Ақылбек ШАЯХМЕТ
Жанкүйер бола алмаймын
Футбол ойынын тамашалап отырмын. Ойында мүлт кеткен немесе шаршаған ойыншыны жаттықтырушы жиі айырбастап жатады. Өте орынды. Пенальти бола қалса, кейде қақпашыны да ауыстырады.
Біздің қоғамға қарасам биліктің оқшантайға кірген шенеуніктерді айырбастауға құлқы жоқ. Бола қалған күнде де бір футбол командасынан басқа командаға ауысқан ойыншылар секілді жайлы қызметке қоя салады.
Өз басым ондайларға жанкүйер бола алмаймын.
Көп халықтың бірі
Орыс халқы ұлы емес, көп халықтың бірі ғана. Сол орыстар басқаларға аға да емес. Түсінген көп мұны жаңа. Қожайын болғысы келіп қоқаңдағандар қастық жасаудан да тайынбайды.
Кешеден Бүгінге
Кешеден бүгінге аяңдап жеттім бе, жүгіріп жеттім бе? Ертеңге өткелден аман-есен жетем бе? Алқынып қалдым ба? Көп себеп бар мұнда! Ел болса ескерер, әдемі сөз айтсаң қош көрер. Өзің болмасаң да сөзің қалар.
Шама жоқ
Домбырада тиек бар, тілде сүйек жоқ. Жұмысқа ниет бар, қолға ұстар күрек жоқ. Ел ішінде бүтін аз, шала көп. Мақсат бар, арман көп, жүзеге асырар шама жоқ.
Жанашырлар болмаса
Жанашырлар жоқ жерде жалақорлар мен парақорлар, жемқорлар мен алақолдар, оңай жолмен олжа табатындар, қу бастан қуырдақтық ет алатындар, жегендері май, жұтқандары мұнай, ойлағаны Дубай болған ығайлар мен сығайлар көбейеді.
Дейтіндер бар…
Біреу біліп айтады, біреу білмей айтады…
Әп-әдемі тонды келте дейтіндер бар. Әп-әдемі істі бастаса, ерте дейтіндер бар. Басбұзар тентекті ерке дейтіндер бар.
Құбыжық
Бала кезімізде құбыжық десе, көз алдымызға түрінен адам шошитын, басында мүйізі бар, аузы апандай, құлағы қалқандай, тырнағы сояудай сиықсыз тіршілік иесі келетін.
Сөйтсек көркінен мін таппайтын, киімі де жарасымды, сөзі де әдемі естілетін құбыжықтар арамызда жүр екен. Олардың кім екенін тек істеген ісін көргенде білесің.
Емес
Абалаған иттің көпшілігі батыл емес. Көрші отырғанның біразы жақын емес. Нақыл айтқанның бәрі бірдей ақылды емес.
Білмейді
Екі көз ортада мұрын тұрған соң бірін-бірі көрмейді. Ешбір адам басындағы шаштың қанша екенін білмейді. Адамдар да бір-бірін, тіпті өзін де жиі алдайды. Айнаға қарамаса өз құлағын көре алмайды. Көп кісі өтіп жатқан күннің білмейді есебін де. Түсінде көргенге сенеді жатқан кісі өзінің төсегінде.
Шовинист жазушының өтірігі
Атышулы Александр Солженицинның «Один день Ивана Денисовича» атты хикаятының кейіпкері: «У нас так говорили: старый месяц Бог на звезды крошит» дейді. Автор осы орайда бүкіл Шығыс әлеміне танымал Қожанасырдың жаңа ай туғанда ескі айды турап-турап жұлдыздар жасайды деген әңгімесін пайдаланған. Бірақ, сол сөзді орыстар айтып еді деп соғып отыр. Шовинист жазушының өтірігіне болайын.
Көз қысу
Аңшылар мылтық кезеніп, нысананы көздеген кезде бір көзін қысады. Жағымпаздар басшысы соқыр болса, соларға еліктеп екі көзін қысады. Желөкпе қыздар жігітпен тіл табысқысы келсе көзін қысады.
Жем және қор
Жетпіс деген сөзді екіге бөліп қарастырсақ, жет – аман-есен жеттім, піс – өмірдің ыстығын көріп, пістім деген мағынада қолданылады деген сөз бар. Жемқор деген сөзге үңіліп көрсек, жем – ішкен-жегенді білдірсе, қор түбінде қорлық көресің болуы мүмкін. Бірақ, қордың басқа да мағынасы бар. Осы күні жемқорлық жайлаған қорлардың көбейіп кеткені де рас.
Неге?
Күні кешегі отарлау кезінен бастау алған, кейін орыс отаршылдары жалғаған коммунистер – шовинистер өктемдігі әлі келмеске кеткен жоқ. Ата-бабамыз көрген қорлық естен шыққан жоқ. Ендеше елімізде коммунистер бастаған топтың партия құруына, билікке араласуына неге жол беріп отырмыз?
Қалталар
Тесік қалтадан бос қалта артық. Бос қалта сәті түссе толуы мүмкін. Тесік қалтаны тігіп қойса, оның да жолы болуы мүмкін. Бұлардың екеуінен де толы қалтаның бағасы басым.
Ұрлық
«Ұрлық түбі – қорлық» деген мәтел ескірген. Қазір ұрының қолын кеспейді. Әккі ұры ұрлық жасамаса, қызметі өспейді.
Бір және Хор
Біреуге бірдің, енді біреуге хордың дауысы ұнайды. Бір қате айтса, сынайды. Хор дұрыс айта алмаса шыдайды. Сахнада екі мен үшке, яғни дуэт пен триоға да орын бар. Қайсысы қалай айтса да, оларға кім көрінген емес, білікті сыншылар баға беруі керек.
Беймәлім
Көк жәшіктен кәсіпқой бокс жекпе-жегін қарап отырмын. Бірін-бірі төпеледі, алайда, айқын басымдық болмады. Екеуі де мықты, итжығыс десе де болады. Айқас соңында төрешілердің шешімімен біреуінің қолын көтерді. Шешімге ырза еместер де көп болды.
Әдеби байқауларда да кейде осыған ұқсас жағдай болады. Байқаудың әділдігі қазылардың шешіміне байланысты. Қазылардың барлығы бірдей әділ ме, туысына бұрмайтын тура би ме, әдеби талғамы талапқа сай ма? Ол жағы беймәлім.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!