Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

2 ақпанды Ұлттық баспасөз күні деп белгілейік!

02.02.2023, 17:00 246

HALYQLINE.KZ

ҰСЫНЫС

Ақпан – қазақ баспасөзі үшін ерекше қадірлі ай. 2 ақпан – ұлттық баспасөзінің бастауында тұрған «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарыққа шыққан күн.

Осыдан тура 10 жыл бұрын, «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубының отырысында белгілі алаштанушы ғалым, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы: «Қазақстандағы баспасөз күнін «Қазақ» газетінің бірінші саны шыққан 2 ақпанға ауыстырайық» деген керемет ұсыныс айтып еді.

Қазақ елінің тәуелсіздігінің артында – Алаш қайраткерлері, «Қазақ» газеті тұр. Алаш арыстары азаттық жолында басын үлкен қатерге тігіп, патшаның қуғын-сүргінінен қаймықпай, өмірлерін осы күреске арнады. Соның жолында құрбан болды. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлері «Қазақ» газеті арқылы ұлтымыздың санасын отарсыздандыру, ұлттық мемлекет құру, азат ел болу деген ұлы мұрат жолында бірікті. Бұдан асқан ұлттық бірлік, ынтымақтың үлгісі жоқ. Арада 110 жыл өтсе де, ұлттық баспасөз осы жолмен жүріп келеді. Осыған орай, 2 ақпанды – Ұлттық баспасөз күні деп белгілесек, ел тұтастығы мен тарихи әділеттілік тұрғысынан дұрыс шешім болар еді. Менің ұсынысымды Ұлттық құрылтай мүшелері, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, журналистер мен қаламгерлер қауымы, кәсіби қоғамдық бірлестіктер қолдайды деп үміттенемін!

Тұңғыш ұлттық басылым шыққан күнді ұлықтайтын ізгі дәстүр өзімізбен тамыры бір әзірбайжан, қалмақ, саха, удмурт, қырғыз халықтарында бар.

Әзірбайжандар 22 шілдеде «Ұлттық баспасөз күнін» атап өтеді. 1875 жылы 22 шілдеде әзербайжан интеллигенциясының көрнекті ағартушы өкілі Ғасан бек Зардаби «Экинчи» газетінің тұңғыш санын шығарған.

Қалмақтар 105 жыл бұрын жарыққа шыққан қалмақ тіліндегі «Өөрдин зәңг» – «Ойратские известия» газетінің туған күнін Қалмақ баспасөзінің күні деп белгіледі. Қалмақ Үкіметі жыл сайын бұл айрықша датаны салтанатты түрде атап өтеді.

1907 жылы 12 шілдеде якут тіліндегі «Саха дойдута» («Якутский край») газетінің алғашқы саны жарық көрді. Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев 2020 жылы бұл күнді Ұлттық баспасөз күні деп белгіледі. Сахалар бұл күні ұлттық баспасөз бен әдебиеттің негізін қалаған Никифоров-Кюлюмнюр мен ізбасарларына ерекше құрмет көрсетеді.

Қырғызстанда 7 қараша – Ақпарат және баспасөз күні деген ресми мереке бар. 1924 жылы 7 қарашада «Эркин Тоо» ұлттық басылымының бірінші саны жарыққа шыққан. 1991 жылдан бері ол «Кызыл Туусу» деп аталды. Қырғыз елінде 1913 жылы «Пржевальский сельский хозяин» деген журналдың бар-жоғы 4 саны шығарылған.

2022 жылдың 2 наурызында Удмуртияда тұңғыш рет Ұлттық баспасөз күні атап өтілді. Бұл күн осыдан 106 жыл бұрын удмурт тілінде шыққан «Войнаысь ивор» («Вести в войны», қазіргі атауы – «Удмурт дунне») газетінің құрметіне қойылған. Жаңа мереке күні Удмуртия билігі ұлттық баспасөздің дамуына ерекше қосып жүрген журналистерді марапаттайды.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: