Жылдың төрт мезгілі
Көктем туды.
Қар суы жер бетін түгел жуды.
Жаз шықты.
Жап-жасыл шалғын да жайқалып, тез шықты.
Күз келді.
Дала да, орман да сап-сары бояуға өзгерді.
Қыс түсті.
Қар күреп, мұз ою секілді іс түсті.
Айырмашылық пен ұқсастық
Кесек қант пен секердің айырмашылығы мен ұқсастығы неде?
Айырмашылығы – бірі қатты, бірі ұсақ.
Ұқсастығы – екеуі де тәтті және шайға салсаң еріп кетеді.
Бауырсақ
Сырқаттанып қалып ауруханада жатқанымда арамызда жасы жетпіске келген бір орыс азаматы болды. Күн сайын туған-туыс, дос-жарандар ыстық тамақ әкеледі. Барлығымыз бөлісіп жейміз. Бірде қызым бауырсақ пісіріп, ыстықтай беріп жіберіпті. Әлгі орысқа: «Бауырсақтан дәм тат!» – десем, «Оның ішінде не бар?» – деп сұрайды. «Бауырсақ самса емес қой. Әрине, оның ішінде капуста да, картоп та, туралған ет те жоқ. Бірақ қазанның ыстық ауасы бар!» – дедім.
Сондағы таң қалғаным қазақ жерінде жетпіс жыл бойы өмір сүрген басқа ұлттың өкілі қазақтың тағамын бұған дейін татып көрмеген екен.
Түрік сөздері орыс тілінде
Ана тіліміз, қазақтың қазіргі тілі кезінде қыпшақ тілі, түрік тілі болған ата-бабамыздың тілі – атам заманнан қалыптасқан асыл қазынамыз, баға жетпес байлығымыз. Бұл бай тілдің өзге ұлттарға ықпалы аз болған жоқ.
Бабамыз салт атпен жүріп солдат атанса, Мәскеуге арба-атпен кіріп, оның орталық алаңында Арбат деген атауды қалдырды.
Богатырдың батырдан, шатердың шатырдан, лощадьтың алаш аттан, бабайдың бабадан, караулдың қарауылдан, арбуздың қарбыздан, туманның тұманнан, бугайдың бұқадан, очагтың ошақтан, деньги теңгеден, стакан тостағаннан, карандаш қара тастан, юртаның жұрт деген сөзден шыққаны бесенеден белгілі,
Ақымақ деген ұғымда қолданылатын балбес сөзінің түп негізі – білмес деген сөз.
Кеден деп жүрген таможня да – көне түрік сөзі. Таңба деген сөзден шыққан. Кеденнен өткенде мөр басу, таңба салу деген мағынада.
Украин тіліндегі майдан деген ұғым ертеде алаң дегенді білдірген. Қазір қолданып жүрген майдан – осы сөздің өзгерген нұсқасы. Қожайын деген біздің төл сөзіміз орыс тіліне хозяин болып енген.
Тормозды тежегіш деп жүрміз. Шын мәнісінде оның тұрмыз деп аталғанын көбіміз біле бермейміз. Арба төмен сырғып кетпеуі үшін оның дөңгелегінің күпшегіне тығып қоятын темірді қазақтар тұрмыз деген.
Кірпіш деген сөз кір және пеш деген екі сөзден құралған. Лай балшықтан жасап, пешке қыздыратын болған соң солай аталған. Орыстың кирпич деп жүргені осы.
Қазақтың бүркіт, қазан, базар, сарай, отар, табын, машақат секілді сөздері орыс тіліне қаз қалпында енген. Қалпақты орыстар колпак, қорғанды курган, қазынаны казна, жарлықты ярлык, сандықты сундук, жүзімді изюм, бөренені бревно, көшуді кочевать дейді. Ал ухо ұғу, шум шу, рот ұрт, уют ұйып деген – қазақ сөздерінің сәл өзгерген түрі.
Пельмень көне түрік тілінде пілдің құлағы (пель – піл) деген ұғымды білдіреді екен. Чебуреки деген тағам – жұқа нан. Арасына туралған ет қосып пісіреді. Сыртқы қабаты өте жұқа болған соң ата-бабамыз шүберек деген. Беляши деп жүргеніміз – кәдімгі бәліш. Жайылған қамырға қойдың, құстың етін немесе балық салып, майға пісіретін тағам. Кәуап деп аталатын тағамды орыстар шашлык дейді. Шынында бұл да түрік сөзі. Шаншып пісірілген ет дегені. Олардың штык дегені – қазақтың істік деген сөзінің жұқанасы. Ертеде ата-бабамыз қой сойғанда оның төсін алып істікке қадап, отқа қақтап жейтін болған.
Маскарадтың түп-төркіні – масқара (жүзін жасыру), иго – еге, баня – бу-ана, табор – тобыр, конь – ат (атқа қону деген мағынада), сани – шана, коньки – (қон және ки деген екі сөзден құралған) сырғытпа, брат – бір ата, колобок жұмыршақ (қолы боқ) екенін де енді ғана біліп жатырмыз.
Осы сөздердің иесі біз. Өзге ұлттан үйренгеніміз бар шығар, алайда, олар көбінесе бізден үйренген. Қазақ сөздерінің тілімізге түскен аз ғана тобын айтып отырмыз. Олар жүздеп, мыңдап саналады.
Біздің ата салтымыз, ана тіліміз көрші елдерге жұғысты болғанын тіліміз дәлелдейді.
Не тәтті?
Бала не тәтті екенін білгісі келді.
Бұзау: «Бәрінен де шөп тәтті», – деді.
Құлын: «Одан сұлы көп тәтті», – деді.
Мысық: «Бәрінен де сүт тәтті», – деді.
Күшік: «Бәрінен де ет тәтті», – деді.
«Тары тәтті!» – деді сонда балапан.
«Кәмпит тәтті!» – деді құйттай балақан.
Сонда апасы: «Тәтті деген көп, міне, бола берсін деп тіле. Аздап жесең, айып жоқ, әуес болма тәттіге. Жақпайды олар ішіңе, Құрт түседі тісіңе!» – деп ақыл айтты.
Шынымды айтсам…
Мен Мәжіліс депутаты емеспін. Өйткені, пайдасынан зияны көп партия мүшесі болған жоқпын.
Мен мемлекеттік сыйлықтың лауреаты емеспін. Өйткені, Елбасымен құда болған жоқпын, оған арнап мадақ жыр жазған жоқпын.
Мен Президент стипендиясының иегері емеспін. Президент саясатын сынап жүретін кісімін.
Мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері де емеспін. Өйткені, Қостанайдағы қазақ драма театрының ақша жеп сотталып кеткен бұрынғы директоры емеспін.
Сол театрға директор болғаннан кейін осы атақты алған актер да емеспін.
Өз ойым
Берік құлыпты ашу үшін үйлесетін кілт қажет. Кілті табылмаса, құлыпты немесе қақпа мен есікті сындыру керек. Ресей әскерінің Украинадағы іс-әрекеті осыған ұқсайды. Яғни, қарақшының, тонаушының қимылы. Қарақшыны жақтаушылар – әділетті таптаушылар, зорлықшыл фашизмді ақтаушылар!
Ақылбек ШАЯХМЕТ,
Қазақстанның құрметті журналисі
Қостанай қаласы
(Басы өткен санда. Жалғасы бар.)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!