БАТАШЫЛ
«Қалай ел боламыз?» деп жөн сұрай барсаң, ақыл беруге жарамайтын шерміш шалдар «Мен депутат боламын» деп барған суаяқ үміткерлерге көсілтіп салақұлаш-салақұлаш бата беруге жарап тұр.
БІР ҚАУІП
Халық екіге бөлініп кетпесе болар еді: орден-медаль алғандар мен орден-медальсіз қалғандар боп…
ӨЗДЕРІМЕН ӨЗДЕРІ
Өздері келіп, өздері бөлді. Өздері өздерін мақтап, өздері өздеріне бата берді. Өздері өздеріне әбден риза болды. Сырттағыларға сылп еткен сарқыт та тимей қалды.
«ҚАРАРМАН»
Қазір кітапты оқып шығатындардан гөрі қарап шығатындар көп. Сондықтан оларды оқырман демей, қарарман десек те жететін сияқты.
ӨМІР НЬЮАНСЫ
Деген соң қыз қымбатқа сатылады, бір бойдақ көзді жұмып қатын алды.
КӨҢІЛ БҰЗАР
Өзгелерге бақыт тілеп тұрғаныңда, өзіңнің бақытсыз біреу екенің еске түспесін.
БАСТАУШЫМЫЗ
Жаңа дәуірге бізді көне көнбеттер бастап барады.
ЕКІ ТҮРЛІ ЖҮРІС
Үміткерлер сайлау науқаны кезінде бір ай есіктен-есікке иіліп, имене кіріп жүргенімен, сайланған соң төрден төрге ғана жүретін тоқ бүйір торсаңбайларға айналыпты.
АТ пен АТАҚ
Атақтардың бәрін алып алды. Енді атын шығара алмай қаралай діңкәсі құрып, борша-боршасы шығып жүр.
ТОҚАЛДЫҢ МІНЕЗІ
Тоқал тек жүрмейді, тебініп жүреді. Жан-жағына қарағыштап емініп жүреді.
КҮЛКІНІҢ ДӘМІ
Менің күлкім көп күлкіден гөрі ащылау, кермектеу, улылау, зәрлілеу, заһарлау…
ШАРШАҒАНДАР
Қара жұмыстан, шаруа тындырудан, кәсіп қылудан, ормандай ойдан шаршап жүргендерден гөрі басына пайдасы жоқ бостекі әңгімелерден, құр әншейін қаңғудан, елді іріткен қаңқудан, таусылмас тойлардан шаршап жүргендер жүдә көп.
ТӨРДЕ
Төрге шығатындай, төрелік айтатындай, төске өрлейтіндей деңгейі болмаса да, төрағамын деп тыртиып ту төрде отыр.
ҚИСЫҚ-МИСЫҚ
Қыңыр сұрақтар қисық-мисық жауаптар тудырады.
ЕРЕКШЕ СӨЗ
«Құру» деген сөз – ерекше сөз. Кім қандай мағынада түсінсе, сондай нәтиже береді. «Құру керек» деп желпініп жүріп құйрығы бір уыс боп құрып кеткендер көп…
МЕРЕКЕЛІК САЛТАНАТТАРДА
Ел-халқына қызмет қып, жылуы бар тон болуға жарамағандар еді. Енді жаңа әкімнің артында тұрып фон болуға жарап тұр қасқалар.
ЖАҚСЫ ЖАҒЫ
Нашар ақындар мүшәйраларда мақталып, марапат алып жатса, ақын болуға талапкерлер аяқастынан саңырауқұлақтай көбейіп кетеді екен…
КӨП МАҚТАУДЫҢ АҚЫРЫ
Сыпыра мақтау, сылқита мақтау, сапырмай мақтау… сол мақтаушылар өздерінің дегеніне жетеді. Ал мақтауды естіп, мақиып отырғандардың көп мақтау ақыр түбінде түбіне жетеді.
КІМ ТЫҢДАЙДЫ?
Көп адамдар өзін тыңдар құлақ таба алмай жүр. Біреулері біреулермен сөйлескісі келеді. Біреулері біреулермен сырласқысы келеді. Біреулері қитұрқы сөзді құтыртып, біреулермен ырғасқысы келеді…
СОҢҒЫ ЕМ мен СОҢҒЫ ДЕМ
Дәрінің қымбаттап кеткені сондай – бақи дүниеге кетер алдында өмір бойы жиған-тергеніңді соңғы бақыр тиынына дейін еміңе жұмсап, артыңа қайырылмастан кетесің…
Ерғали АБДУЛЛА,
Арал қаласы
Фото: ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!