Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қ.Мұхамеджанов – қазақ драматургиясының алыбы

26.04.2021, 14:30 1182

HALYQLINE.KZ

«…Бұл өлке – сүлейлер елі, өзімнің замандастарым Әбділда мен Асқарды, Қалтай мен Әбдіжәмілді, Зейнолланы дүниеге әкелген жер».

Ә.Нұршайықов

Атақты драматург-жазушы, аудармашы, сыншы, қоғам қайраткері Қалтай Мұхамеджанов – шын мәнінде халықтық ұғым мен таным биігіне көтерілген суреткер. Ол өзінің ұлт пен ұрпақтар қажетіне қызмет етер өміршең туындыларында адам ойы мен санасының қиял жете бермес қатпарларын, мәңгілік сипаттарын қалай шебер өрнектесе, оқырман-көрермені де өз көкірегінде жазушы тұлғасын дәл солай сомдағаны аян. Соның арқасында драматург есімі әлемнің түкпір-түкпірін еркін шарлап, пьесалары көптеген тілге аударылып, ондаған әлем театрларында қойылды. Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналды…

2015 жылдың мамыр айында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жазушының жеке кітап қорымен жасақталған «Қ.Мұхамеджанов залы» ашылды. Кітапханада жазушының 8 мыңға жуық кітап қорынан бөтен қолжазбалары, суреттері, жазушыға тарту етілген сыйлықтары бар.

Кітапхана қызметкерлері қаламгердің өмірін, сан-салалы шығармашылығын, кітапханасын насихаттау мақсатында түрлі жұмыстар атқарып келеді.

Жазушының драматургиясының шыңы саналатын «Көктөбедегі кездесу» шығармасындағы: «…Мәңгі талас, мәңгі дау, Қайткенде адам қалады адам болып?» – деген сұрағына оқырмандармен қызу талас үстінде, шығарманы талдай отырып жауап іздедік. Ал, драматургтың кезінде көп дау, талас туғызған тырнақалды пьесасы «Бөлтірік бөрік астында» біздің оқырмандардың, әсіресе студент жастардың ерекше қызығушылығын туғызды. «Ұлағат» колледжінің студенттері бар өнерлерін салып пьесадағы өздеріндей жастардың өмірін шынайы сомдап көрсете білді. 

Қанатты сөздердің тірі энциклопедиясы атанған Қ.Мұхамеджанов қоғамда болып жатқан күрделі өзгерістерді бір ауыз әзілмен түсінікті жеткізе алған. Қаламгердің сөзден кесте тоқып, қалжыңнан қамал тұрғызғандай осы бір қырын қамтитын «Кестелі сөз кемеңгері», «Қалтай қалжыңдары» атты әдеби кештер өткізілді.

Сонымен қатар Қ.Мұхамеджанов аударма саласында да ауқымды еңбек еткені көпшілікке етене таныс. С.Айни, Абдолла Қаһар, Ш.Айтматов, Айбек, Алексей Каплер, Әзиз Несин, Яшар Кемал, Отар Иоселианиди, А.Вампилов сияқты көптеген танымал жазушылардың шығармаларын орыс, тәжік, өзбек, грузин, түрік тілдерінен ана тілімізге аударған. Бір «Мың бір түннің» өзін аудару – үлкен өнер мен білімдарлықты талап ететін дүние. Кітапханада «Мың бір түн» кітабын насихаттау барысында оқырмандар Римский-Корсаковтың «Шехрезада» симфониялық шығармасының әуенімен шығыс ертегілеріне саяхат жасады. Зерделі оқырман шығарманың тек ертегі ғана емес, сонымен бірге халық ауыз әдебиетінің үздік үлгісі екенін білді және ертедегі шығыс халықтарының тұрмысы, әдет-ғұрпы, салт-санасымен танысты.

Жыл сайын оқырмандарды «Қалтай кітапханасындағы» бай кітап қорымен таныстыру, оны насихаттау мақсатында «Қалтай оқыған кітаптар» атты әдеби кештер өткізіліп тұрады. Оқырмандардың назарына Абайдың өлеңдері, Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» романы, Қ.Жұмаділовтің «Көкейкесті», «Соңғы көш», «Таңғажайып дүние» романдары, М.Шахановтың өлеңдері, Ш.Айтматовтың «Жәмилә», «Шыңғысханның ақ бұлты» повестері, Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романы сияқты үздік шығармалар мен Мюнхендегі «Азаттық» радиосында қызмет істеген қазақ қайраткері Хасан Оралтайдың «Елім-айлап өткен өмір» атты кітабы ұсынылып, талқыланды.

«Қалтай кітапханасында» білімнің барлық салалары бойынша әдебиеттер және көркем шығармалар бар. Қалтай аға діни сауатты, исламның барлық шарттары мен қағидаттарын өте жақсы білетін адам болған. Осыған орай оның кітапханасында Алла тағала, жаратылыс жайында мағлұмат алуға болатын кітаптар мен христиан, буддизм, иудаизм және тағы басқа діндер туралы әдебиеттердің орны ерекше. Құран кітабының өзінің түрлі аудармадағы 16 данасы бар.

Түрік дін ағартушысы Фетхуллах Гюленнің «Сомнения порожденные веком» атты кітабында автор оқырмандардың дін мәселелері мен қазіргі заманғы діни мәдениеттің проблемалары жөнінде көптеген өзекті сұрақтарына жауап береді. Сонымен қатар, В.Панованың аудармасындағы «Мұхамед пайғамбардың өмірі», Б.Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары», М.Қожахметованың «Адам-құпия» атты кітаптары және ескі басылымдағы Е.А.Беляевтің «Арабы, ислам и арабский халифат в раннее средневековье», Б.А.Рыбаковтың «Язычество древних славян», С.Г.Фруганың аудармасындағы «Агада. Сказания, притчи, изречения талмуда и мидрашей», Р.М.Бекктің «Космическое сознание», Прентис Мюльфордтың «К жизни. На заре бессмертия» атты және т.б. көптеген қызықты танымдық кітаптары бар. Сонымен қатар, кітапханада тарих, этнография, әдебиеттану, философия, өнер, соның ішінде театр өнері туралы табыла бермейтін ақпараттар алуға болатын басылымдардың өзін жеке-жеке тақырып етуге болады.

«Қалтай кітапханасында» жазушының драматургиясы, публицистикасы, аудармалары, сыни мақалалары мен жеке кітапханасындағы әдебиеттерді насихаттау мақсатында «Қ.Мұхамеджанов – қазақ драматургиясының алыбы» атты жоба жасалып, қазіргі жағдайға байланысты онлайн режимінде жүзеге асырылды. Ақпан айында оның «Құдағи келіпті» атты пьесасы Н.Бекежанов театры сахнасында қойылды. Кітапханада жазушы туралы түсірілген режиссер Александр Головинскийдің «Скажи мне, кто твой друг…» атты фильмі көрсетілді. Жақында кітапханаға «Атамұра» баспасынан шыққан Оспан Сейфолла Міркемелұлының жазушының өмірі мен еңбегі жайлы естеліктері мен әзіл-қалжыңдарынан тұратын «Қалтайдың қалжыңдары» атты кітабының жаңа басылымы түсті.

Жаңа заманның заңғар жазушысы Қалтай ағадай алып тұлғаның дүниеден озғанына да жиырма жыл толды. Өзі келмеске кеткенмен астарлы ойларынан туындаған пьесалары мен өзекті мәселелерге жазылған өткір басқа да туындылары арада күндер өтіп, жылдар жылжыған сайын көкейкестілігін жоймақ емес.

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді халық даналығы. Расында Қ.Мұхамеджановтың атын да, хатын да халқымыз ұмытпайды және ұмыттырмайды да.

Айгүл  Саимбетова,

Ә.Тәжібаев  атындағы  облыстық  әмбебап  ғылыми  кітапханасының  қызметкері

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: