғиса Жалғасбаев, облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп, Әйтеке би кентінің әкімі Қайрақбай Орынбасаров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов, Жанқожа батыр атындағы аудандық мешіттің бас имамы Берік қажы Сүлейменов қатысып, жас ақындардың айтысын тыңдады.
Орынбет ишан Дәрменқұлұлының 200 жылдығына орай Б.Әбдіразақов атындағы №88 мектептің спорт залында қазақша күрес, батпан көтеру және қол күресінен жарыстар ұйымдастырылды. Жарыс жеңімпаздарына қаржылай сыйлықтар табысталды.
Қазалы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!