Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Нағи Ілиясовтың төртінші бақыты…

09.11.2020, 16:00 1551

HALYQLINE.KZ

Тағзым

Бүкіл  өмірін  туған  халқына  арнады

«Тағдыр маған үш бақыт, үш өмір сыйлады». Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясов өз өмірін жазбаларында осылай сипаттап кетіпті. Тәлкекке түскен тағдырын ұстаздықпен бастаған Нағи соғыс жылдарында қару асынып, шекара бойына кетті. Сан мәрте жараланса да, сұрапыл ұрыстың ортасына қайта оралып, батылдығы үшін батыр атағын иеленді. Соғыстан кейін елге оралып, бірнеше кеңшарды басқарды һәм көркейтті. Расында, халқымыздың көпжылдық тарихында асаудай азаматтар аз болмаған. «Елім –жанымның садағасы» деп, ерлік қылып күрескен ұлдарды елдік қылып насихаттау – бізге парыз. Осы тұрғыда, облысымызда өткенді бүгінгіге өнеге қылу жолында көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Соның бірі жоғарыда атап өткен Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясовтың 100 жылдығына арналған шаралар болатын. Батыр есімі құрметтеліп, оның атына берілген №9 мектеп-гимназиясының алдына ескерткіш-бюст қойылды. Одан бөлек, батыр тұрған үйге мемориалдық тақта қойылып, бірнеше жыл басшылық еткен Қараөзек ауылында ескерткіш белгі орнатылды.

– Елбасының «өткеннің өнегесі, бүгінгінің баға жетпес байлығы» деген ұлағатты сөзі бар. Ел үшін от кешіп, елеулі еңбегімен ел жүрегінен орын алған нар тұлғалы азаматтар Сыр жерінде аз болмаған. Сондықтан, олардың игі істерін жас буынға насихаттау – біздің азаматтық парызымыз. Биыл Ұлы Отан соғысына – 75 жыл. Сол сұрапыл соғысқа қатысып, Кеңес Одағының Батыры атағын алған Нағи Ілиясовқа 100 жыл толып отыр. Ол 1920 жылы Сыр топырағында дүниеге келген. Оның балалық шағы аласапыран дүниемен байланысты болды. 1933-1936 жылдары балалар үйінде тәрбиеленген. 1942 жылы қаңтар айында қолындағы қаламының орнына қару алып, майданға аттанды. Венгрияның Будапешт қаласын азат етудегі еңбегі үшін Кеңес Одағының Батыры орденімен марапатталды. Аталған Будапешт қаласында Нағи Ілиясовтің атымен аталатын көше бар. Соғыстан кейін өз отанына келіп, жауапты қызметтер атқарды. Қай салада болмасын жас буынды жауапкершілікке тәрбиелей білді. Нағи дүниеден өтсе де, ел есінде есімі өшкен жоқ. Ұзақ жылдар бойы басқарған Қазақстанның 50 жылдығы ауылына батыр есімі берілді. Бүгінде бұл құтты мекен – республикадағы ең үздік ауылдардың бірі. Кеңес Одағының Батыры, қайраткер тұлға Нағидың есімі халқымыздың жадында мәңгілік сақталады. Бүгін, міне, батырдың аты берілген №9 мектеп-гимназиясы ауласында ескерткіш-бюст қойып отырмыз. Ескерткіштің ашылуы баршаңызға құтты болсын,-деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Уыз жастығын ұстаздықтың ұлағатты жолына арнап, одан кейін халқы үшін жанын шүберекке түйіп, соғысқа аттанған Нағидың жолы қиындыққа толы болды. Соғыстан кейінгі өмірін де халқының игілігіне арнаған ол кез келген қиындыққа тура қарай білді. Басшылық қызметте жүрген уақыттарда бірнеше рет жала жабылып, бәрінен ақталып шықты. «Өшпес із қалдырып кеткен батыр әкеміздің есімін өшірмейміз» дейді батырдың ұрпақтары.

– 1942 жылы әкем соғысқа аттанған. Және ол түскен дивизиядан 1945 жылға 11 ғана адам жеткен екен. Бұл сол кездегі заманның ауырлығын және әкем мүше болған дивизияның қандай қауіпті жерлерде ұрысқанын көрсетеді. Өзінің естелігінде 1945 жылғы жеңіс шеруіне қатысқанын «Менің өмірімдегі ең бақытты кезең» деп жазып кеткен болатын. Одан кейін Республика аумағында да біршама жауапты қызметтер атқарды. Осыларды ескеріп, әкеміздің атын өшірмеуге атсалысып жатқан баршаларыңызға алғыс айтқым келеді. Елді басқарып отырған азаматтардың барығына отбасымнаның атынан алғыс айтамын, – деді баласы Ринат Ілиясов.

Мектеп алдында орнатылған бюстті ашу құрметі облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсекбаевқа және батырдың баласы Ринат Ілиясовке берілді. Ескерткіш алдына арнайы гүл шоқтары қойылып, мектеп оқушылары батырға өз арнауларын оқыды.

Тұрған  үйіне  тақта  қойылды

Қазақта «Ер елімен бірге жасайды» деген сөз бар. Сыр өңірінің әр жері тарихқа, өнегесі мол өткенге толы екені баршамызға белгілі. Талай ардақтыны құшағына алған өңіріміздің сол асылдары басқан әр жеріне таңба орнату, бүгінгі жастарға насихаттау, көрсету – құптарлық іс. Осы тұрғыда, Нағи Ілиясов тұрған тұрғын үйге мемориалдық тақта орнатылды. Бұл сол үйдің басқа тұрғындарына жауапкершілік һәм мақтаныш болмақ. Сол аумақта тұратын жас бүлдіршіндер де сол тақтаға қарап өсіп, өткенімен танысатын болады, содан тағылым алатынына сенім мол.

Бүгін – батыр бабамызды ұлықтауға арналған ерекше күн. Жаңа ғана ескерткіш-бюстін ашып едік, енді қазір батырға арналған мемориалдық тақтаның ашылуына куәгер болудамыз. Елім деп еміреген ерлерін қай кезде де ұлықтаған халықпыз. Бұл жұмыстар батырымызға деген құрметімізді кішкене де болса көрсетеді деп есептейміз. Алдағы уақытта да бабаларымыздың есімі халық жадында қалуына жұмыс істейтін боламыз. Батырымызға деген құрмет бұнымен шектелмек емес. Соғыстан кейінгі жылдарда ел еңсесін тіктеуге етене атсалысты. Сырдария ауданының екі кеңшарын басынан бастап тұрғызылуына атсалысқан да – осы батыр әкеміз. Сондықтан бұл көрсетіліп жатқан құрмет ұрпақтарының, яғни біздің кезекті алғысымыз деп білемін,- деді қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов.

«Ешкім іштен батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деген Бауыржан Момышұлының сөзі бар. Қаламыздағы Нағи секілді батырдың есімі өзі қоныстанған үйінде қағылғаны сол жердегі басқа тұрғындарға ерекше әсер ететіні рас. Аталған шараға ел ақсақалдарымен қоса жергілікті тұрғындар да қатысып, көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдірді. Батырды көзі көрген бірнеше адам сөз сөйлеп, тақтаны салтанатты түрде ашу рәсімі өтті.

– Бүгін Сыр елінде мерекелі күн. Осыдан 100 жыл бұрын өмірге келген мемлекет, қоғам қайраткері Нағи Ілиясов ағамыздың күні. Ел болып өткізіп жатқанымызға қуаныштымын. Халқымыздың тарихындағы ұлы тұлғаларымыз ел жадынан ешқашан ұмытылмайтынын осыдан білуге болады. Ұлы Отан соғысынан Кеңес Одағының Батыры атағын елімізден 500 адам алса, Сыр өңірінен 22 адам ғана алған екен. Соның бірі – осы Нағи ағамыз. Бұл кісі бар өмірін еңбекке арнады. Сол еңбектің арқасында ағамыздың атағы бүкіл елге, бүкіл одаққа тараған. Нағи ағамызбен біз мақтанамыз, – деді Ержан Уәйіс.

Елім  деген  ерді  елі  де  ұмытпайды

«Адамзат ұрпағымен мың жасайды» деген даналық сөз бар. Өнегелі өмір сүрген адам өшкеннен кейін де насихаттала беретін болса керек. Бұл сөз рас болса, Нағи Ілиясов ұрпақ жадынан ешқашан өшпесі анық. Батырдың 100 жылдығына орай істеліп жатқан шаралардың қатары бұнымен аяқталған жоқ. Нағидың өзі басқарған Қараөзек ауылында ескерткіш белгі қойылды. Шараға ауыл тұрғындары жиналып, Нағи Ілиясовтың істеп кеткен игі жұмыстары айтылды. Сонымен қатар, жиынға қатысушыларға Нағи атамызға арналған кітап сыйға тартылып, бабамызға құран бағышталды.

– Әкем 1956 жылы бұл кеңшарға директор болып келген. Ол кезде бұл жерде Жаңарық деген учаске ғана болған. Ауылды өте қиын жағдайда қабылдап алған. 1956 жылы орталықтан қаржы бөлдіріп, осы ауылды түгел салдырып шаққан. Екі жылда жүздеген үй салынып, ауылдың тұрмысын жақсартып үлгерген. Мәдениет үйі, мектеп, қонақүй, шеберхана және т.б. керек-жарақтар салынып, ауылды көркейтумен айналысты. Ауылды 1959 жылы Қазақстан Республикасының «Құрмет кітабына» енгізген. Басқарған жылдары бұл ауылға екі институттың ғалымдарын алып келген. Біреуі ауылшаруашылық институты болса, екіншісі Самарқандағы Бүкіл Одақтық Қаракөл институтынан келген. Бұндағы мақсат – ауылдың шаруашылық жұмыстарын дамыту, көркейту. Мақсаты орындалды. «Осы ауылдың қазығын қаққан адамды білсін» деген мақсатта осы тақтаны қойыпты. Бұған алғыс айтамыз. Жалпы, әкемізге арналып істелген жұмыстардың барлығына алғысымды білдіремін,- деді баласы Ринат Ілиясов.

Осындай «арманым – ел бақыты» деп туған жерін көркейтуге ат салысқан тұғыры биік өр тұлғаның есімі өзі еңбек еткен өлкеде орнатылуы біз үшін қуаныш. «Отызыншы – ашаршылық жылдары балалар үйіне орналасып, аман қалдым. Ташкенттегі педагогикалық училищені бітіріп, салауатты ұстаз болып елге оралдым. Бұл – маған тағдыр сыйлаған бірінші бақытым әрі бірінші өмірім. Ұлы Отан соғысы кезінде үш рет жаралансам да, ең жоғарғы, әрі құрметті Кеңес Одағының Батыры атағын алып, аман-есен елге оралдым. Бұл – екінші бақытым, екінші өмірім. Жалған айыптар тағылып ұзақ уақыт қудаландым, партия қатарынан шығарылдым, қылмыстық жауапкершілікке тартылдым. Бірақ әділеттілік түбегейлі менің жағымда болғандықтан, қылмыс жасаушылар да, оларды қызғыштай қорғаушы мықтылар да тиісті жазаларын алды. Соғыс кезінде алған партия билетімді дақ түсірмей, бұрынғы таза күйінде қайтып алдым. Бұл – менің үшінші бақытым және өмірім». Жоғарыда атап өткен батырдың үш бақыты осылар екен. Көзі тірісінде үш бақытын осылай бағалаған батыр бабамыздың төртінші бақыты оның есімін өшірмей ұстаған ұрпақтары деп білеміз. Елі үшін ерлік көрсеткен батырларды ері үшін елдік көрсетіп көтерген ұрпақтар бар кезде халқымыз өзінің тарихын ешқашан ұмытпайды һәм құрметтейді…

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: