«Сөздің ең ұлысы – тарих» деп Алаштың ардақты азаматы Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы, белгілі бір кезеңді еске алғанда өткенді ақтарып, көпке көз жүгіртетініміз анық. Себебі, өткен күн – бүгінгінің бастауы, негізі. Және осылай болып қала бермек. Олай болса, тұғырлы тәуелсіздіктің кілті болған Алаш идеясы және ұлттың ұлы көсеміне айналған Әлихан Бөкейханов жайында айтып көрелік.
Қараңғылықтың көгіне өрмелеп шығып күн болған, жан аямай қызмет еткен, азаттық үшін арпалысқан арыстың еңбегі ұшан-теңіз. Ал, осындай бір басына толысқан парасат-пайымы мен оның қайраткерлігі бала күнінен бойына сіңген асыл қасиет екенін білесіз бе? Қыр баласының сан қырлы тұлға болғандығынан хабардарсыз ба? Көптің басын қосып, бірлікті бекемдей түскісі келетін қайсар мінезін бала күнінде жора-жолдастарын жиып асық ойнауынан аңғаруға болады. Ұтқан балаға асығын тарту етуі оның басқадан болмысы бөлек жомарт екендігін көрсетеді. Міне, жеңіле тұрып, жеңіске жетудің айқын көрінісі осы емес пе? Сонымен қатар, жасы үлкен, зорлықшы балаларды сабап жазалауы, жастайынан әділетсіздіктің әміріне құлақ аспай, ізгіліктің ізбасары бола білгеніне дәлел. Ал, ауыл адамдарына жәрдем етіп, үлкен кісілердің қарғысына емес, алғысына бөленуі жақсылықтың жаршысы болғандығын алға тартады. Абайша айтқанда, бес асыл қасиетті бойына жиып, бар істі бағамдай алатындығы оның зиялы болып қалыптасуына ықпал еткендей.
Сол заманда қандай да бір игілікті істер атқарылса, оның басында, әлбетте, Әлихан Нұрмұхамедұлы тұрғандығы бесенеден белгілі. «Тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп халық үшін қалтқысыз қызмет, қажырлы еңбек етті. Шені бар шекпендінің шашбауын көтермей, сойылын соқпай, ақиқатты айтып, қазақ халқына көшбасшы бола білді. Жұрттың жігерін жасытпауды жөн көрген Алаштың айбынды азаматы өткірдің жүзі, кестенің бізіндей тұщымды сөзі арқылы қашан да қорған болудан, қолдау көрсетуден танбаған. Жұмыла көтерген жүктің жеңіл боларын білетін шығарсыз? Иә, сол сияқты ұлт көсемі де елді бірлікке шақырып, ынтымақтастықты күшейтіп, іргеміздің беріктігін сақтауға үндеді. Патша үкіметі төндірген қауіп пен үйірілген қара бұлтты сейілту үшін қаншама тер төкті десеңші… Десек те, бодандықтан арылып, бостандыққа жол бастаған Әлихан Бөкейхановтың қарекеті мен амал-әрекеті босқа кеткен емес.
Қазақ халқын қараңғылықтың құрсауынан құтқарып, шырмалған шырғалаңнан шығару үшін, жанайқайын жеткізіп жанталасқан Алаштың зиялысы көпшілікке өз идеясын ұсынды. «Алаш идеясы» – бірігуге, бірлікке шақырған, ұлттық мемлекет құруға үндеген тың ойлардың бір бөлігі. Бұл патша үкіметінің сұрқия саясатын жаншып өтуге жұмылған, өзге мемлекеттермен иық тірестірер, терезесі тең өркениетті ел болып қалыптасудағы пәрменді әрекеттердің бірі болатын. Осы идея аясында біршама қаулылар қабылдап, халық жағдайы, ел мүддесі жайында және өзге де өзекті мәселелерді қозғап, талқыға салып, оңтайлы шешім қабылдауға білек сыбана белсене кіріскен де – осы Әлихан Нұрмұхамедұлы бастаған Алаш қайраткерлері. Идеяның өзектілігі де, басты мақсаты да – ұлт болашағының сол кезеңдегі бір сәтін, бір күнін ғана ойланбай, ертеңгі күнін де толғану, келер ұрпақтың бейбіт әрі бақытты өмір сүруіне жағдай жасау болатын. Әйтсе де, ұлан-байтақ жер деп ұрандатқан Алаш қайраткерлерінің, ұлт көсемінің бұл ойлары жоспарлы түрде бірден жүзеге асты деп ойлайсыз ба? Жоқ, әрине. Қаншама қиындық, толассыз тосқауыл, сансыз бөгеттер болды. Алаштың арыстандай нарқасқа ұлы түрмеге неше мәрте түсіп, байыпсыз айып тағылып, жазықсыз жала жабылды. Алайда өзінен гөрі ел мүддесін жоғары қоятын қайраткерге көрсетілген қисынсыз қысым оның жұдырықтай жұмыр жүрегіндегі еліне деген ыстық ықылас пен махаббатты еш өшіре алған емес. Осылайша, адалдықтың ақ туын желбіреткен айбынды азамат халықтың қорғанысы мықты қорғанышына айналған еді.
Көбінің көксегені – бақ пен дәулет, көздегені билік болса, Әлихан Бөкейхановтың бар ойлағаны ел мүддесі, халықтың халі болды. Жерді қызғыштай қорығаны да, шындықты айтып шырылдағаны да содан. Сән-салтанатты өмір сүріп, жалғанды жалпағынан басқандардың қатарынан емес. Керісінше, ел тыныштығын күзеткен, келер күннен күдер үзбеген, жүрегінде «Егеменді ел» болсақ деген үміт оты лаулаған асыл тұлға еді. Сіз Финляндияны ақ лала гүлдер мекеніне айналдырған Снелман жайлы естіп пе едіңіз? Бүтін бір мемлекетке айналдыру, өркениетті ел қатарына қосылу үшін, жан-жақты дамыту үшін барынша еңбек етіп, күш салғандығын білетін боларсыз? Сол сияқты, Әлихан бастаған Алаш зиялылары да өзгеден оқ бойы ілгері болу, еңсесі биік егеменді елге айналу жолында өлшеусіз еңбек етті. Бүгін де біз ашық аспан астында, бейбітшілікте өмір сүріп жатырмыз. Тілі, діні жойылмаған, қазақы қаймағы бұзылмаған, ұлттық нақышы, бет-бейнесі бар тұғыры биік тәуелсіз елміз. Бұл азаттықтың арайлы таңын аңсаған Алаш қайраткерлерінің асыл мұраты еді. «Алаш идеясы» негізінде іргеміз бекіп, тәуелсіз елге айналдық. Азаттық жолында құрбан болған, әділдіктің жақтаушысы, береке-бірліктің бастаушысы бола білген Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың туғанына 155 жыл толып отыр. Басқалардан бекзадалық болмысымен ерекшеленген тұлғаның 155 жылдығына орай елімізде біршама шаралар, ғылыми конференциялар, Әлихан оқулары өткізілді. Әрине, мұның бәрі өр рухты азаматты және оның игілікті әрбір ісін халық жадында қайта жаңғырту үшін жүргізілді. Яғни, бұл – даңқты қөшбасшының даңғыл жолын дәріптеп, ұрпаққа үлгі ету. Тағы бір айта кетерлігі, кісілігінен гөрі кішілік болмысы басым болған, қайсар мінезді, қайратты жанның есімін қою үрдіске айналғандай. Еліміздің басым бөлігінде «Әлихан» есімді азаматтар көбейген. 2020 жылы Қазақстанда ең көп қойылған есімдердің көшін осы есім бастап тұр. Сыр елінде де жеткіншектерге Алаш арысының ардақты есімі биыл ең көп қойылады деп сенеміз. Өйткені, бұл – ел үшін еңбегі сіңген ұлт көсемін ұлықтаудың таңдаулы тәсілі. Сонда ғана ердің есімі ел есінде мәңгі жатталып, сақталатыны сөзсіз.
Көрнекті қоғам қайраткері бір оралымды ойында былай деген екен: «Кейінгілер ғибрат аларлық үлгі тастап кетіп, алғыс алармыз ба? Жоқ, далаға лағып, жөнсіз кетіп қарғыс-лағынет аламыз ба?». Жалынды жас, келер ұрпаққа, мына біздерге өміршең өлмес өнеге қалдырып, асыл мұрасын тарту еткен, талайды табандылығымен тәнті етіп, өшпес із қалдырған Алаш зиялысын, ұлт көсемін ешкім ұмытпақ емес.
Замира ДАСТАНҚЫЗЫ,
Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың
2-курс студенті
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!