Бүгiн де арбатқа қарай аяңдап келемiн. Қайыршы қыз қасыма үнсіз келіп, алақанын жайды. Соңғы жүз теңгемдi оның алақанына салдым. Ендi үйге дейін бір шақырым жерді жаяу жүріп барамын. Құлағыма скрипкадан шыққан мұңлы ән шалынды. Қайыршы қыз да скрипка даусы шыққан жаққа мойнын созып, мұңайып қарап қалыпты. Жас жiгiттiң барлық ынтасы күй тартуға ауған. Қандай мұңлы күй едi?!
Адамдар тамаша скрипкашы жiгiтке тиын-тебен бермеудi өздерiне ұят санайтын секiлдi. Қалтамда көк тиын жоқ. Оны да, менi де өзiне тәуелдi еткен картон қағаздан жасалған кішкентай жәшiктегi тиындарға жиiркене қарап тұрдым…
Өзiме бiреудiң мүсiркей қарағанын жек көрем. Өзiм де ешкiмдi мүсiркегiм келмейдi. Солай бола тұра өз ерiк-санамнан тыс бетi-аузы күйiп қалған, мұрнының жартысы жоқ, ернi жырық, кескiнiне адам қарауға қорқатын қайыршы қызды қатты аяймын. Қыз «көмектесiңiздершi» деп бiр ауыз сөз айтпайды. Алақанын үнсiз жайып, адамдарға жақындайды. Байғұс қыздың күйiп кеткен бетiнен қорқа ма, оған адамдар садақасын терiс қарап тұрып бередi.
***
– Ол сiзге ұнай ма?
Қайыршы қыздың сыбырлай шыққан даусынан шошып кеттiм.
– Сiз оны жақсы көресiз ғой?..
– Мен оны көргенде дүние есігін ашқалы ақшаға тәуелді болып келе жатқан өзімді ойлаймын.
– Мені көргенде не ойлайсыз?
– Білмеймін… Ештеңе…
– Өтірік айтасыз. Сіз скрипкашы жігітке сүйсініп қарайсыз, ал маған… Маған…
Сөйлей алмай булығып қалды.
– Ол талантты. Маған оның скрипкада ойнауы ұнайды.
– Неге қорқасыз? Тіленшіге ғашық болудан ұяласыз ба? Әлде қайыршыда сезім жоқ деп ойлайсыз ба?
– …
– Ол да адам ғой.
– Иә, адам.
– Сұлу жiгiт.
– Әдемi және өте талантты.
– Қайыршы бола тұра ол да мені аяйды.
Жылап жіберді. Жұбатпадым.
– Айтыңызшы, егер мен де талантты болсам, адамдар мені де жақсы көрер ме еді?
– Иә…
Басқа аузыма сөз түспеді.
– Мен сенi жек көрем. Сенiң анау сұлу дуана жiгiтiңдi де, маскүнем әкемдi де, миғұла шешемдi де, санасыз әпкемдi де бәріңді, бәріңді жек көрем. Бәрiңдi, естисiң бе, бәрiңдi жек көрем.
Арбатта байғұс қызды сыртынан күзетiп, балмұздақ жеп отырған анасы мен әпкесi маған жек көре қарап, «кет!» деп жекірді.
Скрипкашы жiгiт тартып жатқан күйiн кiлт үзiп, бiзге таңырқай қарап қалыпты.
***
…Скрипкашының скрипкасынан төгілген мұңлы әуен тас қаланы тастап, мәңгілік құшағына сіңіп кеткен. Арбаттағы етжеңді қайыршы әйел жымсық көздерін сығырайтып, миығынан жымиды. Жамау түскен көйлек киген бейшара әйелдің ұлы мақсаты бар менің шарасыз күйімді келеке еткенін жаратпадым. Ызаланып, садақамды екі қолы шынтағынан кесілген мұжықтың мойнына ілген көк қорапқа тастадым.
Тиынмен соғылған тиын сыңғыр еткенде орыс шал:
– Сізді Құдай аясын! Жан өлген, сенбейсіз бе? – деп қызарған мұрнын иығына сүрткіледі. – Сол күні шарапты мас болғанша сімірдім.
Қара әйел: – Жанның мұңын жеткізетін әуен енді ешқашан арбатта естілмейді, – деп күрсінді.
– Сіз, шынымен білмейсіз бе, ол Италияда өтетін скрипкашылардың халықаралық байқауына кеткен, – дедім.
Даусымның соншалықты сенімді шыққанына таңғалдым.
– Байқауы несі? Ақылыңнан алжасқан шығарсың, байғұс, өлген адамға байқау неге керек? – деп қара әйел бетіме мүсіркей қарады.
***
«Қиялмен өмір сүру қас қағым сәт, көрген түстей болса да, ғарышқа ұша алатын қанат бітіреді. Қиялдағы ертегі әлем ғана ғажайып өмірдің қақпасын ашады. Егер тірі жүргенім түс болмаса, құр сүлдерімді бір күннен екінші күнге сүйреп жүрген екінші өмірім – санадан тыс қиялдағы тіршілігім. Жүрегім қайыршы скрипкашы тартатын мұңлы әуенді іздегеннен бастап ақынның образын жасап алған шайырдың шимай-шатпағын оқымайтын болғам».
«Мен» ішкі даусын өзі ғана естіп, қорқынышты ойдан селк етті.
***
Скрипкашының жоқтығы жанына қатты батты ма, қайыршы қыз нан сұрап жейтін мекенін өзгерткен. Ал мен жұмыс уақыты бітер-бітпес скрипкашымен кездесетіндей асығып, арбатқа жүгірем.
Соңғы уақытта жол асты көпірінің кіре берісінде қызылды-жасылды киінген орыс жастары скрипка тартып, өткен-кеткеннің назарын аудара бастады.
Сұлу бойжеткен мен жанарында ой жоқ жігіттің алдындағы картон қағаздан жасалған жәшікке ұсақ тиын тастап: – Жүрегін мұң басқан скрипкашы тартқан аспаптан тек қана мұңлы әуен естілетін, – дедім.
Олар үн қатпастан «Ай сонатасын» ойнады.
– Бетховен өзі жазған музыкаларды жүрегімен естіген. Көзі көргенмен – керең, құлағы естігенмен – соқыр қоғам дарындылардың үнін жүрегімен ести алмайды. Скрипканы шебер тарта алмау – ұят емес. Өнерге сатқындық жасау мен дарынсыздығыңды өлермендікпен бүркемелеу жиіркенішті, – дедім.
Қазанбас қабағын түйіп:
– Сен кімсің? Музыкантсың ба, әлде өнертанушысың ба? Сенің мылжың сөзіңді тыңдауға уақытымыз жоқ. Жолыңнан қалмағаның дұрыс, сұлуым, – деп кекете күлді.
***
Құлағы естігенмен, көзі көргенмен, нота жаттауды білгенмен, ешқашан музыканы жүрегімен сезінбейтін оны «Мендігім» мүсіркеген.
***
Күн бесіннен түскенде оны іздеп тағы да «Жібек жолына» қарай қадам бастым. Бұл жолы жалғыз емеспін, қасымда Қарашаш бар.
– Қарашаш, мен қуанышымды ұрлатып алсам да шын жылай алмаймын.
– Себебі, қуаныштың астарында мұң жасырынып жататынын білесің.
– Жүректегі мұңымды көз жасым да жуып кетіре алмайды.
– Адамдардың қуанышы бір-біріне ұқсағанымен, мұңы ұқсамайды. Сенің шынайылығыңнан қорқам, – деді ол.
Субұрқақты тамашалап тұрған ұзын бойлы, ат жақты, аққұба жігіт:
– Көзқарасыңыз қызық екен, – деп күлімсіреп қасымызға келді.
Жігіттің құлағына көзім түскенде, бойымды үрей биледі. Жігіттің екі құлағы да жоқ еді. Ол тіпті кемшілігін шашымен де жасырмапты.
Бейтаныс жігіт бетіме күлімсірей қарап: – Сіз әлдебіреуді іздеп мұңаясыз,– деді.
(Бейтаныстың жанары сондай мұңлы еді. Оның мұңын бетперде киген «Мен» сезінбеген)
– Сіздің суретіңізді салғым келеді.
(…Сұлулыққа оранып дараланған скрипкашыны іздеген «Мен» оның сөзін құлағына ілмеді).
– Құрбыңыз Қарашаш екеуіңізді балетке шақырсам, келер ме едіңіз? – деп бетіме сұраулы жүзбен қарады.
– Балетті ешқашан өнер деп санаған емеспін.
***
…Суретшінің қасында «Меннің» балет өнері туралы түсінігі тым-тым қарабайыр. Өнер туралы пайымы өзін мәдениетті етіп көрсету үшін Опера және балет театрының есігін ашатын шен-шекпенділермен деңгейлес еді. Соңғы ақшасында балетке жұмсайтын ол суретшімен театрға баруды намыс көрген.
***
Бір жеті өткен соң Суретшімен Опера және балет театрының алдында кездесіп қалдым.
– Осы маңда бір шаруам бар еді, – деп езу тартқан ол.
Оны көзіммен шығарып салып, «Ұйқыдағы аруға» екі билет сатып алдым. Сенбі күні театр алдында Қарашашты күтіп тұрғанымда, қыпша бел бойжеткеннің нәзік қолын аялай ұстаған суретші басын изеп, қасымнан үнсіз өте шықты.
Қарашаш: – «Ұйқыдағы арумен» бірге суретшінің құрбысы да ұйықтап жатыр, – деп бүйірімнен түртті.
Суретшінің иығына басын сүйеп, пісте мұрны пысылдап, әдемі бикеш тәтті ұйқыға батыпты.
(…«Мен» екі құлағы жоқ суретшіні өзінен әлдеқайда сұлу қыздан қызғанып қалған. «Ұйқыдағы арумен» бірге ұйықтаған бойжеткеннің әдемі пісте мұрнына бекзат өнер – балеттің ғана емес, сурет өнерінің де иісі бармайтынын бағамдаған).
– Екі құлағы жоқ суретшімен «ұйқы періштесінің» театрға келгеніне таңым бар, – дедім.
– Оның екі құлағы жоқ па? – деп таңғалды Қарашаш.
Қарашаш бетінің жартысын жауып тұратын үлкен көзілдірігін түзеп, суретшіге тесіле қарады.
– Шынымен, екі құлағы да жоқ. Ол, сөз жоқ, өте талантты.
Қарашаштың танымында шын дарын иесі қасірет шегуі тиіс.
– Ол саған ұнай ма? – дедім. – Онда келесі жолы суретшінің театрға шақырған ұсынысын қабыл алайық.
– Сүйген қызы бар емес пе? Тек сен ғашық екен деп ойлап қалма! Дарынды қылқалам шеберінің шеберханасындағы картиналарды көргім келеді, – деп өзіне тән ұяңдықпен жымиды.
– Ұйқыдағы ару екеуінің арасында ешқандай да сезім жоқ, – дедім мен.
Спектакль аяқталғанша, Қарашаш суретші жаққа жиі көз тастап, мазасызданып кетті.
***
Бір ай өтті. Опера және балет театрында жылдар бойы жүрсе де, көруге сәті түспеген «Аққулар көліне» таныс салып, екі билет алдық. Ложада суретші бізбен қатар отырды. Ол тіпті Қарашаш екеумізбен бас изесіп, амандаспады. Шашын иығына дейін өсіріпті. Суретшімен иық тіресе отырған кәрі қыз еркелеп, суретшінің сирек шашын иіскеп қояды.
– Ол жоқ құлақтарын ғана жасырмапты, шынайы болмысынан да алыстапты, – дедім.
Қарашаш сөзімді естімегендей, сахна шымылдығынан көз алмай, жанарын бір нүктеге қадап отыра берді.
***
Қарашаш жексенбі күні маған ермей үйде қалды.
– Несіне барам? – деді. – Кімді іздеп барам? Оны шынымен сүйсең, оның скрипкасынан төгілген әуенді үйде отырып та, ауылда жүріп те ести аласың. Ол әлдеқашан аруаққа айналған. Оны бүгін өзі бір тілім нан сұрап жеген субұрқақтың қасына жерлеп кел. Әйтпесе, өз «Мендігіңнің» құрбанына айналасың, – деді зілді үнмен.
– Скрипкашыны ұмыта алмай жүрсем, ол менің «Мендігімді» жерлеп кеткен.
– Ол қайыршы неме аш қарнын тойдырудан басқа ештеңе ойлаған жоқ.
– Ол мені қиялында сүйді.
Сіркесі су көтермей отырған Қарашашпен сөз таластырғым келмей, өзіме таныс жолды бетке алдым. Қара әйел мен орыс шалын алаламай, екеуіне де садақа тастадым.
– Құдай кешірсін, ораза ұстап жүріп, көңілі жарым кемпірдің талай жылдан бері сақтаған жүзім шарабынан бір стақан іштім, – деді әйел. – Құдай кешірсін, Жанға күн сайын садақа беретініңді қызғанушы едім. Құдай тілеуіңді берсін, сол қайыр-садақаңды күн сайын маған беріп тұршы. Бұл пақырға жаның ашымай-ақ қойсын, оны орыстары жарылқап жатыр.
– Домбыраны сабалап, қазақтың әнін бұзып айтпаңыз, әйтпесе, алақаныңызды жай ғана жайып отырыңыз.
Жүзі сұрланған әйел: – Пәтшаһар, садақаңды сұлу қайыршы жігітті аяп емес, ғашық болып бергеніңді білеміз ғой, – деп ызалы мырс етті. – Шешеңдей адамға ақыл үйретпей, аулақ жүр, тәрбиесіз.
Көзімнен жас ыршып кетті.
– Бақытсыз сорлы ұйықтап жатып оянбай қалса, не шара? – деп күрсінді әйел.
– Сеніңіз, сіз онымен арғы дүниеде кездесесіз, – деді орыс шал.
– Сорлы, о дүниенің барын көріп-біліп келгендей сөйлейсің ғой. Оданда «осы дүниеде бақытты бол» деп тілесеңші, – деп оған дүрсе қойды қара әйел.
«Ораза ұстасаңыз, онда неге о дүниенің барына сенбейсіз?», – деп сұрауға оқталдым да, олардың сөзін ары қарай естігім келмей теріс бұрылдым.
«Мендігімнің» мәңгілік дүниенің емес, жалған өмірдің бақыты үшін күресіп жүргенін сезініп, жылағым келді…
Аягүл МАНТАЕВА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!