Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ,
ақын,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Жақын тарта алмасаң да жаныңа шын,
Күндер өте жүрекке бағынасың!
Табылдың шапалағын жеген қыздай,
Айтты деме бір күні сағынасың!
Естелік те жазарсың сәл өкініп,
Қиялыңнан құрарсың тағы өтірік.
Мен жайлы аңыз қылып айтқаныңда,
Сені ұйып тыңдайды бәрі отырып…
— Махаббаттың отына күйгенім жоқ,
Ол сүйді. Ал, мен оны сүймедім!, — деп.
Екі бетің қызарып отырарсың,
— Бар болғаны бір вальс биледім, — деп…
Көрінгенмен Жайық боп тасығандай.
Тыңдаушыдан қулықты асыра алмай,
Ертегі айтып болған соң еңірерсің,
Мені сүйетініңді жасыра алмай!
***
«Сезім шіркін ақ жаңбырға ұқсайды,
Алматыда жаңа жауып, жаңа жауып басылған…».
Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ
Аспан-қыздың жасқа толған жанары,
Жаңбыр болып жуындырды қаланы.
Жел-әуенге бойы балқып ағаштың,
Жапырағы судан сырға тағады.
Найзағай-қарт ара-тұра от шашып,
Бурыл бұлттар бір-бірімен достасып.
Аспан-қызға аң-таң болып қарайды,
Қолшатырды қорған қылған қос ғашық.
Жауын жауса жайнатады гүл бағын,
Жаңбыр жанды тазартады.
Біл, жаным!..
Тұманбайдың өлеңіне жазылған,
Шәмші ағаның ұлы әуенін тыңдадым.
***
Біз бейбақтың түсіне алған жанын кім,
Сен де мендей күй кештің бе, қадірлім?
Шер-мұңымды шаю үшін шараппен,
Мейрамхана ауласынан табылдым!
Тап сол жерде болғанмен тал саясы,
Біз ішуге бұйырмайды-ау, бай асы.
«Маған өлең оқып бер» деп өтінді,
Салқын сыра құйып берген даяшы.
Уа, сары қыз!
Дедім дағы іркілдім,
Жүзін көріп жыр ұқпайтын жұртымның.
Қаламсаптың сиясы әлі тамбаған,
Жел ұшырған ақ парақтай жыртылдым.
Содан бері көтерілмей көңілім,
Көңілін де қалдырдым-ау көбінің…
Терезеден тамашалап отырмын,
Тор тоқыған өрмекшінің өмірін.
***
Бір қайыры болады деп әр айдың,
Ес білгелі шығармадым Хақты ойдан.
Әр қараға үміттеніп қараймын,
Жолаушыдай жол бойында қап қойған…
Үміт тірі. Өзімді-өзім ойнатып,
Аңқыса деп ойлап едім жусан-ой.
Самаурынды бұрқ-сарқ қайнатып,
Анау жерде қалқа бала тұрса ғой…
Шайын ішіп, тер сорғалап арқадан,
Сары қызға жыр арнасам бір ауық…
БІРАЗ ДҮНИЕ БІЛЕСІҢ ҒОЙ,
Қалқаман,
Астананың бұлты неге жылауық?
Күн ашылса, бойда қанды тулатып,
Түсіндіріп өлең жазу себебін…
Қаламгерлер аллеясын шулатып,
Жырдан жаңбыр жауғызайын деп едім…
***
Өкінішті, кездеспедім еркеммен,
Жолыққанда ғажайып сыр шертер ме ем?
«Астанаға Асан келер» деп күтпей,
Ұларбектің АДИНАСЫ ерте өлген.
О, АДИНА!
Ажалының құрбаны,
Ерке қыздың ерте солды гүл бағы.
«Адина өмір сүрді» деген белгі ғой,
Қабірінде қалағының тұрғаны.
Құлағыма жете қоймас баяғы үн,
Енді кімге құшағымды жаямын?..
Ұлтын сүйген Ұларбегі болғанмен,
Адинасыз Астананы аядым!
Өкінішті, кездеспедім еркеммен,
Жолыққанда ғажайып сыр шертер ме ем?
«Астанаға Асан келер» деп күтпей,
Ұларбектің АДИНАСЫ ерте өлген…
Өкінішті!!!
***
Шамаң келсе қызықты көр тіріңде,
Жол берме үмітіңді өлтіруге…
Таң атса күн батады. Уақыт зулап,
Аптаны апта қуып жөңкілуде…
Ертең-ақ ай айналып келіп тұрар,
Жігіттің жігіттігін жолы ұқтырар.
Жаныңды жылағанда жұбататын,
Достар да аз жабыққанда серік қылар.
Несіне оның бәрін жыр қылайын,
Өзімді-өзім қалай жұлқылайын?
Көңілім кірлеген соң кісінедім,
Үйірінен адасқан жылқыдайын!
***
Жат адамдай жатырқайды бас қала,
Ережесі ұқсамайды басқаға!
Әңгіме айтып әсерлену деген жоқ,
Бөтен адам. Бәрі ұмтылған ақшаға!
Мен де ұмтылдым, жеткізбеді сорлы сәт,
Көңіліме кірленетін болды шақ,
Аяғымды әлтек-тәлтек басамын,
Уызына жарымаған төл құсап..!
Мен де бір күн кетер ме екем бөтен боп,
Бұл қалада бас тірейтін көкем жоқ!
Бесік-ойды тербетумен жатырмын,
Қырық шаршы метр жерді мекен деп.
Біздікі емес бұл қалада тіл бөтен,
Қазақшамды түсіне алмай тұр, көкем!
Әбіш аға мұнда қалай тұрды екен,
Фариза апам қалай өмір сүрді екен?
Әй, Бауыржан, соны маған түсіндір,
Қиял-құсым байыз таппай ұшып жүр!
Бас ауырып қан қысымым түсіп жүр,
Әй, Бауыржан, соны маған түсіндір!
***
Ақшаны айтып мақтанасың айташым,
Өз еліңнің білмей тұрып сай-тасын!
Баласы жоқ адамдардың алдында,
Сөз бастарда кім болса да байқасын.
Біреу бәлкім батқан шығар бар мұңға,
Ал қапалы шығар біреу тағдырға.
Ата-анаңмен мақтанарда абайла,
Ата-анасы жоқ адамның алдында…
Көңіліне көп адамның қарайла,
Одан төмен боп қалмайсың, жарай ма?
Тыңдаушыңның бір мүшесі кем шығар,
Денсаулығың жайлы айтарда абайла?!
Шығарарын білмес көңіл кімді өрге,
Бұрынғының сөзі маржан білгенге…
Байлық жайлы айттың, тыңдар уақыт жоқ,
Түскі асыма тиын таппай жүргенде…
***
Шыны қала,
Тұман басып кей сәтте құбылады, ә.
Ізіңе ерген інілер кібіртіктеп,
Жөн сұрасаң айтпайды шынын аға!
Шығарып салғыш бәрі күнде ертеңмен,
Кездерімді кімге айтам түнде өртенген?
Жаралымын!
Көрші атамдай қатулы қала бүгін…
Қайта айналып келсе деп қиялдандым,
Батпырауық ұшырған бала күнім!
Бірақ, одан…
Не табарым белгісіз, белгілісі,
Мазамды алмаса екен енді кісі…
***
ҚҰДАЙҒА ХАТ
Жаңаөзен!
Қаңтар!
Тасыған суыңа көндік,
Көнбіс қазақты алдаған қуыңа көндік!
Бас көтерсем дем жетпей тұншығар жанмын,
Бас бармақты сан мәрте қыршып алғанмын.
Итке таланған бөрінің күйін кешкенде,
Өзіңнен медет болар деп үн шығармадым!
Ананың зары, япырай, азапты күн-ай,
Дәл бұлай қинай бермеші, ҚАЗАҚТЫ ҚҰДАЙ!
***
МЕН
Құлашты сермеп аспанға,
Қабақты түйіп-ашқанда…
Сөз таба алмай қалады ер.
Қозғалады қара жер,
Алшаң-алшаң басқанда…
МЕН
Жүрсем жұпар аңқиды,
Аспанда бұлттар шалқиды.
Құйып-төгіп жаңбырың,
Тазарып содан жан нұрың.
Көңілің көкте қалқиды…
МЕН
Сөйлесем жусан гүлдейді,
Аттылы адам жүрмейді,
Тізгінін тартып тыңдайды.
Естімедім деп мұндайды.
Бетке алар сосын күнгейді.
МЕН
Менмін – Мен деген,
Намысты жатқа бермеген.
Сафуан болып ерлеген,
Жұбан боп туып, өлмеген,
Мен, менмін – Мен деген!
***
Басында атанып ем қасқа бала,
Қиналмай жайлы өмір бастала ма?
Баяулап жерге сіңген қызыл күндей,
Үйренісіп қалыппын Астанаға.
Елордаға келгелі байқағаным,
Сән үшін деп, өзгенің айтады әнін.
Сені қонақ қылмаққа ниеттеніп,
Көшеден ұсынады шай-тамағын.
Билікшіл көкелер көп көки берген,
Жиналысқа жұртының еті үйренген.
Бойдағы да жетеді, ойнағы да,
Керек болса, кейбірі екі үйленген.
Халқының бұлқынуға қауқары жоқ,
Банкке бәрі қарыз, айтары жоқ.
Алаяқтар алдайды аңқау елді,
Баба тіл – жетім ұлдай, жаутаңы көп.
Осының бәрін көріп жатқаным-ай,
Ауылдағы алаңсыз шақтарым-ай.
Бәрі жақсы болар деп үміттенем,
Жамандық атаулыдан сақта, Құдай!
***
Сөз алады. Сөйлейді сандырақтап,
Болғысы-ақ келеді барлығы аппақ.
Тіл туралы айтарда тұтығады,
Құтылады содан соң ханды мақтап.
Жазушы мен ақындар бас құраған,
Жиын-жиын болмады жасқа ұнаған.
Шенеунік жөткірінсе, басын шұлғып,
Жұмған аузын ашпады бастық ағам.
Әнәу көкем сөз алды: «Дұрыс», — деді,
Бірін-бірі мақтады: «Ұлы іс», — деді.
Әншейінде сөйлеуге тырысатын,
Бұл жолы ажарлы апам кіріспеді.
Бұл бір жиын өлтірді үмітті анық,
Ана ағайдың қалды аузы құлыпталып.
Тіл десе тұтанатын ағам бар еді,
Ол жатты басқа жерде ұлықталып.
Сыйлығына мәз болып отыр ерің,
Тілге құрмет қылмаса, көтіне құм.
Мен басымды берейін, патша-көке,
Тілімді өлтірмеңдерші, өтінемін!
***
Құрылтай – сахна ғой, жарығы көп,
Жиынның жан жылытар танымы жоқ.
Күйсе де аузым, үмітті үзе алмаймын,
Былтыр да Құрылтай деп сабылып ек.
Ермін, жүкті көтерер ауырсынбай,
Сүйретіліп келемін, сағым сынбай.
Мінберде айтылған сөз қалықтайды,
Ауада қалқып ұшқан қауырсындай.
Десе де, жамандықты жолатпайын,
Мықты бола түсейін болаттайын.
Мен сарылып күтемін нәтижесін,
Нәтиже – келмей қалған қонақтайын.
Боп қалмауын тілеймін, тіле сен де,
Үмітті үзбе, үлбіреп жүдесең де…
Жұртым осал болмашы.
Осал болсаң,
Қылықты қыз, ойы ұшқыр ұл өсе ме?
Құрылтай өтеді ертең Сыр елінде,
Сыр елі – менің нәзік жүрегімде.
Баһадүрлер бас қосқан жиыннан соң,
Жақсылық көп болса екен ұлы елімде…
***
Сіздің үй біздің ауыл іргесінде,
болған соң ба, есімің күнде есімде.
Тұрса да дәтім бармай тілдесуге,
күн кешемін жалғыздық түрмесінде…
Сен бірақ ештеңені аңғармайсың,
Мен таң қалған нәрсеге таң қалмайсың.
Махаббаттан басқасын армандайсың,
Сезімнен сәл суынып қалғандайсың.
Мұңаяды көктегі күн де мендей,
Барлығын айтып саған үлгерем бе, ей?
Әңгіме айтсам, сен селқос отырасың,
Болмағандай, ештеңе білмегендей.
***
Қарлы боранда қарғы бауынан босаған иттей құтырып,
Қарауытады қанталап көзім қатқан мұз шайнап, жұтынып.
Уақыттың анау асқазанында кетпеуім үшін жұтылып,
Шатқаяқтаған шаруаларымның барлығын түгел бітіріп,
Кеттім мен…
***
Бүгінгінің Махамбет, Жұбаны жоқ,
Жиыны көп, жұртты алдар ұраны көп.
Біреулердің басында бес пәтерден,
Бес баласы барлардың тұрағы жоқ.
Күлтөбеде өтеді күнде жиын,
Нәтижесі болмаған, күмәні көп.
Денсаулығың сыр берсе, сауықтырмас,
Медицина маңының лаңы көп.
Елдің сөзін айт десем, көкелерім
Үкіметтің шығады сыңары боп.
Көз көргенді көсіліп өзің айтсаң,
Сот сөзіңді сөйлемес: «Кінәлі!» — деп.
Бас көтерсең, басыңнан ұрады кеп,
Солмағанда қайтеді мына жүрек.
Көрге басың кеткенше көрерің көп,
Қайтейін, амал қанша, шыда, жүрек…
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!