Сыр елінің бас шаһарында дәстүрлі «Көктем нұры» республикалық оқушылар айтысы басталды. Жас дүлдүлдер арқау ететін тақырып – Алашқа белгілі жазушы, қазақ прозасында өзіндік соқпағын қалдырған жерлесіміз Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығы. Сөз додасында еліміздің 6 аймағынан және Сыр өңірінен барлығы 10 ақын бақ сынайды. Бұл туралы Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Айтысты ашып беріп, талапкер ақындарға сәттілік тілеген қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев:
– Қашанда Сыр елі – жыр елі деген сөздің үдесінен шыға білетін Қызылорда әр жыл сайын дүбірлі сөз додасын өткізетін дәстүрінен жаңылған жоқ. Бүгін ұлттық брендімізге айналған айтыстың дәстүрлер жалғастығын үзбей, жаңа леп, жастық жалын бере келген темірқанат жас түлек ақындарымыз Сыр өңіріне жиналып отыр. Осы орайда, Сыр елінің бас қаласы Қызылордада, екі ғасырдан астам тарихы бар Тұранның төрінде қасиетті Тәуелсіздік тағылымын жастардың санасына сіңіру, азат еліміздің жарқын жетістіктерін кеңінен дәріптеу, Әбдіжәмілдей жазушының өлмес мұрасын, өшпес даңқын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған республикалық оқушылар айтысы көрермен көңілінен шығады деген сенімдемін, – деді.
Оқушылар айтысындағы тапқыр ой, әдемі тіркестердің бағасын айтыскер ақын, ҚР мәдениет саласының үздігі Нұрмат Мансұров, айтыскер ақын, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының иегері Зухра Төлепова және айтыскер ақын, «Құрмет» орденінің иегері, дәстүрлі «Көктем нұры» республикалық оқушылар айтысы жобасының авторы Мамыр Байдаулетов беретін болады.
Дәстүрлі жыр додасын «Көктем нұры» жобасының алғашқы түлектерінің бірі, Сырдың жас дүлдүлі Бексұлтан Орынбасаров тізгіндеуінің өзі жобаның өміршеңдігін көрсеткендей.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!