Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аруанадай жылаған боздап, Ақиқатыммен егізбін!

31.10.2024, 10:20 431

Толқын Шахарбекқызы Қабылша – ақын, ҚР Жазушылар одағының,  ҚР  Журналистер  одағының  мүшесі, ҚР Көркемөнер Академиясының корреспондент мүшесі. «Шабыт» Халықаралық шығармашылық фестивалінің жүлдегері.

«Жаныммен жалғыз кешкем мұң», «Жаңбырдағы сағыныш», «Осы бір сәт ұнайды», «Біз екеуміз ұқсаймыз» жыр жинақтарының авторы. Өлеңдері әзірбайжан, түрік, француз, испан, саха тілдеріне аударылған.

Жыр сүйер қауымға ақын Толқын Қабылша есімі жақсы таныс. Көп жылдар «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасында қызмет атқарған жерлесіміз соңғы жылдары еңселі Елордаға қоныс аударды. Бүгінгі таңда «Хабар» агенттігі АҚ «Еларна» телеарнасында журналист-тележүргізуші.

Түркі әлемінің сынығымын мен,

Көзімін қалған көненің.

Тұмса бұлақтың тұнығымын мен,

Тұнық боп өтсем деп едім.

Тоныкөк пенен Білге қағанның,

Күлтегіндердің ұрпағы,

Өткен күндердің жорығымын мен,

Ұлағатының ұлтаны!

Алтын ғасырдың ұшқыны да өзім, 

Алаулап кешкен әр күнін.

Қасірет құшқан қашқыны да өзім, 

Теперіш қысқан тағдырым.

Елімайлаған қайран күндердің,

Еншісі сынды аһ ұрған,

Амалсыз және Сібір айдалған,

Елде қалғаны атылған.

Артымда қалған аңызым сынды,

Аралдың шерлі әуені.

Ашылмай жатқан қауызым сынды,

Айтылмай қалған өлеңім.

Жаңғырығымын заңғар биіктің,

Шарқ ұрып қалған теңізбін.

Замана салған зарлы күйікпін,

Кембағал күнмен егізбін.

Сусып бір көшкен құмдарға ұқсас,

Шер қысқан ұлтым, ұланым,

Көкжиегі жоқ шыңдарға ұқсас,

Ұша алмай қалған қыраным.

Мендегі мұңның тиегін қозғап,

Бебеулеп тұрар қобыз мұң. 

Аруанадай жылаған боздап,

Ақиқатыммен егізбін!

***

Қарашы, әне!

Өлеңнің періштесі,

Аңғалдығын ғаламның сеніп кешіп.

Адалдықты сүюден жалықпайды,

Қанатымен қауырсын қалықтайды.

Алданбаған арманның иесіндей,

Мөлдір таза бір мұңның киесіндей.

Жараланып жатса да нәзіктігі,

Іздемейді ол кінәлі, жазықтыны.

Сатқындықты сезінсе, жылап қалып,

Тағдырының әр сәтін сұраққа алып.

Сол періште күйімен кешірімді,

Өлең болып тербейді бесігіңді.

Өмір болып оятып сәби күнді,

Өмір болып жұбатып фәни мұңды.

Саф ауасы секілді ғаламыңның,

Тұнықтығы секілді жанарыңның.

Аңғырттығы күн кешіп бала шақта,

Үміт сыйлап барады болашаққа.

Көзің салшы, періште жыр құсына…

***

Бір күндері,

Біз жай ғана малтатасқа айналып,

Жай тастардай уақыт мүжіп, шайналып.

Көзден ұшып,

бал-бұл күндер шалқыған,

Арқыраған қуат кеміп нарқыңнан.

Географтың картасындай қолдағы,

Жер бетінің секілденіп соңғы әні.

Біз жай ғана өткен болып қаламыз,

Біздер жайлы айтыла ма бар аңыз?

Солтүстіктің ендігіндей жырақтап,

Варварлардың мұздағында тұрақтап.

Біз бір күні жай елестей мұнартып,

Өткен күнге,

кеткен күнге мұң артып.

Күмілжумен күрсінгенде даламыз.

Біз жай ғана сағыныш боп қаламыз.

Сағымға ұқсап із жатады артыңда,

Өлгендердің болар ма құн даңқында?!

Ұрпағымыз бір ұлағат іздесе,

Үркердейін бір үмітті үзбесе.

Кім біледі,

артар мүмкін бағамыз?

Ал, әзірше,

өткен күннің бәрі аңыз.

***

Сені көрсем,

рухым түлеп,

жан күліп,

Күйкі мұңды қыр астына қалдырып,

Жадырайды мына мендік бар болмыс,

Рауандайды таң күліп.

Ғұмыр күннің жалғыз сендей иесі,

Қарашыққа сіңіп қалған таңғы үміт.

Қанатыңды көк аспанда талдырып,

Қияларды шалдырып,

Сен келген сәт,

Мен ғаламға айналам,

Жер-жаһанды махаббатым таң қылып.

Өзің болып өлең құшар кеудемді,

Ғайып болып бар күдік.

Хақ Тәңірдің қабыл алып жарлығын,

Елеместен дүниенің тарлығын.

Тәрк етемін тіршіліктің бодауын,

Тәрк етемін бар мұңын.

Сені көрсем, алаулайды бір арман,

Жанарымды шырағдандай жандырып.

Жыр-қанатым!

Алқаракөк жолдаған, 

Бақытым сен,

базарымсың болмаған.

Мәңгі көктем жүрегімсің сен менің!

Жан гүлісің солмаған.

Жаратқанның шуағысың білемін,

Мені мәңгі қолдаған,

Мені мәңгі қорғаған.

***

Көрдің бе анау,

қараңғы кәрі ағашты?

Қатал күзге бар тәнін жалаңаштап.

Жапырағын жоғалтқан жесір қалпы,

Көз жасымен ұқтырып өмір даңқын.

Дат айтпақшы болады мына  әлемге,

Қайран жастық,

ол мәңгі тұра бермес.

Біз кейде байқамаймыз айналаны,

Кәрі ағаштар тербелген қайғы алаңын.

Мәңгі  сұлу  болардай,  мәңгі жасыл,

Ұшырамыз  көңілдің қарлығашын.

Қанатынан  қайрылған  өмір құсын,

Көрсең дағы сен қалай, көңілдісің?

Сезбейсің бе,

Тым қатал өмір заңын,

Көз  алдыңда  мезгілдер құбылғанын.

Анау кәрі ағаштай ертең бәрі,

Қуаныш пен

бақыт та, келтең дәмі.

Құлпырып бүгін жүрсең,

көкте  болып,

Қартайғанда  күдікке  өкпең толып.

Қимай-қимай іздейсің жастығыңды,

Сұлулыққа, сезімге мас күніңді.

Оралмайды ол көктем,

жаз да сұлу,

Жылап қалған өмірде аз ба сұлу?!

Неге, ендеше, қашамыз ақиқаттан?..

***

Жүз жыл уақыт,

Болсаң да көзден жырақ,

Бойымда әлі, сол бір күн сезген қуат.

Өмір сүрдің жүректің түкпірінде,

100 жыл уақыт,

дәл бұлай күтті кімдер?!

Құрсақтағы сәбидей ең кінәсіз,

Кеудемдегі сенімдей ең шүбәсіз.

Өмір сүрдің, жазықсыз өлеңімде,

Саған сенген риясыз әлемімде.

Мен ұнатқан аяулы таң шығында,

Жанарымнан сырғыған тамшы мұңда.

Мезеттерде алғаусыз ғашық болған,

Сәттерімде бақыттан тасып, толған.

Үміт артқан кезім боп елжіреген,

Қарашықта сезім боп мөлдіреген.

100 жыл уақыт – өлмеген ғасырымдай,

100 жыл бойы аңсаған асылымдай.

Сыр сандықта жасырған алтынымдай,

Жанардағы сөнбеген жарқылымдай.

Өмір сүрдің мәңгілік арман болып,

Мені алдаған ең сұлу талғам болып.

Мен өзіңе серт берген сағыныштай,

Қалай жүргем, сонша жыл алып ұшпай?

100 жыл уақыт,

Аз емес тағдырыма,

Жасынына, жүректің жаңбырына.

Сен мәңгілік екенсің, Құдайым-ау,

Мен тағы да тәнтімін жарлығыңа!

Түс. Параллель

Жалт етті де, 

бір бейне жылыстады,

Сол секілді, жоқ, әлде туысқаны.

Ұқсайды оған көздері, жымиғаны,

Ұқсайды оған сенгені, ұғысқаны.

Сол өзі ғой,

Елес пе, басқа ма әлі?

Қыр мұрыны ұқсайды,

Қас-қабағы.

Еске түсті, сол көзге сүйінгенім,

Еске түсті, сол көзді жасқағаным.

Жалт етті де әнекей,

Алыстады,

Алыстады, о, неткен таныс хәлі.

Еске түсті, ес-түссіз сүйетінім,

Еске түсті, елжіреп табысқаным.

Дауа бар ма?

еркіне сағыныштың,

Түсім екен, тағы да,

Жанып, өштім.

Анық екен, аңсардың арбайтыны,

Анық екен, сөнбесі жалыны іштің.

Тілдесетін елес бұл,

миымда мың,

Ұқсайды екен, сенгенім, сиынғаным.

Түс тәңірлік тылсымның үні болса,

Қажет шығар, сөнбеуім, суынбауым.

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: