Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Масс-медиа туралы» Заң: БАҚ мамандары не дейді?

27.06.2024, 11:20 141

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттің мүдделерін, қоғамның сұраныстарын және медиа саласының даму үрдістерін ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды қайта қарау туралы берген тапсырмасын орындау мақсатында  сол уақыттан бері жаңа «Масс-медиа туралы» Заңның мәтіні қаралып, барша БАҚ өкілдері арасында пікірталастар жүргізіліп, мәжілістің отырыстарында толықтырылды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрді Аида Балаева өткен жылдың соңында мәжілісте осы заң жобасын қорғады. Ол жерде барлық депутат пен сала мамандары бір ауыздан оң қорытынды беріп, одан кейінгі қадамдарға баруға болатынын жеткізді. Десе де, сол сәтте қоғамда түрлі сын-пікірлер болып жатты. Құқықтық актілердің қоғамға да, салаға да пайдалы болуын көздейтіндер әлі де өзгеріс керек екенін жеткізді. Кейін заң жобасын әзірлеуге қатысқан тәуелсіз сарапшылар сауалдарға жауап беріп, құжаттың қабылдануын қолдады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өткен аптада «Масс-медиа туралы» Заңға қол қойып, көптен бері көкейде жүрген дүние іске асты. Жаңа Заңға «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңдардың негізгі ережелері енді. Аталған заңдар алдағы уақытта күшін жояды. Бірақ қабылданған жаңа заң жобасы сала мамандарының  пікірін  туындатты.

Бұл заңның негізгі мақсаты – ақпараттың шынайылығын қамтамасыз ету, журналис­тердің құқықтарын қорғау және әлеуметтік желілердегі контентті реттеу. Алайда, қоғам мен журналистер арасында бұл заңға деген көзқарас  әртүрлі.

Жаңа заңның аясында масс-медиа саласында бірқатар маңызды жаңарулар енгізілді. Ең бастысы, әлеуметтік желілер мен мессенд­жерлердегі контентті бақылау және реттеу қатаңдатылды. Бұрынғы заңда бұл мәселе мүлдем қарастырылмаған болатын. Енді, әлеуметтік желі операторлары мен мессенджерлер өз платформаларында таралатын ақпараттың шынайылығын қадағалауға міндетті. Бұл жаңарулар қоғамды жалған ақпараттан қорғау­ға  және  тұрақтылықты  сақтауға  бағытталған.

Сонымен қатар, журналистердің ақпарат жинау және тарату құқықтары кеңейтілді. Олардың ақпарат көздерін қорғау міндеттемесі нақты анықталды, ал кәсіби этика мен адалдық қағидаларына ерекше назар аударылды. Бұл жаңарулар журналистердің жұмысының сапасын арттырып, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.

Анығын айтсақ, жаңа заң қоғамда да, сала мамандары арасында да түрлі пікір тудырды. Бірқатар азамат пен сарапшылар заңды қолдап, оның медиа саласының дамуына оң әсер ететінін атап өтті. Олар бұл заңның ақпараттың шынайылығын қамтамасыз етуге, журналистердің құқықтарын қорғауға және әлеуметтік желілердегі контентті реттеуге бағытталғанын  оң  бағалады.

Алайда, заңның кейбір нормалары сынға ұшырады. Әсіресе, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі контентті бақылау талаптары сөз бостандығына шектеу қою деп қабыл­данды. Бұл норма демократиялық қағидаларға қайшы келеді деген пікірлер де барын жасырмаған жөн. Қоғамдағы бұл көзқарастар заңның кейбір нормаларын қайта қарастыру қажеттігін  көрсетеді.

Жалпы, журналистер жаңа заң аясында өз қызметін адалдық пен жауапкершілік қағидаларына сүйене отырып атқаруға міндетті. Ақпараттың шынайылығын қамтамасыз ету, жалған ақпаратты таратпау және ақпарат көздерін қорғау журналистердің басты міндеттеріне айналды. Бұл талаптар журналистердің жұмысының сапасын арттырып, олардың қоғам  алдындағы  беделін  нығайтады.

Сонымен қатар, журналистер өздерінің кәсіби құқықтарын қорғау үшін белсенді әрекет етуде. Олар өз қызметін заңға сәйкес жүргізіп, ақпараттың шынайылығын қамтамасыз етуге ұмтылуда. Журналистердің адалдық пен жауапкершілік қағидаларына сүйене отырып жұмыс істеуі қоғамның оларға деген сенімін арттырады.

Шерхан Мұртаза ақпарат саласы өкілдерін «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп суреттеп кеткен. Өз міндеттерін адал атқарып, елдің жайын өз қара басынан артық қойған қаламгер қауым қашанда өз «жыртығынан» бұрын, біреудің «жыртығын» жамауға күш сала­ды.  Оның бұл әрекеті олардың кәсіби беде­лін арттырып, қоғам алдындағы жауапкершілігін  күшейтеді.

Журналистердің жұмысы мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтады. Олар қоғамдағы маңызды мәселелерді көтеріп, шешім табуға ықпал етеді. Ақпарат саласы мамандарының адал қызметі қоғамның дамуы­на оң ықпалын тигізері сөзсіз. Осы тұрғыда «Масс-медиа туралы» жаңа Заң Қазақстанның медиа саласын жаңа деңгейге көтеруде үлкен құзырет беретініне сенім білдірейік. Заңның нормалары ақпараттың шынайылығын қамтамасыз етуге, журналистердің құқықтарын қорғауға және әлеуметтік желілердегі контентті реттеуге бағытталса да, кейбір нормалары сынға алынып, оларды қайта қарастыру қажеттігі де  байқалады.

Сарапшылар мен журналистердің пікірлерін ескере отырып, заңның тиімді іске асырылуы маңызды. Жуыр­да  aqorda.kz заңнамадағы өзгерістер мен толықтырулар бойынша нақты тезис  ұсынып,  құқықтық норма бойынша базалық ақпартты әлеуметтер жілелерге жариялады. Егер ҚР «Масс-медиа туралы» Заңының мәтінімен толық таныс­пасаңыз, мына өзгерістерді шолып  шыққаныңыз  жөн:

* Мемлекеттік ақпараттық саясат жүзеге асырылатын Бірыңғай медиа платформа құру көзделген. Оның ішінде мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына гранттар беру, аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі арқылы (аккредитация карталарын берудің авто­маттандырылған процесі) журналистерді мемлекеттік органдар мен ұйым­дарға тіркеу және басқа да міндеттер қарастырылған.

* Журналистер үшін қосымша құқықтық кепілдіктер белгіленген. «Журналистің ерекше мәртебесі» деген ұғым енгізілді. Яғни, журналистің құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын, олардың ақпарат іздеу, сұрату, алу және тарату кезіндегі, сондай-ақ «Масс-медиа туралы» Заңда белгіленген өзге де ерекше құқықтарын журналист  мәртебесі  деп  түсіну  керек.

* Шындыққа сәйкес келмейтін және азаматтардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді теріске шығару туралы БАҚ-қа талап қою мерзімі бұқаралық ақпарат құралдарында мәліметтер жарияланған күннен бастап 1 жыл  деп  белгіленген.

* Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдіктері  мен олардың  журналистерін  аккредиттеу тәр­тібі  жетілдірілді.

* БАҚ-тың сұратуларын қарау мерзімі 7-ден 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Бұл журналистерге қажетті ақпаратты қысқа мерзімде алуға мүмкіндік береді. Осылайша ақпараттың  өзектілігі  сақталады.

* БАҚ-тың өз қызметін өзі реттеу мақсатында Заңда қоғамдық-кәсіптік кеңестер құру көзделген. Кеңестер рес­пуб­ликалық және өңірлік деңгейлерде құрылуы  мүмкін.

* Бұл кеңестердің негізгі қызметі – Журналистердің әдеп кодексін әзірлеу.

* Гранттық қаржыландыруды енгізу арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктері жетілдірілді.

* Ұлттық теле-радио хабарларын тарату мүддесін қорғау мақсатында мемлекеттік тілдегі отандық теле-­радио бағдарламалардың апта сайынғы көлемі 50 пайыздан 60 пайызға дейін ұлғайтылды (кезең-кезеңмен көшу тәртібі – 5%, яғни 2025 жылдан бастап 55%, 2027 жылдан бастап 60%).

* Отандық теле-радио арналарда шетелдік теле-радио бағдарламаларын ретрансляциялау көлемі 20 пайыздан 10  пайызға  дейін  төмендетілді.

* Өз-өзіне қол жұмсауды насихаттайтын ақпаратты, өзін-өзі өлтірудің жолдары мен оған үндейтін ақпаратты таратуға және (немесе) жариялауға тыйым  салынады.

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында қабылданған заң жобасына байланысты сарапшы, тәуелсіз, ғалым журналистердің пікірін сұрап көрдік.  Оқып  шығыңыз.

Пікір  жинаған

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ.

Коллажды  жасаған  автор.

ЖУРНАЛИСТІҢ  МӘРТЕБЕСІН  КӨТЕРУ  САЛАНЫҢ МӘРТЕБЕСІН  КӨТЕРМЕК

ҚР «Масс-медиа туралы» жаңа Заңды Қазақстан журналистері үлкен үмітпен күтті. Бұған дейінгі  БАҚ туралы Заңда жорналшылардың құқығынан гөрі міндеті зіл батпан еді. Сондай-ақ журналистің ақпарат алу мерзімі, аккредитация мәселесі,  мәліметтерді теріске шығару туралы БАҚ-қа талап қою мерзімінің ұзақтығы, жур­налистің мәртебесі, қауіпсіздік мәселелері журналистерді  алаңдатып  келді.

Ұзақ талқылаулардан соң, Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдарының даму­дың жаңа деңгейіне көтерілуіне, әлемдік масс-медиалар көшіне ілесуіне жол ашады деп күтіп отырған жаңа заңға ел Президентінің қол қоюы – журналис­тер үшін де, халық үшін де үлкен жаңалық.

Жаңа Заң «Масс-медиа» деп аталып, Заңның ішкі мазмұнына сай, заңның қамту  аясы кеңіп,  жаһандық  үдерістер мен жаңа технологиялар ғасырының артар  жүгіне  қарай  реттеліп, анағұрлым  кең  ұғымға ие болды.

Ел ішінде бірыңғай медиа платформа құру, оның ішінде мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына гранттар беру – қазақ журналистикасының қаржылық ахуалына оң әсерін берері анық. Дегенмен, мемлекеттік грантты  алып алып, оны адал өтеу үшін, жалтақтамасақ екен деген де күдік жоқ емес. Әйтсе де күмән – жолға кедергі. Сондықтан жаңа Заңда бекіген бұл құқықты  кеңінен пайдаланып,  тәуелсіз басылымдар біршама жаңаша дамуға бет бұрып, қазақ журналистикасында тың қадамдар жасауы тиіс. Қалай десек те қаржы – күш. Зерттеу, талдау журналистикасын дамытуға сеп болса құба-құп.

Аккредитациялауды автоматтандыру  басылым не журналисті таңдау не алалау­ға  жол  бермейді  деп  сенеміз, әрине.

Осы  уақытқа дейін көп жағдайда журналистердің қауіпсіздігі мен құқық­тары адам құқықтарын қорғаудан алшақтау болғаны жасырын емес. Бұл – әлем бо­йынша  маңызды мәселе. Жаңа «Масс-медиа туралы» Заңдағы «Журналистің ерекше мәртебесі» деген жаңа ұғым көзімізге  оттай басылды.  30 жыл мәртебесіз, қолбаладай жұмсалған журналистердің мәртебесін Заңмен қарастыру – біріншіден, саланың да мәртебесін көтермек, сондай-ақ  әлеуметтік қолдаудан жұрдай, ешуақыт­та Үкіметтен өзі үшін ештеңе сұрамаған, ел ішінің ыстық-суық жағдайларында халықпен бірге болып, қай уақытта да халықтың жоғын іздеген, үнемі жол азабында да, қаламның алдында да арын жаннан жоғары қойған журналис­тер қауымына, қазақстандық жорналшыларға тың серпін, күш-қайрат берері  сөзсіз.

Заңдағы  тағы бір тамаша жаңалық – БАҚ-тың өз қызметін өзі реттеу мақсатында  қоғамдық-кәсіптік кеңестер құру көзделіптті. Кеңестер респуб­ликалық және  өңірлік  деңгейлерде  құрылуы  мүмкін және бұл кеңестердің негіз­гі қызметі – Журналистердің әдеп кодексін әзірлеу екен. Бұл кеңес тек әдеп Кодек­сін ұсынып қана қоймай, Кеңес деген айтына сай, қазақ журналистикасы мәселелерін қарап, әлеуметтік, кәсіби проблемалардың шешіміне жұмыс істейтін  орган  болса  деген  тілек  бар.

Ұлттық теле-радио хабарларын тарату мүддесін қорғау мақсатында мемлекет­тік тілдегі отандық теле-радио бағдарламалардың апта сайынғы көлемі 50 па­йыздан  60  пайызға дейін ұлғайтылды (кезең-кезеңмен көшу тәртібі – 5%, яғни  2025  жылдан  бастап  55%, 2027 жылдан бастап 60%).

Бұл мәселе де қоғам үшін, мемлекетті құрап отырған қазақ халқы үшін өте маңызды. Соны 2027 жылға созбай-ақ, мүмкіндігінше бұл заңның орындалуын жақындата  түскен  абзал  ма  еді  деген  ой.

Отандық теле-радио арналарда шетелдік теле-радио бағдарламаларын ретрансляци­ялау көлемі 20 пайыздан 10 пайызға дейін төмендетілді. Көптен күттік осы бапты. Қисынға салсақ, Тәуелсіз мемлекеттік БАҚ осындай болуы керек. Әйтпесе көре-көзге жас ұрпақ пен орта буын өзге елдің идеялық сеніміне елітіп, патриоттық қасиеттен ажырап бара жатқаны – айтпасқа болмайтын шындық. Кез келген мемлекетке  алыс-жақын көршілердің идеологиясы бізге жат әрі олардың  ақпараттық  басқыншылығы  бізге  қажет  емес.

Тоқсан сөздің тобықтай түйіні, «Масс-медиа туралы» Заң Қазақ масс-медиасы­на жаңа бағыт, жаңа бағдар, ұлттық идеяға серпін беріп, журналистердің жаңаша ойлауына, жаңаша батыл қадамдар жасауына жол ашпақ.

Өз басым әлі  Президент бекіткен жаңа Заңның мәтінімен толық таныс­қаным  жоқ. Негізі журналист ретінде менің басты нысанам – сыни материалдар мен талдау,  зерттеу тақырыптарына еркін бару құқы. Ол  арманымыз «Масс-­медиа  туралы» Заңында қалай көрініс берді, бәрі бір көкейде тұр. Мүмкін заңның әрбір әрпімен  танысып, пікірімізді  тағы  бір  кеңейтіп  жазармыз.

Айткүл  ШАЛҒЫНБАЕВА,

сарапшы журналист, Ақпарат саласының үздігі,

«Qazaqstan» ұлттық арнасы «Күміс жаршы» төсбелгісінің иегері,

Қызылорда қаласы

РЕДАКЦИЯНЫҢ САУАЛЫНА ЖАУАП БЕРУ УАҚЫТЫНЫҢ  ҚЫСҚАРҒАНЫ – ҚУАНТАРЛЫҚ  ЖАҒДАЙ

«Масс-медиа туралы»  Заң  біздің  мамандық  иелерінің  көптен  күткен  құжаты  болды. Өйткені журналистикаға қатысты бұған дейінгі БАҚ және телеви­зия туралы заңдар біраз ескіріп, заман талабына сай келмей қалған бөліктері көп болғандықтан, өзгертулер мен толықтырудан «көз ашпай» қалған еді. Ол құжаттардағы кей ұғымдар тіпті қазір қолданылмайтын да.

Жаңа қабылданған заң бойынша айтарым: жалпы алғанда оң өзгерістер баршылық.  Әсіресе  редакцияның  сауалдарына  жауап  беру мерзімі жеті жұмыс күнінен бес жұмыс күніне қысқарғаны –  қуантарлық жағдай. Алдағы бірнеше жылда оны тіпті 1-3 күнге дейін қысқартуға қол жеткізіп қалармыз. Сонымен қатар жақын күндері әріптестерімді құқықтық тұрғыдан қорғауға бағытталған «журналистің ерекше мәртебесін» енгізудің де игілігін көріп қалатын шығармыз деп үміттенемін.

Ал шынайы өмірде қалай жүзеге асатыны күдік туғызатын, сөз бостандығына көлеңкесін түсіруі мүмкін солқылдақ тұстар қатарына шетел журналистеріне аккредитация беру тәртібінің қатаңдатылғанын және  құзыретті органдардың құндылықтардың бұзылуына қатысты мониторинг жүргізе алуын айтар едім. Дегенмен, бұл баптардың қалай қол­данылатынын қалың көпшілік назарда ұстап тұрғандықтан, аса үлкен проблема бол­майтын шығар деп ойлаймын. Әр кезеңнің жаңа заңы сол қоғамдық қатынастарды зиян­сыз  реттей  алатын  әлеуетке ие болуы тиіс, егер оған сай келмесе, еріксіз  түрде  жетілдіріле  беретіні  анық.

Алма САЙЛАУҚЫЗЫ,

PhD ғылым докторы, журналист,

MNU Халықаралық журналистика мектебінің

Adjunct Assistant профессоры,

Астана қаласы

ЗАҢ  ЖОБАСЫН  ТЕРЕҢІНЕН  ҚАРАП, ТОЛЫҒЫРАҚ  ТАЛҚЫЛАУ  ҚАЖЕТ

«Масс-медиа туралы» заңда ең бірінші атап өтетін нәрсе – тіл мәселесі. Көптен бері теңселіп, 50:50 болып тұрған қазақ тілінің үлесі  60 пайызға көтеріліп жатыр. Осы ең ерекше атап өтетін жайттардың бірі деп ойлаймын. Одан кейін мына әлеуметтік желілерде тыйым салынған контенттер бірден бұғатталатын болады. Оны да жаңа заң жобасының артықшылығы деуге негіз бар. Себебі халықты көбіне өтірік ақпарат таратып, адасушылыққа алып келетін материалдар өте көп. Сондықтан бұл өте уақытылы және өзекті өзгерістердің бірі екенін айтпасқа болмас. Бұдан бөлек өзге тілде ретрансляция жасау, аудару, көрсету деген секілді басқа мемлекеттердің контенттерін де қысқартыпты. Ол да қазақ тілінің үлесін көбейтуге бір септігі тиген жайттардың бірі деп ойлаймын. Журналистердің мәртебесі жайлы ерекше атап өткен жөн. Себебі әлеуметтік мәртебе әлі күнге дейін тәуелсіз БАҚ-та жұмыс істейтін журналистерге толық бекітілмеді. Осы жайтты енгізу керек еді деп ойлаймын. Press card  болмағаннан  кейін тағы да басқа өзге ұсыныстар жасап, енгізуге  болушы еді.

Егер шенеуніктерге немесе құзырлы органдарға сұрақ жолдағанда жауап алу мерзімі 1 аптаға дейін болса, оны  5 күнге  қысқартыпты. Ол да журналистер үшін кішкене болса да жұмысты жеңілдетуге мүмкіндік. Қысқаша айтарым осы. Жалпы, журналистер мәртебесі туралы 1-2 мәселе, шешімдерді нақты қабылдау қажет еді деп ойлаймын. Себебі әлі күнге дейін ол нәрсе ашық шешілген жоқ. Ол сауалды өзім де қойдым. Оған министрлік өкілдері «әлі де қарастырып жатырмыз» деді. Бірақ толыққанды жауап берген жоқ. Негізінен, заң жобасын тереңінен қарап, толығырақ талқылау қажет. Қысқаша – осы.

Сапарғали ҚАНАТ,

Qrnews.kz ақпарат агенттігінің редакторы,

Астана қаласы

САРАПШЫЛАР ЖАҢА ЗАҢДАҒЫ КЕЙ БАПТАР СӨЗ  БОСТАНДЫҒЫН ШЕКТЕЙТІНІН АЙТЫП ЖАТЫР

«Масс-медиа туралы» жаңа заңда талап беру мерзімі қысқарғанын, ақпаратқа сұрау салу уақытының азайғанын білдік. Сондай-ақ, аккредиттеу процесі автоматтандырылып, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс грант негізінде бөлінеді екен, бұл – дұрыс қадам. БАҚ контентіне мониторинг жасау, мемле­кеттік тілдегі контент үлесін арттырады. Сонымен бірге, мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының басым бөлігі де қазақ тіліндегі медиа жобаларды дамыту­ға бағытталған. Дегенмен, сарапшылар жаңа заңдағы кей баптар сөз бостандығына қауіп төндіріп, БАҚ  еркіндігін  бұрынғыдан  бетер шектейтінін де айтып  жатыр.

Бірақ, «Масс-медиа туралы» жаңа заңда кей баптар статус-квоны жақсартуға арналғаны  көрініп  тұр.

Ал жалпы алғанда, кез келген журналист ақпарат майданында жүріп объектив­тілікті ұстану қажет. Яғни, адамдардың жеке өміріне қол сұқпау, эмоцияға берілмеу, қоғамға ұсынатын ақпараттың шынайылығына жауап беру, әріптестерін және сұхбат берушіні құрметтеу, жаңалықты таратудан бұрын жақсылап зерттеу, ең басты­сы, заң шеңберінен аспауды ұстанған журналистің кәсібилігі артады. Маманды­ғына адал журналист қарапайым осы базалық принципті негізге алуы керек!

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

тәуелсіз журналист,

Қызылорда қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: