Баяғыда бір кедей өмір сүріпті. Ол қанша тырбанса да, жарлылықтан құтыла алмаған көрінеді. Әбден зығырданы қайнаған кедей бір данышпаннан ақыл сұрай барыпты.
– Уа, тақсыр, сізге бір өтінішім бар еді. Жоқшылықтан әбден қажыдым, не әрекет етсем де бірім екі болмайды. Бұл қалай, не кеңес бересіз?
Данышпан оған үйленуге кеңес беріпті.
– Мұныңыз қалай, тақсыр, ішерге ас, киерге киім таба алмай жүргенде, үйлену менің немді алған?-деп безек қағады кедей.
Данышпан оны егіндікке ертіп барып, пісіп тұрған бидайды оң қолымен ғана (сол қолын тигізбей) оруға бұйырады да:
– Орғаныңды бір жерге жия бер,-деп кетіп қалады. Сәлден соң қайтып келген данышпан:
– Өндіре алмапсың ғой, бұл қалай?-депті кедейге.
– Сыңар қолмен қиын екен, тақсыр.
– Ендеше, қос қолдап орып көрші.
Қос қолдап орған кедей жұмысты өндіріп тастайды. – Есіңде болсын, жігітім,-дейді данышпан, – оң қол – ер, сол қол – әйел. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды». Әйелің өзіңе сүйеніш, ақылшы, жәрдемші болса, кедейшіліктен де құтыласың, – деп әлгі жігітке өз ақылын айтыпты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!