Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Екі дос (аударма)

12.09.2024, 10:00 99

Ги де МОПАССАН

Аштық жайлаған, қоршауда қалған Париж соңғы сәттерін өткізіп жатқандай еді. Үйлердің шатырында бірде-бір құс көрінбейді. Су ағып кететін кәріздерде де ештеңе жоқ. Адамдар қолға түскеннің бәрін жей берді. Мориссо ашқұрсақ, жүзі түнеріңкі, қолын шалбарының қалтасына салған күйі бульвармен келе жатқан. Кенет өзі сияқты киінген кісінің алдына келген кезде тоқтай қалды. Бұл адам да өзі сияқты еріктілердің (волонтер) қатарынан еді әрі бұлар дос болатын. Бұл адамның есімі – Соваж, бір кездері өзен жағасында танысқан достар еді.
Мориссо соғыс басталғанға дейін әрбір жексенбі сайын қолына қармақпен қоса қалбыр алып өзенге кететін. Алдымен пойызға отырып, Аржантейлге жол жүретін. Сосын Коломбодан түсіп, одан соң өзенге қарай Марант аралына жететін. Осы жерде бүкіл дүниені ұмытып, қармағын салып, қараңғы түскенше отыратын.
Әрбір жексенбі сайын ол осы жерде осы толық келген Соважды кездестіріп жүрді. Ол да бұл сияқты балық аулауға құмар. Өзі Нотр-Дам-де-Лорет көшесінен еді. Қатар отырып, аяқтарын айқастырған күйде қармақтарын салып қойып күн ұзақ отыратын. Сөйтіп жүріп достасып кетті. Бір қызығы, бұлар бір-бірімен сөйлеспейтін. Кейде сөйлесіп те қалады. Бірақ бір-бірін айтқызбай түсінетін. Өйткені көзқарастары бір десе де болар еді. Көктемде таңғы сағат ондарда күн өзінің күшіне енген уақытта өзен үстінде аздаған тұман тұрып, судың ағысы аққан жағына қарай жоқ боп кетіп жататын. Мұндай кездерде Мориссо қасындағысына дауыстап қояды:

– Қара, қандай керемет!

– Иә, бізге де жақсы, – дейді ол.

Бір-бірін түсіну үшін, бір-бірін сыйлау үшін оларға осының өзі жеткілікті еді. Күзгі кештерде күн батар алдындағы аспанның қып-қызыл бояуы су бетіне шағылысып түскен кезде бұл бояу екі досқа да түсетін. Бұл түс сарғайған жапырақтарға түсіп, оларды алтын түске бояйтын. Ал бұл жапырақтар қыстың жақын қалғанын сезгендей бүрісіп, қалтырағандай болатын. Осындай сәттердің бірінде Соваж күлімсіреп Мориссоға:

– Әдемі, – деп қоятын.

– Бульвардағыдан да әдемі, ә? – деп қояды оған Мориссо.


Бірін-бірі танығаннан кейін олар қол алып амандасты. Екеуі де бұл кездесуге қуанышты еді. Бұл кездесу бұрынғыдан өзгеше еді. Соваж терең күрсінді:

– Не боп кетті өзі?!

– Ал ауа райын айтсаңшы! Биылдыққа бірінші ашық күн, – деді Мориссо күйініп.

Аспан шындығында шайдай ашық, көкпеңбек еді. Екеуі де ойға шомған, көңілсіз, қатар жүріп келе жатты.

– Ал біз балықты қалай ауладық, ә? Еске алған қандай жақсы еді, – деді Мориссо.

– Сол жерге барудың енді қашан сәті түсер екен? – деді Соваж.

Олар жолай бір шағын кафеге кіріп, бір-бір рюмкадан абсент ішті де, тротуармен әрі қарай аяңдады.
Бір кезде Мориссо тағы тоқтай қалды:

– Мүмкін тағы бір-бірден қайталармыз, а?

Соваж келісе кетті:

– Жарайды. Олар жақын жердегі шағын ресторанға кірді. Одан шыққан кезде бұлар әжептәуір қызу болатын. Мұндай жағдай ашқарынға ішкеннен соң осылай болуы тиіс те еді. Күн жып-жылы. Жел еркелей беттерін өбіп қояды.

– Соваж тіпті әжептәуір қызған екен, кенет тоқтай қалды да:

– Тартып кетсек қайтеді? – деді.

– Қайда?

– Қайдасы қалай?.. Балыққа.

– Сонда қай жаққа?

– Өзіміздің аралға. Француздың бекеттері (аванпост) Коломбода. Мен полковник Дюмуленді танимын, ол бізді өткізіп жібереді.

Мориссо қуанып кетті:

– Бітті! Барамыз!

Осыдан кейін керек-жарақ заттарды алып қайту үшін екеуі екі жаққа кетті.

Бір сағаттан кейін екі дос иықтасып жолда келе жатты. Ақыры олар полковник тұратын виллаға да келіп жетті. Олар өтініштерін айтқан кезде полковник күлді, бірақ рұқсат берді. Парольді біліп алғаннан кейін олар жүрісін жалғастырды.

Көп ұзамай олар бірнеше аванпостың жанынан өтті. Коломбода қалған тұрғындардан өтіп, Сенаға қарай созылып жатқан жүзімдіктің қасынан шықты. Бұл Аржантейль деревнясында тіршіліктің белгісі көрінбеді. Оржемон мен Саннуа төбешіктері өңірдің төбесінен төніп тұрды. Нантерге дейін созылып жатқан бұл кең жазықта ешкім тұрмайды. Тек сұрғылт тартқан жерлер мен шие ағаштары көрінеді.

Алда көрінген екі төбешікті нұсқап, Соваж сыбырлады:

– Пруссактар әне, анау биікте!

Екі дос иесіз жазыққа қарап үнсіз қалды. «Пруссактар». Бұларды екеуі де көрген жоқ. Бірақ екеуі де Париж қоршауының тарылып келе жатқанын сезетін. Олар көзге көрінбей-ақ бұларды тонады, өлтірді, аштан қатырды. Жеңімпаз адамдарға деген жеккөрушілік сезімге тағы бір тылсым сұмдық қосылып, одан сайын жек көретін.

– Ал біз… Оларға кездесіп қалсақ ше? – деп міңгірледі Мориссо.

Соваж париждіктерге тән сенімділікпен жауап берді:

– Біз оларға қуырылған балық береміз!

Бірақ олардың әрі қарай жүруге батылы жетпеді. Айнала тым-тырыс.

– Мейлі жүрейік. Тек абай болайық.

Олар еңбектеген күйі жан-жағына алақтап, тың тыңдап, өзеннің аңғарына жетті. Енді жағаға жету үшін шағын алаңқайды кесіп өту керек еді. Бұл жерді жүгіріп өтіп, жағалаудың жиегіндегі қамыс арасына тығылды.

Мориссо еңкейіп, жерге құлағын төсеп тың тыңдап көрген. Ештеңе ести қоймады. Бұл жерде тек өздері ғана еді.

Көңілдері тыншыған олар балық аулауға кірісіп кетті. Қарсы беттің жағалауы мен бұлардың арасын Марант аралы бөліп тұрды. Арал тұрғындары көшіп кеткен. Ортасындағы шағын мейрамханада да ешкім жоқ, құлыптаулы тұр.

Бірінші балық Соваждың, екіншісі Мориссоның қармағына түсті. Осыдан кейін қармақтарға тыным болған жоқ. Минут сайын балық ілініп жатты.

Олар аяқтарының астындағы суда тұрған ыдысқа оларды жіберіп жатты.

Достар рақат сезімде болды, мұндай сезім адамдар сүйікті ісімен ұзақ уақыт ажырап қалған кезде болады. Күн олардың арқасына шуағын төгіп тұрды; олар ештеңе көрмеді, естімеді, олар ештеңе ойламады, тек қармақты суға лақтыруды ғана білді, олар үшін бүкіл тірлік тоқтап қалғандай еді.

Кенет, дәл бір жер астынан шыққандай гүріл, жағаны дірілдетіп жіберді.

Пушканың да даусы естілді. Мориссо артына қараған кезде сол жақта Мон- Вальеран сұлбасы жақтан алысырақта қою түтіннің бұрқырағанын көрді. Енді осындай қою түтіннің екінші будағы көрінді. Бұл будақ қамал үстін торлап тұрды. Бірнеше секундтан кейін екінші рет гүрс етті.

Осыдан кейін гүрсіл тыйылмады, тау бейне бір ажалдың өзін құсып тұрғандай. Ақшыл түсті түтіннің будағы жоғары көтеріліп барып, биікте ілініп қалып жатты. Соваж иығын қушитты.

– Көрмейсің бе, қайтадан бастады! – деді ол.

Мориссо біресе қалқып, біресе батып кетіп тұрған қалтқыға қарап тұрған еді. Негізі мінезі тыныш, жұмсақ адам. Ол мына қанішер басқыншыларды жек көретін.

– Адам боп тұрып, адамды өлтіру үшін нақұрыс болу керек қой, – деп күйінеді ол.

– Олар айуаннан да өткен, – деп қоштады оны Соваж.

– Король болса, – деді сөзін бөліп Мориссо, – соғыс елдің сыртында болар еді, ал республика болса ішінде.
Осылайша олар түгелдей саясатқа кірісіп кетті. Осы айтыс барысында жақсы, жөнді пікірлер де айтылды. Ақыры адам ешқашан бейбіт өмір кешпейді екен деген тоқтамға келді.

Ал Мон-Валерьенде тоқтаусыз гүрсілдеп жатыр. Пушканың ұңғысынан ұшқан ядролар француз үйлерін қиратып, барлық тірі жан, арман да, қуаныш та, үміт те қирап жатты. Бұл соғыс француз аналарының, қыздары мен әйелдерінің жүрегіне өшпес қасірет әкелді.

– Өмір ғой, – деді Соваж.

– Одан да өлім осылай болады десеңші, – деді күліп Мориссо.

Кенет екеуі де сыртынан естілген аяқтың тырсылынан селк ете түсті. Көз қиығымен төбесінен төніп тұрған еңгезердей төрт сұлбаны көрді. Бұлардың сақалдары өсіп кеткен. Киімдері біртүрлі, бас киімдері тайпақ. Олар бұларға мылтық кезеніп тұрды.

Екеуінің де қолынан қармақтары сусып шығып, суға ағып кете барды. Ұстап, байлап, көтеріп, қайыққа салып аралға әкеліп тастау бірнеше секундқа ғана созылды. Енді олар бағана ешкім тұрмайды деген үйден немістің жиырма шақты солдатын көрді. Орындық үстінде еңгезердей біреу фарфор трубкасын бұрқыратып отырды.

Ол:

– Иә, мырзалар, балық жақсы қаба ма? – деп сұрады таза француз тілінде.

Осы кезде біреуі барып балық салынған ыдысты әкеп, офицердің аяғының астына қойды.

– О-о, мынау жаман емес, байқап тұрмын! Бірақ қазір мәселе онда емес. Мені мұқият тыңдап алыңдар. Сендер жансызсыңдар, бізді аңдып келгенсіңдер. Мен сендерді ұстадым. Сендердің тағдырларың – менің қолымда. Балық аулаған болып жүрген жансызсыңдар. Бірақ қолға түссеңдер, сендердің жағдайларың қиын. Соғыстың аты – соғыс. Сендер бірнеше бекеттен өттіңдер, демек, парольді білесіңдер, яғни кері де қайта аласыңдар. Маған парольді айтыңдар, сендерге кешірім жасаймын.

Достар қатар тұр еді, қолдарын дірілдеп, түрлері қуқыл тартқан. Үндемеді.

– Бұл туралы ешкім білмейді, – деді офицер тағы да. – Сендер тыныш қана үйлеріңе қайтасыңдар. Құпияларың іштеріңде кетеді. Айтпасаңдар – тек өлім! Ерік өздеріңде.

Олар жұмған ауыздарын ашқан жоқ, орындарынан қозғалмады. Пруссак өзенді нұсқап, сөзін жалғастырды:

– Бес минут ойланыңдар, одан кейін су түбінде боласыңдар. Тек бес минут! Жақындарың бар ма?

Ал, Мон-Валерьен гүрсілдеп жатыр. Неміс өз тілінде бірдеңе деді. Сосын орындықты алып, әрірек барып отырды. Он екі солдат жиырма қадамдай жерге барып, мылтықтарын алдарына қойып тізіліп тұра қалды.

– Сендерге бір минут уақыт беріледі. Басқа бір секунд та жоқ.

Кенет ол орнынан ұшып түрегеліп, бұлардың қасына жетіп келді. Мориссоны қолтығынан ұстап, әрі алып кетті. Сосын «Тез парольді айт! Жолдасың мұны білмейтін болады, ал мен екеуіңді де аяған сыңай танытып, босатамын» деп құлағына сыбырлады.

Мориссо үндемеді.

Осыдан кейін Соважды ұстап, оған да Мориссоға айтқанын айтты. Соважда да үн жоқ.

Осы кезде Мориссоның көзі байқаусызда балық салынған өздерінің ыдысына түсті. Ішінде бір балық күнге шағылысып әлсіз қозғалып жүрді. Мориссоның көңілі босап кетті. Ол бар күшін салып өзін ұстауға тырысты. Сонда да көзіне жас үйірілді.

– Қош бол, Соваж! – деді ол.

– Қош бол, Мориссо! – деп жауап берді Соваж.

– Ат! – деді офицер.

Он екі мылтықтың дыбысы бірдей шықты. Соваж етпетінен құлады. Мориссоның бойы ұзын еді. Ол теңселіп тұрды да, сәл бұрылыңқырап барып, жолдасының үстіне құлады. Оның үстіне көлденең құлаған еді, оқтың тескен жерінен мундиріне қан ағып, артынша қатып жатты.

Неміс тағы бірдеңе деп бұйырды. Олар бір жаққа кетіп қалып, сәлден соң тас пен жіп алып қайтып оралды. Тастарды олардың аяғына байлап, жағаның құлама жеріне апарды.

Мон-Валерьен тоқтаусыз гүрсілдеп жатыр. Будақтаған түтін өте биікте қалықтап тұрды.

Екі солдат Мориссоны аяғы мен басынан ұстап көтеріп алды. Екі солдат Соважды да осылай көтеріп алды. Содан кейін бұларды ары-бері шайқап тұрды да, өзеннің ортасына лақтырып жіберді. Мүрделер тігінен суға түскен бойда аяқтарындағы тастардың салмағымен батып кетіп жатты. Судың тамшылары жан-жаққа шашырап, мүрделер түскен жерде шеңбер пайда болды. Оның майда толқындары ақырын жағаға жетіп жатты.
Офицер бұрынғысынша сабырлы қалпымен:

– Қалғаны – балықтардың шаруасы, – деді де, үйге кіріп кетті.

Осы кезде шөптің үстінде тұрған балық салынған ыдысқа көзі түсіп кетті. Оны алып күлімсіреді.

– Вильгельм!

Үстінде ақ фартугі бар солдат жүгіріп келді. Жаңа ғана кісі өлтірген пруссак оған балықтарды беріп жатып:

– Қәне, мына балықтарды бұзылмай тұрғанда қуырып жібер. Бұл керемет тамақ болатын болды! Сөйтті де, қайтадан трубкасын тұтатты.

Аударған Бақтияр МЫРЗАШ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
Сырдария ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: