Елімізде мешіт пен мектепті бір-біріне қарсы қоюшылық тоқтамай тұр. Бүгін біреулер Фейсбукте «Бізге мешіттер емес, мектеп және білім ошақтарын көбейтуіміз керек! Діннің жемісін Сирия, Ливия араб елдері залалын көріп отыр…» депті.
Сөйтіп әдейі облыс орталықтары мен ірі қалалардағы мешіттердің санын тізбелеп жазып шығыпты. Сонда бәрінің жалпы саны 327 болыпты. Ең көбі 105 мешіт – Шымкент қаласында болса, Ақтауда – 2, Оралда – 3, Қостанайда – 3, Өскемен мен Петропавлда 5-тен мешіт бар көрінеді. Сонда осы қалалардағы мешіт саны көп болып кетіп пе? Әлде еврей синагогасын, христиан шіркеулерін қалдырып, мешіттерді түгел жабуды қалай ма? Әр мешітке әрі кеткенде 150-200 адам сияды. 500 адамдық мешіттер саусақпен санарлық.
Сонда әлгіндей шолақ пікірлер шынымен шолақ белсенділерден шыға ма әлде белгілі бір ұйымдардың «нысаналы» жұмысынан туындай ма? Бұл «данышпандар» кімнің сойылын соғып жүр? Ауық-ауық, бірақ тұрақты түрде көрініс беретініне қарағанда мұндай пікірлер білместіктен емес, мешіттерді мектептерге қарсы қоюға ұмтылған мүдделі ұйымдардың ұстанымынан бастау алатыны анық. Олар Исламды қалайда күстаналауды, жұртты мұсылманшылықтан бездіруді, халықтың мешітке ықыласын жоюды көздейді.
Әйтпесе бүгінгі таңда өркениетті елдерде мектеп пен мешіт мәңгі қосылмайтын параллель сызықтар сияқты ғой. Мектеп білім берсе, мешіт рухани тәрбие береді. Ислам – бұл ең алдымен көркем мінез. Мектепті мемлекет салдырса, мешітті жеке адамдар немесе діни қоғамдар өзінің жеке қаржысына салдыртады. Әр жұмада намазға орташа есеппен 200 адам барады десек, Қазақстандағы 2610 мешіттің сыйымдылығы 600 мыңға жетер жетпес қана. Қазақстанда 8 мыңнан астам мектепте 3 млн-нан астам бала оқиды. Мешіттерде 3 мыңдай дін маманы істесе, 8 мыңнан астам мектепте 1 млн-дай мұғалім ұстаздық етеді. Қарасаңыздаршы, осындай айырмашылықта мешіт пен мектепті салыстыруға бола ма?
Килограмм мен метрді салыстырғысы келетін міскіндер «Діннің жемісін Сирия, Ливия араб елдері залалын көріп отыр…» деп лағады. Оу, шырағым, Сирия мен Либия зұлматты діннен емес мұсылманшылыққа жау христиан елдерінен көріп отырған жоқ па? Триполидегі өртенген мешіт қабырғасынан орыс тілінде «Я вижу мечети на русской земле, а лучше бы видел их в адском огне» деген жазу табылған. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне өткізілген баяндамалардың бірінде Либияда орыстардың «ЧВК Вагнера» деген жекеменшік әскери компаниясының 1200-дей жауынгері соғысып жүргені айтылған. Мешітті жарып, әлгіндей автограф қалдырған солар ғой. Сонда не, Қазақстандағы мешіттерді әлгілер құсап жарып жібергілерің келе ме?
17 млн халқы бар Сирияда 2014 жылы 3 мыңдай мешіт болған (оның көбі ауылдық жерлерде 50-60 адамдық мешіттер). Сирияның Ресейдегі елшісі Риад Хаддадтың айтуынша, қарулы қақтығыстар мен бомбалау кезінде 1900 мешіт пен 1600 мектеп қиратылған. Оны қиратқан ең алдымен сол христиан елдерінің әскері ғой!
Иә, мектеп пен білім ошақтарының көбейгеніне ешкім қарсы емес. Көбейсін! Қолдаймыз! Бірақ мешітке неге мылтықтың қарауылынан қарайсыздар?! Мешіт жоқ жерде білім өркендеп кетсе құдайсыз Совет Одағы артта қалып, неге тарады? Жан басына шаққанда арақ ішуден әлемде бірінші орынға шығып, маскүнем елге айналғанымыз сол мешіттің кемдігінен екендігін қалай ұмыттыңыздар?
Сондықтан, айналайындар, мешітке тиісуден бұрын пиғылдарыңды түзеп алыңдар!
Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев),
жазушы–публицист.
Facebook-тегі парақшасынан алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!