Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ахмет сыйлығы» сұранып тұр

04.07.2024, 11:00 215

Қайран, Ахаң! Қайран, Байтұрсынның баласы!

Сол Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы «Балам деген жұрт болмаса – жұртым дейтін бала қайдан шықсын!» дегенді айтыпты. Ахмет – біздің баба болғанмен, қазақтың баласы. Жай баласы емес-ау, дара һәм дана, мың, бәлки, миллион  жылда  бір  туар  ұлық  ұл.

Кейде  ойлайсың,  осы  біз кімнен кембіз? Кемдігіміз қайсы? Дүние­ге келгенде ешкім-ешкімнен кем болмапты, кем болмайды да, тең болмаса. Есесіне бізде бір артықшылық бар. Бас бармаққа жанай орналасқан алтыншы саусақтың тірлікке қаншалықты икемі жоқ, қаншалықты ебі жоқ болса, дәл сондай артықшылығымыз бар. Тек бар әйтеуір. Сол артықшылықтың жөні – барыңды бағаламау. «Қолда барда  алтынның  қадірі  жоқ»  дегенге  саяды  мұнымыз.

Қос ойдың төркінін, тұнығын сездіңіз бе? Қазақ деген жұрттың кере­гін білген де, істеген де тұлғалар аз. Сол аздың қатарында Ахаң бар. Тізбектейікші…

Қазақтың әліпбиін қалыптастырған Ахмет!

Ұлттың алғаш баспасөзін шығарған Ахмет!

Қалың ұйқыдағы халықты «Масадай» ызыңымен оятқан Ахмет!

Ел мүддесін өз мүддесінен, тағдырынан биік қойған Ахмет!

Абайды күллі Алашқа таныстырған Ахмет!

Реформатор Ахмет!

Осы тізімді тоқтатпай кете беруге болар еді. Көп жұрт  Ахмет  Байтұр­сынұлының  еңбегін  де, төккен терін де алақандағы  тағдыр  сызығын­дай жатқа біледі. Уақытында Сәкен Сейфуллин: «Өзге оқыған қайраткерлер атақ қуып жүргенде, ұйқыдағы қара халықтың жоғын жоқтап, мұң-мұқтажына көңіл бөлген патшалық Ресей заманында бір ғана тұлға болды, ол – Ахмет Байтұрсынұлы болатын» депті. Ешқандай дәреже, қандай да бір мансап, орден-медаль алуды көз­демей, Әлиханша айтқанда: «Тірі тұрсам қазақ халқына қызмет етпей қоймаймын» ниетімен еңбек еткен тұлға қазір бағаланып жүр ме? Жоқ! Тек білім саласында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы бір сыйлық бар. Көзі тірісінде Сәкендер бағалаған тұлғаға мардымды құрмет, ауқымды ілтипатты  қимай  жүрміз.

Қазақ  баспасөзінің  тарихын «Дала уәлаяты»  мен «Түркістан уәлая­ты»   басылымдарынан  бастағанмен,  нағыз  ұлттың сөзін, мұңын, мінін, үнін сөйлеген басылым тарихы «Қазақ» газетінен басталады. Дала демократиясының үнпарағына айналған осы басылымның да басы-қасында Ахмет Байтұрсынұлы жүрді.  Ата заманның дауысын өз  заманымен  үндестіріп, 100 жылдан аса уақыт өтсе де  бала заманда өзектілігін  жоймаған  осы басылым ұлт ұстазының бел баласы еді. Бұл еңбегі әлі де елеусіз. Тек  ғылыми-конференция  дегеннің  төңірегінде сөз  болады  да  қояды.

Әлемнің  алпауыттар  көшін  бастаған АҚШ-та  алғашқы  газеттерді Джозеф Пулитцер деген медиамагнат шығарыпты. «Сары басылым» дегеннің бастауы осы кісіден басталады. Өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай газетке басса да, Д.Пулитцерден даңқты журналист жоқ ғаламда. Өйткені, оның құрметіне АҚШ-та арнайы сыйлық бар. Жазғаны қоғам дертін тамыршыдай дөп басқан, ойы мен өрісі уақыт дауысымен үндескен журналист біткен сол сыйлықты алуға құштар. Ойдан шығарылған оқиғаларды өрбіткен журналист-медиа­магнат  АҚШ-та  осылай құрметтеледі. Ал қазақтың жанашыры,  қызыл империя­ның  қанды  қылышы  жалмаң қаққанда да ұлт болашағын ойла­ған  ұлық ұлға қазақ баспасөзінде құрмет кемшін. Кемшініміз кем бағалау-ау,  мүлдем  жоқ.

Маусым айының соңында ел журналистері марапатқа қарық болады. Әкім біткен, басшы біткен «қаламды қару еткендерді» алғысқа көмкереді. Неше түрлі байқау өтіп, жеңімпаздар дараланады. Сондайда елімізде тап Ахметтей болмаса да ұлт пен ұлысқа, мемлекетке жазғанынан пайда тиген тілшілерге «Ахмет сыйлығын» берсе, ұлт ұстазына құрмет сол емес пе? Әлде, алмағайып заманда, дүниені дүрмек билеген кезде басын бәйгеге тігіп, газет шығарған, қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болған қазақ Ахметтің өсек-аяңды мақала еткен американдық  Д.Пулитцерден  кемі  бар  ма? Жоқ!

Пулитцер ұлттың ұстазы болған жоқ. Газет шығарудан өзге кәсібі болмады. Емле, әліпби қалыптастырмады. Ұлт өркениетін зерде­лемеді.

Ал Ахметтің төккен тері, нақақтан аққан қаны, ұлтына жұмсаған ақыл һәм парасаты қазаққа әлі де жүз, мың, миллион жыл қызмет етпек. Сонда ұлттың ұстазына, қазақтың алғашқы қаламгер-жур­налисіне  бір  сыйлықты  қимағанымыз  ба?

Ахмет өлді! Ісі өлген жоқ. Хаты өлмепті. «Тіл құралы», «Оқу құралы», «Тіл жұмсар», «Жаңа әліпби», «Әдебиет танытқыш» еңбектері білім саласында құрметтелуде. Дала демократиясының үнпарағына айналған «Қазақ» газеті үшін Ахмет сыйлығын тағайындау – нағыз уақыт талабы. Бұл сыйлықты күллі Қазақстаннан жылына бір ғана журналист және бір мәрте ғана алуы тиіс. Сонда ғана қайран Ахаңның салған  соқпағы  қайта  жаңғырар  еді!

Дастанбек  САДЫҚ,

журналист.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: