Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Хан Абылай

30.01.2023, 10:15 591

HALYQLINE.KZ

АҚ  БУРА

Қазақтың дәстүрлі наным-сенімінде аруақты адамның желеп-жебеп жүретін киесі көмекке келіп, дұшпанның десін басып, көзге көрінеді екен дейді. Мәселен, Абылай хан қиын сапарға, қанды жорыққа аттанарда, жолы болып, ойына алғаны сәтімен орындалар болса, ақ бура жолға маңдайын беріп, егер жорық сәтсіз болатын болса, ақ бура Абылайдың бұл сапарын теріс көргендей, сырт беріп жатады екен. Абылай ханның киесі болған ақ бура алдымен Бұқар жыраудың түсіне енген деседі. Бұқар жырау ақ бураның жатысына қарап, болжау айтатын болған. Қиын-қыстау кезде желеп-жебеп жүретін ақ бураға арнап Абылай хан күй шығарыпты дейді. (Халық ауыз әдебиетінен)

Қазақтың жанын жаралап,

Қонысын алған жағалап.

Қаптаған қалың жоңғарға,

Ұмтылды дара Сабалақ.

Астында таудай күреңі,

Шошымас көптен жүрегі.

Қарсыға шыққан қалмақ та,

Айтулы ердің бірі еді.

Сілтенді жауға алдаспан,

Жекеге келіп жармасқан,

Өкіріп жоңғар құлады,

Кеудесін қызыл қан басқан.

Алаштың қорғап намысын,

Ажалға шапқан арысым.

«Абылайлап» ат қойып,

Басын кесті Шарыштың.

Елемей өлім, қайғыны,

Саналған ары, байлығы.

«Аллалап» ерді соңына,

Қазақтың асып айбыны.

Абылай салды дүсірді,

Атын құстай ұшырды.

Алдынан шыққан жоңғарды,

Найзамен түйреп түсірді.

Жаңғырып көкке кекті үні,

Тасыған судай екпіні,

Таныды енді Алашым,

Шоқтығы биік тектіні.

Алқалы жұрты қолдаған,

Батырлар демеп, қорғаған.

Абылай ханның ордасы,

Көкшеде берік орнаған.

Хас батыр шықты шатырдан,

Ұйқысыз таңды атырған,

Құлағы шалды тосыннан,

Қаһарлы үнді жақыннан.

Ақ бура жатыр іргеде,

«Жануар қайдан жүр?» деме.

Ғайыптан келген түйені,

Жазғырып бекер тілдеме.

Төгіліп қалың шудасы,

Бабамның болған сырласы.

Орнынан тұрды күркіреп,

Бураның алып тұлғасы.

Киеге ие жолықты,

Абылай іштей соны ұқты.

Аруағы көзсіз батырдың,

Тылсыммен тағы толықты.

Бураны төре барлады,

Санасын сұрақ торлады.

Түйе жатыр көлденең,

Сол жорыққа бармады.

Хан  сөзіне  тоқтаған

Бұқар жырау қасында,

Сансыз жасақ қосында.

Іс жасады ақылмен,

Жеңіс сыры осында.

Сайын өлке абызы,

Әділетті жан ізгі.

Хан иеме қашан да,

Бұқар сөзі маңызды.

Елдің мұңын жоқтаған,

Жалтақтығы жоқ бабам.

Халық үнін жеткізсе,

Ханның өзі тоқтаған.

Тура қадар кесімін,

Жөнін тапса несі мін?

Төре-қара мақұлдар,

Бұқар айтса шешімін.

Тілі өткір жебедей,

Мығым қаққан шегедей.

Жырау қылса төрелік,

Билер кетпес елемей.

Көкбалақ

Бірде Абылай ханның атын бағатын жылқышысы келіп:

– Хан ием, сіздің Көкбалақ тұлпарыңыз өлейін деп жатыр, – дегенде, Абылай жеке тігулі үйде басын соғып өмірмен қоштасып жатқан Көкбалақтың жанына келіп, басын сүйеп, қамығып:

– Е, дүние, қалмаққа тұтқын болып кеткенімде жанымда Маддақия мен осы Көкбалақ тұлпарым ғана болып еді. Қиын күндерді, тағдырым қыл үстінде тұрғанда, Көкбалағым басын кеудеме қойып, оқыранып дем беруші еді, – деп көзіне жас алған дейді.

Ертеңіне ханның тұлпарын, бөренеден биік алау жағып өртепті. Кейіннен Абылай айтты дейді, «Сендер көрдіңдер ме, от азайғанда Көкбалаққа қанат бітіп орнынан тұрды, содан соң аспан қақ айырылып баяғы менің екі жүз нөкерім, кіл қанатты ат мініп, ұшып келіп Көкбалақты өздерімен бірге ертіп алып кетті» депті. (argymaq.kz сайтынан)

Жүректен жанған жалынның,

Ұғады салмақ, зарын кім?

Күрсінді үнсіз Абылай,

Көңілін билеп ауыр мұң.

Абылай отыр қамығып,

Өткен күнін сағынып.

Еске түсті тұтқында,

Жүрген кезі тарығып.

Көкбалақ ханның тұлпары,

Аңызға балар жұрт әлі.

Ашылып аспан есігі,

Қияға самғап шырқады.

Желбіреп жалы-құйрығы,

Көңілге шуақ құйылды.

Көкке атылды пырақтай,

Мыңнан дара жүйрігі.

Сермеген күміс қанатын,

Күткендей сәтті сағатын.

Көкбалақ кетіп барады,

Тауысып ханның тағатын.

Қадалып өткір жанары,

Абылай ұзақ қарады.

Жанында жүр нөкерлер,

Шайқаста өлген баяғы.

Дара  туған  Абылай

Тыңдап батыр, бектерді,

Теріс қылық шектеді.

Хан Абылай тұсында,

Маңғаз далам көктеді.

Басын қосып қазақтың,

Ақ ордаға қараттың.

Ілім жолын меңгеріп,

Елге нәрін тараттың.

Тату тұрып көршімен,

Соғыс өртін өшірген.

Дара туған Абылай,

Жұрт бағаңды өсірген.

Ер Абылай көреген,

Хан-қараны теңеген.

Елін сүйген алыпты,

Жырламаймын неген мен?!

Асыл ерді жырладым,

Ашып алуан қырларын.

Сенің арқаң Абылай,

Тасып тұрса қырманым.

Ер бірлігін сақтаған,

Жерді жатқа сатпаған.

Жау қосынын таптаған,

Мен өзіңмен мақтанам!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: