Осыдан бірнеше жыл бұрын ақын, журналист Абылай Маудановтың «Батыр жасау бизнесі» деген сатиралық шығармасын оқып едім. Оқымаған болсаңыз, сізге де бір көз жүгіртіп шығуға кеңес беремін. Жә, оқу не оқымау – өзге тақырып, өз шешіміңіз. Бірақ, айтуымыз керек, осы күні белгілі бір адамдар, жай адам емес ауқатты адамдар ата-бабаларынан би, батыр жасауды жақсы меңгерді. Дәлірек айтқанда қолдан батыр жасауды мықтап қолға алды. Өтірігі өрге жүзген заманның шындық шешіміне де, амалына да айнала алмай барады.
Кітап оқу адамның көкжиегін кеңейтеді, сөз жоқ. Десе де, оны түсініп оқудың маңызы зор. Ал, кез келген кітап адамды ізгілікке бастай ала ма? Бүгінгі авторлар оқырман алдындағы жауапкершілікті қаншалықты сезініп жүр?
Соңғы 5 жылдықта әнші де, актер де, блогер де, тағы басқалары да «жазушылық қызметке» кірісіп кетті. Саяси қызметте жүргендер де жазғыш екенін жасырмай айтуда. Бір қызығы, осындай кітаптардың оқырманы көп. Бұл өз кезегінде «оқырманнан талғам кеткелі қашан?» деген сөйлемді есіңе салады.
– Бүгінде қоғамда жайлаған дерттің бірі – өнер қайраткерлерінің, шен-шекпенділердің кітап жазғыштығы. Қазір автобиографиялық кітаптан көп нәрсе жоқ. Олардың ішінде бір өнеге, үлгі болса жақсы ғой. Ылғи өздерінің дастарқан басындағы әңгімелерінен әрі аса алмаған.
Одан қалды әлгі бастықсымақтардың өздеріне арналған одалардан аяғыңды алып жүре алмайсың. Олардың ата-бабалары да ылғи данагөй, бай-бағлан, батыр болыпты. Сонда қалған жұрттың барлығы құлдан туған ба?
Мұның барлығы елде жалған құндылықтардың қалыптасқанын, даму көшінен адасқанымызды білдіреді. Қазір өтірік айтудан ешкім қысылмайтын болды. Өтірік айту – өмір сүрудің кредосына айналды, – дейді ҚР ҰҒА мен РМҒА академигі, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов.
Айтпақшы, тақырыпқа тұздық болсын Түркіменстан президенті Қ.Бердімұхамедовтың 2007 жылы билікке келгенін білетін боларсыздар. Сол уақыттан бері ол 60-тан астам кітап жазған. Есептей беріңіз, сонда жылына неше кітаптан шығарып отырған?
«Азаттық радиосы» 2009 жылы жариялаған мақаласында «Елбасы Н.Назарбаев жылына бір кітап шығарады» деп жазған болатын. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше кітап жазып, қоғамдық-саяси ахуал туралы еңбектерін ел назарына ұсынып келеді.
Иә, академик айтқандай, өтірік айту, жазу және оны оқу қалыпты өмір сүру дағдымызға айналып барады. Кітап жазғыштардың ішінде өзгеден көшіретіндер, сілтеме жасамай аударып басатындар да баршылық. Өткен өмірін мың құбылтып, «минусты плюске айналдырдым, сол арқылы осы жетістікке жеттім» деп кісі біткенге өз ойынша мотивация сыйлайтындардың да дәурені бітер. Кез келген өнер, кітап, шығарма, бәрі-бәрі адамды жақсылыққа, ізгілікке бастауы тиіс. Әйтпесе, оның көркемдігі не басқа жетістігі көлеңкеде қалып қоятындай…
Рыскелді ЖАХМАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!