Аунап-толқыған тарихи оқиғалар аясында болжау жасауға ғана болады.
Іргелі Алшын иелігінің ізі жоғалмады. Бұл кезде алшындардың ел ағасы Тоқтамыс деп орыс құжаттарында көрсетеді. Қырым ханы Меңлігерейдің 1502 жылғы жорығынан кейін, алшын (шекті-төртқара) Алау батыр қарамағындағы елімен Көне Үргенішке (Хорезм өлкесіне) қоныс аударып, Алау батырға топырақ сол жақтан бұйырған еді. Қай жылы өлгені белгісіз. Тек шамалауға болады, XVI ғасырдың бірінші ширегіне дейін өлген болуы мүмкін.
Ә.Сарай: «Тоқтамыс батырдың адай-алшындары»; «Сейдек ұлысы алшындармен»; «Ағыс ұлысы адайдың Тоқтамыс аталарымен» толықты деп көрсетуіне мыңдай уәж айтамыз.
Ауызша шежіре бойынша: Жаманақ (шекті)®Өріс®Айдарбек®Ардана®Балтық®Дәулет®Тоқтамыс, Қараша, Бәйбек, Мәңкі, Мәмбет;
Қарасақал: Тегінболат®Шіңгір®Жанболды®Сүгір®Тоқтамыс;
Қаракете: Сары®Асан®Қарпық®Текей®Кеген®Есен®Тоқтамыс;
Табын: Тоғым (тарақты)®Жаманкеребай®Жылқышы (Асандәулет)®Бортай®Тоқтамыс;
Адай®Құдайке (Түрікпен адай)®Қосай®Байбол®Мәметқұл (Шалбар) ®Тоқтамыс;
Адай®Келінберді®Мұңал®Жаулы®Жары®Тоқтамыс;
Ә.Сарай: «Ал бұл Тоқтамыс болса адайдың шалбар тармағының тұлғасы, есімі ру атына айналған әйгілі батыр. Әңгіме болып отырған тұста ол әлі адай құрамына енбеген, алшын атымен жүр», – деп Тоқтамысты адай руына телиді (Ноғайлы, 221-б).
Тоқтамысты төрт рудың Шекті, Кете, Табын, Адай (екеу) руларының қайсысына жатқызамыз?
Мына бір болжамды естен шығармаған жөн сияқты. Әнес Сарай: «Алтын Орданың (авт. – Үлкен Орданың) ыдырау кезеңінде алшынның негізгі тайпалары ұйысқан Алау батыр (авт. – шектінің күлік аталығынан) деректемелері төңірегінен кете қауымы ұшырасады.
1503 жылмен таңбаланған құжатта ақ патшаға елші жіберген елдердің аты аталған. «Өткен күзде Ших-Ахмет патша маған Тулуш атты елшісін жіберіп еді. Ал биыл Тулушпен бірге Булгаир китааны, Хозяк ханзада Исенекті, сондай-ақ Тоқтамыс алшын, Ахмет Ақсақ ұлы Солтан, Мұса ұлы Алшағыр өз елшілерін жіберді» (История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков. Том I. Алматы, 2005, құжат №13, 46-б. //Аударған Ә.Сарай. Ноғайлы, 303-б).
«Осындағы Алтын Орданың соңғы ханы Ахметтің ұлы Ших-Ахметтің жіберген елшісі «Булгаир китаа» деп таңбаланған. …Ал құжаттардағы «китаа»-ны қытаймен шатастыруға болмайды, бұл кете тайпасының орысша әліптеген түрі. Асылы теріс пайымдау салдарынан Ноғайлы құжаттарындағы «китаа» – кетелердің талайы қытай, хитайға айналып кетсе керек.
Сонымен біз Алау алшын да, Тоқтамыс алшын да қызмет еткен Алтын Орда хандарының соңғы ұрпақтары жанынан кете тайпасын ұшырастырып, алшын қауымының нобайы Дон өзенінің бойында қоныс еткен Ахмет ханның қарамағында болғанына көз жеткіземіз», – деп Әнес Сарай жазады (Ноғайлы, 303-б).
Шәкәрім Құдайбердіұлы «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресінде» Кіші жүз Әлім тайпасын ауызша шежіре бойынша таратқанда: «Әлімұлы – алты ру: қарасақал, қаракесек, қытай, төртқара, шөмекей, шекті», – деп кете руын қытай деп көрсетеді (Астана, 2007, 69-б). Шәкәрім де орыс құжаттарындағы «китаа»-ны қытай деп түсінген болуы ықтимал.
Ә.Сарай Асан Қайғының Жұпар есімді қызы туралы: «Асан Қайғының ақылды, қайратты Жұпар есімді он бес жасар қызы болған. Әке сөзі құлағында қалған ол Байшора байдың Ерназар деген ұлына тұрмысқа шыққан соң, өздеріне қарасты жұртты Жиделібайсынға көшіріп, әкесінің қолы жетпеген арманын жүзеге асырады», – деп жазады (Ноғайлы, 110-б).
Ақкете руының ауызша шежіресін таратсақ: Ақкетеден ®Қараш®Алтыншы®Шүрегей®Қалқаман®Саспа®Айшора, Жаншора, Байшора болып тарайды. Шежіреде Айшора, Жаншора, Байшора аталықтарын ары қарай таратпайды. Кітапты баспадан шығарушылар: «Өкінішке қарай, бұл рулар мен рулық бөлім, бөлімшелердің одан арғы қалай таралатындығын материалдардың болмауына байланысты өрбіте алмадық», – деп көрсетеді. (Қаракесек бірлестігі (Әлім, Кете, Шөмекей). XIII-том. 4-кітап, 91-б).
Асан Қайғының қызы Жұпар Ақкете Байшораның ұлы Ерназарға тұрмысқа шыққаннан кейін, әке аманатын орындап, Ақкете Айшора, Жаншора, Байшора жұрты Жиделібайсынға көшіп кеткені шындыққа жақын дейміз.
Алтын Орданың (Үлкен Орданың) ыдырау кезінде Алау батырдың төңірегіне алшының негізі тайпалары ұйысқанда, ішінде кете руы да айтылады. Алшындар Үлкен Орданың соңғы ханы Ахметтің арқа сүйер руларының бірі болса, Асан Қайғының қызы Жұпардың кете қауымының жігітіне тұрмысқа шығуы ақылға кеніш емес дейміз.
Әнес Сарайдың «Тоқтамыс – алшын жұрты» деп жазуы дұрыс дейміз. Алшын Мамай (төртқара руы) Алтын Орданы жиырма жыл билесе, Ақ Ордаға алшын Айса (Иса) ұрпақтары Теңіз-Бұға және оның ұрпақтары қырық жыл бойы билігін жүргізсе, ірі рулар екінші бір рудың батырына не биіне руларын билетпейтіні анық. «Есіктен кіріп, төр менікі» дейтін заман емес. Сондықтан Тоқтамысты шекті руының биі, батыры деп айта аламыз. Автордың «Шекті руының құпия тарихының» екінші кітабы «Ноғайлы дәуірінің» «Алаша хан» тарауында жазғандықтан қайталамадық.
«…Қасым хан өліп, Сарайшықта тақ таласы басталып кеткен соң, Мәскеу жорығынан оралған Ноғайлы жасақтары елге беттеді. Ноғайлының тізгіні Мамай мен Ағыстың қолына көшті. Ағыс ең жоғарғы билеуші болды да, Мамай Ноғайлының қарулы күшін басқарды», – деп дәйектейді (Ноғайлы, 134-137-бб).
«…1524 жылы Ағыс өлген соң Ноғайлының тізгіні Мамай (авт. – Алшын – төртқара руының Мамайы емес) батырдың қолына көшті.
…Сонымен Ноғайлы ежелгі түрік-моңғол жоралғысы бойынша үш ұлысқа бөлінді. Орта Сейдек – теңіз жағалауынан Жайықты жоғары өрлей Орал тауының етегіне дейін, Шығыс қанат – Жемнен Нұраға дейін Шейхмамай, Батыс қанат – Еділдің сол жағалауын өрлей Қазанға дейін әуелде Мамай, кейін Қосым (Хажымұхаммед) биледі (Ноғайлы, 145-148-бб). Сонымен XVI ғасырдың бірінші ширегінде (1524) Ноғайлы қайта дәуірлеу сатысына шыққанымен бұрынғы аталары Аббас, Уақас заманының кезіндегі күш-қайраты жоқ еді.
Ноғайлының XVI ғасырдың ортасынан бастап өз ішінде ішкі қайшылықтар орын алды. Әуелбек Қоңыратбаев: «1557 жылы Мұсаұлы Ысмайыл (авт. – алшы Ысмайыл) Иван Грозныйға хат жазып: «Менің немерелерім Жайықтың арғы бетінде қалып, қазақ хандығына қосылып кетті, менімен жау, кезеңін тапса құртпақшы» деген. 1569 жылы Хақназар мен Шығай Еділдегі алшы Ысмайылмен соғысқан. Мұса тұқымдары Ормамбет пен Алшағыр да өзара жауласқан.
Жаңбыршы баласы Телағыс (Ағыс) Кавказ жеріне кетіп, Қазан, Қырым өзінше хандық құрады», – деп жазуы Ноғайлы ұлысының ішіндегі аласапыран бүліншіліктер, ноғай мырзаларының билікке таласы қазақ руларының Қазақ хандығына қосылуын тездетті (Қазақ фольклорының тарихы. Алматы, 1991, 94-б). Едіге ұрпағы Жаңбыршының балалары Ағыс би мен Көгіс мырзаға қараған жақайым руының екі аталығы, Ноғай ордасындағы аласапыранды пайдаланып, Қазақ хандығына қосылғанда, бұрынғы басшыларын Ағыс пен Көгісті есте сақтап, осы екі аталықтан таралған болып есептейді. Сол сияқты Ноғайлы Қалу (Мәку) – Бөлек атпен шекті руына қосылған. Осы кезде ноғайлы рулары шекті руына қосылғаннан кейін: «Шекті көп пе – шегіртке көп пе» деп айтатын кез.
Ауызша шежіре бойынша Кіші жүз Әлім бірлестігіндегі шекті руында екі Асан аталығы бар, біріншісін Асан жақайым деп атаса, екіншісін Кішкененің Асаны деп атайды.
Ауызша шежіре бойынша былай таратылады: Әлімнен®Жаманақ (Шекті) ®Шыңғыс, Өріс (Уәріс, Орыс), Бәубек, Бөлек;
Шыңғыстан®Жақайым®Ақбура, Тоқбура, Ағыс, Көгіс;
Ақбурадан®Асан (8 Асан, немесе Асан Жақайым)®Ізбас, Итай, Есен, Шеру, Шағыр, Шатырқұл, Қосқұлақ, Дәулет (Дәулет Асан);
Екінші: Өрістен®Есенәлі, Айдарбек;
Есенәліден®Палуан, Кішкене; Кішкенеден®Жиеней, Жолшара, Асан, Үсен, Құрманай, Құттық. (Қазақ шежіресі. Алматы, 1994, 135-б)
Автордың түсініктемесі: Профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың жоғарыда көрсетуі бойынша, Қаракесек бірлестігіндегі алты ата Әлім тайпасының ішінде шекті руының екі аталығы Асан есімімен аталады. Сондықтан бір-бірінен ажырату үшін үлкен Асан – жақайым немесе жақайымның Асаны деп айтылады және кіші Асанды – кішкененің Асаны дейді. Ауызша шежіре бойынша Әлім®Жаманақ (лақап аты шекті)®Шыңғыс, Өріс, Баубек.
Шыңғыстан®Жақайым, Қалу (Мәку) – шын аты, тауып алған ұлы.
Жақайымнан®Ақбура, Шалбура (Тоқбура), Ағыс, Көгіс;
Ақбурадан®Асан батыр®Асан; Асан – жақайымнан шыққаннан, Асан жақайым немесе сегіз Асан деп аталатыны сондықтан; Сегіз Асан дегеніміз Асан атамыз үш әйел алған. Бірінші әйелінен бес бала, қалған екі әйелінен үш бала, содан тараған ұлдарды бес бәйбіше және үш тоқал деп атағанымен, бұған Марқадамды қосып тоғыз Асан жақайым деп атайды.
Асанның Күнбибі қызынан®Мәделі, Марқадам, Сарықазақ (Шадес).
Отарбай (Қырғыз манабы, батыры)®Марқадам (жиен);
Құба (Хақназар ханның ұлы)®Мәделі (жиен);
Марқадамнан®Қалқадам (Қалқаман) ®Қосқадам®Бегәлі®О?
Теңізбай Үсенбаевтың «Алшын» шежіресінен Асан батыр тайпасы туралы жазғанын оқуларына болады. Сонда Марқадам тайпасының қалай шыққаны туралы жазылғандықтан да шежіреге қызыққан оқырман өздері оқып алар дейміз (Қызылорда, 2003, 98-108-бб).
Екінші Асан – Өріс аталығынан тарайды.
Өрістен (Уәрис, Орыс) екі бала: ®1) Айдарбек (Алтынбай, Күлік, Татыран, Ардана), 2) Есенәлі (Палуан, Кішкене);
Кішкенеден®Жиеней, Жолшара, Асан, Үсен, Құрманай, Құттық болып алты аталыққа бөлінеді. Екі Асан да шекті руынан болғандықтан, Асан жақайым, екіншісін кішкененің Асаны деп ажыратып айтады.
Сондай-ақ, Күліктен: Берше, Құлым, Жанбай, Тоқас болып төрт аталыққа бөлінеді. Бершеден®Асан, Ақпан, Кешубай, Жұмағұл, Жанбай болып тарайды.
Шектінің белді бір аталығы Бөлекті «қыр шектісі» деп те атайды. Ноғайлы Ордасында аласапыран басталғанда тек Алшын рулары ғана Қазақ хандығына келіп қосылған жоқ, алшындармен бірге ноғай рулары да қосылды. Соның жарқын бір дәлелі – шекті руының ішіндегі Бөлек руы.
Ауызша шежіре бойынша Әлімнен®Жаманақ (шекті) ®Шыңғыс®Қалу (Мәку)®Бөлек; Бөлектің бәйбішесінен: ®Айт, Бұжыр;
Бөлектің Жекей атты тоқалынан:®Ақмалай, Олжабай, Шағатай, Бұғыбай, Жаңабай; Жекейден туған бес баланың ұрпағы кейін шешесінің атымен «Бес Жекей» руы аталыпты. Бөлектің жеті баласынан тараған ұрпақтарды «Қыр шектісі» деп атаған.
Айтан®Тілеу, Қабақ, Сарша;
Бұжырдан®Назар, Шүрен;
Жоңғарлармен соғыста жауға шапқанда Жаманақтың (шектінің) ұрпағына «Бақтыбай батыр» ұран болған. Бақтыбай батыр Айттың Қабақ аталығынан тарайды. Айт®Қабақ®Төлес®Бақтыбай. (Үсенбаев. Т. Алшын шежіресі. Қызылорда, 2003, 245-251-бб).
Тарихи ізденістерде Асан Қайғының жамбасы жерге тиген жер деп Жиделібайсынды (авт. – Әмудария өзенінің бойы, Өзбекстанда), Жемді, Қырғыздағы Жырғалаң өзенін, Қызылордадағы Оқшы-Ата, Ұлытаудағы Асан-Атаны атайды. Асан Қайғының туған, өлген жылдары туралы нақты дерек жоқ. Тек жүзге жетеқабыл ұзақ жасағаны күмәнсіз. «Тарихи оқиғалар арасында топшылағанда Асан Қайғы XV ғасырды (1400-1500) бастан-аяқ жасаған сөз зергері екені анық аңдалады», – деп тұжырымдайды Әнес Сарай (Ноғайлы, Алматы, 2009, 110-б).
Қорытындылай келгенде, ноғайлы тақырыбын толғаған Дешті Қыпшақ жыраулары батырлардың өмір сүрген уақытына онша мән бермей, өзі баяғыда өлгенімен, ел жебеген рухы бүгінге дейін тірі, даңқты батырлардың есімін әртүрлі жырларға сыналап енгізіп отырған. «Қырымның қырық батыры» эпостық жырларындағы кейіпкерлер Алтын Орда дәуірінің соңынан бастап XVII ғасырдың басындағы қалмақ шапқыншылығы аралығындағы батырларды жырлаған. Айсаның ұлы Ахмет немере інісі Сәмет екеуін дінсіздер деп 1391 жылы мамыр айының басында Ақсақ Темір Сарысу бойында өлтіреді.
Едіге, Нұрадин, Жанбай, Алау батыр, Әмет батыр, т.б. бұлар – Алтын Орданың құлар кезінде өмір сүрген кейіпкерлер. Ал Орақ, Мамай, Қарасай, Қази, Жаңбыршыұлы Телағыс (Ағыс), Асанқайғы, Тоған, Асанқайғыұлы Абат, т.б. Ноғайлы заманында өмір сүрген. Оларды екі бөліп қараған дұрыс. Біріншісі, қалмақтар Еділ-Жайыққа келмей тұрғанға дейін, екіншісі, қалмақтарға және қазақтарға қарсы соғысқан батырлар деп.
Асан Қайғының өмір сүрген кезеңі Алтын Орда (Үлкен Орда) мемлекетінің құлау дәуіріне тура келеді. 1481 жылы 6 қаңтарда Үлкен Орданың соңғы ханы Ахметті Ноғай мырзалары қастандықпен өлтіреді. Алтын Орда ірілі-уақты 8 хандыққа бөлінді: Үлкен Орда (Алтын Орданың мұрагері 1400-1502), Қырым хандығы (1430-1783), Қазан хандығы (1438-1552), Қасым қандығы (1446-1681), Астрахан хандығы (1459-1556), Ноғай Ордасы (1426-1634), Батыс Сібір хандығы (1428-1598), Қазақ хандығы (1465 жылдан бастап). Байқап тұрғанымыздай, отыз шақты жылдың ішінде 300 жыл Еуропа мен Азияға билігін жүргізген кешегі алып империя Алтын Орда сегіз егеменді хандыққа бөлініп кетті. Міне, Асан Қайғы Алтын Орданың жекелеген хандықтарға бөлінгенін көзімен көрген, оның саяси-әлеуметтік философиялық ойлау болжамдары аңыздарда Қазақ ханы әз-Жәнібек тұсында айтылған-мыс, сондықтан да тарихшылар мен әдебиет тарихын (фольклор) зерттеуші ғылымдар қысқа мәліметтер мен аңыз-әңгімелермен ғана шектеліп қорытынды жасайды.
Т.Кенжалы Асан Қайғы өмір сүрген заманы туралы: «XV ғасыр түркі тектес халықтардың өз алдына дербес ел болып, жеке саяси құрылымдар құрып, өз алдына мемлекет болып қалыптасуының ғасыры болды. Ру-тайпалардың, этностардың бұрынғы қалыптасқан жүйесі бұзылып, әрбір халық өз тағдырын тарихтың күн тәртібіне қойған ғасыр болды. Сол себепті де Асан Қайғы сол халықтардың бір-бірімен «хош айтысуының» куәгері болып, өз төл жұртының, елінің келешегін күні бұрын ойлаған тұлға», – деп пайымдайды (Асан Қайғы. Алматы, 2006. 156-б).
Асан Қайғы туралы тиянақты деректер тым аз. Асан Қайғының қай ханның тұсында өмір сүргені де анық емес. Сондықтан да, Қазақ фольклорының тарихын зерттеушілер Асан Қайғыны Қазақ ханы әз-Жәнібек дәуіріне жақындатады. Асанның шығу тегіне қатысты мәліметтер жоқ. Ол туралы аңыз-әңгімелерге ерекше назар аударған Шоқан: «Ноғайлы философы Асан Қайғы жайындағы аңыздар мен нақты сөздерінің көпшілігі сол Жәнібек заманына қатысты», – деп жазғаны белгілі. Асан Қайғы – ел басындағы ауыртпалықты жырлап, заман жайлы сыншыл ой тудырған философ, заман сыншысы.
Ақселеу Сейдімбеков: «Топонимия – жердің тілі, оның төсін тұрақ еткен ұрпақтардың ұғым-түсінігінен, тіршілік-тынысынан қалған мұра.
Халқына «Жерұйық» іздеген Асан Қайғының сөздерінде қаншама терең мән, қандай мағыналы географиялық зерде, неткен ақын жанды нәзік талғам тұнып тұр десеңші. Бұл ретте жер атауларын халық творчествосы демеске хақымыз жоқ. Жер атауларында халықтың тек қана қоршаған ортаға деген қарым-қатынасы, сол орта туралы ұғым-түсінігі ғана емес, сонымен бірге жеке адамдарынан бастап тұтас ру, тайпа, ел өміріне қатысты алуан түрлі шежіре-сырдың жаңғырығын сезуге болады. Туған жер төсіндегі алыс замандардан бері қарай тартылған ұрпақтар сабақтастығы, олардың дүние дидарына қандай талғаммен қарай білгені, табиғат сұлулығының алуан қырын қалай танып сүйсінгендігі географиялық атауларда тайға таңба басқандай сайрап жатыр. …Жер тарихы – ел тарихы. Оның бетіне түскен бедер-белгі – адамдардың ізі, сол белгі-бедер ішінде бүгінгі, ертеңгі ұрпақ үшін, тарих үшін бізге ең қымбаты материалдық белгілер, адам қолымен жасалған ескерткіштер. …Аяққамыр (XI-XII), Алаша хан (XII ?), Жошы хан (XIII), Ақмешіт әулие (Ұлытаудың шың басындағы бұл белгі Асанқайғының бәйбішесі Танаға қойылған – XV ғ.)», – деп ой толғайды (Күңгір-күңгір күмбездер. Алматы, 1981,73- 88-б).
Қалмақтардың үш тайпасы – торғауыт, хошоут, дүрбіт тайпаларының шапқыншылығы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» 90 жыл бұрын болған, ал жоңғарлардың бірінші жорығы өзбек-қазақ ханы шайбандық Әбілқайыр ханды 1452 жылы Сығанақ түбінде жеңуі еді.
Бұл үш тайпа Есілді, Торғайды, Ырғызды, Жемді, Жайықты ойраттардан бір ғасырға жуық бұрын алып, Еділге жетіп, ордаларын тіккенде, жоңғарлар әлі Ертістен бері аспаған еді. Кіші жүздің, Ноғайлының Еділ қалмақтарымен соғысы 1610 жылдан басталып, 180 жыл бойы (1790) үзбей жүргізілді.
Алтыұл (алты ата Әлім) 1635 жылы қазақ жасағының елеулі жеңісінен кейін көп ұзамай Сырға ілігіп, Қазақ хандығына қосылды. Шектілер жерге орналасуына байланысты қыр шектісі, сыр шектісі болып екі тақта елге айналды. Ноғай Ордасының аумағында негізгі тірегі, беломыртқа жұрты Алтыұл Ордасындай іргелі мықты ұлыс, Қазақ хандығына қосылғаннан кейін, Сырда алшындармен қосылып, алты ата Әлім тайпалары деп аталды. Олар: қаракесек, қарасақал, төртқара, шекті, кете, шөмекей рулары.
Әнес Сарай: «Тайпалар тарихы ажырау мен бірігуден тұрады да, ажырағанда оның қатарынан талай аталар жоғалып, біріккенде мүлде бөтен, басқа қауымдарды да легіне ілестіре келеді. Қазақта шашау шықпай, ұйысып, тұп-тұтас отырған бірде-бір қауым жоқ», – деп тұжырымдайды (Ноғайлы, 270-б).
«Орманбет би өлгенде,
Он сан ноғай бүлгенде…
Қазақ пен ноғай айырылды,
Қазақ сыртқа қайырылды…
Ноғайлы жырларының құлақ күй лейтмотиві іспетті.
Орманбет – Ысмайлдың немересі, Дінахмет бидің тұңғышы. Өздері ағалы-інілі 15 шақты ұл, хатқа аты түскендері: Орманбет, Дінмұхаммед, Естерек, Бәйтерек, Шайтерек, Жастерек, Бектерек, Шаштерек, Күшік, Шейххұсейін, Назармұхаммед.
«Орманбет 1590 жылдан бастап, 1598 жылға дейін билік құрған. Орманбет биді қалмақтар емес, өзінен бұрын билік құрған Ысмайыл ұлы Орыстың, яғни өз бауырларының балалары өлтіргені жөнінде Орманбет бидің баласы Қара Келмұхаммед: «И отец мой Урмамбет князь от Уросовых детем умер; за то и Тин Махаммет князь умер; за то ж и Байтерек мурза от тех же недрузеи за то же умер», – деп жазып түсіндірген (Сәкенов С. «Мұса би және оның ұрпақтарының «Қырымның қырық батырындағы» бейнесі» 534-б).
Шоқан Уәлиханов: «XVIII жүзжылдық шапқыншылықтың ауыр зардабы мен ішкі қырқыстың қайғылы заманы болды. Осы кезде туған аңыз-жырлардың мазмұны қасіретті шерге толы. Мейірімсіз жау оларды атамекенінен ысырып қазақ пен ноғайлы екі айырылды. Қалмақ ханы Хоурлық шапқыншылығынан соң, ноғайлар Жайық пен Еділдің арғы бетіне өтіп, қазақтар 1638 жылы оңтүстікке ығысады. Қазақтың өзі екіге бөлініп, Есім хан Түркістанды мекендесе, Тұрсын хан Ташкентке табан тірейді. Қазақ пен ноғайлардың жылап айрылысуы, сол кезде дүниеге келген аңыз-дастандарда, күйшілердің қобызында ойнаған күйлерінде өшпес ізін қалдырды. …«Ормамбет би өлген күн, Он сан ноғай бөлген күн» деп жырлайды дала жыраулары», – деп қазақ пен ноғайдың екіге айырылғанын жазады (Таңдамалы. Алматы, 1985. 124-б).
Ақтөбе облысындағы Жиренқопа-Байтақ өңірі Елбөрі қыпшақтарының ұлысы. …Ноғайлы билері оны бізге «бағынбайтын қыпшақ ұлысы» деп атады, осы ұлыстың бертіндегі көсемдері Асан Қайғы мен Абат батыр еді.
Ноғайлы заманында осы өңірді қара қыпшақтар жайлады. Алшағыр* аласапыранында (1515-1516 жж.) ұлыстың статусы бұзылды. Қыпшақтар қазақтарға аударыла көшті. …
Қазақ пен Ноғай айырылды,
Қазақ сыртқа қайырылды.
Ноғайлының ну елі
Күңіренді, қайғырды
Қара қыпшақ Қобыланды,
Қара орнынан айырылды,
Ел қанаты қайырылды.
Зор күн туды, зор күндер,
Кетті күлкі мол күндер,
Келе ме қайтып сол күндер!?
Жылау, жылау, жылау күй,
Жылаған зарлы мынау күй.
(Қоңыратбаев Ә. Қазақ эпосы және тюркология. Алматы, 1987, 349-б. //Ноғайлы, 462-б)
Мұндағы «Қарақыпшақ Қобыланды қара орнынан айырылды» сынды тіркес – Қобыландының өзі емес, оның жұртының 1516-1517 жылдарда Байтақтан кетуін меңзейді».
Автордың түсініктемесі: Алшағыр* – Мұсаның белгісіз екінші әйелі қожа қызынан туған алты ұлдың үлкені: Алшағыр, Сейдек (Сейідахмет), Тотай, Сұлтанай, Жауғашты, Мамай.
Ноғайлының өз ішінде Алшағырдың 1516-1517 жылдардағы ылаңы аяғында Елбөрі қыпшақтарының Шыңғысханнан бері қоныстары болған Жирен-Қопаны тастап, Қазақ хандығына келіп қосылды. Қыпшақ рулары қазіргі Қостанай облысы мен Сыр бойы аумағына жер ауды. Қыпшақ руларынан босаған Жирен-Қопаға Ноғайлыдан ірге айырған Шекті руының Бөлек, Назар, Шүрен, Әлімнің Төртқарасы, Ақкетесі, Шөмекейлер келіп қоныстанды. Қазақ ру тайпаларының орналасуы XIX ғ. аяғы – XX ғ. басы картасында анық көрсетілген. Сонда алты ата Әлім бірлестігінің орналасу территориясы жазылған. Мысалы: шектінің «Қыр шектісі» рулары Ақтөбе облысындағы Ойыл, Темір, Жем өзенінің бойы, Ырғыз, Шалқар аумақтарында тұрып жатса, «Сыр шектілері» Қызылорда облысының Арал мен Қазалы аудандарында қоныстанған (XIII том. 1 кітап. Алматы, 2010. 146-б).
Қолда бар деректерді сараптап, жиынтықтай келіп мынадай қорытынды жасаймыз. Асан Қайғы XV ғасырдың Алтын Орданың (Үлкен Орданың) ыдырау кезі, айналасы 30 жылдың ішінде, орнына жаңа 8 (сегіз) хандықтың құрылу кезінде өмір сүргені байқалады. Асан Қайғы – ноғайлы заманындағы аласапыран бүліншіліктер кезінде өмір сүрген үлкен ақын, ойшыл.
Асан Қайғының есімі құжаттарда кездеспегенімен, Асан ноғайлы дәуірінде өмір сүргені, баласы Абат пен Жұпар есімді қызының болғаны ел аузында ұмытылмай бізге жетсе, Абат батырдың орыс құжаттарында хатталуы, шекті руының ішіндегі Жақайым бөлімінің екі аталығы Асан деп аталуы, Асан Қайғының есімімен аталған деп нық айта аламыз.
«Таза мінсіз асыл тас
Су түбінде жатады,
Таза мінсіз асыл сөз
Ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас –
Жел толқытса шығады,
Ой түбінде жатқан сөз –
Шер толқытса шығады»
Асан Қайғы.
(Бес ғасыр жырлайды).
Шекті руының тарихына қызығушылық танытатын оқырмандарға айтарым, тарихтану ғылымы – адамзат қоғамының өткен уақыттағы қоғамдық қатынастың дамуы, бабаларыңның кім болғанын, олардың өмірдеректері арқылы шыққан руыңның, тегіңнің, өзіңнің тарихыңды білу. Қазақта ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ауызша шежіре бар. Бұл шежіре арқылы жеті атаңа дейін, арыға барсаң 10-15 атаңа дейін тарата аласың. Яғни, 300-500 жыл шамасында өмір сүрген ата-бабаларымыздың тарихы. Бір ғана ауызша шежіремен шектеліп қалмау керек, мүкіндігі болса тарихқа тереңдей бойлап, тарих бетіне түскен бабаларымыздың өмірдерегі арқылы өзіңнің, кейінгі ұрпағыңның ойын, санасын оятып, алпыс екі тамырына қан жүгіртуге болады.
Ия, «Ой түбінде жатқан сөз – шер толқытса шығады» демекші, Асан бабамыз туралы жазуды қанша рет бастаймын деп оқталсам да, сәті енді түсті.
Әлібек САБЫРБАЕВ
(Соңы. Басы өткен сандарда.)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!