Халықаралық Жазушылар және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, әдебиеттің сатиралық жанрында жарық көрген «Жеңгелер келіп қалыпты», «Еркектер жиналысы», «Парақорлар әулеті» кітаптарының авторы, соңғы 20 жыл көлемінде журналистика саласында жұмыс істеп, өңірімізде жарық көрген «Арал ақиқаты», «Сыр айғағы», «Ай-ару», «Құрылтай» газеттерінде, ал 2017 жылдан бері «Арал әлемі» газетінде бас редактор қызметін атқарып келе жатқан, ауданға танымал Аманғос Есмұрзаевтың өнегелі өмірі туралы «Ақиқаттың ақтаңгері», «Мұраты асқақ мұзбалақ», «Намыстың найзағайы» атты жинақтардың, сонымен бірге «Аралдық желтоқсаншылар», «Аралдың адамдары» кітаптарының авторы Ерғали Абдулланың жақында «Менің Аралым» кітабы жарық көрді.
– Соңғы жылдары журналистикалық бағыттағы кітап жазумен айналысып келемін. Осыған дейін зерттеушілік жанрда мақала, әдеби жинақ ретінде жарық көрген кітаптарым бар. Олардың бәрі Арал өңіріне белгілі, саналы ғұмырын ауданның дамуына арнаған белгілі бір тұлғалардың өмірі туралы еді. Ал кейінгі бірнеше жылдықта туған жер, өлкетану, Аралдың тарихы, Аралдың ақиқаттары жайында қызығушылығым артып келеді. Оның бастамасы ретінде өткен жылы жарық көрген «Арал» антологиялық жинағының құрастыруға атсалыстым.
«Менің Аралым» кітабы туған жеріме құрметтен, сүйіспеншіліктен, махаббат туған жинақ, – деп бөлісті автор.
Айдынды өлкенің өткені мен бүгіні жайында үзбей қалам тербеп жүрген журналист-жазушының бұл кітабында соңғы жылдары жазылған алуан тақырыптағы мазмұнды мақалалар мен көркем тілді эсселер жинақталған.
«Арал тағдыры – адам тағдыры» дегендей, жағалау жұртының тұрмыс-тіршілігімен таныстыратын шығарма 5 бөлімнен тұрады.
«Тарих толқынында» бөлімі Арал тарихы туралы әлімсақтан бергі өткен оқиғаларды қамтиды. Онда әртүрлі жер атауы, белгілі мекенде өткен тарихи оқиғалар мен этюдтар баяндалған.
«Сөз бен саз мұхитында» бөлімінде Аралдан шыққан ақын-жазушылардың, әншілер мен сал-серілердің, композиторлардың шығармашылығымен таныса аламыз. Әдеби шығармалар мен мақалалар түрінде берілген бөлімнен Шамыран жырау, Шынтемір ақын секілді тұлғалардың саналы ғұмырын білуге болады.
Үшінші бөлім «Туған жер тұлғалары» деп аталады. Онда Арал өңіріне қатысты мүлдем қамтылмаған немесе аз қамтылған оқиғаларды баяндайды. Сондай-ақ көпке белгілі жандардың өңірімізге қатысты қызықты деректерімен бөліседі.
Төртінші бөлімі «Аққулы әлем» деп аты айтып тұрғандай, Аралдан шыққан нәзік жандылар туралы. Қоғамға пайдасын тигізіп, аудан тарихында ізін қалдырған әйелдер қауымының істері баяндалады.
Соңғы бөлім «Айдынды өңір айшықтары» деп аталады. Онда туған жеріміздің символына айналған дүниелер туралы, көрікті жерлері туралы жазылған. Аралдың сонау замандардан қалыптасқан өзіндік ерекшеліктерін жан-жақты танытады.
Алматыдағы «Арна» баспасынан шыққан, Арал руханиятына үлес қосып, тарих тағылымын жастарға үлгі ететін 325 беттік кітаптың берері мол.
Г.САҚТАПОВА.
tolqyn.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!