Тасбақадан тұлпар тумайды,
Шымшықтан сұңқар тумайды.
***
Сұлу жыр – сөздің құрты,
Сұлу әйел – көздің құрты.
***
Арлы адамның қамын жеген озады,
Жарлы адамның нанын жеген тозады.
***
Махаббат – лаулаған от.
Ол отқа ақылды да, ақымақ та қанатын күйдіреді.
***
Атқа мінгеннің бәрі ақылды емес,
Жаяу жүргеннің бәрі ақымақ емес.
***
Әкім болу – әмірдің күші,
Ақын болу – Тәңірдің ісі.
***
Мансап – бүгіндік мұрат,
Оның жолы қысқа.
Талант – ғұмырлық мұрат,
Оның жолы ұзақ.
***
Әкім – жұртының серкесі,
Ақын – ұлтының еркесі.
***
Атақ-даңққа бас ұрған,
ұлы болмайды.
Ақылдыға бас ұрған,
ешкімнің құлы болмайды.
***
Ағайын бірлігімен мықты,
Кәсіпкер тірлігімен мықты.
***
Көп білемін деу – көзсіздік,
Елдің етегінде отырып,
Төріне шығамын деу – тексіздік.
***
Сұлудың түрі жақсы,
Сәбидің тілі жақсы.
***
Жүйрік болатын құлын жабағысында бесті болады,
Азамат болатын жігіт қаршадайында есті болады.
***
Қатынның еркелігі – әсемдігі,
Ақынның еркелігі – шешендігі.
***
Мен адамның шені мен шекпенін емес,
Қарапайым кісілігін бағалаймын.
***
Біз – тірісін өлтіре алмай,
Өлісін тірілте алмай жүрген қазақпыз.
***
Біз маңыратып мал ұстамаймыз,
Жалындатып жыр ұштаймыз.
… Ара-тұра сыздықтатып сыра ұрттаймыз.
***
Көнебөген, Көнебөген,
Мен саған неге келем?!
Он ойланып, жүз толғанып,
Темекімді шеге берем…
***
Өзіңе сырым мәлім, жырым мәлім,
Жүрегім өрт,
Түнерген түрім жалын.
Аққа жағын білемін Алла дәйім,
Жантық болып кеттің бе, бүгін бәрің?!
***
Парасатты адам көпшіл болады,
Парықсыз адам кекшіл болады.
Толыбай АБЫЛАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!