Ги де Мопассан
Кейуана Паоло Саверини Бонифачо қамалы түбіндегі жұпыны үйде ұлымен бірге тұратын. Таудың биіктеу жеріне орналасқан қаланың кей тұстары Сардини қойнауының еңістеу жерлерінің төбесінен төніп тұр, ал су астынан жартастары көрініп тұрады. Қаланың бір шетінен жартастар тізбегі оны қоршап жатқан үлкен дәлізге ұқсайды. Ол порттың да қызметін атқарып жатыр: бұл жерге айына екі рет Аяччоға жүретін ескі кеме, итальян және Сардинидің балық аулайтын кемелері тоқтайды. Ақшыл түстес таудағы үйлердің шоғыры, одан да гөрі ағарыңқы көрінеді. Кемелер кіруге бата алмайтын бұл бұғаздың үстіне орналасқан осы үйлер жартасқа жабысып қалған жабайы құстардың ұялары сияқты болып көрінеді. Жел теңізді де, шөбі сирек өскен оның жағалауын да, тіпті қойнаудың ернеуін де соққылап, тынымсыз мазалауда. Ақкөбіктенген көбік тізбектері қарайып көрінген жартастарға ілініп қалғандай, тіпті желкен қайықтың сынықтары жүзіп жүргендей. Жағалаудағы ең шеткі жартастың жанындағы Саверини кемпірдің үйінің үш терезесі осы тұнжырап, мүлгіген жазыққа қарайтын. Бұлар үйде үшеу: өзі, ұлы Антуан және Семильянта атты ит. Бұл – жүндері тікірейген, арық, ірі келген овчарка тұқымдас қаншық. Жігіт онымен аңға шығып жүрді.
Бір күні кешқұрым, бір ұрыс-керісте Антуан Саверини ажал құшты, пышақтап өлтірген Никола Савороти сол түні Сардинияға қашып кетті. Антуанды тауып алғандар кейуанаға баласының мүрдесін алып келген кезде ана жылаған жоқ, тек ұзақ мелшиіп қарап тұрды, сосын тілімденген қолдарын мәйіттің үстіне қарай созып, қанды қанмен қайтаруға ант етті. Қасында біреудің болғанын қаламады, сөйтіп үйдің ішінде ұлыған ит екеуі ғана қалды. Ит құйрығын қысып, тұмсығын көтеріп, марқұмның аяқ жағына отырып, ұзақ, тоқтаусыз ұлыды. Бұл да қозғалған жоқ, ал ана болса баласының жансыз денесінің үстіне төніп, көзін айырмай үнсіз жылаумен болды. Жігіт етпетінен жатыр, күртесінің кеуде тұсы жыртық әрі тесілген: үсті-басы қан, көйлектің таңу үшін жыртылған жерінен қан көрінеді, шалбары да, кеудешесі (жилет), беті мен қолдары да қан. Сақалына да, шашына да қан қатып қалыпты. Кенет ана баласына тіл қатты, ал ит тым-тырс, үнсіз, құлақ салып тыңдай қалыпты.
– Ештеңе етпейді, ештеңе етпейді. Балам, мен сенің кегіңді қайтарам. Ұйықта, ұйықтай ғой. Бұл – менің аналық антым! Ал, аналар қашанда сөзінде тұрады.
Сөйтті де баяу еңкейіп, оның мұздап қалған ерніне ернін тигізді. Осы кезде ит қайтадан ұлыды. Сосын сұмдық жантүршігерлік дауыспен қыңсылады. Итпен екеуі осылайша, осы түнді өткізді. Ертеңіне Антуан Савериниді жер қойнына тапсырды, ал жергілікті тұрғындар арасында бұл оқиға бірте-бірте ұмытыла бастады.
***
Оның соңынан ерген не туған інісі, не немере інісі, тіпті кек қайтаратын еркек кіндіктен ешкімі жоқ еді. Міне, осы жайт ананың жанын жегідей жеді. Қойнаудың арғы жағынан азаннан кешке дейін ағараңдаған ноқат көрініп тұрады, бұл – сардиниялық Лонгасардо елді мекені, бұл жерді қашқындар мен қарақшылар мекендейді. Мекенді түгел солар жайлап алған, олар өз отанына қарама-қарсы жерде, туған жерге, туған деревнясына қайтуға тек қолайлы сәтті күтуде. Кейуана Никола Саворотидің осы жерде бой тасалап жүргенін біледі. Күн ұзаққа терезе түбінде отырып, осы жаққа қарап, кекті қалай қайтарудың жолын ойланып отыратын. Бір аяғы көрде, бір аяғы жерде тұрған бұл не істей алмақ? Бірақ, мүрденің үстіне төніп тұрып ант берді ғой. Не істеу керек? Ол түнде ұйқы көрмеді, тыным таппады, есіл-дерті кек алу болды. Аяқ жағында ит мүлгіп жататын, анда-санда басын көтеріп, көзін бір нүктеге қадап ұлитын. Егесі өлгеннен кейін ит жиі ұлитын болды, бұл мақұлық оны әлі ұмытпаған болу керек. Бір күні түн ішінде Семильянта тағы ұлыды, осы кезде кемпірге бір ой келді, бұл ойы айуандарға ғана тән, қатал да сұмдық, қатыгез ой еді. Түнімен ұйықтаған жоқ, таңертең ерте тұрып, шіркеуге кетті. Тас еденге етбетінен түсіп жатып алды, сөйтіп құдайға жалбарынды, кек алу үшін күш-қуат беруін, желеп-жебеуін жалбарына сұрады. Содан кейін үйіне қайтты. Аулада жаңбыр суына арналған бөшке болатын, ол оны аударып, ішін босатты, сөйтіп қазық қағып, соған бекітті. Сосын тастармен қоршап, бұл үйшікке итті байлады да, үйге кетті. Енді ол бөлме ішінде арлы-берлі жүрді де қойды, көзін Сардиния жақтан алмайды. Мұның ұлын өлтірген қанішер – сонда!
Ит күні-түні ұлиды. Таңертең кемпір итке су құйылған тостаған апарды, ішінде тамақ та, тіпті наны да жоқ еді. Тағы бір күн өтті. Әбден қажыған ит ұйықтап жатты. Ертесіне оның көздері ұшқын шашып тұрды, жүндері үрпиген, шынжырдан босануға ұмтылады. Кемпір тағы да тамақ берген жоқ. Тағы бір түн өтті. Таңертең ерте тұрып, Саверини көршісіне барып екі бау сабан сұрап алып келді. Күйеуінен қалған ескі шоқпыт киімдер тауып алып, ішін сабанмен толтырды. Енді адамға ұқсаған сұлба дайын болды. Ит ашықса да, бұл сабан адамға таңғала қарап қояды. Содан кейін кемпір ет сататын жерден ұзын келген шұжық (колбаса) сатып алды. Үйге келгесін ит байлаған үйшіктің жанына от жақты да, шұжықты қуыра бастады. Ит шынжырды үзіп жіберердей жұлқынып ұмтылады, иісі мұрын жарған шұжықтан көз алар емес. Енді кемпір сабан адамның мойнына шұжықты галстук байлағандай етіп байлап қойды. Ол бұл жұмысты күйбеңдеп ұзақ істеді, тіпті шұжықты сабан адамның өңешіне тығып жібергендей болды. Бұл жұмысты бітіргеннен кейін итті босатып жіберді. Ит сабан адамға жай оғындай атылды, кеудесіне аяқтарымен асылып, алқымын жұла бастады. Аузындағы шұжықпен құлап түссе де, тісіндегі жіптен айырылмады, аузындағы шұжықпен қайтадан құлайды, сосын сабан адамға қайтадан ұмтылады. Ол сабан адамның беттерін жұлмалап, мойнының ту-талақайын шығарды.
***
Осы бір, жайбасар, көп сөйлемейтін кейуана итін мұқият бақылап қоятын. Содан кейін шынжырға байлап, екі күн аш қалдырып, сосын осы біртүрлі, ақылға сыймайтын жаттығуларын қайтадан жасайтын. Итті осылай тамақтануға үш ай бойы дағдыландырды. Енді бұрынғыдай байламайтын болды, тек қолмен ғана сабан адамды нұсқайтын. Ит тіпті оның мойнында ештеңе болмаса да жұлмалап тастайтын. Сосын оның ақысына піскен шұжық алатын. Сабан адамды көрсе болды, Семильянтаның бойын діріл билей бастайды, сосын кемпірге қарайды. Ал, ол болса қолын жоғары көтеріп:
– Айтақ, – дейтін.
Уақыты жетті-ау деген кезде тәубеге келіп, шіркеуге ғибадат етуге барды. Ал жексенбі күні асқан қуанышты сезімде жүрді, сөйтіп ер адамның киімін киіп, алым-жұлым боп, қайыршының кейпіне айналып шыға келді. Сардиниялық балықшымен келісіп, қойнаудың келесі бетіне итімен бірге өтті. Кемпірдің кенеп дорбасының ішінде үлкен шұжық жатыр еді. Ол оны итке иіскетіп қоятын. Міне, Лонгасардоға да келіп жетті. Корсикалық кемпір аяғын сылти басып, ілбіп келеді. Нан сататын дүкенге кіріп, Никола Саворотидің тұрағын біліп алды. Ал, ол бұрынғысынша ағаш ұстасы болып шықты. Шеберхана ішінде бір өзі еді. Кемпір есікті итеріп ашты да:
– Әй, Никола! – деп дауыстады.
Ол бұрылып қараған кезде итті босатты да:
– Айтақ, – деді, – тала, тала!
Көзі қарауытқан ит атылып барып алқымға жармасты. Адам қолын жайып, итті құшақтағандай болып жерге құлап түсті. Бірнеше секунд бойы дір-дір етіп, аяқтары еденді соққылап, сосын тым-тырс боп қатып қалды. Ал, Семильянта ырылдап, өңешті жұлқылап жатты…
Далада отырған екі көрші шеберханадан шыққан шалды көргендерін, қасында қара ит болғанын, оның егесі берген бірнәрсені жеп бара жатқанын айтатын. Кемпір сол күні үйіне жетті. Ана осы түні ғана тыныш ұйықтады.
2018 жыл, 5 сәуір
Аударған Бақтияр МЫРЗАШ,
Сырдария ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!