Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кішкене баба (тарихи дастаннан үзінді)

20.02.2025, 9:40 399

Кішкене деген ел болды,

Өрістің кенже баласы.

Ұлтанды жері бұл күнде,

Қазалының қаласы.

***

Есеннен Кішкене мен Палуанды,

Келеді бір тудырсам сөз расқа.

Нұрсұлтан  Жұбатұлы.

***

Нағашым – аты шулы Кішкене еді,

Сыртынан көрмей дұшпан сескенеді.

Тағамның тал түстегі саясына,

Бес Бозғұл, алты Әлмембет түстенеді.

Омар  Шораяқұлы.

***

…Есте жоқ ескі заманда,

Елсіз де сусыз даламда,

Ат жалында,

Атан қомында,

Айлап тері меспенен,

Ауызсу ішіп еспеден,

Қойын құрттап,

Айранын ұрттап,

Қазағым қайда көшпеген?!.

Қайқы қылышпен

Қаһарман қайсар ұлының,

Кіндігін кескен ел…

Намысы – найзағай,

Өжеттігі – найзадай.

Арын кірлетпеген,

Тізерлеген қас дұшпаны,

Аязда тонған адамдай дірдектеген.

Ғашық болған сүйгеніне,

Асық болған Құрманғазы,

Қазанғап күйлеріне.

Салт-дәстүрін сарымайдай сақтаған,

Досын сатпаған,

Жауына жасындай,

Ханына бас ұрмай,

Қасқа борандай қалтыратқан.

Мен қазақ болғаныма мақтанам!

***

…Алты құрлық,

Төрт мұхит… ғаламда осы,

Алға қарай заулаған заман көші.

Ол да бір кез көшетін қырдан-қырға,

Сөйтсем менің сияқты бабам көші.

Көзім көріп,

Құлағым есітпеген,

Ат жалында көшетін бесікпенен,

Бабаларым сияқты болашаққа,

Мен – көшпенді ұрпағы,

Көшіп келем!

Бұл далада би де өткен… ғашық та өткен,

Батыр да өткен жаужүрек… жасық та өткен.

Ұлы дала төсіне бабаларым,

Ұрпақтарын тарыдай шашып кеткен…

Орақ тілді от ауыз ақын да өткен,

Бәрі де өткен…

Бай да өткен… пақыр да өткен,

Ұлан-ғайыр даламды дұшпанынан,

Қорғап қалған бабалар батыр неткен.

***

…«Көбік шашқан», күй шашқан «Көкіл» пернем,

Бұл даланың Музасы секілденген.

Бер жағында Әлімім Ақ Орданың,

Ар жағында Алшыным Алтын Орда

Хандығының жұрт екен шетін көрген.

Бір уыс болып ол кезде дала жатқан,

Түсірмеген дұшпаны бабаны аттан.

Арғы атасы әйгілі Әлім болса,

Бергі атасы тарапты Жаманақтан.

Болады екен дерексіз тас та жетім,

Соны ойласам көзіме жас келетін.

Мың үй тігіп,

Үш жүздің басын қосып,

Шекті атанған Жаманақ бабамыз ғой

Әкесіне Әлімдей ас беретін…

…Жазғытұрым жеткенде көгіне көш,

Жұрт жайлаудың тіккенде төріне қос.

Ортаншы ұлға «Өріс» деп ат қоюы,

Тіпті Шекті бабаның тегін емес.

Алла берген қазақтың санасына,

Елді жинап осынау шарасына.

Өскенде лайық болсын деп мықтыларға,

Ат қояды туғанда баласына.

Игі дәстүр жалғасқан даламызда,

Үзілген жоқ осы салт арамызда.

Атасы Өріс ат қойған азан шақырып,

Палуан менен Кішкене бабамызға.

Көрінсін деп ырымдап төрден балам,

Әкем менен әжеме жол берді анам.

Аты мәлім Алашқа ұлы сыншы,

Толыбайдың есімін берген маған.

…Атына сай болыпты Өріс бабам,

Ол атқарған беймәлім көп іс маған.

Ұрпақтары көбейіп,

атаныпты

Ұлан-ғайыр далада өрісті адам.

Бірі – батыр,

бірі – бай баласының,

Тыныштығын қорғаған даласының.

Бірі қамын ойлаған қарасының,

Әкесі Әлім сияқты әрідегі,

Арманы жоқ Жаманақ бабасының.

Байғұс та өткен өмір бұл,

байлар да өткен,

Сағындырып кешегі сайран кеткен,

Есенәлі Өрістен бір туыпты,

Ақ сауытты ағасы Айдарбекпен.

Елге мәлім кісі еді Есенәлі,

Көптің болған қамқоры, көсемі әрі,

Көне көздер алты ай жаз Ор жағына,

Төрт түлікпен көшетін деседі әлі…

Ақбоз үйлер қонатын қырат төсі,

Жаз жайлауы болатын тұрақты осы.

Қайтқан құстай түстікке,

боз қырауда,

Шектілердің қайтатын шұбап көші…

Өріс таңдап төрт түлік мал қамына

Жаманқала…

ойысып Ор жағына,

Есенәлі бабамыз елмен көшіп,

Осы жерде жоқ күмән болғанына,

Көшкен сүйтіп сыртпенен ішке көші,

Бәлкім, соның ойына түсті елесі.

Сонан шығар еліне Жағалбайлы,

Барғаны да Өрістің Кішкенесі…

Жалпақ жұрттың жараған керегіне,

Керек болса болыпты берені де.

Кіндігінен Палуан мен Кішкенені,

Таратады сүйенсек шежіренің,

Бұрынғылар қалдырған дерегіне.

Сол озады дініне берік адам,

Сыртқы жаудан қорғаған елін аман.

Есенәлі, Айдарбек бабамызды,

Емізіпті Құба мен Зеріп анам.

Кішкене атам әз тұтқан әулиесін,

Қадірлеген мешіттің мәңгі иесін.

Өріс шалдың кенжесі атаныпты,

Атасының алған соң тәрбиесін.

Ғұмыр кешкен кезеңі Кішкененің,

Торына кез жоңғардың түскен елім.

Алтын Орда,

Ақ Орда,

Ноғайлы деп,

Ал бұрынғы дәуірді үш бөлемін.

Ақ найзаның болған кез ұшында жан,

Бейбіт күннен артық жоқ кісіңде арман.

Сол Кішкене бабамыз күн кешіпті,

Әз Тәукедей қадірлі тұсында хан.

Заманалар ай-күнді алмастырып,

Заулайды алға,

Жұмбағы алжастырып.

Адам Ата-Хауа Ана зәузатының,

Бүгіні мен Ертеңін жалғастырып.

Зар заманды бұрынғы білген шалдар,

Тоз-тоз бола жаздапты іргем сонда ал,

Аңырақай тұсында Алашымның

Алдаспанмен табанын тілген жоңғар…

Жаны ашыған батыры… ханы жерге,

Жолатпады дүшпанын қалың елге.

Қандай киын тұста да тұрды биік,

Қазағымның намысы бәрінен де,

Жау қаптаған даламның жан-жағында,

Таланыпты қыз-қырқын… мал-жаным да,

Найзасына түйрепті нәрестені,

Нәлет атқыр ойратың… қалмағың да…

Тұтқиыл тұс ел-жұрттың есін алған,

Тұяқтармен тапталды есіл арман.

Бұлың-бұлың заманда бұл қазақтың,

Бұхара мен Хиуаға көші барған.

Не іздеген жұрт сұп-суық сырт қаладан?!

Пана таппай босыпты жұрт даладан

Бір жағынан жасанған жаудан қашқан,

Бір жағынан алған соң жұт жағадан…

…Түсінбестік аз емес құрбандығы,

Тұмсығынан сүйкеген бір-жар мұны.

«Бала ғой» деп көрген сөз қылған мұны

Ағалы-іні таласып…

ақырында

Алты қырдан асыпты жылдам бірі…

Тауға-тасқа ұрыпты сонан басын,

Таппапты елі баланы жоғалғасын,

Біраз жүріп шыққан соң былайырақ,

Ширақ қадам басады ол алға шын.

Жасқа толып жаңағы ұл етегі,

Адасқалы күннен соң күн өтеді,

Бір күндері жайлаған бай ауылы,

Көрінеді көзіне қыр етегі…

Ол бабамыз Кішкене болатұғын,

Кетіпті ұзап қақ жарып дала түнін.

Әрі қайсар, намысқой балатұғын,

Жағалбайлы еліне жеткізіпті,

Біраздан соң сүрлеу жол оны ақырын.

Аштық пен шөл іліккен тырнағына,

Әлгі бала сүрініп қыр жалына,

Енді құлай бергенде қартаң кісі,

Сүйеу бола кетіпті бір жағына.

Біраздан соң үйге әкеп Кішкенені,

Қарт көңілі орнына түскен еді.

Бір қызығы, ұзамай ұйықтап жатып,

Таңғажайып қарт болса түс көреді,

Құс қоныпты үйінің төбесіне,

Осындай түс көрген соң келесіде,

«Тегін емес бұл бала»… деп ертеңі,

Осы сөзді салыпты ел есіне.

Өз ісіне пісентті, жігіт көріп,

Қартың қуанып, үкілі үмітке еріп,

Үйір-үйір жылқысын бақтырады,

Кішкененің қолына құрық беріп.

Қарт атымтай,

Қонақжай,

Мәрт болыпты.

Шүршіт түгіл,

Үйіне сарт қоныпты,

Қамбар ата тұқымын көбейткелі,

Жақсылықтың  басы  деп қарт жорыпты.

Таппайды түк атүсті сыртта тыным,

Жігіттің сол біледі жұрт қадірін.

Алдындағы жылқыдан ақ боранды,

Талай қысқы бермепті жұтта шығын,

Сияқты емес қарасаң өзі жетім,

Жігітке кеп кезінде көз ілетін,

Жұлдыздарға көктегі қарап қойып,

Таппай біраз тосылды сөз ретін.

Ойға шомды өстіп біразырақ,

Жігіт көңілі сұраса құлазымақ.

Енді соны сұрайтын қарт басында,

Сансыз сауал борандай тұр азынап.

Сонан шыққан жігітті сенімінен,

Жақсы көріп кетті бар көңілімен,

Сұрапты онан «Қай жақтан боласың» деп

Сонда айтыпты аз дерек өмірінен…

***

«Әліммін де,

Ә, бәсе Шектімін де,

Ел болатын есеп жоқ көптігінде»…

Осы сөзді айтқанда алдындағы,

Қарттың жүзі жадырап кетті мүлде,

Есіткенде бұл сөзді нақтырағы,

«Бәрекелді!» деп біраз қарт тұрады,

Батыр жігіт болды бұл,

Баққан жылқы

Көрінбейтін боранда ат құлағы…

Тап сол жерде қартыңның санасында

Кішкенеге айтам деп сақтап келген

Сарымайдай сөздері сап құрады.

Сонан кейін айтыпты тектілігін,

Қандай қиын іске де ептілігін.

«Маған қатты ұнадың,

Сендей маған

Жұмыстары ұнаған жоқ бірінің».

Кенеп алған сәлден соң қарт тамағын,

Айтатұғын сөзінің тапты амалын,

«Бірі емессің елдегі көп қараның,

Тоқсан ауыз сөзімнің түйіні…» деп баланың

Бет жүзіне бір қарап,

Бірден айтты:

«Қоңыр деген бар еді ақ тамағым,

Саған соны қосамын, болады сол

Сендей сұңқар жігітке бақ, қарағым.

…Баяғыда қарт айтқан соны маған,

Өтіріктен кез еді ол көңіл аман.

Осылайша Кішкене бабамыздың,

Етегінен ұстапты Қоңыр анам.

Толыбай  АБЫЛАЕВ,

Арал  қаласы

Сурет ашық дереккөзден алынды

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: