Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оймақтай ойлар

13.07.2023, 10:00 205

Ақылбек  ШАЯХМЕТ

Жат  елдің  идеологиясы

Жат елдің салты мен ғұрпын, идеоло­гиясын насихаттауға неге тосқауыл қойылмайды? Теледидар­дан  балалар  мультфильм көріп отыр. Қазақ тілінде. Бірақ, кейіпкерлері – торайлар. Осыны ана тілімізге аударып, кішкентай көрерменге ұсынып отырғандардың бастарында тауықтың миындай ми бар ма екен?

Қазақ жерінде дүкенде балалар ойыншықтары сатылып жатыр. Соғыс техникасының сыртында озбыр орыстың «Z» деген белгісі бар. Отарлаушылар  осылай  өз  идеология­сын  тықпалап  жатыр.

Балабақшаларда тағы да орыс ертегісі айтылады. Қазақ баласына қазақ ертегісі одан әлдеқайда қызық емес пе? Балабақшаларды түп-түгел мемлекеттік тілге көшіру керек екені айдан  анық.

Дауыс  және  айҒай

Күннің көзі түспейтін жерде қараңғы  болса, дауыс жетпейтін жерде айғай  пайда  болады.

Жанын  алып  қала  ма?

Құлағында лағылдан сырғасы бар әйел мойнына маржаннан тізілген алқа  салғысы  келеді. Саусағында алтын  сақинасы  бар әйел білегіне інжуден  білезік  таққысы  келеді.

Барлығын алсын, салсын де­йік. Сондағы тапқан пайдасы қайсы? Кездейсоқта дертке тап болса, қарны  аш болса, не жалаңаш болса, сол  қымбат  бұйымдар  жанын  алып  қала  ма?

Қандай?

Аузын аңқайтқан, құлағын қал­қайтқан, ұртын бұлтитқан, көзін алартқан  қандай  аларман?!

Азулы жолықса қолдарын қусыр­ған, тізесі еңкейген, момындар жолық­са барынша шалқайған, кеудесін  көтерген  қандай  қаһарман?!

Қиын

Ұзын ағашты қысқарту оңай,

Қысқа бұтақты ұзарту қиын.

Бар дүниені азайту оңай,

Қолыңда барды көбейту қиын.

Көргенде жәбір аз болса сабыр,

Бөліну оңай, қосылу қиын.

Сүйекке  таңба

Орыстар басқыншылық саясатын жауып-жасырмай-ақ жаулап алған жерлерін Владивосток, Владикавказ деп атапты. Шығысты да, Кавказды да жауладық деген ниеті ғой. Орыс­тың отарлау саясатының тағы бір көрінісі Грозный, Верный деп қойған бекініс атауларынан да айқын көрінеді.

Христиандардың Петр және Павел есімді апостолдарының есімдерін қазақ жеріндегі Петропавл және Павлодар қалаларынан әлі күнге дейін өшіре алмай отырғанымыз  сүйекке  таңба,  көрінеу қорлық.

Сақ  болайық!

Ит-құс деген сөз жиі айтылады. Ит дегені дала бөрісі де, құс дегені құзғын болуы керек. Қасқырдың азу тісін қағып алса, оны қаңғыған ит те қабатыны анық. Қыран құстың қанаты қиылып, тырнағы сынса, құзғынға жем болары да анық. Ендеше  ит  пен  құстан  сақ  болайық!

Жұмыршақ

Орыстың «Колобок» деп аталатын ертегісі бар. Сол ертегіні біздің аудармашылар «Бауырсақ» деп ауда­рыпты. Нанды қастерлеген қазақ бауыр­сақты жерге домалату түгілі оны жерге түсіріп алғанның өзін айып көреді емес пе?! Жас балаларға сол ертегіні айтқанда қандай тәлім-тәрбие алады? Колобок кәдімгі сасық қоңыз домалататын жұмыршақ  (қолы боқ) екенін әлі білмейтін  секілдіміз.

Әр  мекеннің  айнасы

Жердің аты сол мекеннің айнасы тәрізді. Ағаш атымен аталған мекендер көп екен. Сұлуағаш көрікті жер екені белгілі. Қараағаш, Қайыңды, Қарағайлы, Теректі – сол ағаштар өсетін жер. Отынағаш – қураған ағашты отын қылған жер болса, Аманқарағай – өрттен аман қалған, Жаманағаш – өсіп-өркендей алмаған орман, Сарыағаш күннің ыстығынан  сарғайып кеткен жер болуы  керек.

Тізгін

Жүргізуші деген сөзге біздің қазақ  тілшілерінің еті үйреніп алыпты. Орыстың водитель және ведущий деген сөздерін калькамен қазақ тіліне аударып алған түрі болар.

Атам қазақта тізгін деген тамаша сөз бар. Яғни, көлік айдаушы да, тепло­воз  жүргізуші де, телебағдарлама  өткізіп жатқан тілші де – тізгінші.

Екі  қошқардың  басы

«Екі қошқардың басы бір қазан­ға сыймайды» деген қанатты сөз жиі айтылады. Менің ойымша оның амалын табуға болады. Мүйіздерін қағып тастаса, екі қошқардың да басы  бір  қазанға  сияды.

У  –  ажалдың  дәмі,  су  –  тіршілік  нәрі

Бір-ақ әріптен тұратын жаман сөз – у екен. Екі-ақ әріптен құралған әдемі сөз – су екен. У – ажалдың дәмі, су – тіршілік нәрі. У мен судың айырмашылығы  бір-ақ  әріп  екен.

Сырты  жылтыр,  астары  жыртық

Мұқабасына жылқының суреті салынған бір кітапты оқып едім. Мазмұны түп-түгел есектер туралы екен. Бұл кітап сырты жылтыр, астары жыртық көрпені есіме салды. Түрін көрсең әдемі, ішін көрсең сасыған кісілер де аз емес-ау.

Сенім  бе,  қимастық  па?

Баспасөз деректеріне қарағанда, қаза болған атақты адамдармен қоштасуға келгендер ішінде Сталин көш бастап тұр екен. Қайтыс болғаннан кейін  жарияланған үш күндік аза тұту кезінде онымен қоштасуға екі миллионнан астам адам келген. Ленин  қайтыс болғанда  жарты  миллионға  жуық  адам  жиналған.

Солтүстік Кореяның басшысы Ким Чен Ир, АҚШ Президенті Джон Кеннеди, поп-музыка королі атанған Майкл Джексон, ағылшын ханшайымы Диана да қоштасуға жинал­ғандардың көптігі жағынан таң  қалдырады.

Мұсылмандар үшін қасиетті Мекке қаласына жыл сайынғы қажылыққа әлемнің түкпір-түкпірінен екі миллионға жуық адам келеді екен. Футболдан өтетін әлем чем­пионатында стадиондарға миллиондаған  жанкүйер  жиналады.

Сонда бұл кісілерді жетелейтін сенім бе, қимастық па, әлде құмарлық  па?!

Неке  туралы

Орыс тіліндегі «гражданский брак» деген тіркесті біздің тілшілер «азаматтық неке» деп жүр. Келіспеймін. Бұл – неке емес, некесіз бас қосу. «Жеті атасы жетесіз, негізі жоқ некесіз» деген осындай жағдайға байланысты айтылған. Брак деген сөздің тағы бір мағынасы жарамсыз деген ұғымды білдіреді. Ендеше жарам­сызды  жарамды  қылып  керегі  не?!

Бір  қызығы, орыс тіліне еніп  кеткен бұл сөздің түп-төркіні «бір-ақ», яғни, бірге болайық дегенге сая­ды  екен. Ал екі жарты бір бүтін болу үшін  некеге  тұру  шарт.

Дұрыс  па,  бұрыс  па?

Бір жиында сөз алған молда: «Алла мен құлдар арасында» деп сөз бастады. Аллаға құл, Мұхаммед пайғамбарға  үмбет  екеніміз  рас. Раббым деп сыйынғанда Жаратушыға құл екенімізді еске алатынымыз де рас. Алайда, пенделерді Алланың құлысың деп кесіп айту қисынсыз секілді. Әлде құлшылық қылғандарды түгел құл деп айтқан дұрыс па? Алла мен адам арасында дәнекер болады деген дін қызметкерінің бұлай айтқанын кім  қалай  қабылдар  екен?!

Ана  тілі

Ана тілін Абайдың тілі деп жүрміз. Ана тілі – Абайдың тілі ғана емес, ақынның әжесі Зеренің, анасы Ұлжанның, әйелі Ділданың, ақын жырына арқау болған Әйгерім мен Тоғжанның да тілі. Біздің немереміз бен шөбереміздің тілі. Орыстар родной язык, татарлар туған тіл деп атаған тіл қазақта ғана ананың тілі. Ұрпақ аман болса, ана тілі атанған жеті атаға жалғасатын қазақ тілі дами береді.

Айта  алдым  ба?

Бала кезде естіген ертегілер еліктірді. Батырлар жыры дәрмен берді. Абайды оқып қуат алдым, есім кіріп, етегімді жапқан соң қазақ ақын­дарынан іздегенімді таптым. Кейін оқыған Құран жан-тәнімді баурады, санамды түгел жаулады. Мен де өз ойымды айтқым келді. Айта алдым ба, жоқ  па, оны  оқырман  біледі.

Бес  теңге

Базарда «Мен Жүз теңгемін!» деп бөсіп тұрған Бес теңгені көрдім. Бес теңге Жүз теңге болуы үшін жанына тағы да 19 бес теңгені жинап алуы керек екен. Шылдыр-шылдыр етіп тұрғаны солардың арқасы.

Іңкібіді  мен  Кігібінің 

дегені  болып…

Қазақтың классик жазушысы Мұхтар Мағауин бір шығармасында НКВД-ны Іңкібіді, КГБ-ны Кігібі деп жазыпты. Сол Іңкібідінің іріні Кігібінің күңкіліне ұласқан секілді. Өйткені, осы жүйеде қызмет атқарған генералы бар, басқасы бар, әлдекімдердің есімін есте қалдыру науқаны  жер-жерде  қызу  жүріп  жатыр.

Мәселен, кезінде Қостанайда қыз­мет атқарған Серік Шәкі­баев деген кісіге көше атын беру туралы мәселе көтеріліпті. «Үлкен Түркістанның күйреуі» деген кітап жазған, қазақтың ардагер перзенті Мұстафа Шоқайды қаралаған автордың қазаққа қандай еңбегі сіңіп еді?  Отыз  жетінші жылы  Аманкелді ауданын­да Іңкібіді бастығы болған генерал  Таутан  Арыстанбековке  облыс  орталығынан  көше  берілді.  Осы жүйенің бірнеше адамына ескерткіш тақта орнатылды. Алаш арыстарының кіндік қаны тамған өңірде кім көрінгенге көше аты беріліп жатыр. Бәлшебектердің пәлесінен  құтылу оңай  емес  екен.

Өмірдің  заңы  осындай

Кірпінің инелері болса да, тасбақаның тас сауыты болса да, аңды­ған  дұшпанға  жем болады. Биік әрі берік қорған да, терең қазыл­ған ор да жасанған жауға уақытша ғана бөгет болады. Өмірдің заңы осындай.

Жас  ұрпақ  не  дер  екен?

Мұражайдан көп бұйым көресің. Сәбит  Мұқанов  ұстаған  қамшы  дейді. Онымен кімді ұрды екен? Әбділда Тәжібаев ұстаған қалам дейді. Онымен кімнің үстінен арыз жазды екен? Әлдебір бәлшебектің алтыатары дейді. Онымен кімді атты екен? Тағы бір коммунистің шапаны дейді. Оны кімдер жапты екен?  Бір депутаттың төсбелгісі дейді. Одан басқа қандай белгі қалды екен? Елба­сы алған марапат дейді. Қашан, қалай, қандай еңбегі үшін алды екен? Осыны көріп жүрген жас ұрпақ не дер  екен?

Көріп  жүрміз

Ораза айында шайтандарға кісен салынады дегенге сенейін десем, Ібіліске ілескендер арамызда әлі де өріп жүр. Қажылыққа барып, шайтанға тас лақтырып келген мұсылмандардың тасынан аман қалған шайтандар сайран салып жүр. Соның  бәрін  көзіміз  көріп  жүр.

Халық  көрпе  ме?

Бір тілші депутатқа: «халықты көрпе қылып алдыңыз» деген уәж айтыпты. Депутат не айтарын білмей қалды. Халық көрпе болса, оны жамылу­ға да, астына төсеуге де болады ғой. Журналист соны меңзеп тұрған секілді. Көрпенің тысын да, астарын  да  былғап  жүргендер  көп.

Адам  аз

Күрек бар қар тазалайтын. Сабын бар кір  тазалайтын. Алайда, ақыл айтар  адам  аз  жан  тазалайтын.

Үмітімді  үзбеймін

«Думаны дурактар жайлап алған» деп еді бір досым. Тағы бір досым «Мәжілісте мәңгүрттер отыр» деді. Екеуінің де сөзінің жаны бар. Алайда, ақымақтардың жанында ақылдылар, мәңгүрттердің маңайында ар-ұяты барлар бар шығар деген үмітімді  үзбеймін.

Мың  шүкір!

Ақын ағам Ғафу Қайырбеков кезінде өзі туып-өскен өңірін сағынып   келгенде:

«Білмеймін, бұл дүнияда ақын көп пе?

Шығарған даңқыменен атын көпке.

Қашанда, туған топырақ, сені іздесем,

Ғажайып, кездесемін Ақылбекке» – деп  маған  өлең  арнаған  екен.

Ақын досым Әбжан Әбілтай Қостанай­ға  келген сапарының бірінде: «Келгенім көптен елге бұл, Жететін шығар пәрмені. Сергісін біраз ер көңіл, Ақылбекке алып бар мені» – деп  жыр  жазыпты.

Көрнекті ақын Қасымхан Бегманов:

«Бабалардың ұлы жолын жалғапты,

Атқа мініп қумағанмен қалмақты.

Қара өлеңде самұрықтай самғапты,

Бұл өмірдің ауыр жолын таңдапты.

Түп атасы Қобыландыдан тарайтын,

Қостанайда бір ақын бар

ардақты» – деген екен.

Сүйтіп, мен де жырда аты аталған кейіпкерге айналыппын. Мың шүкір!

Асабалардың  жеген  асы  адал  ма?

Жиын-тойларда жиі боламыз. Тойдың көрігін қыздыратын асабалар ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейді. Анайы анекдот айтады, ақ сақалды қариялардың жанына келіп, сүйреңдеп бата береді, әдепсіз ойындарды ойнатады. Ызаңды келтіреді. Сондайда «асабалардың жеген асы адал ма?» деген сауал ойыма оралады.

Болады

Жылыта алсаң қарды су қылуға, суыта алсаң суды мұз қылуға болады. Лаулап жанған отқа ғана емес, ошақ түбіндегі шоққа да ас пісіруге болады. Қаламның ұшымен ғана емес, тұқылымен де жақсы жырлар жазылады.

Сырқат  мұғалімдер  және  қоқыс  жәшігі

Көрген көзде жазық жоқ. Бюллетеньді дәрігерлер сырқаттарға береді. Ал сайлау бюллетенін жәшікке топырлатып салған комиссия мүшелері болған мұғалімдер де сау адамдар емес секілді. Әйтпесе бюллетеньді  қайтеді?

Жәшік туралы не деуге болады?! Сайлау нәтижесін білдіретін жәшік болмағаннан  кейін оны қоқыс жәшігі  деп  атаса  да  болады.

Айыру  қиын

Базарға барсаң – барлығы жаңа. Сыртын бояп қойып, жаңа тон дейді. Қорабын бояп қойып, жаңа көлік дейді. Кешегі нанды бүгін пісірген дейді. Кешегі сүтті бүгін сауылған дейді.

Жаңа Қазақстан да сол секілді. Ескісі қайсы, жаңасы қайсы, кез келген  кісі  айыра  алмайды.

Өз  ойым

Ыбырай Алтынсаринның «Кел, балалар, оқылық!» деп аталған өлеңінде: «Оқысаңыз, балалар, Шамнан шырақ жағылар, Тілегенің алдыңнан, Іздемей-ақ табылар» деген жолдар бар. Барлығы түсінікті. Еш қате жоқ секілді. Түпнұсқада да осылай жазылған. Менің ойымша осы шумақтың үшінші және төртінші жолдарындағы «тілегенің» және «іздегенің» деген сөздердің орны ауысып кеткен. Қисынға жүгінсек, тілегенің қаншалықты көп болса да іздегенде табыла бермейді. Ал іздегенің тілемей-ақ алдыңнан шығуы мүмкін. Өз ойым осы.

Қабыл  бола  ма?!

Өзі тойып тұрса да өзгелерге бермесе, аш-жалаңаш көшеде жүргендерді көрмесе, түн ұйқысын бөлсе де де елге көңіл бөлмесе, ұстаған оразасы  қабыл бола ма?!

Тауып  айтқан  екен

Жақында ғана ғаламтордан жаны күйзелген бір кісінің пікірін оқыдым. «Дәрігерлердің қатесінен қайтыс болғандар молада жатыр, сайлау комиссияларындағы мұғалімдердің қатесінен кейін ақымақтар Парламентте отыр» деп жазыпты. Тауып айтқан  екен.

Рас  екен

Сахнада да, теледидарда да қатын болып киінген еркектер көбейді. Оларды еркек деуге де болмайды. Қыз-келіншектер ер-азаматтардан шалбарды да, темекіні де, сыраны да, басқаны да тартып алғаннан кейін жасаған қарымтасы ма, әйтеуір, барлығы дерлік әйелден аумайды. Киім киісі, жүрісі, тұрысы, күлісі жынысы әйел екенін дәлелдейді. Әйелдерді еркектерден көп дейді деген рас екен.

Жарық  және  қараңғы

Күн жарықта жалғанды жалпа­ғынан басып жүрген кісі қараңғыда жол таппай қалуы кәдік.

Қараңғыға көзі үйренген кісі жарық­та көзілдірік кимей жүре алмауы да мүмкін.

Өзгергенін  көрмей  тұрмын

Сайлау да өтті. Наурыз да өтті. Сол кісілер қайта келді. Жаңарамыз, өзгереміз деген сөзді айта берді. Өзгер­генін көрмей тұрмын. Сөздеріне сенбей тұрмын.

Ел көзінше ант беретін, ертеңіне жалт беретін сумақайлар көктемде еріген қар суындай ағып кетер десем, сай түбінде, күн түспейтін жерде қалған  сірескен  мұздай жаз шықса да  сақталып  қалады  екен.

Үндемей  қалу  да  қылмыс

Танымың мен білігің болса, дәстүр мен ғұрып былық пен шылыққа айналып кеткенін көре тұра үндемеуге бола ма? Азамат азып, жұрт тозып, алаяқтар озған дәуірде үндемей  қалу  да  қылмыс.

Өмірде  не  болмайды?!

Кейде осы жайды айтпай-ақ қойсам деп ойлайсың. Бірақ, айтпасқа болмайды. Қостанай облысын отыз жыл бойы билеген шовинист Анд­рей Бородин деген болған. Біздің бір қаракөз ағамыз сол кісімен бірге қызмет істеген екен. Мансабын өсірген шығар немесе басқа жақсылығы болған шығар, анығын біле қоймаймын. Сол кісі жасы ұлғайып, қайтыс болар алдында: «Мені Боро­дин жатқан  зиратқа жерлеңдер!» деп өсиет  айтыпты. Жеңгеміз татар қызы еді. «Өсиетін орындау керек!» дейді ғой. Сүйтіп, партиялық номенклатурада болған марқұм не христиан моласы емес, не мұсылман зираты емес, екеуінің ортасындағы жерге  жерленген.

Тағы бір ұлты қазақ көршіміздің әйелі орыс еді. Қартайып, жасы жетіп қайтыс болғанда үйіне қондырмай, «өліктен  қорқамын» деп мәйіт­ханаға апарып тастапты. Ертеңі­не  үйінің  алдына  әкеліп,  қош­тасу  рәсімін  жасапты.

Өмірде  не  болмайды?!

Әлі  де  айтарым  бар…

Отыз жасымда орда бұздым демеймін. Алайда, ойымдағыны айттым. Жаласын жауып, алдыма келгендерді ыңғайын тауып тістедім, артымнан келгендерді тептім. Алла­ға шүкір! Қиын-қыстау күндерден аман-есен  өттім.

Қырыққа келіп қамал алдым деп те айта алмаймын. Биік қабырғадан секірдім. Жаным қысылғанда терең ордың ар жағына бекіндім. Аллаға шүкір!  Осы  күнге  де  жеттім.

Елуде біраз жүкті еңсердім. Алпыс­та ауырсындым, теңселдім. Жетпісте жеті белестен асқандай болдым. Әйтеуір, өмірді зайғы өткізбедім. Көкейдегі  біраз арман жеткізбеді.

Алла ғұмыр берсе, әлі де айтарым бар…

Есептеген  кісі  бар  ма?

Біздің қазақ: «Көзбен көрген шын, құлақпен естіген өтірік. Құлақ пен көздің арасы бір-ақ тұтам жер емес пе?» дейді. Көз бен ауыздың арасын, мұрын мен ауыздың арасын, құлақ пен ауыздың арасын есептеген кісі бар ма? Көріп тұрса да, иісін біліп тұрса да, арам екенін естіп тұрса да асай беретін жебір ауыздарды қайтеміз?

(Жалғасы бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: