Аралда Бимұрат Үсенов атты сыйлы да қадірменді әз ағамыз болды. Өмір бойы қала мектептерінде ұстаздық етті. Ағамыздың жалпы өнерге, әдебиетке, өлеңге деген іңкәрлігі ерекше еді. Қаламын қолынан тастамай әртүрлі жанрда үздіксіз жазып жүрді. Өлең де жазды, әңгіме-новелла да жазды, мақала да жазды. Әдебиеттегі әрбір мәселені сөз еткенде кәдімгі ақын-жазушыларды жолда қалдыратын. Мен білетінде Алаштың арда ақыны Мұхтар Шахановтың, Аралдың ақиық ақыны Мешітбай Құттықовтың бүкіл шығармашылығын жіпке тізгендей қалт жібермей оқып, саралап, пікірін, ой-толғамдарын жазып отыратын.
Көзі тірісінде қайбір жылы үйіне қонаққа шақырды. «Толқын» газетінің редакторы Шымкентбай Жылмағанбетов екеуміз бардық. Және де көрші тұратын бөлесі, мәдениет майталманы Жақсыбай Төребеков те болды. Жыршы-термеші баласы Айдар ол кезде студент. Бірақ сахналарға шығып, өнерін көпке ұсынып жүрген кезі. Есік алдындағы сәкі үстінде отырып сол өнерпаз баласы Айдарды біраз жырлатты. Мақтаныш тұтып отырды. Дегенмен, сол күні мені таңқалдырған бір нәрсе Биекеңнің үйінің төргі бөлмесіндегі толайым қабырғаға салынған үлкен сурет-пано болды. Мұндай суреттер екінің бірінің үйінде кездеспейді. Таңғала қарап, тамсана әңгімелеп жаттық. Суреттің салынғанына біраз жыл өтіп кетсе де сыр бермеген. Тек кей жерлерінде ғана сәл-сәл уақыт бедері қалған. Сөйтсек бұл суретті жанымызда отырған Жақсыбай ағамыз салған болып шықты…
Арада біраз жыл өтті. Жақында сол жардағы суретті Жақсыбай ағаның өзі түсіріп, салып жіберіпті. Шынымен де бұл пано назар аударатындай-ақ кәнігі суретшінің қолынан шыққаны көрініп тұр. Енді осы суреттің салыну тарихы туралы Жәкеңнен сыр тартқанбыз. Ол да бұлданбады, сол бір жылдарды есіне ала, әңгімелеп берді.
«Мен Биекеңмен бөлемін. Үйіміздің Жансүгіров көшесінде қарама-қарсы орналасуы осы туыстық жақындығымызға байланысты. 1965 жылы мектеп бітірген соң, аудандық мәдениет бөліміне жұмысқа тұрдым. Көкқабақтағы малды ауылдың баласымын. Сурет салуды 4-сыныптан үйрендім. Сыныптас қыздарға гүлдің түрлі-түрлі суретін салып беріп, қызықтыратынмын. 5-сыныпты Аралдағы №86 мектепте жалғастырдым. Бағымызды қарасайшы, сынып жетекшіміз белгілі ақын Әмірадин Әленов болып шықты. Оның өзі бір үлкен әңгіме. Ол кезде мектептегі қабырғаға ілінетін жазу-сызудың бәрі қолмен салынады емес пе? Бір күні Әмірадин ағай: «Кімнің сурет салып, жазу жазуға місекерлігі бар?» деп сұрады. Мен қолымды көтердім. Содан қазақ тілінен беретін ағайымның түрлі сабақтарға пайдаланатын көрнекіліктерін салып жүрдім. Ағайым да риза, оның көңілінен шыққан мен де мәз болып жүрдім. Сол жылы мектепте аға пионер вожатый кім болды дейсің ғой? Абдул-Хамит Мархабаев! Кейін қазақтың үлкен фантаст жазушысы болған Абдул-Хамит ағамыз «Жас дос» деген қабырға газетін шығарды. Сурет салатынымды біліп, сол қабырға газетіне суретші-редактор етіп қойды. Қанша айтқанмен шығармашылықтың адамы ғой. Аяғында сол қабырға газетінің ұзындығы 3 метрге жетіп, бір қабырғаны алып тұратын болды. Ішінде оқушылардың жетістіктерін мақтау да бар, нашар оқушыларды келеке ететін суреттер де бар. Соның бәрін салып шығамын.
Міне, осындай сурет салу мектебінен өткен мені Арал аудандық мәдениет бөлімі 1965 жылы шофер-киномеханик етіп қабылдады. Бірақ уақытымның бір бөлігі сол мәдениет бөлімінің сурет, плакаттарын салумен кетеді.
1967 жылы қаладағы №15 мектепте оқушыларға еңбектен сабақ беріп жүрген Бимұрат ағамыз үй салып бітірді. Қайбір асып-тасыған заман. Әр бөлмеге ілетіндей кілем табыла бермейді. Содан бір күні шақырып алып:
– Ей, Жақсыбай, сенің қолыңнан сурет салу келетінін білемін. Сен мына үйімнің екі бөлмесінің қабырғасына екі сурет салып бер. Осы қабырғаларға ілетін ештеңе таппай отырмын, – деді.
Жалындап жүрген жас кезіміз, аға айтқасын болды.
Содан қоңыр күзде қазан айында бастап, желтоқсанға дейін үш ай бойы күнде жұмыстан келген соң, Биекеңнің үйіндегі осы «жұмысыма» басыбайлы кірісемін. Биекең шебер де адам ғой, әр нәрсеге қолының ебі бар. Қос қабырғаны да цементпен тас-емен қып мықтап сылаған екен. Бетін кеме жөндеу зауытында кеме сырлайтын сұр бояумен сырлап шықтық. Үлкен бөлменің қабырғасы – төрт метр. Соған биіктігі бір жарым, ұзындығы екі метр қылып сурет салуға кірістім. Айтпақшы әуелі не салсам болады деп ойланып отырып, есіме жақында Қамбар батыр туралы жыр оқығаным түсті. Алпыс үйлі арығын, тоқсан үйлі тобырын тоқ қылам деп ел қамын жеген Қамбар батыр тәнті етіп жүрген. Осы ойымды Биекең ағама айтып едім, ол қоштай кетті.
Қазақ өмірінің бір жайлы кезін бейнелейтін панодан, қарап отырсақ, қара қасқа атын мінген Қамбар батыр бес қаруын алып сайланып, аңшылыққа шығып барады. Қолында қыран құсы, ізінде жүйрік тазысы бар. Әріректе осылай қарай бұрала басып беттеп келе жатқан Назым сұлу көрінеді. Овал тектес шеңбер ішіне салған суреттің сыртындағы қазақы ою-өрнектерді Биекең өзі салып шықты. Ал мен екінші қабырғадағы «Ауыл» деген тақырыптағы суретті салуға кірістім…
Сөйтіп екі қабырғадағы сурет-пано сәтімен бітті. Міне, соған да жарты ғасырдай уақыт болыпты. Бір өкініштісі, ағамыз кейінірек үйіне тағы бір үлкен бөлме қосқанда әлгі «Ауыл» суреті салынған бөлмеден терезе шығармақшы болды. Содан ол сурет бұзылған. Ал «Қара қасқа атты Қамбар батыр» картинасы қабырғада әлі тұр. Қабырға сылағының мықтылығы да болар, сол күйі сақталды десем болады. Сол шаңыраққа бас сұққан адамдардың барлығы осы бір фантазиядан туындаған қос қабырғадағы суретке бір қарамай, тамсанбай кетпейтін. Тіпті кейбіреулер дәл осындай суретті өз үйлерінде де салдырғысы келіп жүретін».
Әуесқой суретші болса да, мәдениет майталманы Жақсыбай Төребеков салған осынау паноны жақында әлеуметтік желіге жүктегенімде қабырғадағы Қамбар батырды көрген көп адам тамсаныстарын білдіріп, мұны мәдени дүние деп бағалап жатты.
Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Арал қаласы
Туған үйім – сенде өстім бақытты,
Тоқтата алмас ешкім сірә уақытты.
Жарға салған сурет тұр сол күйі,
Естелік боп бала күннен жақұтты.
Қаншама адам осы күнге жетпеген,
Сурет тұр еш бояуы кетпеген.
50 жылдық тарихы бар бұл сурет,
Куәсі боп тұр өмірдің көптеген.
Иә, бөлменің басқа қабырғаларының сылағы түсіп жатса да, бұл сурет баз-баяғы қалпында тұр. Бұл бөлме әкемнің жұмыс кабинеті сияқты еді. Тіпті төбесіне (потолок) дейінағаштан оюланып жасалынған. Және де 2 қабырғада сурет, қабырғаға салынған кітап сөресі, әкемнің құжаттары сақтаалтын шкаф, атадан балаға мирас болып келе жатқан заттар жиынтығы…
Қазір бұл бөлмеге кіргенде менің жан-дүниемде болатын толқынысты айтып жеткізу қиын….
Кішкентай Жанар: Папа, суреттегі жүгіріп жүрген мына кіттай қыз кім?
Әкем: Сен ғой қызым. Арпа ішінде бір бидайым болатынын біліп, сенің суретіңді салып қойдым ғой… (Кішкентай Жанар мәз…)