Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ОЛ  кіріп  келді

04.03.2026, 9:10 20

HALYQLINE.KZ

БІР  СУРЕТТІҢ  СЫРЫ

1954 жылы Жапониядағы бір ауруханада омыртқасы сынған америкалық сарбаз қимылсыз күйде, тек төмен қарап жатып ем қабылдап жатқан екен.

Отыра алмайды. Тіпті басын да қозғалтатын шамасы жоқ. Сондықтан көретіні – еден ғана. Кейде ауырсынуы басылған сәтте кітап алдырып, оқып қояды. Тірі болғанымен, тозаққа түскендей күндер өтіп жатты.

Бір күні кенеттен бөлмеге ОЛ кіріп келді. Ол дегеніміз – Мэрилин Монро. Мэрилин Монро әскери базаларға барып, жүздеген сарбаздың алдында өнер көрсеткені тарихтан белгілі.

Бірақ ол тек сахнада ән айтып қана қоймай, ауруханаларды аралап, жараланған, қажыған сарбаздармен кездесіп, оларға үміт отын сыйлаған екен.

Осы сарбаз жатқан палатаға кіргенде, Монро оның өзін көре алмайтынын түсінеді. Содан тізерлеп отырып, жоғары қарап жатқандай қалыпқа енеді. Кейін аурухана төсегінің астына басын сұғып, сарбазға қарап жымиыпты.

Бұл алдын ала жоспарланған әрекет емес, сәтті түсірілген кадр ғана деседі. Әлемдегі ең атақты, ең сұлу әйелдердің бірі төсектің астынан басын шығарып қарағанда, сарбаз жымиып күліп жіберген екен.

Монро да оған жауап ретінде жымиып тұрғанын көруге болады. Сол бірнеше секунд болса да, ол ауырсынуын ұмытқан шығар деп үміттенеміз.

Негізі, бұл жерде Монроның атағы маңызды емес сияқты. Ең маңыздысы – адамның жүзін бетпе-бет көру мүмкіндігі осындай болғаны.

Монро қошемет күтпеді, ұлы сөз айтуды да мақсат етпеді. Ол тек табиғи мейірімі мен сезімтал жүрегі арқылы сарбазға осылайша ықылас білдірді.

Адамның адамға күлкі сыйлаған, жігер берген сәті – қарапайым көрінгенімен, шын мәнінде ерекше сәт.

Аяқпен жүріп, тіпті басын көтере алатын адам өзгенің жүзін көре алады. Ал тек төмен қараудан басқа амалы жоқ жан ешкімді көре алмайды. Бірақ сол сәтте ол Мэрилин Монроны көре алды.

Бұл оның неге әлемнің сүйіспеншілігіне бөленген атақты жұлдыз болғанын түсіндіргендей. Ол тек әдемі, тартымды актриса ғана емес, қажыған жан үшін тізерлей алатын, адамгершілігі зор тұлға болған екен.

Амантай  ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: