Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оймақтай ойлар

16.02.2023, 9:20 523

ӘПЕРБАҚАН  ӘМІРШІГЕ  АДАЛДЫҚ  –  БАРЫП  ТҰРҒАН  НАДАНДЫҚ

Шыңғыс хан армиясындағы жанқиярлар, Осман империясындағы янычарлар, екінші дүниежүзілік соғыстағы айыптылар батальоны жауынгерлері қиян-кескі ұрыста ерлік көрсеткені көпке белгілі. Олардың тарихын қазбаламай-ақ бүгінгі күнге зер салсақ, өз елінің азаматтарын ұрып-соққан, биліктің сойылын сілтеген полиция мен әскерилер, ОМОН жасақтары солар секілді ерлік жасап жүрміз деп ойлай ма екен? Ауған соғысына қатысқан сарбаздар өзге елдің жерінде ерлік жасадым деп мақтана ала ма екен? «Біз бұйрықты орындадық»» дегенді желеу етсе, онда Желтоқсандағы және Жаңаөзендегі қырғынды да ақтап аламыз дейтіндер бар ма екен? Отанын, отбасын сүйген адам отқа күйіп, суға түсуге дайын. Ал қарусыз халыққа қарсы шығу Отанға қастандық жасаумен бірдей.

ӘПЕРБАҚАН ӘМІРШІГЕ АДАЛДЫҚ – БАРЫП ТҰРҒАН НАДАНДЫҚ.

БІР  ӘРІПТІҢ  МАҒЫНАСЫ

Сөздегі бір ғана әріптің орнын өзгертсе «Жоқ» деген сөз «Тоқ» болып шығады. «Қас» деген сөзден бір әріпті алып тастаса «Ас» болып шығады. Бір ғана әріпті өзгертіп «Сенді» «Мен» қылуға болады.

Өмір де сөз секілді. Әріптердің орнын алмастырып, қосып не алып тастап, оны да өзгертуге болады

«МЕННІҢ»  МЕНМЕНДІГІ

«Меннің» менмендігін білесіз бе? Орыс әліппесіндегі «Я» қашанда барлық әріптердің алдында болғысы келеді. Алайда, алфавитке қарасаңыз, ылғи соңында тұрады.

ОҢ  және  СОЛ

Атақты әміршінің қасына ерген не бір нояндардың біреуі оның оң қолы, екіншісі сол қолы болғанын тарихтан білеміз.

Қазіргі уақытта қолында билігі барлардың біреуі оң аяғы, біреуі сол аяғы болып жүргендерді де күнде көріп жүрміз. Олар әміршілері теп десе тепкілеп, құрбандарының қабырғасын сындыруға даяр.

Көрген көзде жазық жоқ, Көргеніне көзақы сұрап, кім көрінгеннің оң көзі, сол көзі болып жүргендер де, үйді аңдып, өсек теріп, оң құлағы, сол құлағы болып жүргендер  де  бар.

Әр  мүше  өз міндетін атқарғанға не жетсін?!

Көз бастың шырағы болса, құлақ – мидың хабаршысы. Ендеше көздерің айқын, құлақтарың түрік болсын!

КӨРШІЛЕР  ӨКПЕСІ

Қостанай қаласында күндердің күнінде элиталық деп есептелетін тұрғын үйдің бірі маған да бұйырды. Үш қабатты үйде он сегіз пәтер бар екен. Барлық пәтер иелері – ығайлар мен сығайлар,  облыстың басшылары, басқарма бастықтары. Көпшілігі – өзге ұлттың өкілдері. Солардың ішіндегі ең жасы мен болып шықтым. Жұмысқа жаяу барамын. Олардың есігінің алдында күнде қызмет көлігі тұрады. Мені бірде көрсе, бірде көрмейді, көбісі көзіне де ілмейді.

Арада талай жыл өткенде олардың барлығы дерлік зейнетке шықты. Есік алдында әңгіме-дүкен құрып жиі отыратын болды. Енді кезек маған келді. Лауазымды қызметтің бір құлағын ұстаған кезім еді.

Бірде олармен: «Амансыңдар ма, БУ-шники» – деп орыс тілінде амандастым. Облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған көршіміз шамданып қалды.

«Молодой  человек,  вы  нас  оскорбляете!» – деді.

«Неге, олай емес» – десем, «сен бізді «бывшие в употреблении» деп мазақ қылып тұрсың ғой» – деп дігерледі.

Сонда: «Кешіріңіз, сіздер дұрыс түсінбей қалған екенсіздер, менің БУ-шники дегенім ол мағынада емес, «бывшие управленцы» деген сөзім ғой!» – деп құтылдым.

ТЫНЫС  БЕЛГІЛЕРІНІҢ  АЙТЫСЫ

Тыныс  белгілері  белгілі  қаламгер  сәл-пәл  тыныс  алған  кезде  айтысып  қалды.

«Менің арқамда қандай сұлу, мағыналы, әдемі сөйлемдер пайда болды» – деді Үтір.

«Қызметіне  үтірдің  келді  менің  түкіргім»  – деді  Нүкте.

«Қоғамда үлкен сұранысқа ие мен емеспін пе?» – деді Сұрау белгі.

«Сен өйтіп дандайсыма! Барлық бұйрықты мен беремін! Елдің бәрі менің айтқаныммен жүреді!» – деді Леп белгі.

Осы кезде бағанадан үнсіз тұрған Сызықша мен Дефис сөзге араласты.

«Пәленше қаламгер – пәлен те түген марапат иегері, қоғам қайраткері, сұңғыла саясаткер, әрі қарай тізбектей берсем болады, солардың атын атап, түсін түстеп отырған мен емес пе?» – деді Сызықша.

«Ойпырмай, мақтанғанда  алдарына  белгі салмайсыңдар. Сендердің  күндерің  өткен. Ендігі  қызық  менікі» – деді  Дефис.

– Қалайша?

– Сенің бар-жоғыңды бірен-саран кісі ғана біледі.

Жиналғандар  Дефиске  аңтарыла  қарады.

– Оның жауабын естігілерің келсе, айтайын. Бұған дейін елеусіз болып келгенім рас. Бұрын мені тек қос сөздерден іздеуші едіңіздер. Енді күнім туды, өрісім кеңейді. Көшеге қараңдар. Газеттерді оқыңдар. Барлық жерде мен бармын. Мысалы: Нұр-Астана, Нұр-Отан, Нұр-Сұлтан, Нұр-Мүбарак, Нұр-Сұлу, Нұр-Дала, Нұр-Банк, Нұр-Строй. Айта берейін бе?

– Болды, болды! – деді жиналғандар.   –Шынында да сенің дәуренің жүріп тұр екен.

ПЕШТІҢ  ҚЫЗУЫ

Көне түрік сөзі пеш жылыту, жылыну деген мағынаны білдіреді екен. Оның піс деген сөзбен тамырлас болуы да мүмкін. Орыстың печь дегені – біздің ата-бабамыз қолданған осы сөз. Сол секілді печенье сөзінің де түп-тамыры осы пештен шыққан. Орыстар кирпичь деп жүрген кірпіш деген қазақ сөзінің де пештен шыққанын аңғару қиын емес. Пеште күйдірілетін болғандықтан және лайдан жасалғаннан кейін әуел баста кір пеш деп аталған шығар.

Яғни, қазақ пешінің қызуы басқа халыққа да жеткен деп пайымдауға болады.

КӨЗІМІЗ  КӨРДІ

Тектіліктен «ептілік» басым түсіп, даналықты шалалық менсінбейтін дәуірді көзіміз көрді.

Ақсақал  тұрғанда  жас  та  болса  бас ұстаған  басшыларды да, соларға жатып жастық,  иіліп төсек болған қосшыларды да көзіміз  көрді.

Бірақ, көпшілік  білді, көңіліміз  тынды деп айта  алмаймыз. Көз  көргеннен  кейін өзгерген  ештеңе  жоқ.

ДРАМА

Кей жерде трагедия. Монологтарын естісең, денең түршігеді. Кей жерде комедия. Диалогтарын тыңдасаң, күлкің келеді. Кей жерде трагикомедия. Не жыларыңды, не күлеріңді білмейсің. Не болды деп сұрама. Өйткені, өмірдің өзі – драма!

Ақылбек  ШАЯХМЕТ,

Қазақстанның  құрметті  журналисі

Қостанай  қаласы

(Соңы.  Басы  өткен  сандарда. )

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: