Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мақсатымыздың бір бөлігі

27.03.2025, 7:40 181

Айжан  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

журналист,

«Халық»  газетінің бұрынғы  тілшісі

Газет шығару қай кезде де бейнеті қалың жұмыс болған. Әсіресе, өзін-өзі қаржыландыратын тәуелсіз басылым­дардың бас ауыртар мәселесі көп. Жақсы жазатын ойы ұшқыр, қаламы жүйрік үш тілшінің өзі жұмысты шырқ үйіріп әкеткенімен, олардың бәрі бірдей газетке  жазылуды ұйымдастыру ісінде әбжіл болмауы  әбден  мүмкін-ақ.

Газет ісінің оттегісі – мемлекеттік тапсырыс, жарнама және жазылым деп қарастырар болсақ, кемі алты айға анық жазылған оқырман болмайынша, арқа-басың босап, бой жазып, еркін дема­луың беймүмкін. Мемлекеттік тапсырыс бәсекелік ортада делік. Оны қоя тұрғанда қай заманнан алпауыт компаниялар қазақ газеттерін жарнама беріп жарылқаған емес. Қоғамда мәжбүрлеу деп қабылданатын жазылу жұмыстары газет тілшісінің жанына аяздай бататыны және бар. Қазір қай газет болсын жазы­лым жұмыстарына барлық маманын  жұмылдырады. Жазғанын  жұрт қалай қабылдап жатқанын білу үшін бұл да керек дүние дегенмен, жастар жағы осы үшін де газетте жұмыс істегісі келмейді. «Мықтымын» дегендерді айтпағанның өзінде, бас редактордың самай шашын ағартып барып жазуы шираған тілші де басқа жұмыстың ыңғайы кеп тұрса, ауысып алуға асығады, сосын тілшілердің тұрақсыздығынан кадр мәселесі туындайды. Бұл бұрыннан бар мәселе және әл-әзір  шешіле  қоюы  неғайбыл.

Республикалық «Халық» газеті осындай мәселелерді ширек ғасыр шеңберінде еңсеріп келе жатыр. Сөз жоқ, ұжымның, бастамашыл азаматтардың идеяға беріктігінің, табандылығы мен талапшылдығының арқасында «Халық» газеті  ширек  ғасыр  бедерінде жанам деген жүрекке от беріп, жастардың шебер­лік  мектебіне  айналып   отыр.

Бүгінде  бүкіл әлем оған қарсы тұрса да, өз ұстанымынан таймайтын ең мықты адам ғана газетте жұмыс істей алады. Өйткені қиындық дегеніміз – біздің мақсатымыздың  бір  бөлігі.

Ертеде бір шеберден шәкірті сұрапты:

– Мақсатымызға жетуге кедергі келтіретін, таңдаған жолы­мыздан тайқып кетуге алып баратын, әлсіздігімізді мәжбүрлі түрде мойындататын қиындық­тар қайдан ғана пайда болады екен? – депті  қамығып.

– Сенің қиындық дегеніңнің өзі, шындығына келгенде, мақсатыңның бір бөлігі. Онымен күресуді доғар. Тек мына жайтты ғана ойлан. Садақпен жебе тартқандай бол. Нысанаң тым алыста, жер бетін таңғы қою тұман  басқаны  сонша сен оны тіпті көріп тұрған жоқсың. Сен тұманмен күресер ме едің? Жоқ, сен жел болып, тұман сейілерін күтесің. Енді көздегенің көрінгенмен жебеңді айдалаға ұшырып әкетіп, қатты жел тұрды делік. Сен желмен күресер ме едің? Жоқ, жай ғана бағытыңды қайта ойланасың да, басқа қырынан келуге әрекет қыласың. Сенің садағың ауыр және қатты. Оның қайыстан керілген адырнасын тартуға тіпті күшің жетпейді. Сен кермемен күресер ме едің? Жоқ, сен күн сайын бұлшықетіңді жаттықтырып, әр тартқан сайын бар күшіңді  саласың.

– Желсіз, шайдай ашық күні адырнасын аңыратып, жылдам және оп-оңай-ақ көздегенін жібермейтін адамдар бар ғой, – деді шәкірт ренжіп. – Неге тек қана менде кедергі болу керек? Мүмкін маған қарсы тұрған әлдебір күш  бар  шығар?!

– Ешқашан басқаларға қарама, – деп күлімсіреді шебер. – Әркімнің өз садағы бар, көзде­гені де әртүрлі және шірей тартуға ыңғайлы өзіндік уақыты болады. Кейбіреу дер кезінде нысана­ға дәл тигізсе, енді бірі атқан оғын айдалаға жібермеудің мүмкіндігін  күтеді.

Ұстаз дауысын бәсеңдетті де, шәкіртіне ойлана қарап былай деді:

– Мен саған тағы бір құпияны айтайын. Жер бетінде саған кедергі болу үшін тұман түспейді. Жел де сенің жебеңді ала қашу үшін ұйытқып соқпайды. Адырнаның қатты болуы да сенің әлсіздігіңді бетіңе басу үшін емес. Бұлардың барлығы да өз-өзінен бола   береді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: