Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өз өзіңе есеп бер!

25.02.2021, 16:00 2194

HALYQLINE.KZ Жалпы кез келген адам өзіне есеп беруі керек. Себебі, есеп беру адамның кеткен қателіктерін қайталамауға, ісін саралап жоспарлауға, жақсартуға септігін тигізеді. Сол арқылы оның белгілі жоспарлары, мақсаттары болу керек. Әдетте адамның күндік, апталық, айлық, жылдық және маусымдық жоспарлары болады. Бірақ ол жоспарларының қалай болып жатқанын саралап, кейде сан соғып жатады. Бұл адамның дүниелік жетістіктегі жоспары болса, ал иісі мұсылман адамның ақыреттік жоспары да өз өмірімен етене аралас болуы қажет. Бұны жалпы дінімізде «Мұхасаба» деп атайды.  

Ал шариғаттағы мұхасаба дегеніміз – «Кім өзін есепке ала отырып, амал етсе, сүрінбейді» деген сөз. Демек, есеп беру пендені жақсы амалдарға жетелейді.

Саийд Ахмад Әр-Рифағи: «Кісі Алла алдындағы жауапкершілігін сезінгенде, өз-өзіне есеп бере бастайды. Сол кезде істерін саралаумен әрбір ісіне мән беру пайда болады. Сол арқылы пенденің ісінде Алланың разылығын көздеу жалғасын табады» деген.

Бір күні Пайғамбарымыз с.ғ.с. үйінен аштықтан асқазаны қабысқан күйде сахабасы Әбу Бәкір мен Омарды р.анһум кездестіріп қалып, олардың да аштықтан қуаттары жоқ әлсіреп тұрғанын білді. Ансарлардан болған бір сахаба олармен кездесіп қалып, олар өз аштықтарын еш білдіргісі келмегенімен оны байқап қалып оларды үйінде құрма және салқын сумен саялы көлеңке астында қонақ етті. Алла елшісі с.ғ.с. құрмадан жеп, су ішіп болғаннан кейін:«Міне, осы нығметтердің ақырет күні сұрауы болады» деген.

Дана халқымыздың судың да сұрауы бар дегені осыған негілделсе керек. Соншалықты қарны аш бола тұра жеген кішкене құрмасымен, бірнеше ұрттам суды «Осы нығмет» деп айтатындай қаншалықты нығмет десеңізші?!

Бүгінде ішіп жеген тағамдарымызды ысырап етіп, оны місе тұтпай түгіміз жоқ деп шағымданудың Пайғамбарымыздың с.ғ.с. бұл сөзінен кейін қаншалықты айып екені белгілі болғандай. Өз өзімізге есеп берудің нәтижесі осындай айыптауларымызды сезіне алуға түрткі болмақ.

Алла ісіміздің баянды, өзгеге пайдалы һәм сауапты болуды нәсіп етсін!

Мағжан ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ,

Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария»

орталық мешітінің наиб имамы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: