Бір бай халиф қаланың сыртында серуендеп жүріпті. Күзетшілері мен малайлары ізінен қалмай келе жатады. Халиф алтын шапанының етегін жерге сүйретіп, өмір мен өлім туралы ойланып келе жатыр.
Алдынан мәуелі бақша шығады. Қақпаның алдында жұлым-жұлымы шыққан, арып-ашқан бір балақай отыр екен. Қолындағы нанын үзіп жеп отыр. Қасында үлкен төбет бар. Бала қолындағы нанынан үзіп итке беріп отыр екен. Өзі бір үзіп жейді де, сосын аш итке бір үзім тастайды.
Бұл жайт халифтың ықыласын оятады. Зұлмат жылдар еді. Ит атаулыны ешкім жақсы көрмейтін кездер. Жұлымы шыққан баланы да ешкім жақтыра қоймайтын. Бұл бала құл еді. Қарашы құл болса да, тері-тарамысына ілініп отырған аш болса да, итке нанынан бөліп беріп отыр.
Халиф баладан:
– Бұл сенің итің бе? – деп сұрады.
– Жоқ, – деді бала. – Нанымды шығарғаным сол еді, ит қасыма кеп қарап отырды.
– Онда неге наныңды оған беріп отырсың? – деп таң қалады халиф.
– Бетіме аш біреу қарап отырса, оған бермей жеп қоюға ұялып отырмын, – деді бала. Халифтың өне бойы тітіркеніп кетеді. Баладан тағы сұрайды:
– Сен құлсың ба?
– Мен осы бақшаның иесінің құлымын.
Баланың жауабына халиф бас шайқайды. Ол баланы босатып, сол бақшаны сыйға тартады. Иелігіне мәуелі бақша түскен соң бала жеміс-жидекті күтіп, баптап, жемісін жарлылармен, қарт адамдармен бөлісіп жеген екен.
Халиф ары қарай билік құра береді. Бірақ сол күннен кейін ол қатты өзгереді. Ол қолындағы байлығын кедейлерге бөліп беретін болды. Өзі туралы халиф «Мен осы бақшаның иесінің құлымын» деп айтатын бопты. Бәріміз – бақшаның иесінің құлымыз. Қасыңда аш біреу қарап отырғанда, ұялғаннан барын бөлісіп жеген адамға бақида азаттық пен зор марапат бұйырады екен. Нанынан бір үзіп өзгеге берген адам Жаратқанның мейіріміне шомылады. Мейлі адамға, итке, мысыққа бөліп берсін. Бәрі де тірі қалғысы келеді. Бәрі де нан жегісі келеді. Бәріміз де – бақшаның иесінің құлымыз.
Халиф осылай ойлады. Дұрыс ойлапты. Содан жүрегі мейірленді. Әлдекімге бір үзім нан берсең, көңілің жайланады. Бұл – біздің дұрыс әрекет істегеніміздің белгісі. Тіпті ешкім ештеңе сұрамаса да, талап етпесе де. Оңаша отырып жалғыз жеп қою ұят…
Анна Кирьянова
Аударған Шынар Әбілда
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!