Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мектепке Ақтан батырдың есімі берілсе…

04.04.2023, 18:40 503

HALYQLINE.KZ

Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаевтың

Қазақстан Республикасы

Парламенті Сенатының депутаты Р.Рүстемовтің

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары

М.Ергешбаев пен М.Жайымбетовтің

Қазалы ауданының әкімі М.Оразбаевтың назарына

Халқымыздың даңқты перзенті, әулие әрі батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлының сенімді серігі болып, «Ақша бұлтты Ақтан» атанған Ақтан Ақайұлы бабамыздың есімі ел арасында кеңінен мәлім. Ақтан батыр туралы қарымды қаламгерлер жазған кітап, баяндама, түрлі басылым беттерінде жарияланған мақалалар, ел ауызында айтылып жүрген құнды деректер аз емес.

Қазалы аудандық Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінің директоры Р.Асанова мен ғылыми қызметкері А.Бердібайдың Шалқар қаласында ұйымдастырылған республикалық конференцияда жасаған баяндамасында «Ақтан батыр 1770 жылы қазіргі Қазалы ауданының Арықбалық ауылдық аймағына қарасты Тілесарық бойындағы Түлкі қашқан деген жерде туып, 1854 жылы 84 жасында қайтыс болған. Бейіті Ақтөбе облысындағы Бершүгір бекетінен батысқа қарай 30-35 шақырым шамасында Мұғалджар тауының баурайында, Тебенсай алқабында.

1842 жылдың күзінде екі мың жасағымен уәделі күннен ерте келген Ақтан батыр Жанқожаны күтпестен жауға тұтқиылдан шабуыл жасайды. «Ақпандап» шапқанда ашық күнде төбесінде бұлт пайда болып, найзағай шатырлап, нөсер жаңбыр құйып, алай-дүлей дауыл тұрады. Дауыл мен нөсерден Бабажан сарттың жасағының зеңбірек шақпақтары тұтанбай, білте мылтықтары атылмай қатты сасады. Сол сапарда Жанқожа батырдың жасағымен бірлесіп қамалды алады. Бабажанды азаптап өлтіріп, баласы Майқарабекті тұтқындайды. Ертеңіне жеткен Жанқожа Ақтан батырмен бірге Хиуа әскерлерлерінің қалғанын қырып, қашқандарын Қуаңнан асыра қуады.

Ресейдің отаршылдық саясатына бағытталған көтерілістің басшысы болған, әділеттің ақ жолын ұстауды мұрат еткен әруақты әулие батыр Жанқожа Нұрмұхаммедұлының досы, үзеңгілес жолдасы, қарулас сенімді серігі, бас батыры, батырлығы да, әулиелігі де бір-бірін толықтырып тұратын Ақтан Ақайұлы да Жанқожамен бірге көтерілістің бел ортасында болған.

Созақ қамалын, Қожанияз бекінісін аларда, Ақсуат шайқасында Ақтан батыр ерекше ерлік көрсеткен. Көнекөз қариялардың әңгімелері мен жыр-дастандарында жауға шапқанда үстінде бұлт ойнап шыға келетін болған. Одан соң нөсер жауып, сұрапыл дауыл болатын, ел аузында күні бүгінге дейін «Ақтанның бұлты» аңыз әңгімеге айналған.

Жанқожа батыр ел басына қиыншылық келіп, халқы ақырет азар көргенде амалсыздан атқа қонып, жауға шабар күн туғанда алғашқылардың бірі етіп Ақтанға хабар жібереді екен. Ақтан батыр келісімен Жанқожа:

– Ақтан келді қасыма,

Ақ күн туды басыма, – дейді екен. Сөйтіп, жауына аттана беретін болған. (Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 1.«Қаракесек Ақай ұлы Ақтан батыр» / Шамша Айтуғанов., Мақалалар жинағы. Кентау қалалық баспахана, 1997 жыл. 2. Ақтан батыр / құраст. Ш. Айтуғанов, Т. Мәшенбаев – Алматы, 2015. – 312 б. 3. Ақша бұлтты Ақтан батыр / құраст.: Т. Машенбаев, Ш. Айтуғанов. Алматы: Қазақ университеті, 2010. – 288 б. 4. «Үмітті Арал» газеті, №19 (175) Сенбі 9 қазан 2010 жыл. 5. «Тамыры терең, тарихы кенен – Қазалы». Жинақ. Алматы, «Шапағат-Нұр» 2011 ж. –350 бет. 6. М.Кереев «Құнды кітап қолымызда». «Сыр бойы»газеті, №124 (14707) 15 қазан, 1992 жыл. 7. Ә.Оспанов «Жанқожа батыр». Алматы «Ғылым» баспасы, 1992 жыл 8. У.Шаленкенов, М.Шалекенов «Жанқожа батыр». «Зерде» ғылыми-көпшілік журнал, №8 (392) тамыз, 1992 жыл. 9. М.Қаназ «Бабажан қырғыны». «Сыр бойы» газеті, №171-172, 16 қараша, 2013 жыл. 10. Жанқожа Нұрмұхаммедұлы. Зерттеулер мен мақалалар./ Құрастырған.: М.Қаназ. -2014. -572 б.)», – деп айтылады.

Қазалы ауданында Ақтан Ақайұлының есімімен аталатын елді мекен, кесене, облыс көлемінде, еліміздің түкпір-түкпірінде көше, нысандар бар.

Десе де, «Батыр бейнесі адамзат үшін өмірдегі ұлылыққа, шындыққа және адамгершілікке деген биік сенімді орнықтырады» деген қанатты сөзді ескеріп, төмендегі ұсынысымды білдіремін:

1. Ақтан Ақайұлы батырдың есімі «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізілсе екен.

2. Жанқожа батыр ауылындағы №94 мектепке Ақтан Ақайұлы есімі берілсе, осынау игі қадам жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен туған жерге деген құрметтің жоғары көрінісі болары, тірлігінде бірінен-бірі ірге ажыратпаған қос әулие мәңгілік дүниеде де бірге жүргендей сезілер еді. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарына, өскелең буынға, мектеп оқушыларына адалдықтың, өрліктің, ерліктің биік үлгісін нұсқары даусыз.

3. Ақтан Ақайұлының есімі мектеп оқулығына енгізілсе, бабаның ерлікке толы ғұмыры республика жұртшылығына мұнан да терең насихатталары хақ.

«Ерлік мәңгі ұмытылмайды» деп бекер айтылмаса керек.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданының  құрметті  азаматы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: