Ақылбек ШАЯХМЕТ
Зейін қойып оқыса,
құлақ салып тыңдаса…
Жазушы мен айтушының жазғаны мен айтқанын оқырман мен көрермен және тыңдаушы зейін қойып оқыса, құлақ салып тыңдаса, пайдасы көп екені анық. Алайда, көбік сөзді оқу, көпірме сөзді тыңдау қиын. Құдайым жазарман мен мылжыңнан сақтасын!
Аш пен тоқ
Егін алқабы мен шөл далада жүрген, немесе диірмен мен жертөледе өскен тышқандардың айырмашылығы үлкен. Аш бала мен тоқ баланың айырмашылығы да есейгенде білінеді.
Уақыт
Уақыт өтіп жатса да өтпейтіндей көреміз. Уақыт өтіп кеткенін кейін барып білеміз. Өйткені көбіміз уақытты ойын-сауықпен, күлкімен, ұйқымен өлтіреміз. Сүйте тұра сағат санап жүреміз.
Айтпаса да түсінікті…
Сүттен қаймақты айырып алса, қалған сүт обрат (қаймағы алынған сүт) болады. Сүт іріп кетсе, одан іркіт шығады.
Ел іші ірісе не болады? Айтпаса да түсінікті…
Не болады?
Текемет пен сырмақ жүннен құралады. Құрақ көрпе маталардың қиқымынан құралады. Мамық құс жүнінен құралады.
Ұсақ-түйектен ірі дүниелер шығады. Ірілер ұсақталса не болады? Қоқыр-соқыр, қиқым-сиқым осылай пайда болады.
Сөздер
Қағазға көміліп сөздер де өледі. Қарасаң үңіліп қайта тіріледі. Әр сөзде қаныңды жүргізер тамыр бар, себебі, жақсы сөз кісіге қуат береді.
Кім білсін?!
Үйірді айғыр, қойды көсем серке бастайды. Келеде де бураның, табында да бұқаның орны бөлек. Төрт түлікті бағуға, жай мен күйін қарауға бақташы керек.
Қоғамда бақташы кім? Біліп баға ма, тек мінгеніне, сойып жегеніне мәз бола ма?! Кім білсін?!
Отын
Тезек те, көмір де, ағаш та – отқа жағатын отын. Олардың абыройы мен беделі тез жануына және қызуына байланысты. Тек құрғақ болуы керек. Суланып қалса, қасиеті кетеді.
Су қосылған шығармалар да сол секілді, отқа да жанбайды, бықсып жатады.
Уақыты келер
Суреттер сүртіліп, мүсіндер сүріліп жатыр. Жерді тоздырған азғынның ел ішінде беделі жоқ екені білініп жатыр. Көшедегі сөздерінің орнына жаңа жазбалар ілініп жатыр.
Ал менің жолдастарым уақыт кідіріп жатыр деседі.
Уақыты келер. Оны да келер ұрпақ көрер.
Күбір
Қазақтар күбіртке деп атайтын ауру бар. Тырнақ көбесінің іріңдеп қабынуын солай атаса керек.
Пенделер арасында жиі кездесетін күбір деген дерт те осы күбіртке секілді жаныңды жаралайды. Күбір сыбырға айналады. Сыбыр өсекті өршітеді. Сондықтан күбір мен сыбырдан сақтанып жүрген жөн.
Сонда не таптық?
«Бай менен молданы қойдай қу қамшымен!» деп ұрандаттық. Төрт түлік арам қатты. Мешіттер құлап жатты.
«Алашты құртыңдар!» деп ұрандаттық. Ақырында сүттің бетке шығатын қаймағы түгел сылынып, жылап жаттық.
«Қайта құру – қайта тұру!» деп ұрандаттық. Кәсіпорындар мен зауыттар қирап жатты.
«Орыспен және қытаймен дос бол!» деп ұрандаттық. Сонда не таптық? Тағы да батпаққа баттық.
Ғажап
Суретке қарайсыңдар «ғажап!» деп, мүсінге қарайсыңдар «ғажап!» деп. Жандарыңда жүрген жоқ па солардан он есе артық қазақ көп.
Қағаз мыстан артық па?
Сыңғырлаған тиындардың дауысы тым жағымды естіледі құлаққа, базардан қағаз ақшадай көп нәрсені ала алмайсың, бірақ та. Сонда қағаз мыстан артық болды ма?! Кімдер жауап берер екен дәл осы бір сұраққа?
Адасу
Өткен күндерге зер салсам, таң қаламын. Октябрят болдым, Володяның бейнесі салынған төсбелгіні кеудеме тақтым. Пионер болдым, Ульяновтың суретін кеудеме ілдім. Комсомол болдым, Ильичті құрметтеп жүрдім. Коммунист болдым, Лениннің суреті салынған партбилетті алдым.
Өзім адастым ба, әлде сол кездегі жүйе адастырды ма?! Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ…
Қонақпыз ба?
Барлығымыз мына өмірге қонақпыз дейміз. Қонақүйге аяқкиімін шешіп кіреді, ас алдында қолын жуады, түшкірсе, аузын басады, сөйлесе, жаман сөз айтпайды.
Біз қазір солай жасап жүрміз бе? Көбіміз қонақ емес, басқыншы секілдіміз.
Ұмытпа
Жаңа жауған қар жердің бетіндегі кір-қоқысты жасырады. Бірақ, күн жылынғанда еріп кетеді. Сонда бәрі ашылады. Ендеше қар күрегенде оның астын да тазалауды ұмытпа.
Айыбы жоқ
Қой тұрған қорада қалың қи жиналады. Оны ойып алғаннан кейін қи отынға айналады. Яғни, адамға пайдасы тиеді. Тарих та сол секілді. Өткеннен сабақ алу үшін қи қопарғанның айыбы жоқ.
Сенімім кәміл!
Қардан не мұздан тамаша жасалған мүсіндерді көзіміз көрді. Бірақ, олар көп сақталмай, еріп кетеді ғой. Құмнан жасалған ғажайып көріністерді де көзіміз шалды. Бірақ, олар да ұзақ сақталмайды ғой. Тастан, қоладан құйылған мүсіндер ше? Уақыт өте келе олар да күл-талқан болатыны анық.
Ал ешбір мүсіні жоқ, суреті жоқ Мұхамбет пайғамбардың келбеті мен бейнесі мұсылмандардың жүрегінде сақталатынына сенімім кәміл!
(Басы өткен санда. Жалғасы бар)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!