Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қара шаңыраққа құрмет

19.01.2023, 9:20 485

Кез келген халықтың сонау ықылым замандардан бері қалып­тасқан тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, өнері, салт-сана­сы, тілі мен діні болады. Осылардың жиынтығы айналып келгенде сол халықтың бет-бейнесін, болмыс-бітімін айқындап, яғни қысқаша айтқанда, «мәдениет» деген ұғымды қалыптас­тырады. Халқымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүріндегі қасиетті ұғымдарының бірі – қара шаңырақ.

Біз жақында Жалағаш кентіндегі құрылысы ерекше үй туралы қысқаша ғана 2 минуттық бейнеролик түсіріп, жария­лағанбыз. Оқырмандар тарапынан жақсы бағаланып, көпшіліктің қызығушылығын тудырып жатыр екен. Ол тура­лы сәл кейінірек…

Адамзатқа пана болған жұмыртқадай жер шарында өмір сүріп отырған адамдарға да пана керек.

Алдымен тарихтың терең қойнауына үңілсек, кең-байтақ Қазақстан жерін мекендеген ежелгі адамдардың пайда болуы, олардың қоныстануын бірнеше мерзімге бөліп қарастырамыз. 1. Ежелгі тас дәуірі (Палеолит) б.з.б. 2 млн – 140 мың жылдықтар,  2.  Мезолит б.з.б. 12-5 мың жылдықтар, 3. Неолит (жаңа тас  ғасыры) б.з.б. 5-3 мың жылдықтар, 4. Сақ дәуірі б.з.б. VIII-II ғ (Астанасы Шірік Рабат, қазіргі Жалағаш, Қармақшы ауданының  территориясында),  5. Қаңлы мемлекеті б.з.д.  III ғ (Астанасы Сыр бойындағы асарлар), 6. Үйсіндер – б.з.д. II ғ астанасы – Қызыл-Аңғар (Ыстық көл), 7. Ғұндар – б.з.д.  I ғ – б.з I ғ., 8. Сарматтар  –  б.з.д. III ғ Батыс  Қазақстан  (Иран  тілдес), 9. Түрік қағанаты 552-603 ж., 10. Батыс Түрік қағанаты 603-704ж., 11. Түркеш қағанаты 704-756 ж., 12. Қарлұқ мемлекеті 756-940 ж., 13. Қарахандар мемлекеті 942-1210 ж., 14. Оғыз мемлекеті IX – XI ғ., 15. Қимақтар мемлекеті IX – XІ ғ., 16. Қа­рақытайлар мемлекеті 1120-1213 ж., 17. Наймандар мемлекеті XII ғ., 18. Керей мемлекеті X ғ., 19.  Қыпшақтар  мемлекеті  XI ғ. басы-1219 ж., 20. Шыңғысхан шапқыншылығы 1219-1224 ж. (шын аты-Тимучин) (1155-1227 ж) Отырар қозғалысы 1219 қыркүйек, 21. Ақсақ темір (Темірлан) 1336-1405 ж., ақпан, астанасы – Самарқанд, 22. Алтын Орда (Бату құрған) XIII ғ., 23. Ақ Орда XIII-XV ғ., 24. Моғолстан XIV-XV ғ., 25. Әбілқайыр хандығы 1428-1468 ж, 26. 1465 жылы Алтын Орданың және 1468 жылы Өзбек хандығының  ыдырау  кезінде XV ғасырда қалыптасқан қазақ хандығы.

Енді алғашқы адамдардың қоныстану тарихына үңілсек, ежелгі адамдар азық табу мен жабайы жануарлардан қорғану үшін топтасып, яғни тобыр болып өмір сүрген. Олардың тұңғыш баспаналары тау жартастардағы үңгір болған. Кейінірек қола дәуірінде қалыптасқан Андронов мәдениеті кезеңінде көшпелі шаруашылық дамыған, сол кезде кәдімгі киіз үй пайда болған. Табиғатпен етене жақын көшпелілердің өзіндік рухани мәдениеті қалыптасты. Көшпелілердің салт-дәстүріндегі табиғаттың үйлесімдігін сақтау, аруақты құрметтеу, сөз қадірін түсіну, ата салты, ұлағатты қағидалары рухани мәдениеттің ерекше үлгілері болып табылады. Көшпелілердің бай фольклоры, аңыз, әпсаналары болды. Оларда әлем, оның құрылымы туралы күрделі түсініктер сипатталған. Ерте темір дәуірінде тұрғын үйлер түрлі табиғи материалдардан, шымнан, шикі қам кесектен, ағаштан, тастан салынған кепелер, негізінен қыстаулар салынды. Алайда мал шаруашылығын игеруге байланысты көшпенділердің негізгі баспанасы тұрмысқа қолайлы, көшіп-қонуға ыңғайлы киіз үй болды. Тіпті қазақтың адам жерлеу ғұрпында да киіз үй секілді күмбезді кесенелер салына бастады.

Қазақтың киіз үйі, оның құрылысы, материалы, үйдің іші-сыртына  тұтылатын түрлі бұйымдары, жиһаздары, т.б. егжей-тегжейлі талай этнограф, саяхатшы ғалымдар тамсана жазып кетті. Солардың бірі, 1253 жылы қазақ даласын басып өтіп үш хан ордасын (Бату, Сартақ, Мөңке) өз көзімен көрген францискандық  монах Г.Рубруктың естеліктерінде: «…Ол ауыл  ханға  келген  елшілерді  қабылдау үшін  тұрғызылған  ауыл  боп  шықты.

Біз сол бекіністе бір қонып шығып, Бату ордасына тіке жүріп  кеттік.

Батудың 26 әйелі бар, ол әйелдері өзімен бірге көшіп жүреді. Олардың және сансыз қызметкерлері бар. Жыпырлаған үй… Киіз  үйлерді  өгіздер  сүйреп  келеді. Мен бір сүйретпе  үйді  сүйреп  келе  жатқан  22  өгізді санап үлгердім. Өгіз айдаушы арбалы  үй  жанында  тұрып  ысқырып  шықпыртып  келеді.

Батудың үлкен әйелі көшті тоқтатып, үйін оң жағына тіксе, қалғандары дереу өз орындарын тауып бір алаңқайды үйлері­мен жыпырлай қоршап тұра қалады екен. Әркім өз орнын біледі. Темірдей тәртіп. Ол алаңқайды бұлар Орта деп атайды. Бұлардың  Орда  деген  сөзі  де  осыдан  шыққан»  деп  жазады.

Бағдаттан 920 жылы аттанған саяхатшы һәм географ Ахмет ибн Фадлан бастаған елшілік Арал теңізі, Шалқар көлі, Өлеңті, Аңқаты өзендерінің маңынан өткенде сол жердегі көшпелілер дөңгелек киіз үйде тұратынын айтып, киіз үйдің сол сияқты күрке, шатыр, т.б. үйлерден артықшылықтарын көрсетіп жазғандарына қарағанда, Х ғасырдағы киіз үйлердің ХХ ғасыр басындағы қазақ киіз үйлерінен бірде-бір айырмашылығы жоқ екені  байқалады. …Сол өлкені (қазіргі қазақ жері) мекен ететін елдің үстіне үй тігілген арбасын Ибн Батутта былай сурет­теген:  «Дөңгелекті  құрылғыны  олар «арба» деп атайды. Көп дөңгелекті  арбаның үстіне тұрғызғаны – бір-біріне қайыспен байлас­тырылған ағаштардан құрастырылған күмбез сияқты қаңқа»  (Д.Майдар,  Д.Пюреев.  От кочевой  до  мобильной  архит­ектуры. М., 1980. 21-бет).

Одан бөлек қазақтың көптеген этнограф ғалымдары А.Сейдім­беков, Ө.Жәнібеков, С.Кенжеахметұлы, А.Жүнісұлы, Х.Арғынбаев,  С.Назарбекұлы, т.б. киіз үй туралы егжей-тегжей­лі зерттеп, көлемді еңбектер жазып қалдырған. Жалпы айтқанда киіз үйдің құрылысы, сипаты, бөлшектері, жиһаз­дары, т.б. тоқталып, оқырманның алтын уақытын ұрламайық. Ол туралы тереңірек білгісі келген жандар болса жоғарыдағы авторлардың  кітаптарынан  тауып  оқуға  болады. Біздің  мақсатымыз  ойтүрткі  салу  ғана.

«Шығу тарихы біздің заманымызға дейінгі ғасырларда пайда болған киіз үйді біздің халық қасиетті, киелі қара шаңырағы­мыз деп дәріптейді. Өйткені киіз үй қазақтың тұрағы, құты, мекенжайы, еншісі, баспанасы, мүлкі, мақтанышы деп бағаланады. Әрине, киіз үйді әркім біледі, бағалайды. Шынында да арғы-бергі тарихымыз бен мәдениетімізді зерделей қарасақ, киіз үйіміздің атқарған қызметі мен рөлі өте зор екеніне көз жеткіземіз. Оған қарап отырсақ, бірнеше жүздеген, мыңдаған жылдар бойы ата-бабаларымыздың ақыл-ойы, тұрмыс мәдение­ті, талғамы еш халықтан кем емес екен. Ғұламалар айтып кеткендей, осы киіз үйден қазақ халқының аспан әлеміне, есептеу жүйесіне, экономикалық біліктілігі, мәдениет пен өнердегі талғамы – жалпы өмір тәжірибесіндегі іске бейімділігі аңғарылады» (Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті. С.Кенже­ахметұлы, «Алматы кітап» ЖШС, 2006 ж).

Иә, уақыт бір орында тұрмайды. Заман жылжып, адамдар өркениетті өмірге ұмтылады. Бұл күнде әлемде құрылыс қарқыны ерекше дамып келеді. Қала құрылысының жоспарланған алып көлемдері, сәулеттік келбетінің әсемдігі ол қоғамдағы экономикалық, саяси және интеллектуалдық дамудың көрсеткіші болып табылады. Алайда құрылыс саласы қанша қарқынды дамып келе жатса да, қазақтың киіз үйі үлгісіндегі күмбезді ғимараттар еш қалыс қалған емес. Мысалы, Астанадағы Ақорда, АҚШ-тағы Ақ үй, т.б. Тіпті сан ғасырлардан бері құрылысы үзілмей жалғасын тауып келе жатқан әлемдегі барлық діни ғиба­дат орындары мешіт, шіркеу, храм, т.б. қолданыстан түскен жоқ. Бұлардың барлығы сайып келгенде қазақ жерінде, яғни  қазақтың  киіз  үйінен  бастау алған десек қателеспеспіз. Бүгінде  киіз үйді ауылдық жерлерде немесе  музейден  тамашалайтын  болдық.

Енді  осы мақаламызды жазуға арқау болған негізгі тақы­рып­қа қайта оралайық. Осыдан тура бір ғасырдай уақыт бұрын Жалағаш өңірінде Кіші жүз Жетіруға жататын Керейт­тің Арбалы аталығынан тараған Еспенбетұлы Алғаш деген кісі өмір сүрген. Ол кісі 1900 жылы дүниеге келіп, 1981 жылы өмірден озған. Құдай қосқан өмірлік жары Керейттің Ыдық аталығынан шыққан Серікбайқызы Сұлушаш анамызбен бас қосып, 6 қыз, 4 ұл, барлығы 10 перзент сүйіп, дүниеге әкелді. Сұлушаш әжеміз 1920 жылы дүниеге келіп, беріге дейін өмір сүріп, яғни 2005 жылы өмірден озды. Балаларының барлығы да білім қуып, өмірдің ағымына сай бүгінде отау құрып, еліміздің түкпір-түкпірінде өмір сүріп жатыр. Бұл шаңырақтың орнында Алғаш ақсақалдың бір қызы Кенжегүл мен күйеу баласы Бейбіт қалады. Уақыт сынына ұшырап, әбден тозығы жеткесін қара шаңырақтың орнындағы ескі үйді сүріп тастап, ауланың шығыс жақ бетінен басқа үй салады. Осылайша уақыт сырғып, жылдар жылжып өте береді. Бір күндері Алғаш ақсақалдың он перзентінің бірі, бүгінде Алматы қаласында тұратын Асыл ағамыздың түсіне анасы кіреді. Еміс-еміс есінде қалғаны ақ киме­шектегі ана «Ай балам, шаңырағыңды құлатпа, шаңырақты сақта» деп айтқандай болды. Бұдан кейін Асыл ағамыз бейжай қарап отыра алмады. Дереу жолға жиналып, мың шақырымнан астам жердегі өзі туып-өскен Жалағашына қарай жол тартты. Елге келе сала бір кездері өзі асыр салып ойнап өскен қара шаңырақтың  орнына бір мал Құдай жолы беріп, әке-шешесіне  құран  оқытты,  ақсақалдардың  батасын  алды. Бұл былтыр көктемгі  жайма-шуақ  мезгіліндегі  сәуір  айы  еді. Асыл ағамыз шаңырақтың  орнында  отырған қарындасы Кенжегүл мен кү­йеу  баласы Бейбітпен және жиендерімен ойласа келе, ескі үйдің орнына қараша үй үлгісінде шеңбер тәрізді етіп үй салуды жоспарлайды. Сонымен ерекше үйдің архитектуралық сызбасы да дайын болды. Көп ұзамай құрылыс та қызу басталып кетті. Мүмкіндігінше табиғи материалдарды пайдалануға тырысты. Қолдан кесек құйдырып, дөңгеленген қабырға да өрілді. Енді жоғарғы жағын күмбез етіп шығару үшін біраз ойланды. Аудандағы білікті шебер ұсталармен ақылдаса келе ол да ойдағыдай аяқталды. Үй негізінен бес бөлмеден тұрады, кірер ауызғы бөлме, үлкен қонақ үй, жатын бөлме, асхана және жуынатын жер. Үйдің ішіне ауызсу, газ кіргізіліп, еден астынан жылу жүйесі жүргізілген. Ендігі жұмыстары үйдің ішін ұлттық нақышта безендіріп,  тағы  да  басқа  қажетті  керек-жабдықтармен  жабдықтау  ғана  қалып  тұр.

«Қазақ халқына ұлттық өнер мен ұлттың төл заттарын сақтап қалу үшін не істейміз деген мәселеге оңай жауап беру қиын мәселе емес. Қазақ халқының болмысы – өзінің киіз үйі мен әдет-ғұрпында! Қазақ халқының жаны-тәні – күйі мен әнінде! Қазақ халқының рухы – қолөнері мен кәсібінде! Қазақ халқы қазақ атын алып жүремін десе, осы нәрселерді жоғалтпаса  болғаны. Ел өз болмысы, өз тілі, өз өнерімен ғана  ұлт  атанады. Қазақтар да сол ұлттық ерекшеліктерін сақтай, дамыта жүріп қазақ атанса керек. Болмысы батыстанған, өнері әлемденген «Жаңа қазақтар» мен «асфальт қазақтар» қазақтың өнері мен әдет-ғұрпына мемлекеттік қамқорлық күшейген кезде өз ортасына қайта оралатын болады. Ұлттық болмысқа, ұлттық өнерге мемлекеттік қамқорлық қалай жүзеге асырылады деген сұраққа тек қана заң қабылдау арқылы деп жауап берер едік. Сәулет және құрылыс басқармаларын, жобалау меке­мелерін және жобалауға қатысатын шетел фирмаларын  қалалық, ауылдық, жол бойы ғимараттарын жобалау кезінде негізге аларлық заң тармақтарымен қаруландыра­тын уақыты жетті, жеткен жоқ, өтіп барады. Оларды міндетті түрде ұлттық сәулет пен ұлттық қолөнер туындыларын пайдалану арқылы ғимараттарға ұлттық түр, ұлттық сипат берілуге міндетті болатындай ету қажет…» (Қазақтың киіз үйі. Сайын Назарбекұлы. «Елорда», Астана,  2005ж.)

Сөзімізді қорытындылай келе, бүгінде әлемдік мәдениеттер тоғысып, жаһандану үдерісі жүріп жатқан заманда ұрпақтан-ұрпақ­қа әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен беріліп келе жатқан осы қасиеттерді сақтап, тектілігімізді жоғалтпау – бүгінгі буын біздер үшін үлкен сын. Осындай ұлттық құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа аманаттап табыс­тау  әрбір  азаматтың  парызы  деп  санаймыз.

А.БАЙҚАБЫЛОВ,

Қазақстан  Журналистер  одағының  мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: