Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оймақтай ойлар

21.03.2024, 9:40 424

Жақсы  мен  жаманды  айырсақ

Қайтқан кісінің жаназасы алдында молдалар бірнеше сұрақ қояды. Ең әуелі «қаза тапқан кісінің ешкімге  қарызы  жоқ  па?» деп сұрайды.  Содан  кейін «жақсы адам ба?» деген сауал тастайды. «Қарызы бар еді, нашар кісі еді» деп ешкім айтпайды.

Ел-жұртының қанын қандаладай сорған залым өлетін болса, соның арқасында байыған арамзалар ешқашан да оның қарызын қайтармайды. Мұның барлығын жақсы білетін жиналған жұрт та жаман адам еді деп айта алмайды.

Өлгенді жамандама деген қағида бар. Бірақ, өтірік айтуға болмайды ғой. Қазақ мәтеліне сүйен­сек, «жақсыны жақсы деп айт, нұры тасысын, жаман­ды  жаман  деп  айт,  құты  қашсын».

Ұқсайды

Кейбір кісі төселген рельспен ғана жүретін трамвайға ұқсайды. Кейбір кісі тоқтан ажырап қалса, тоқтап  қалатын  троллейбусқа  ұқсайды.  Кейбір кісі асфальт жолда зулап келе жатқан жүрдек  көлікке  ұқсайды.

Кейбір кісі ер-тұрманы мен тізгіні болса да тағасы жоқ аттай. Кісілер бар арамызда қиналған жүретін  жолын  таппай.

Не  істеу  керек?

Санадағы сәуле, жүректегі жарық сыртқа шығу үшін  не  істеу  керек?

Не айту керек, не жазу керек!

Сыртқа шыға алмаса, мидың ашуы, жүректің қалжырауы  басталады.

Көтермейді

Біршама жүкті алайын десем арқам көтермейді. Байлар барып жүрген жерге барайын десем қалтам көтермейді.

Шамама қарайын, ыңғайын табайын.

Қолдан басқа не келеді, ағайын?!

Алла  қандай  күшті?!

Жапырақтардың көктеп, көгеруі тамырына байланыс­ты. Нанның жақсы пісуі қамырына байланысты. Сол байланыстарды жүзеге асырған Алла қандай  күшті?!

Жас  пен  кәрі

«Қартайған шалдан жас артық» дейді. Көбінесе солай болатыны рас. Алайда, жалқау жастан қуаты қайтпаған  шал  артық.

«Жас келсе іске, кәрі келсе асқа» дейді. Шаршап-талып іс тындырған жас асты да жақсы жемей ме? Үйінде бос жатқан шалдың тәбеті бола қояр ма екен?

Алға  және  артқа

Алға сүйрегендерге рақмет!

Артқа итергендерге де рақмет!

Сүйрегенде қуатыма күш қосылды, алға ұмтылдым. Итергенде намысым келді, ілгері бастым.

Екеуінің де пайдасы болды.

Алғыс  пен  қарғыс

Әжелеріміз алғыс та, қарғыс та айтатын. «Тұқымың  өскір!» деген әдемі батасын ести бергім келеді.

«Жетпегір!» деген – жаман сөз. Сол сөзді жемқорлар мен залымдарға айтқым келіп кетеді. Олар ойлаған арам ойына жетпей қалса екен деймін.

Біздің  сорымыз

Сөйлейтін жерде үндемей қалуды, үндемейтін жерде  сөйлеуді  қалай  түсінесіз?

Ауыз бір, құлақ екеу екенін білсек те, аз тыңдап, көп сөйлейтіндерге не дейсіз?

Шешендік пен былшылды айыра алмасақ – біздің  сорымыз.

Құрақ  көрпе

Ресейдің картасына қарап тұрсаң, әртүрлі ұлттың қиындыларынан құралған құрақ көрпеге ұқсайды. Қазақ жері сол құрақ көрпенің астары болғаны да  рас.

Орыстың астында ұзақ жылдар бойы болған елімізге бұдан қорытынды жасайтын уақыт жеткен жоқ  па?!

Өткел

Өткеннен ертеңге апаратын өткел – ол сенің жанкешті  еңбегің.

Тек өткелден өтерде пайдасы шамалы көр-жерді арқалап  жүрмегенің  дұрыс.

Артық жүкті арқасына салмаған кісі қыл көпірден  де  қиналмай  өтеді.

Амалын  тапса

Қатты қант пен ұсақ қанттың айырмасы бар ма осы?! Түсі бірдей, дәмі бірдей.

Алайда, қатты қантты ұсақтауға болса да, ұсақ қантты біріктіру қиын. Жас кезімізде шешеміз оны сүт қосып майға қуыратын. Дәмі ерекше сарғыш түсті тәттіні сүйсініп жейтінбіз.

Ал қатты қантты әжеміз арнаулы қысқашпен шағып беретін.

Амалын тапса кесекті ұсатып, ұсақты біріктіруге болады  екен.

Тастар  және  алақан

Маған лақтырған тастардан бір үйдің іргетасын қалауға болатын секілді.

Ал арқамнан сипаған жүздеген алақаннан сол үйге шатыр салуға болады.

Таң  қаламын

Сөзін ешкім құлақ қойып тыңдап жатпаса да сөйлей беретін кісілерге таң қаламын.

Естіп тұрса да естімеген түр көрсеткендерге де таң қаламын.

Кім  не  дейді?

Тіс шұқығыш: «менің кірмеген ауызым жоқ» деп мақтаныпты. Салфетке майлық: «мен талай мықтының бет-ауызын сүрттім» депті. Бір тал шырпы: «мен тұтас орманды жоқ қыламын» деп кеудесін қағыпты.

Пенделер арасында да осыларға ұқсайтындар бар.

Айтпас  едік

Біреулер иттің етін, бақа-шаянды, құрт-құмырс­қаны тамақ қылып жүргенде біздің ата-бабамыз төрт  түліктің  етін  қорек  қылды.

Астың алдында да, соңында да қолдарын жуды. Сол тазалықты сақтай білсек, «ауру – астан» деген сөзді  айтпас  едік.

Азайтқанда  не  болды?

Тамақ жеуді азайтып едім. Тазалап алдым ішті.

Ұйқыны азайтып едім. Ішім пысты.

Сөйлеуді азайтып едім. Айтатын сөздерім қағаз­ға  түсті…

Ақылбек  ШАЯХМЕТ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: