Ерғали АБДУЛЛА
Айтуға ғана жақсы
Ауыз толтырып айтуға, мың құбылтып мақтауға ғана лайық жақсы адамдар болады. Ал олармен кездескеннен кейін, жүз көріскеннен кейін, аз-кем таныс-біліс болғаннан кейін, асылы, әлгі жақсылармен қатар жүруді маңдайыма жазбай-ақ қойсын дегің келеді…
Сезім сырлары
Жас кезіңде сұлу көрсең, сезімің бал-шырын татиды. Жас келгенде сұлу көрсең, сезімің татып кеткен қымыздай кермек тартады.
Аяр тілек
Жалақ-жалақ етіп іші-бауырыңа кіріп айтқан тілегінің ыстықтығы сондай – ұятыңның талшықтарын күйдіріп-күйдіріп тастайды.
Мойындау
Әр туған күнімде құттықтауларды естіген сайын, қатты қысылып қара терге түсемін. «Осы жылы не бітірдім?» деген жалғыз сұрақ ойымды әрқашан тұйыққа тіреп тастайды.
Орындарын қара
Жұрттың ұрылары түңіліп түрмеде отыр. Біздің ұрылар жалпиып желкемізде отыр.
Тәрк
Білімі қораш, топастанған қауым – білімді білім министрін керек етпейді.
Жұттың себебі
Жұтқындар ақыры жұтты келтіріп тынды.
Қонақ
«Адам – өмірге қонақ» дегенді өзінше түсінген кейбіреулер жарық дүниеде тек қана ішіп-жеп қарнын тойдырып кету үшін ғана жүреді.
Ұятқа қатысты жай
«Ұялмағаннан ұялма» деген сөздің өмірде аса қажетті болатын сәттері тым-тым жиілеп барады.
Қос дидар
Күндіз жаныңда күн дидарлы боп жарқырап көрінетіндердің, түнде тасада жын дидарлыға айналатыны бар…
Бас-аяғы
Мансабын шікірейіп бастап, сүмірейіп аяқтады.
Тісқақты пысықай
Келген бастықтың алдынан жүгіріп үйренген, кеткен бастықтың артынан түкіріп үйренген.
Лепсіз өлең
Сөз бар, ырғақ бар, ұйқас бар, мөлдіреген шумақтар бар, бірақ жанға дем берер жаңа леп жоқ.
Арамза саясат
«Саясатқа жолама» деген саясаттың түбінде ең үлкен арамза саясат бұғып жатыр.
Түптер көрінгенде
Өзен-көлдердің суын тауысып құртып, түбіне жеттік. Тегі жақсы-жайсаңдардың да етегінен тартып, еңсесін түсіріп, түбіне жеттік. Қазына байлығымызды да тонап, сарқыт та қалдырмай сарқып, түбіне жеттік. Осы түбіне жетулеріміз – өзіміздің түбімізге жетпесе не істесін!
Аяқтың артықшылығы
Төрт аяқтылар төрге шығып кетіпті. Екі аяқтылар есіктің сыртында қалды.
«Атақты»
Жазған шығармасынан алған атағы көп.
Арал қаласы
(Соңы. Басы өткен сандарда.)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!