– Менің Бәтөшіммен бірге бітірген Сансызбайдың қызы қазір «горонода» жоғары қызметте отыр. Біздің жүгермек өниверситетті үздік аяқтаса да, екі жылдан соң барып жұмысқа әзер дегенде орналасты, – деді Күлтай әжей көрші кемпірге күйінішін білдіріп.
Манадан бері көлдей ғып мұңын шағып отырған ол Сәнімханның құлағы ауыр еститінін жақсы біледі. Сонда да сыпсың-сыпсың сөйлеп, әңгімені әріректен қозғап, әр істің басын бір шолып өтті. Ал құрбысы бірді айтып екіншісіне көшіп жатқан Күлтайдың күңкіліне ере алмай елеңдеп, ә дегеннен әлек боп, оған қарай жамбастай әлсін-әлсін жылжып қояды.
– Әй, Күлтай қоя қойшы. Менің бар ойым Ақкөжегімде болып отыр, – деді орамалының екі ұшынан иегінің астына түйін қалдырып.
– Оған не бопты?
– Кеше ғана телебизірден «Үйіне табытпен оралған солдат» деген тақырыпта жаңалық естідім. Сонда деймін ғой, ел тыныштығын күзетіп, ішкі тәртібін қадағалайтын орында тәртіптің болмағаны ма?
– Қайдан білейін. Сенің балаң емес ғой, сонша неге таусылып отырсың? Жә, өз-өзіңді қолыңа алып, көз жасыңды құрғат енді.
Ақкөжек дегені кіші баласының үлкен ұлы еді. Әскерде отан алдындағы борышын өтеп жүр. Аман-саулығын осыдан бір ай бұрын айтқан. Одан соң хабар-ошарсыз.
Күлтай терең ойдың жетегіне кетіп, онымен арпалысуда. Оған жағаласқан көршісі әлгі жаңалықтарды көріп алған соң түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмағанын, түн ортасында келініне қиғылықты салып, немересімен хабарласпақ та болғанын жеткізді. Бір кезде айтамын деген сөзін қапелімде ұмытты да қалды. Сәлден соң барып:
– Күлтай-ау, сен нағыз жауыз екенсің ғой. «Сенің балаң емес ғой» дегеніңе жол болсын! Менің жердегі құмырсқаға да зәредей зияным жоқ екенін білесің. «Адам аласы ішінде» деген. Сенімен дұрыстап араласу керек екен, – деді де теріс қарап, бұрқ-бұрқ етіп сөйлеп жатты.
Әуелгіде нілдей бұзылып, «құрысын, сөйлеспесе онан әрмен» дегенімен, өз әңгімесін көршісіне тыңдата алмағанын сезген Күлтай лезде сарымайдай еріп, мақта жіптей жібіп сала берді.
– Сәнімхан, сені кешке үйге шайға шақырамын. Біздің соқыр қатын екі күнге бай-баласын қосақтап алып, буынып-түйініп төркініне кетіп бара жатыр. Оны қойшы, «апа, Сәнім апаның үйінен шай ішерсіз иә? Ертең кешке дейін жетеміз ғой» дейді мені мүсіркеп. Өз шайымды өзім дайындай алмайтындай, түге!
– Өй, сенде түймедейді түйедей етіп. Олай айтса, мені саған серік болсын дегені де. Сен одан да кешке біздің үйге кел. Еркін отырып әңгімелесейік.
– Еркін дейсің бе, қайдағы? Екі немерең-ақ сілемізді тастай қатырады ғой. Дұрысы – біздің үй. Оңаша отырып біразының құлағын шыңылдатып-шуылдатпаймыз ба?
Сәнімхан бұ жолы сөзге тоқтады. Құрбысына қарап, шыбындаған шылбырлы атша басын изеді. Күлтайдың «соқыр қатын» дегені – Әзиза. Баласы Бәтөш үйленген күннің ертесіне-ақ жас келіннің инені сабақтай алмай, уақыт оздырып алғаны бар еді. Соны іліп алса керек, сыртынан осылай деуін тоқтатар емес. Ал, Бәтөштің шын есімі – Бақдәулет. Ол ауылдағы мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Мектеп директорына пәленбай мың ақша беріп, жұмысқа қосылғанын былайғы жұрт жақсы білетіндей. Алақандай ауылда сөз қуалау жағы басым екені рас. Тіпті, тракторшы Байсал ақсақалдың баласы Темірбек те қарауыл боп жұмысқа тұру үшін бұзаулы сиырын қара кеште ауылдың «бас педагогінің» үйіне жетектеп апарғанын көргендер бар. Ешқандай да туыстығы жоқ қос үйдің арасында мұндай алыс-берістің жүрмейтінін ауылдың ес білген кез келген баласы жатқа соғып, дәлелмен айтып бере алады. Тамыр-таныстық пен трайбализмге ғана жеңілдік жасалғандай. Алып шаһардағы үрдіс ұлтарақтай ауылдың сүттей ұюына кедергісін келтіріп жүргелі қашан?!
…Күн ұясын маңайлағаннан бастап Күлтай тыпыршыған аттай тыным таппады. Ауық-ауық Сәнімхан жаққа көз тастап қояды. Пеш ішіндегі шоқты түрте-түрте, үстіндегі шайды қайната-қайната шаршады. Сәл аяқ суытып, бел жазып алмаққа бекініп, бөлме бұрышындағы жинаулы жүкке арқасын беріп, сүйене кетті. Көз шырымын аламын деген ойы жоқ еді. Ұйқының құшағына еніп кете барды. Кенет есіктің сықырлаған дауысы естілді.
– Әй, Күләш тұр! Күләш… Күләш деймін, тұрсаңшы. Немене жын көрінген бе, сіресіп қалыпсың ғой. Осы Бәтөштерді ақ кеш, көк кеш деп ұйықтатпаушы едің. Не болып қалды саған? Өңің де бозарып кетіпті…
Күлтай жастықтан басын зорға дегенде көтерді. Денесі ауырлап қалғандай. Жо-жоқ, қайта дым жан жоқ секілді. Бірде былай, бірде басқаша. Түсініксіз. Миында майдан, санасында соғыс болып жатқандай. Аз ғана уақытта басы не аяғы жоқ түс көріп үлгеріпті. Түсіне енген Айнаш кемпір екен. Ол Күлтайдан 3-4 үй ары тұрған еді, қазір қаланы мекен етеді. Оған көрдегі шалы тыныштық бермей жатқан көрінеді. Айнаш ажары алты ағайындыны араздастырардай жалғыз қызын ұзатқан соң, баласының сөзін тыңдамай, қызына еріп қалаға көшкен-ді. Ол уақытта күйеу баласы үлкен компанияда қызмет ететін. Сірә, «балдызымды да қасыма аламын. Осында көшіп келіңіздер. Қайтесіздер ауылды? Жұмыс жоқ я қызық жоқ» деп үйіндегілерді көндірген сыңайлы. Айнаш Күлтайға осыны айтып налыпты. Қазір қалада қуыстай пәтерді жалға алып тұрады екен. Қызы – ажырасқан, баласы – жұмыссыз. Күйеу баласы да қызметте емес. Мақтанғанда аузы көпіршей сөйлейтін ол «кез келгенді жұмысқа аламын да, дәл солай шығара аламын» дейтін уақытында. Артынан белгілі болғандай, қызметке тұруға біршама адамнан ақша алған екен. Солайша жегені желкесіне шығыпты. Енді Айнаш ауылға қайтайын десе, ел-жұрттың өсегіне қалам ба дейді, олай жасамаса өлімнен ұят емес, ұяттан өлім күшті болып тұр. Болған жайттан өзгеге сеніп тірлік етпеу керектігін мықтап ұғынғандай. Күлтайдың түсіне енгендегі шаруасы – ауылдағы үйінің жағдайын білу. Қара шаңырақтың қазіргі халі адам аярлықтай. Егесіз аула, ешкі кемірген тал, құлаған қора, сынған терезе…
Сәнімхан Күлтайды Күләш деп атайды. Өйткені, онымен аттас қайын апасы бар болатын. «Үйінің отымен кіріп, күлімен шығушы еді, жарықтық» деп ол кісіні есіне жиі-жиі алып тұрады. Сыйлата білгені болар, оған деген құрметі де ерекше-тін. Үлкендер келместің кемесіне мініп кеткеніне де біршама жыл өтті. Сәнімхан келін болған сәтте өз-өзіне «өле-өлгенше төрге шықпаймын» деп уәде берген. Төрді сыпыратын уақытта қайын сіңлілеріне өтініш айтатын. Мұның бәрін Күлтаймен аттас қайын апасынан үйренгендері, түйгендері еді.
– Сәнімхан-ау, біздің уақытта әкелеріміздің тәрбиесі қандай еді!? Біреудің қорасы құлап жатқанын көрсе, сонда ауыл ақсақалдары барып: «Бұл үйде ер-азамат жоқ па?» деп ұрысушы еді ғой. Сонда деймін, қазіргідей Ардагерлер кеңесі деген секілді ұйым, ол жерден ақы алып отырған ақсақалдар жоқ болатын. Өзінің ары алдындағы жауапкершілігінен жалтармайтыны ғой сол ісі, – деді түсін айна қатесіз айтып беріп.
– Оның рас, Күләш! – деді Сәнімхан ұнжырғасы түсіп. Ой жетегінде отырып қос қолымен санын үйкей берді, үйкей берді.
Күлтай қайнай-қайнай таусылуға айналған шәйнектің үстіне су құйып, пешке отын салып, отты қайта жағып қойды. Дастарқанды жайып, анау-мынауды дайындап әлек. Сөйтсе де аузы бір тыным табар емес. Ал Сәнімханның онда шаруасы жоқ. Өйткені, бірін естісе, бір сөзі анық шықпай тұр. Мұны байқаған Күлтай дауысын күшейте сөйлеуге бел буды.
– Бағана айтқаным есіңде ме? Сансызбайдың қызы ше? – деді беті-жүзі бал-бұл жанып.
Сәнімханның сыр бергісі келмеді.
– Қайдам, сен ол туралы айтып па едің? – деді Күлтайдың әңгімеге деген аранын аша түсіп.
Әйтпесе түстегі айтқан сөзінің үтір, нүктесі толық есінде. Түп-төркінін білу үшін де осы жерге келіп отырғаны шындық еді. Сәнімхан – бірсыдырғы, ешкімде шаруасы жоқ жан. Бірақ, өзінің кейінгі кездері Күлтайға ұқсап бара жатқанынан хабардар. Естігенін біреуге айтуға, тіпті дамытып айтуға даяр тұратынды шығарыпты.
Кезекті рет қайнаған шай буы бұрқыраған күйі қос кесеге құйылып, дастарқан басында Сансызбайдың қызы туралы біраз жайт айтылды. Күлтайдың көз алдында өскен соң жақсы біледі. Қыздың балалық шағынан бастап, бүгінгі қызметін де бүге-шігесіне дейін дым қалдырмай баяндап берді.
– Көтерілудің де түр-түрі бар екен, – деді Сәнімхан бетін шымшып. Айналадағы болған оқиғалардан Күлтайдың хабардар, ал өзінің мақұрым екеніне өзін кінәлі адамдай сезініп отыр. Іштей «менің көзім жоқ екен ғой, неткен беймарал жан едім, дәл жанымда неше түрлі оқиғалар болып жатыр. Мен оны бірнеше жылдан кейін ғана білемін. Неге?» деп өзіне сұрақ қойып, қаны басына шауып, өтірік күлкімен ғана ештеңені білдірмеуге тырысып отырды.
Сансызбайдың қызы туралы әңгіме ол мектеп оқып жүрген кезде-ақ тараған еді. Сонда көрші ауылдың қатын-қалаштарына дейін бірнеше күндік айтатын «азық» табылып, бір-біріне асырып та, бір-бірінен жасырып та жарыса қозғаған болатын.
– Сол уақта Сансызбайдың бәйбішесінің жылап-сықтап отырып: «Жақсы аты елге жайылған ұлың менен жаман аты шықпаған қызың болса, сол да бақыт екен ғой» дегені есімде қалыпты. «Қызға қырық үйден тыйым» деген бабаларымыз ақымақ емес болар. Несі бар, өзінен он жас үлкен еркекке жырпылдап? Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбек емес. Артынан айтылған әңгіме ауылда қалды дегеннің өзінде, кейін кесірі тимейді деп ойлай ма? Олай беделді болмай-ақ қойдық. Тіфу-тіфу, өз басына, мен аяғанмен не болады дейсің, Құдай аясын, – деді мүсіркей қарап.
– Иә, одан осы қалпымыз жақсы. Жоғарыдағылардың жетістігі сонымен байланысты болса, онда біткен екенбіз! Қайда барамыз, құрысын!? Ондайлар «ұлтым, елім» деп айта ала ма? Хақысы бар ма? – деді Сәнімхан шыр-пыр етіп.
«Көтерілудің де түр-түрі бар екен ғой» дегені мынау еді. Сансызбайдың қызы мектеп уақытында жаман атын шығарып, әлгі өзінен он жас үлкен ессіз еркектің үстінен арыз-шағым жазбас үшін қомақты ақша алған-ды. Мектепте жарытып оқымағаны ауыл халқына аян. Себебі, мұнда жұмыс орны білім ошағынан өзге бірлі-жарым жерде ғана бар. Ал жоғары оқу орнын ілініп-салынып зорға бітіргенін анасының өзі айтып отыратын. Сабақтан көп қалатын болғандықтан, «оқудан шығарғалы жатыр» деп ауылдан ақша алдыр- ғаны да бар. Бірақ, демде жоғары қызметтен бір-ақ шықты. «Мансап баспалдағын қалай бағындырды?» деген сауалға Сәнімханның ойында бір ғана нұсқа қалғандай.
Бақдәулет секілді білімділердің біліктілігі қызқұмар басшылар үшін көк тиын екен. Етегін ашып, жылтыраған санының шетін көрсетсе, қыз-келіншектерге бірнеше сатыны еңсеру, бағындыру қиынға соқпайды. Ел ішіндегі «постель арқылы көтерілген» деген әңгіме осы болса керек.
Сәнімханның сұрағы турасында Күлтай да ләм-мим демеді. Қызметте «агашкасының» арқасында көтерілгендердің қай салада болмасын кездесетінін, оның арты жақсы болмайтынын екеуі де біледі. Сондықтан болар, іштей Сансызбайдың қызының тағдырын шамалап та қойды.
Арада бірнеше ай өткенде Бақдәулетті аудан орталығындағылар жаңа жұмысқа шақырды. Бұл кезде оның оқушылары да үсті-үстіне республикалық жарыстардан жүлделі оралып жатқан еді. Уақытында түлкі заманын тазы болып шалғаны есіне түссе, Бақдәулет әлі күнге өзін қоярға жер таппай қалады. Бірқатар сәтсіздіктерді сонымен байланыстырады да…
Күлтай Сәнімханмен қимай-қимай қоштасты. Бір күнде аудан тұрғыны болып шыға келді. Бір қызығы, Бақдәулет алғашқы жұмыс күніне барғанда, Сансызбайдың қызы қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін жұмыстан босады. Бірақ, Бақдәулетке ол орынға бару үшін мансап баспалдағын әлі де бірнеше рет аттауы керек…
Рыскелді ЖАХМАН,
республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз
«Халық» газетінің мұрағатынан алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!