Бүгін жалағаштықтар Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесін кең көлемде атап өтті. «Береке басы – Әз-Наурыз» атты мерекелік салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов қатысып, аудан тұрғындарына аймақ басшысының құттықтауын жеткізді.
«Баршаңызды жақсылықтың жаршысы, игі істердің бастауы болған Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Наурыз – ежелден халқымыз үшін береке мен бірліктің, жаңару мен жасампаздықтың белгісіне айналған Ұлы даланың қасиетті мейрамы.
Бүгінде Президентіміздің бастамасымен Наурыз нағыз жалпыхалықтық мерекеге айналып, Наурызнама онкүндігі аясында кең көлемде атап өтілуде. Бұл – ұлтымыздың рухани жаңғыруының, ұлттық дәстүрлеріміздің қайта түлеуінің жарқын көрінісі.
Биыл еліміз үшін, өңіріміз үшін айрықша мәні бар тарихи маңызды жыл. Халқымыз ұлт жылнамасындағы жаңа кезеңге қадам басуда. Сыр өңірінде өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұған дейінгі саяси реформаларының жалғасы ретінде Конституциялық жаңғыруға қатысты бастамаларын жария етті.
15 наурызда халқымыз Қазақстанның жаңа тарихын жазып, келешек тағдырын айқындады. Дана халқымыз «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді. Тәуелсіздігіміздің басты нышаны болатын жаңа құжатты қабылдауға жерлестеріміз үлкен жауапкершілікпен атсалысып, өңірлер арасында көш бастады. Сыр халқы Мемлекет басшысының Әділетті, Қуатты әрі Таза Қазақстанды құру жолындағы бастамаларын әрдайым қолдайтынын тағы бір мәрте айқын дәлелдеді.
Ұлыстың ұлы күнінде тілеген тілектеріңіз қабыл болып, істеріңіз жемісті, еліміз тыныш, Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай! Егемен елімізді көркейту жолындағы істеріміз табысты болсын! Әрбір шаңыраққа бақ-береке, шаттық пен қуаныш орнасын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Наурыз құтты болсын!» – деді А.Зебешов.
Мерекелік шара барысында облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов пен аудан әкімі Ардақ Ибраимов зиялы қауым өкілдерімен және қонақтармен бірге ұлттық қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдар көрмесін тамашалады. Сондай-ақ, ұлттық салт-дәстүрлер көріністері ұсынылып, тұсаукесер, айдар шаш алу рәсімдері көрсетілді. 100 өнерпаз оқушыдан құралған домбырашылар ансамблінің өнері көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Мереке аясында театрландырылған қойылым ұсынылып, аудан тұрғындары мейрамды жоғары көңіл күйде тойлады. Бірқатар азаматтар Қызылорда облысының «Құрмет грамотасымен», Жалағаш ауданының «Құрмет грамотасымен» және облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Сонымен қатар спорттық жарыстар ұйымдастырылып, қазақ күресі, қол күресі, гір тасын көтеру, арқан тарту секілді ұлттық ойындар тартысты өтті. Аудан тұрғындары киіз үйлерде жайылған ақ дастарханнан дәм татты.
Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!