Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Екі оқиғалы әңгіме

19.09.2024, 9:40 123

ҚАЗАҚПЫН (Бірінші  оқиға)

Біз мінген пойыздың Алматыдан шыққалы жүрісі мандымай-ақ қойды. Баяу жүретінін естігенмін. Бірақ, мұншама жай жүреді деп ойламаппын. Жүргенінен тұрғаны көп. Оның үстіне шілденің шіліңгірі купенің ішінде жаныңды қоярға жер тапқыз­бай келеді. Шыдамай терезе ашсаң аптап, аңызақ терезенің алдын­да емес, апаң жаққан ошақтың алдында отырғандай күйге түсесің. Түнде болмаса, күндіз ашқаннан пайда жоқ. Төменгі орындағы біз амалдаған болып келеміз. Ал, жоғары орындағы екі азаматқа обал. Үстінде шорти деген тізесіне әрең жететін жұқа лыпадан басқа ештеңе жоқ. Сонда да пойыз тоқтар-тоқтамастан далаға жүгіреді. Ол жақтың да оңып тұрғаны шамалы-ау, жолдағы аялдамалардағы суы мұз болып қатқан пластмасса қауақтарды осылар тауысатын  болды.

Менің қарсы алдымдағы төменгі орындағы орта жасты еңсерген  ағалары:

– Жігіттер, тамақтарыңды құртасыңдар. Салқын су ішсеңдер, терлей бересіңдер. Ол шөлдете береді. Жақсылап терлеп, тер бассаңдар, көп терлемейсіңдер. Одан да ыстық шай ішсеңдерші, – дейді.

Өзі үстіндегі өңі оңа бастаған олимпикасының ысырмасын ашпастан ыстық шайды сораптай бастайды. Оны көрген екі азамат қарап тұрып қара терге малшынады. Оған көңіл бөліп жатқан ағасы жоқ, ыстық шайдан бір ұрттап қойып, терезеден көз алмай теміржолмен жарыса созылып жатқан ұлы жолға (трасса) қарап ойланып кетеді. Бірде жігіттердің біреуі:

– Аға, тасжолға көп қарайсыз, фураларды көріп кейде бас шайқайсыз. Шофер  болдыңыз ба, әлде ГАИ-да қызмет жасадыңыз ба? – деп  сұрады.

– Иә, айналайын, шопыр болғанмын. Біраз жерді шарладық. Мынадай машина, мынадай жол үш ұйықтасақ та түсімізге кірмейтін. Жарықтық «көкқасқамен», ЗИЛ-ді айтып отырғанымды түсініп отырған шығарсыңдар, талай жердің дәмін таттық қой. Мына жолды, анадай көліктерді көргенде өткен жайлар ойға еріксіз оралады. Қалай  ойға  алмайсың…

– Аға, қарап отырғанша ойыңыз­ға түскен жайларды айта отырсаңыз қайте­ді? Далаға шығып салқындап, қарық қылып жатқан жоқпыз. Жоғарыға шығып «шашылық» болғанша сіздің қасыңызда отырып әңгіме тыңдайық, – деп  қолқалады  жігіттердің  біреуі.

Сәл ойланып, отырған орнында қозғалақтап алған ағасы:

– Айтуға болады ғой. Айтуын айтар­мын. Бірақ, мынадай жағдайда өздеріңе әңгіме тыңдау оңай болар ма екен?

– Аға, айта беріңіз. Жаңа өзіңіз айттыңыз ғой «Жақсылап терлеп, тер бассаңдар, көп терлемейсіңдер» деп. Сіз әңгіме айтыңыз, біз шай алдырып, терімізді басайық, мына ұзап кеткен жол да қысқарсын, – деп езу тартты қолқа  салған  жігіт.

– Өзім – Қазалы  маңында  темір­жол бекетіндегі  теміржолшының  бала­сымын, – деп бастады ағасы әңгі­месін. – Біздің  жақта  машинамен ұзақ жол жүру үрдіс емес. Барар жеріңе пойызбен жетесің. Мектепті бітіріп, әкемнің қасына теміржол жөндеуші болып жұмысқа тұрғанмын. Әскерге шақырды. «Автобатқа барасыңдар» деп Қазалыдағы автомектепке алты ай оқытып, армияға алып кетті. Келгесін теміржолдың жұмысына бармай, шопырлық жұмыс табылмай жүріп қалдым. Анам Шымкентте тұратын інісіне хабарласып, нағашым сондағы автобазаға жұмысқа тұрғызды. Бас механигі сыныптасы екен. Қойған талабы: «Сол кісі не айтса да бұлжытпай орындау. Қалған мәселе – сол кісінің мойнында». Үш айдан ке­йін тақымыма жап-жаңа ЗИЛ тиді. Үш ай болар-болмаста жаңа машина­ға қолы жеткен мені жақтырмай пішу-пішу дегендерді жинап  алған  бас  механик:

– Мына баланың сыртынан сөз айтатын, тіпті жоғары жаққа арызданамыз деп те жүрген көрінесіңдер. Өздеріңде ұят жоқ екен. Осы бала үш айда жөндеп шығарған үш машина көз алдарыңда үш жыл тұрды ғой. Кішкентай кінәраты бар машинаны жөндеудің орнына  әр  бөлшегін  тонап құрттыңдар. Қаңтарылып тұрған үшеуі де іске асып, қазір үш азамат отбасын сонымен асырап отыр. Қазір қайсысың осы баланың істегенін істей аламын деп айта аласыңдар? Қолыңды көтерші біреуің.., – деп қуырып алды.

Мен отырмын әскердегі аға сержантыма іштей риза болып. Аға сержант Повольженің немісі болатын. Машинада кішкентай кінәрат болса, қандай машина болса да моторын шашып тастап, жөнделгенше өзі де шықпайтын, бізді де гараждан шығармайтын. «Ертең…» деген сөзіңді есітсе біттің. Күні ертең соғыс басталатындай жер-жебіріңе жетеді. Жұдырығының да талай дәмін тат­қанмын.  Қазір  риза  болып  отырғаным  мынау  деп  қоямын.

Ал, оларда үн жоқ. Сонымен қаңқу сөз сап тыйылды. Кеңес заманының саясаты ма, машинаның әр бөлшегі СССР-дың әр республикасында жасалады. Менің машинамның қорабы Әндіжан­нан келеді екен. Қорабы келемін дегенше обкаткадан да  шығарып  үлгірдім.

Бір  күні  бас  механик:

– Машинаңды  бірісі  күнге мұқият дайында, алыс жолға шығасың. Ешкімге тісіңнен шығарма. Басшылардың  тапсырмасы, – деді.

Айтылған күні бас механик бар құжатты, мен баратын мекенжай жазылған бір парақ қағазды қолыма ұстатты. Айтылған жерде бір өзбек күтіп тұр екен. Үлкен аулаға машинаны кіргізді де машина қора­бына жәшік-жәшік көкөністерді тиеді, үстін тентпен мықтап жапты да мендегі құжаттарды алып, қолындағы  портфельге  салды.

Бас механиктің тапсыруы бойынша ештеңе сұрамауым керек. Тек баранка айнал­дыруды ғана білуім керек. Ол кезде жолда ГАИ бекеті көп. Тоқтатса, портфелін алып өзбек кетеді. Жүр десе, жүремін. Тоқта десе, тоқтаймын. Тамағым тоқ. Машинада түнесем де ұйқым тыныш. Содан не керек, үш күн жүрдік пе, төрт күн жүрдік пе, Ресейдің бір қаласынан шықтық. Бір өзбек күтіп алды. Заттардың жартысын бір қоймаға өткіз­дік. Заттың қалғанын алмады ма, жоқ біз көп әкелдік пе, әлде бағасына келісе алмады ма, екі өзбек біраз тәжіке­лесті. Соны­мен әлгі өзбек машинамызды базарға кіргізді. Мен кабинада, олар кузов­та. Шамалыдан кейін сауда жасаушылар көбейді. Өзбегімнің дауысы жарқын-жарқын шыға бастады. Не керек, түскі тамағымызды машинаның үстінде іштік. Сауда күн еңкейе толастады-ау. Базарға жақын жердегі қонақүйге орналастық. Өзбек есебін тауып сөйлесіп, төменгі қабаттан екі адамдық бөлме алды. Машинаны да терезенің алдына қоюға рұқсат алды. Бір жерге шығып кетіп, оралған бір зат алып келді. Асханадағылармен келісіп тағамдарды да бөлмеге әкелдірді. Тамақтанып алғаннан кейін адам аяғы саябырсыған кезде кузов­тағы (қонақүйге кірерде кузовтың елеусіздеу бұрышына тастай салған) портфель мен беліне орап жүрген белбеуіне оралған қомақ­ты затты бөлменің терезесін ашқызып, терезеден маған берді.

Өзі келгеннен кейін білдім. Портфельдегі де, орамалдағы да ақша екен. Біразы банкінің орауымен, шамасы қоймаға өткізілген заттың ақшасы болса керек, қалғаны бос, орамалға түйілген. Өзбек бөлменің есігін ішінен кілттеп алды. Өзі әкелген ораулы затты ашты. Машинаның дөңгелегінің камері, әйелдердің біраз капрон шұлығы, изоленталар екен. Ақшаларды капрон шұлықтарға салды. Камерді тіліп, ақша салынған шұлықты камерге әдемілеп орналаст­ырып, изоленталармен  орады.

– Үкә, ерте  тұрып,  мына  камерді  запас  покрышкаға  саламыз, – деді.

Солай істедік. Ертеңгі тамақты да бөлмеге алдырды. Тамақ­танып алғаннан кейін қаланы аралап, дүкенге соғып уәж емес бірдеңелерді алған болып жарты сағаттай жүрдік. Сосын маған қапталдағы  айнадан  бір  «Волганы»  көрсетті  де:

– Мына «Волга» біз қонақүйден шыққалы ізімізде жүр. Кеше­гі жерлес  ескерткен. Алдымызда екі-үш  бұрылыс  болады  деген. Соның  біреуінде «Волга» көрінбесе жүрісті жайлат. Мен түсіп қала­мын. Қазақстанға кіргесін өзім трассадан күтіп аламын. Мынау ақша бардачокте болсын. Сені ұстаса, қарсыласпа. Мына ақшаны ала берсін. Сұраса, «басқа ақша портфелінде» деп айт, – деді  де  бір  бума  он  сомдықты  бардачокқа  салды.

Бұрылған кезде ізіміздегі көлік көзден таса болды. Тежегішті тежедім. Өзбек түсіп қалды. Айнаға қарап қоямын. «Волга» еріп келеді. Қаладан біраз шыққаннан кейін озыңқырап барып тоқтады. Машинадан түскен біреуі қолын көтеріп, «тоқта» деді. Тоқтадым. Машинаның жолаушы мінетін жақтағы есігін ашқан еңгезердей қаба­сақал, шешен ұлтынан болу керек, орысшалап:

– Өзбек қайда? – деді.

– Пойыз­бен қайта­мын деп.., менімен есептесіп, жолды сілтеп.., бұрылыста түсіп қалды. Мені автобаздан жалдап алған.., – дедім білген орысшаммен қақалып-­шашалып… Қорыққаным да бар ғой… Бардачокті ашып, ақшаны  қолына  алды  да:

– Қазақсың  ба? – деп  сұрады  орысшалап.

– Я, қазақпын…

– Қай жерденсің?

– Қазалыда тұрамын. Шымкентте жұмыс істеймін.

– Қазалың Қызылорда ғой?.. Әкем айтып оты­ра­тын…

Осы кезде:

– Что, там? – деген өктем дауыс естілді.

Ақшаны орындыққа тастай салып, есікті жаппастан:

– Пусто, не стоит руку марать, – деп есікті тарс жауып «Волгаға» қарай жайымен жүре берді.

Қазақстанға аман-есен кірдім. Өзбегім күтіп алды. Ақшаның бардачокте тұрғанын көріп таң қалды. Жерлес өзбегі сол шешен жігіттердің өткенде келген өзбектерді сабап, ақшасын тартып алғанын айт­қан екен. Өзбегім риза болып, сол ақшаға тағы бір бума он сомдықты қосып берді. Басың­ды бәйгеге тіккенің болмаса, жақсы табыс. Ол кезде ол ақша – екі қыздың  қалыңмалы.

 «САША  БАЙКОНУРСКИЙ» (Екінші  оқиға)

Кешке қарай купе салқындағандай болды ма, жоқ шындығында жігіттердің әңгіме тыңдап, тер басқаны ма, бұрынғыдай малшынып терлемеді. Тамақ батпай жүрген олар тамақ та алдырды. Тағы да сораптап шайын ішіп бола берген ағасына қайта қолқа  салды.

Ағасы да мына таусылмастай көрінген жолдың қысқара түскенін мақұл көрді ме, сөз тыңдайтын  адам  табылғанына  риза  болды  ма:

– Бас механиктің тапсырмасы бойынша бұл жолы өзбекпен емес, Шымкенттің қазағымен сапар­ға шығатын болдым, –  деп әңгімесін ары қарай сабақтады. – Ол кісі діндар адам екен. Есімі – Сабыр. Қолынан тасбиғы түспейді. Машинаны аулаға кіргізгеннен кейін қарбыз тиелген тіркемені көрсетіп, «мынаны  алып  жүре  аласың  ғой»  деп  сұрады.

Жауабымды естігеннен кейін «Машинаны осында қалдыр. Жігіттер затты тиеп қояды. Өзің моншаға түсіп, тазаланып ал. Ертеңгісін де дәрет алуды ұмытпа. Жолау­шы­лап шығарда тазаланып шыққан дұрыс. Ерте шығамыз. Қызылордадан бірге шығатын жігіттер бұл жолы шыға алмайтын болыпты. Сондықтан Қызылордаға соғу керек болып  тұр»  деді.

Ертеңіне ерте шығып, түнде Қызыл­ордаға жеттік. Сондағы жігіттердің үйіне қондық. Өздері сөйлесті. Бір жігітті менің қасыма қосып, Сабырдың қарсылығына қарамай бір дүкеннен «Байқоңыр» деген арақтан бір жәшік арақ алды­рып, кабинаға салдырып қойды. Сонымен не керек, «Ресей қайдасың?» деп жолға шықтық. Сол  кәсіп.  Бұл жолы тоқтатқан ГАИ  бекетіне Сабыр ағам кіріп шығады. Ресейге кірге­сін ара-тұра шыққан есігіне менен шөлмек беріп жібере­ді. Қазір есімде қалмапты, жүріп отырып Ресей­дің П әрпінен келетін қаласына кірдік. Ұмытпасам Пенза болу керек. Сол кездің өзінде өзбек ағайындардың жүрмейтін жері жоқ екен, қалаға кіреберісте бір өзбек ағамыз күтіп алды. Шамасы  қызылордалық  жігіттермен хабарласып тұрған-ау.

Тіркемедегі қарбыздарды бір-екі қоймаға өткіздік. Өзбектің ақылы болды-ау деймін, машина қорабындағы қарбызды қаланың базарына алып келдік. Маусым айы болғанмен, күн салқындау. Өзбегіміз базар жанындағы ұзын қара плащты жігіттермен сөйлесіп жүр. Байқаймын, базарға кіріп сауда жасау оңай емес сияқты. Бір кезде біреуі мұрны пістедей, ұзын тұра, біреуі тәпелтек көк көз сары орысты ертіп келді. Түсінгенім, базарда қарбыз  сататын орын бос емес. Екі күннен кейін ғана босайды. Оған уақыт қайда? Қарбыздың да жағдайы кетуі мүмкін. Өзбегіміз қайта сөйлесіп, екі шөлмек арақ ұсынды. «Байқоңыр» деген арақты көрген  тәпелтек:

– Дима, бұларды  Сашаға  жіберейік. Өткенде ол да бізге  көмектесті  ғой, – деді.

Дима  дегені:

– Қазақстаннансыңдар ма?… Байқоңыр Қазақстанда ғой… Осы арадан 70-80 шақырымда «Саша Байконурский»-дің қарама­ғында сауда орны бар. Соған барыңдар. Жолы жаман емес. Бағасы да бізден көтеріңкі. Ол жігіт қазақстандықтарды қатты сыйлайды. Бекерден-бекер «Байконурский» аталып жүрген жоқ. Тимоха, өзің жеткізіп сал. Туысқандар еңбегіңді жемеу керек. Сашаның да көңілін  аулайсың…

– Димон, «базар жоқ». Айтсаң болды, – деген Тимоха машинаға мінді. Тимоханың айтуы бойынша баратын жеріміз орманның іші. Жолы жақсы дегенмен ауырлау екен. Не дегенмен орман­ды жердің жолы ғой. Жол ұзаған сайын спидометрге қарап қоямын. Алпыс, жетпіс шақырым жүрдік-ау дегенде жанымызда отырған Тимоха   алдымыздағы  жол жиегінде тұрған үлкен еменді көрсетіп:

– Осы жерге тоқта, – деді де машинадан секіріп түсті. Сол-ақ екен, жер астынан шыққандай қолдарында бесатарлары бар екі жігіт  пайда  бола  кетті.

– Тимоха, бұл сен бе?.. Қай тағдыр айдап келді… Мыналарың кімдер? – деп сұрақтың астына алып жатыр.

– «Байконурскийде» шаруа бар…

Екі  жігіт  Тимоханы  ертіп  анадай  жердегі  ағаштың  түбіне  барып, бір аппаратты қосты да Тимохаға берді. Жай сөйлесіп жатыр ма, сөзі анық емес. Біз туралы айтып жатқанын сезіп тұрмыз. Бір кезде «өзіңе тосын сыйы бар» дегенін анық естідік. Шамасы дауы­сын көтеріңкіреп айтты-ау деймін. Сөйлескен аппаратты ағаш түбіне қайта жасырды. «Мына Саша Байконурскиің тегін болмады» деп ойлап қоямын. Мұндай байланыс құралын әскерде  қолданатынын  білетінмін. Көп  ұзамай  орыстардың  үлкен  бір  деревнясына келіп кірдік. Қанша үлкен дегенмен, дерев­ня екені білініп тұр. Қасымдағы Сабыр ағамның дегбірі кете бастады. Ол түгілі  мен  де  «мына жерде қандай сауда болмақ?» деп ойлап қоя­мын.

«Базар» деген үлкен жазуы бар шарбақтың жанына келіп тоқтадық. Машинадан түскен Тимоха «Асхана» деген жазуы бар бөренеден салынған үйге кіріп кетті. Үйден шыққан ұзын плащты жігіт бізді ішке бастады. Асхананың ортасымен жүріп, төрдегі бөлмеге кірдік. Онша үлкен емес, жақсы жабдықталған бөлменің төріндегі биік орындықта отырған жас жігіт орнынан тұрып, «О, туыстар, қош келдіңіздер!» деп, азғантай акцентпен қазақ тілінде амандасып, қолын созды. Ресей орманының түкпірінен қазақша амандасуды күтпеген біз абдыраңқырап қалдық.

– Кешіріңіздер, ұмытпаған қазақшам осы. Жайғасыңыздар, – деп ары қарай орысша тіл­десті. – Қазақстаннан, Байқоңырдың өзінен­сіздер ме?.. Жігіттер «тосын сый»  деп  жатыр  еді…

Сөйтсек, темір жәшікті көтеріп Тимо­ха да келе жатыр екен. Машинаның есігін құлыптамағаным есіме түсіп тұра беріп едім, бірден сезген бөлме иесі «Отыра беріңіз, машинаға ешкім тиіспейді» деді де жәшіктегі шөлмекті қолына  алып:

– Шындығында мынау нағыз тосын­сый болды. Байқоңыр.., – деп  дауыс­тап  оқыды  да. Есік жақта тұрған  жігітке:

– Сауда орнын дайындап, таразыларды реттеңдер. Сауда нүктелері мен цехтарға  хабарлап  па  едіңдер, ма­шина­ны кіргізіп, іске кірісіңдер, – деді. – Бауыр­лар, асханадан дәм татыңыз­дар. Жеңілдеп  тағам  дайындағанбыз.

Сабыр  ағаға  қарап:

– Бауырым, таразыда өзіңіз  боласыз. Басқа жұмысқа жігіттер көмек­тесе­ді, – деп орнынан тұрды.

Мен машинаны кіргізіп бердім. тамақтанып шықсақ, машинаның жанында біраз адам, ат арбалар жиналып қалыпты. Олар жұмыстарына кірісті. Мен бөлме иесінің айтуымен бөлмеде демалдым. Бөлмеге кірген адамдардың дыбысынан ояндым. Сашаның қасындағы Сабыр ағамның портфелі сықиып тұр. Өзі көңілді. Орындыққа  жайғаса  беріп:

– Саша, көп рақмет. Өзіңнің үлесіңді айт, – деді. Саша күліп:

– Мен білетінде қазақтар көмегін сатпаушы еді, бауырым. Еште­ңе керек емес. Мен Төретам деген жерде әскерде болдым. Әскери сауда базасында. Қоймада гражданскийлер де жұмыс істеді. Үлкен апалар «темекі аласың» деп ақша ұсынатын. «Қажет емес» десең, «ал, менің де балам әскерде»… деп өтінетін. Ауыр жұмыс­тар солдаттардың мойнында болды. Қойма меңгерушісі Гриша деген қазақ кісі болды. Қазақша атын білмедім. Бәрі Гриша дейтін. Ол кісіні генералдарға дейін сыйлайтын. Полковниктерге дейін  айтқанын тыңдайтын. Сол кісі маған көп көмектесті. Машина айдай алатынымды біліп, қойманың жүк машинасына шофер етіп қойғызды. Кейін үлкен басшының шоферы дембелге кеткенде сол кісінің көмегімен бастықтың шофері болдым. Өйт­кені, екеуі өте жақсы тұрды. Контрактімен қалуға дайындалып жүргенімде әкемнің қатты науқастанып жатқаны жайлы хабар келіп, әскерден босадым. Гриша аға, басқа да бірге қызмет жасаған қазақ  жігіттері жолыма ақша жинап беріп, шығарып салды. Келсем, әкем хал үстінде екен. Көп ұзамай қайтыс болды. Деревняның  халі  мүшкіл. Орманның ағашымен күн көріп отырған халық босып кеткен. Ағаш дайындайтын, тақтай тілетін үлкен цехтар сырттан келген «бандалар» үшін жұмыс істейтін болған. Өндіріс тұралап қалған. Әскерден келген жігіттерді, ауған соғысына қатыс­қан жігіттерді ұйымдастырып, өзіміздің тобымызды құрып, сырттан келгендерді ығыстырдық. Өндірістің бұрынғы бастығын тауып алып, өндірісті жолға қоюды реттедік. Заңды жолдармен де, заңсыз жолдармен де көмектесіп жүрміз. Әдепкі кезде Байқоңырда қызмет еткен кездерді жиі еске алсам керек, аты-жөніме (толық аты-жөнін айтқан, есімде қалмапты. Біраз уақыт өтті ғой) «Саша Байконурский» деген лақап жамалды. Қазір менің аты-жөнімді айтса, кейбіреулер танымауы мүмкін. Бірақ өзіме ұнайды. Бауырым, маған ештеңе керек емес. Тек жаңа өзіңізге көмектескен жігітте­рмен есептесерсіз. Өздері айтар. Сосын бауырым, асықпайсыз. Қазір тағы да жеңіл тамақ ішесіздер. Монша дайын. Орыстың моншасына түспей, самогонынан ауыз тимей қалай кетесіз­дер? (Сабырдың қолындағы таспиғына қарап қойды). Менің тосын сыйым «бешбармак» жейсіздер. Аспаздар менің айтуыммен дайындайды. Қорықпаңыздар, шошқаның еті емес. Жас  бұзаудың  еті.

Тағы айтарым, қазір бос көлікпен, ақшаман жүру өте қауіпті. Сауда  жасап  келе жатқандарыңыз көзге ұрып тұрады. Сондықтан, жақын маңдағы тақтай тіліп жатқан цехқа тапсырма беріп қойдым. Арзандау етіп тақтай тиетіп беремін. Сіздер жақта тақтай пұл болатынын білемін. Ал, құжаттарына осындағы бағаны жаздырамын. Себебі, шекарадан ағаштың белгілі мөлшерін ғана шығаруы мүмкін. Ондай жағдайда құжаттағы бағамен өткізіп кетесіздер. Зиян шекпейсіздер. Тимохаға тапсырып жібергенмін. Тіркемелеріңізге қаладан қашық емес цехтардың бірінен тақтай тиетіп  қояды.  Ары  қарай  ала  кетесіздер, – деді.

Солай болды да. Бізбен қоштасып тұрып:

– Бауырлар, рақмет. Дәм-тұзын татқан Қазақстан маған өте ыстық. Қазір де маған көмектесіп бара жатырсыздар. Қолма-қол ақшаның аз уақыты ғой. Сіздерге сатқан ағаштың ақшасына екі цехтың жұмысшыларының жалақысын төледік.., – деп құшақ­тасып  қоштасты.

Шекарада Саша айтқандай болды. Тіркемедегі тақтайларды құжаттағы бағамен өздеріне саттық. Орнына біраздан бері жатып қалған Алматыға баратын жүкті тиеп, оның да ақшасын алдық.

Сабыр ағамның жағасы жайлауда. Қайын жұртынан қайтқандай көңілді. Қалай көңілденбейді портфелі қампиғанымен келе жатса. Мен де жаман болғаным жоқ.

Ең бастысы, осы сапарларымның қай-қайсысында да қазақ болғаныма қуандым. Ұлтымыздың жатты жабырқатпаған, мейірім-­шапағатының  жылуын  сездім. Жақсылықты білмейтіндері  де  бар шығар, ал ескеретіндердің көп екеніне осылай куә болдым. Осы  ұлы  жолға  қарай  бергім  келетіні  сондық­тан…

Ағасы  ойлы  жүзбен  әңгімесін  аяқтады.

Құдайберген  ЕСЕКЕЙ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: