Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бір күнде жеті кітаптың тұсауы кесілді

24.12.2024, 8:45 52

HALYQLINE.KZ

Сыр елінің самалына сіңген сырлы әуен мен терең ойдың иесі, сөз бен рухтың киелі үлесін таба білген қаламгер әрі журналист Елубай Әуезов жайлы бәріміз білетін болармыз. Оның әр жазған өлеңі жүректің жыры секілді, ал әр кітабы – өмірдің өзінен үзіп алынған парақ. Бұл азаматты ел арасында тек ақын ретінде емес, журналист ретінде де таниды. Өзі араласатын, ақындар ортасында сыйлы кісі. Тек кәсіби қызметімен ғана емес, адами болмысымен де ерекшеленетін ақынның жеті бірдей кітабы бір уақытта басылды. Соның аясында жақында, нақтырақ, желтоқсанның жиырмасы күні Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Сыйлағым кеп тұрады біреуге үміт…» атты шығармашылық кеш өтті. Іс-шара модераторы, ақынның сырлас досы, бүгінде облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Дүйсенбек Аяшұлының өзі жеті кітаптың тұсауын бір уақытта кесу кім көрінгеннің қолына келмейтінін алға тартып, жеті кітаптың иесі болуды жеті қазынаны арқалаумен пара-пар дегенге келтірді.

Бұл іс-шара кең көлемде аталып өтіп, арнайы залда болғанымен, Дүйсенбек ақын кешті әубастан еш сценарийсіз, еркін форматта өткізетінін айтты. Өзі айтқандай, шығармашылық кеш мейлінше ақындардың пікіріне, сондай-ақ өлең-жырларына негізделіп, кеш иесінің бұған дейінгі жазған жыр жинақтары мен өлеңдеріне басымдық берілді. Сонымен қатар, таныстырылым бейнеролигі де көптің көңілінен шыға білді. Бейнежазбада ақынның жалпы автобиографиясы айтылып, мұғалімдік қызметтен баспасөзге дейінгі жүріп өткен жолы тілге тиек етілді. Сондай-ақ, ақынның туып өскен жеріне арнаған өлеңі де шығармашылық кешке жиылған қауымның көңілін бір тебірентті.

Шығармашылық кеште ақынның жора-жолдастары, өнердегі достары мен жалпы зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері бой көрсетті. Ең алдымен облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов сөз сөйлеп, артынша аймақ басшысының алғыс хатын тарту етті.

Сыр топырағы қазақ поэзиясының бағына туған талай дүлдүл ақынды түлетсе, бүгінде сол қасиеттің жалғастырушысы ретінде сізді жұртшылық жақсы біледі және жыр туындыларыңыз көпшіліктің сұранысына ие. Сіздің ақындық жырларыңыздағы қазақтың қара өлеңіне тән ұлттық ерекшеліктер, лирикалық терең иірімі оқырманды ойға жетелейді, – дейді өңір басшысы.

Бірқатар өлеңі оқырман қауымның жүрегінен өшпестей із қалдырған Елубай Әуезов еңбекқор ақындардың қатарында. Олай дейтін себебіміз, ақынның өзінің сөзіне сүйенсек, ол 5000-ға жуық туынды жазған.

Табиғаттың, Алланың құбылысы-ау, сегізінші жыл бойы тоқтаусыз жазып келе жатырмын. Арасында бұл жайлы эфирде айтып та қаламын. Кей күндері отыз өлеңге дейін жазған уақыт болған. Бұның не құбылыс екенін өзім де анықтай алар емеспін. Ақпараттық дәуір дамыған тұста адамды қалың кітап та аса қызықтырмайды. Сол себепті оқырманға жеңіл болсын деп кітаптарымды 165 бет, 165 өлеңнен жазып шықтым, – дейді шығармашылық иесі.

Ақынның шығармашылық жолдағы қатарластары, аға буын өкілдері бұл кешті өзге кештерден өзгеше дейді. Бір күнде жеті кітапты оқырман қауымға тарту етуді бұрын-соңды көрмегендерін айтады.

Елубай Әуезов – кіндігін өлеңге байлап қойған ақын. Менің Бейбарыс бабам секілді, Бейбарысты білесіздер ғой, құлдан ханға, ханнан қарапайым жанға айналып, өз кіндігін жусанға байлап қойған. Елубайдың өзгелерден ерекшелігі – ол жазудан еш жалықпайтын адам. Соның дәлелі – бүгін ол жеті кітаптың бірдей тұсауын кесіп, жылжабар жасап отырғандығы. Бұны ақынның жетістігіне баласақ болады, – дейді ақын, Журналистер одағының мүшесі Асантемір Қаршығаұлы.

Іс-шара барысында ақынның лирикалық өлеңдеріне негізделген әндерден шашу шашылды. Сонымен қатар, облыстық жастар театрының артистері ақын өлеңдерін нақышына келтіре оқып, өлеңжанды жұртты тәнті ете білді.

Елубайдың өзі ағып жатқан ағын секілді. Оның өлеңдерінде бір тылсым сыр бар. Оның әрбір өлеңінен шағын әңгіме айтуға да болады. Оның бәрін аздаған уақытта, микрофон алдында талдап тұра алмаймыз ғой не болса да. Бірақ, оны оқу керек, жай емес, тынып отырып оқу керек. Біз Елубай екеуміз осындағы қазіргі Қорқыт ата, біздің кезіміздегі Гоголь атындағы жоғары оқу орнында білім алдық. Елубай, Дүйсенбек үшеуміз сол кездің өзінде бірі-бірімізден ажырамайтын дос едік. Сол кездің өзінде Елубайда бір тоқтамайтын ағын бар екенін мойындағанбыз. Сондықтан, Елубайды тану үшін оның кітабын қолға алу керек. Міне, бүгін ол жеті кітабын жария етіп отыр. Сол кітаптарының бірінің жазылуына мен атсалыстым, редактор болдым. Өзім бастан аяқ оқыдым, әлі де оқимыз, – дейді ақын, «Таңшолпан» әдеби-көркем журналының бас редакторы Нұрлыбек Саматұлы.

Әуезовтің әрбір туындысы – өздігімен бір әлем. Жаңалық жаршысы, ақиық ақынның әр сөзінде мұң да, қуаныш та бар. Аймақ басшысы атап өткендей, Сыр топырағынан қанша дүлдүл ақын шықты. Олардың арасында көзі тірісі, күні бүгінге дейін оқырманды адуынды шығармаларымен сүйсінтіп жүргендердің қарасы бұрынғыдай емес, біршама азайды. Сондықтан да, ақын-жазушыларымызды, мәдениет қайраткерлерінің жүріп өткен жолын өскелең ұрпаққа дәріптеу, үлгі ету – парыз! Тек шығармашылық жолында емес, ақпарат майданында да аянбай қалам тербеген журналист Елубай Әуезовтің де сұлбасы мен болмысы да – жөні бөлек әңгіме. Халықты рухани азықтандырып ғана қоймай, мұңын жоқтап, әлеуметтік-экономикалық тақырыпта біршама мәселе көтеріп, аймақ төңірегіндегі ақпараттарды бәрінен бұрын жария еткен бұл кейіпкеріміздің тілшілік тіршіліктегі алар орнын ерекше атай отыра, ақынға алдағы уақытта сәттілік, шығармашылық табыс тілейміз! Еңбекқор ақынның қаламы мұқалмасын, жыр-жинақтары мен кітаптары көбейе берсін дегіміз келеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: