Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бір сәуле жылтылдап алыстан, Кеудеме сыйлайды жылылық…

04.12.2025, 10:20 162

Ұлықбек Тәңірбергенов 1990 жылы 27 тамызда Қызылорда облысы, Арал ауданында дүниеге келген. Республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз апталық «Халық», «Ақмешіт ақшамы» газеттерінде тілші, Қызылорда «Қоғамдық телеарнасында» редактор боп қызмет атқарған.

Қазіргі уақытта Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты «Қалалық мәдениет үйлері, клубтар және халықтық ұжымдар» МКҚК-ның көркемдік  жетекшісі.

Облыстық,  республикалық  мүшәйралардың жүлдегері,  «Адал» авторлар  қоғамының  мүшесі.

ТІЛ  АЖАЛЫ

…Камерунда 1995 жылы қарашаның 5-і күні Момбила ауданының касаба тілінде сөйлейтін ең соңғы Богон есімді азаматы дүниеден  өтті.

Тағдырымның қабағы түнереді бөтен,

Байлығына жаны мас шіренеді көкем.

Естімеген елде көп бермесінші басқа,

Сөйлейтін жан қалмаса тіл өледі екен.

Тұз-дәм бітсе табылар көйлек-бөзің бірден,

Қабіріңде жатарсың бейнет сезіп мүрдең.

Қасірет деп ұққанмен бақытты әлгі Богон,

Өз тілінде соңғы боп сөйлеп көзін ілген.

Тәңір солай жүректі езілдірген шығар,

Тілді сақтау керегін сезіндірген шығар!?

Касабаша білмейді Момбилада ешкім,

Тек Богонның рухы кезіп жүрген шығар!?

Лас қалада санама тозаң тұна берді,

Май ішкесін аңсады мазам құла дөңді.

Ауылдан кеп мына атай шүлдірлеген кезде,

Момбилалық Богон шал көз алдыма келді…

Сағындым…

Сағындым, жамылдым қалың мұң,

Жібермес десек те туладық.

Ішінде қап қойған сағымның,

Терезе көңіл тұр буланып.

Тапсырған барлығын сезімге,

Жүрегім жаралы, жан жамау.

Күттірген келместің өзін де,

Бұл өмір тынымсыз жол қарау.

Бақ пен сор мәңгілік алысқан,

Жүреміз бір жығып, жығылып.

Бір сәуле жылтылдап алыстан,

Кеудеме сыйлайды жылылық.

Мазасыз күй сыйлар адамға,

Бақыттың қайда екен көмбесі.

Сенейік шаттықтың бәрі алда,

Жүрегім жабырқай бермеші.

Жүгіну

Баса алмаған жаңбырын,

Кім ұғады жан мұңын?

Шимайындай баланың,

Түсініксіз әр күнің.

Келер күнді тойладың,

Кетер күнді ойлағың.

Қадіріңді қай жерде,

Жоғалтарың беймәлім.

Жан едім деп ең дара,

Бере алмайсың сен баға.

«Жақсы еді» деп айтатын,

Ең соңында ел ғана.

Өміріңнің сәтін әр,

Тәңір өзі бақылар.

«Жақсы едінің» ішінде,

Жаманның да хақы бар.

Күте тұрар жұмыр жер,

— Тәңірім! — деп жүгінді ер.

«Жақсы едінің» салмағын,

Көтере алар ғұмыр бер!

Уақыт  бөл

Бақыт іздеп ерініміз кезерді,

Соңымыздан жақсы, жаман сөз ерді.

Айналаңда жүрген кейбір жандардың,

Жүрегіңде болады екен өз орны.

Өмір мұхит тереңінен жақұт тер,

Шаттыққа көп, мұңға да сәл батып көр.

Өле-өлгенше анық жалғыз жүрмесің,

Жақын жанның барлығына уақыт бөл.

Ата-анаңнан уайымды жырақ қыл,

Жан-жарың да отырмасын жылап құр.

Дегенше сен мынау нені сұрап тұр,

Балаңның да былдырына құлақ түр.

Ағайынға ала болмас қымбатты ер,

Досыңның да жүрек үнін тыңдап көр.

Әр жерінен біте салар әркімге,

Өмір деген түгесілмес жыр дәптер.

Сындарлы сәт таяп келген күнінде,

Қарсы шығып, дей алмайсың мұның не?

Уақыттың шын қадірін ұғайық,

Уақыт таппай қалмас үшін түбінде.

Сығанақтағы  тандыр  пеш

Кейбір ұлттар тоз-тоз боп бір дерексіз кеткенде,

Біздер қалай айналдық Құдай сүйген текті елге?!

Тасқа түскен, хатта бар тағылымы мол тарих,

Мойыныңды еріксіз бұрғызады өткенге.

Бір оқиға естіп ем үлкендерден үлгілі,

Тәңірге аян бірақ та оның дәлел шындығы.

Тандыр пеш пен Жылама бұлағының күшімен,

Сығанақтың сақталған берекелі бірлігі.

Адастырып, жолға сап, қинап барып сыйлап бақ,

Сынаған ғой әркімді тағдыр деген ми батпақ.

Қақпасының алдына жау келіпті бір күні,

Бар байлығын тонап ап, ниеті бар қиратпақ.

Елестетіп бейнесін қаңыраған қаланың,

«Құрығанда, — депті хан. – Бір аптада аламын.

Билеушісін өлтіріп, халқын құл қып айдаймын,

Таңдаулысын тұл етіп, тасқа тіліп табанын».

Білмесе де барлығын не жұмбағы, не сыры,

Мұңсыз, ойсыз ханыңның осы болды кесімі.

Тарихшысы қонжитып жазып жатты параққа,

Пәлен күні өшті деп Сығанақтың есімі.

Қолданса да тың тәсіл, әлемде жоқ күш, айла,

Әскер азып, хан қажып, бопты дейді пұшайман.

Басып алам шаһарды ертең, ертең, ертеңмен,

Жаулап алу уақыты кешігіпті үш айға.

Алға басқан адымы кете беріп керіге,

Арман болып бір шығу Сығанақтың төріне.

«Есің барда еліңді тап» деген сөз есіне,

Кеш түссе де залым хан оралыпты еліне.

Жеңбей қайтып татқан хан жеңілістің шын дәмін,

Жинаса да қасына дүр данышпан, кіл ғалым.

Қайта-қайта ойлаумен, аһ ұрумен өмірден,

Өткен шығар шеше алмай сұлу қала жұмбағын…

Басқыншыға беймәлім, ал біз білер дерегі,

Дуанбасы* айрықша асып туған ер еді.

Азық-түлік таусылған, сырттан келер су бітеу,

Сығанақтың халқының нан болыпты қорегі.

Өр халықтың сағы одан дей алмаймыз сыныпты,

Басқа түскен жағдайды тұтас ел боп ұғыпты.

Қызуымен нан және жұрт жігерін пісіріп,

Үш ай бойы тандыр пеш дамыл таппай тұрыпты.

Бидай біткен, ұн да жоқ, ел ашығып барады,

Деген кезде тағы да табылыпты амалы.

Қалада бар ағашты диірменмен үгітіп,

Қалған нанды осындай әдіспенен жабады.

Тандыр наннан там-тұмдап әл мен күшін алсын-ақ,

«Суды қайдан ішті?» деп саңқ ететін бар сұрақ.

Оған жауап: Бар дедік «Жыламадай» бұлағы,

Жарып шығып жартасты жылап аққан тамшылап.

Жүрек жалғап тандырмен, жібітіп ап тек көмей,

Сарбаздарға сеп болып қатар тұрып көп кедей.

Таусылғанша тас атып, төбесінен қоз құйып,

Қасарысқан дұшпаны кеткені рас беттемей…

Ертегі айтып бұл бала қалай-қалай бөседі,

Демеңіздер, көңілім тек шындықпен дос еді.

Бір қаланы тұтастай қамтамасыз ететін,

Археологтар сол пешті қазып апты деседі.

Қиындыққа тап келсе, Тәңірінен жол сұрар,

Әлімсақтан бар сынға ермен бірге ел шыдар.

Бiр қаланы қырғыннан сақтап қалса тандыр пеш,

«Ас атасы – нан» деудің себебі де сол шығар?!

* Дуанбасы – қала басшысы

Газеттің  иісі

(Айдарға  хат)

Газеттің иісі болады түйгенім,

Ал оны қылмыскер – жыртса егер үйде кім.

Дейтұғын жарықтық әкеміз ұл-қызға,

Ұқтырып көзінен басқа жер тимеуін.

Баламын, естіп ап әкемнің желеуін,

Газетті өзімше иіскеп көремін.

Қолқаны қаппайтын, жаным жай таппайтын,

Білгенше сол жұмбақ тұспалдың дерегін.

Майшамның жарығы астынан табылып,

Еламан қасында мұз үсті сабылып.

Шіркін-ай, балалық өтті ғой бізден де,

«Қан мен тер» жастанып, «Толқынды» жамылып.

Нұртуған тәлімін, Дәріғұл мақамын,

Үйреніп шарлаған шабыттың шаһарын.

Аралдың тағдырын жырлаған әкемнің,

Алғашқы өлеңін, ең соңғы сапарын.

Қуанып, күйзеліп басып ең, «Толқыным»,

Бәсіңді басқадан көреді олқы кім?

Теңізді іздеумен, үмітті үзбеумен,

Оқырман жүрегін жалындай шарпыдың.

Бір жылға бергісіз Аралдың әр күнін,

Жазумен қоғамның жетпесін, артығын.

Әуелгі редактор Әуелбек сап кеткен,

Соқпағың бұл күні сара жол, «Толқыным».

Айта алсаң осып айт, содан соң именбе,

Ел самал сеп болар ауызың күйгенде.

Қаншама дөкейлер қайқаңдап ес жиған,

Серіктің «Құрығы» сарт етіп тигенде.

Тасадан атпадың туралап көздедің,

Жетестей қысқа айттың, шұбыртып езбедің.

Әрбірі теңіздей классик ұлдардың,

Сен аштың арна қып бұлақтай көздерін.

«Толқыным», тарт алға, қадамды анық бас,

Бұл ойды айтудан ақының жалықпас.

Газеттің жұпарын жұтпаған қоғамға,

Жылт етпе желілер ұстаз боп жарытпас.

Шижаға құмының жанды өртер жалыны,

Аулақтан үн қатқан корабль дабылы.

Сендегі жұпар ол – маңдай тер иісі,

Ақбайдың қауыны, Бөгеннің балығы.

Елдегі әр хабар көңілді мәз етті,

Айдар-ау, жаза бер әр ғажап мезетті.

Туған жер иісімен мауқымды басайын,

Ордаға келгенде ала кел газетті.

Заманның көшімен жаңаша жол алар,

Толқынның дабысы әлемді аралар.

Жыр кетпес жүректен мәңгілік мұң кетіп,

Көп күткен аяулым теңіз де оралар…

***

Сезе алмай қала нұрын,

Көбейді нала-мұңым.

Тасжолдар тосырқатты,

Бассам ғой дала құмын.

Көпті еске салар еді-ау,

Шуылдап бала күнім.

Бара алмай жаныңа дым,

Қозыдай маңырадым.

Аулаңда өткен күнді,

Аулақта сағынамын.

Еңсеңді түсірмеші,

Беу, қара шаңырағым…

Қолдарын ойдан бұлғар,

Пәк күлкі қайран жылдар.

Қайтейін, көз алдымда,

Таспадай айналдыңдар…

Экспромт

Көңіл кемерден аса алмай,

Өмір-көгеннен қаша алмай.

Өлім келгенше босанбай,

Жүрегің тулар кеудеңде –

Байлаулы тұрған асаудай…

Пікірлер:

Добавить комментарий для Тұржан Отменить ответ

Тағы да оқыңыз: