Азамат Сатыбалды Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның президенті болып тағайындалды.Киностудия ұжымына жаңа басшыны Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов таныстырды.
– Отандық киноөнерінің «қара шаңырағы» саналатын Қазақфильм – ауқымды және күрделі өндірістік ұйым. Былтыр киностудия жанынан «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылды. Мемлекет басшысының киностудия жұмысын жаңғырту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында 87 техникалық жабдық сатып алынды. Алдағы уақытта, модернизацияның 2 кезеңін бастау керек,- деді Асхат Оралов.
Мәдениет және спорт министрі 2030 жылға қарай жалпы кинопрокаттағы отандық фильмдердің, оның ішінде анимациялық фильмдердің үлесін 35% дейін арттыру жоспарланып отырғанын мәлім етті. Бұл ретте прокаттағы қазақ тіліндегі картиналардың үлесін 30% дейін жеткізу көзделген.
Азамат Сатыбалды ұзақ уақыт М.Әуэзов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында еңбек етті.. Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрын 3 жыл басқарды. Тағайындалған қызметке дейін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметін атқарды.
Атап кетейік, 2023 жылы наурызда «Ұлттық Киноны Қолдау Мемлекеттік Орталығы» өткізген киножобаларды іріктеу конкурсы көптеген заңбұзушылықтармен өткендігі хабарланды. Ұлттық өнердің жанашырлары БАҚ арқылы жанайқайын жеткізді. «Ақ жол» партиясының фракциясы бұл дауды назарға алды. Мархабат Жайымбетов, Ирина Смирнова, Мақсат Толықбай секілді депутаттар да киногерлердің жанайқайын көтерді. Министр Асхат Оралов киногерлерді осы мәселені шешуге атсалысу мақсатында қабылдауға әзір екенін айтқанымен, ол әлі күнге жүзеге аспады.
Өнертанушы Ерлан Төлеутай кино саласын басқарып отырғандарға көңілі толмай:
– Қазаққа әдебиет пен театрдан кейін келіп, кейін келсе де халқымыздың көңіл төрінен орын алған кино өнері еді. Сол киномыздың да сау басынан дау кетпеуге айналды. Осы күні кино да қадірсіз өнердің күйін кешуде. Қазір Ұлттық киноның тағдыры қыл үстінде тұр. Себебі кино өнерін – әділетсіздік, жауапкершіліксіздік, кәсібисіздік жайлаған. Бастысы – киноны бұл саладан еш хабары жоқ – функционерлер билейді, алаяқтар басқарады. Ал бұл келеңсіздіктің тамырына балта шабуға – Мәдениет және спорт министрлігі еш дәрменсіздік һәм қауқарсыздық танытып отыр. Соңғы жылдары үдей түсіп, бой бермей бара жатқан осынау келеңсіздіктерге өз наразылығымызды білдіріп әрі жоғарыға шешу жолдарын ұсыну мақсатымен бір топ киногер мамырдың 12 күні Ұлттық киноны қолдау Мемлекеттік орталығы орналасқан «Алматы» қонақ үйінің алдында (Шәкен Айманов ескерткішінің жанына) митингіге шығып едік, аяғы осындай болып, жауапқа тартылудамыз. Митингке шықсақ не бопты, бұл біздің Конститутциялық құқығымыз емес пе және біздің жиынымызда еш саяси ұрандар көтерілген жоқ, біз тек осы жылдың мамыр айында өткізілген пичингтің ақ-қарасын тексеретін Тәуелсіз коммисия құрылсын деген жалғыз-ақ ұсыныс, талабымызды Министрлікке жеткізгіміз келді. Бар болғаны осы ғана! Одан артық еш нәрсе талап еткен жоқпыз. Алайда, осы салаға жауапты мекемелер мен құзіреттілер бұл мәселелерді кеңесе келе, келісіп шешудің орнына митингке шыққан киногерлерді жауапқа тартып әлек!, – деп ашынған Ерлан Төлеутай.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!