Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Эмигранттық әдебиет

22.08.2020, 14:00 1236

(Эссе)

HALYQLINE.KZ  Бірде бір сайттан Бекзат Смаділ деген жорналшы хабарласты. Эмиграциядағы әдебиет жайлы сауалдары бар екен: жауап бердім. Кейін қайта ойланып, тақырыпты кеңейтіп, шағын эссе жазып шықтым.

Бізде сырт елдік әдебиет жоқ, қазақ қаламгері шетел асып, бұрын-соңды эмигранттық үлгі жасап көрген емес.
Бірді-екілі өкілі, шалғайда жазылған нұсқасы бар. Мысалы, Мұстафа Шоқайдың публицистикасы, Хасен Оралтайдың “Елімайлап өткен өмірі”. Эмигранттық әдебиет дегеніміз ұлт әдебиетінің сынығы. Белгілі бір бөлігінің жат жерде, бөтен топырақта өркендеуі.

Сондықтан, Қытай (Шығыс Түркістан), Монғол, Ресей, Өзбекстан тәрізді кешегі біртұтас жұрт территорияларында сомдалған шығармалар эмигранттық немесе кірме туындылар емес, қазақ әдебиеті, алаш баласы бұл аймақтарда өз жерінде отыр.
Бұл енді тиімді ме, жоқ па, деп айтатындай, тапсырыспен жасалатын нәрсе емес.

Сағыныш дерті, туған елге деген махаббат, қалың құсадан туған қайғы, күйзеліс, жалғыздық, алаң көңіл, беймаза күй туралы сыр шертіп, мұң шағып, елге қайтуға шақырған шығармалардың жиынтығы эмигранттық әдебиетті құрайды. Тақырыбы анық, тағдыры қиын, түйіні – қамырық.

Көршілес Қытай, Моңғолия, Өзбекстан секілді елдердегі қазақтар арасынан қаламгерлер көптеп шығады. Ал, алыс шетелдердегі, Еуропадағы қазақ диаспорасынан неге ақын-жазушы жоқ?
Біз атап отырған еледердегі әдебиет – толыққанды ұлт әдебиетінің құрамдас, салалас бір бөлігі. Эмигранттық әдебиет – рухани арал, ой теңізіндегі атырау, арна, бірақ, өз алдына жеке, дербес әдебиет емес, қосымша әдебиет, шетелде, эмиграцияда жүрген Мұқтар Мағауиннен басқа қаламгер бар ма екен.

Шетелдегі қазақ диаспорасының тәлкекті тағдырын, Тәуелсіздік жылдарында өзге елдерге қоныс аударып жатқан жастардың өмірін арқау еткен шығармаларды кім жазады немесе кім жаза алады?
Мен жаздым. Бір роман, екі-үш повесть, үш-төрт әңгіме. Менен бұрын Зәуре Батаева (Zaure Batayeva) жазды, оныкі – толығырақ, жан-жақтырақ, кеңірек, себебі, ол 2005 жылдан бері шетелде тұрып келеді. Мен бір жыл тұрдым.

Пендеміз. Пешенеміз бір Құдайдың қолында. Бірақ, эмиграцияда туған шығармалардың дәмінде ащы шындықпен қатар күйік те бар, кермек дәм сезіледі, ал мен болсам, жылы елдердің жағажай маусымын, жаз айларында жұпар шашып, көкіректі толтыратын саф ауасын, қала гүлдерінің хош иісін жақсы көремін, эстетикалық талғамның құзырына, таза стильге бағынамын, мен жазған мәтіннен жағрафия көрінбейді, ландшафт пен пейзаж байқалады, жүйрік автомобильдер соңынан топостор қалып жатады, қала көшелері, қыр асып, төмен құлаған бұралаң жолдар көзге түсіп тұрады. Туған ел құшағында шалқыған көңілде жалғыздық болмайды…

Дидар АМАНТАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: