Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Креатив көрме өтті

17.10.2025, 8:55 135

HALYQLINE.KZ

Қызылордадағы «Анаға тағзым» орталығы қазан айының басынан бері «CREATIVE CARAVAN» облыстық креатив көрмесін жүзеге асырып келеді. Жоба мақсаты – ауылдық жердегі қолөнер шеберлерін оқыту әрі шабыттандыру, кәсібін дамыту бағытында тиісті сала мамандарының дәрісін ұйымдастырып, уақыт талабына сай әлеуметтік желіде жеке бренд қалыптастыруға үлес қосу. Жалағаш ауданынан бастау алған көшпелі керуен Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарында болып, 100-ге жуық кәсіпкер пайдалы дәрістер және шеберлік сағаттарымен қамтылды.

«CREATIVE CARAVAN» облыстық креатив көрмесі бүгін Сырдың сұлу шаһарында жарасымды жалғасын тапты. Қала кәсіпкерлері мен жеті аудан қолөнер шеберлерінің басын қосып, көпшілікке өнімдерін жарнамалауға, ерекше туынды авторларына құрмет көрсетуге бағытталған іс-шараға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ж.Сейілов, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Л.Төрешова, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қ.Каримова, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Р.Байназарова және ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Айгүл Мұсабаева арнайы қатысты.

Салтанатты жиында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ж.Сейілов сөз сөйлеп, қастерлі кәсіптің сан түрін уақыт талабымен ұштастыра білген қолөнер жанашырларына ризашылығын білдірді. Креатив көрмеге белсенді қатысып, шығармашылық бастамаларымен ерекшеленген шеберлерге облыс әкімінің орынбасары М.Шермағанбеттің атынан алғыс хат пен естелік сыйлықтар табысталды.

Іс-шара барысында ежелгі сауда, өнер және шабыт керуені сахналық қойылым арқылы көпшілік назарына ұсынылып, көрме-жәрмеңке ұйымдастырылды. «Шабыт» аукционында көрерменмен кері байланыс жасалып, «Анаға тағзым» орталығының төл бренді «Өмір иірімдері» тұмары ерекше саудаға түсті. Тұмарды ең әсерлі әрі шынайы сипаттаған қатысушы аукционда жеңімпаз атанып, «Өмір иірімдері» сыйға тартылды.

Адамзат өркениетін біріктірген тарихи алтын көпір Ұлы Жібек жолының бойындағы заманауи көш алдағы уақытта Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарында жалғасады.

«Анаға тағзым» орталығының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: